ГРНТИ 16.21.29
Мәтін: лингвистикалық және психолингвистикалық аспект
Х. А. Ордабекова¹, К. Қ. Күркебаев²
¹ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор
Педагогикалық және гуманитарлық ғылымдар факультеті
Сулейман Демирел атындағы университет
Алматы қ.,050000, Қазақстан Республикасы
²ф.ғ.к., доцент
Филология және әлем тілдері факультеті
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Алматы қ.,050000, Қазақстан Республикасы
E-mail: khafiza.ordabekova@sdu.edu.kz¹; kurkebaevk@gmail.com²
Аннотация
Мақалада мәтіннің лингвистикалық және пихолингвистикалық сипатын қарастыра келіп, күрделі семантикалық түзілім ретінде мәтіннің бүтіндігі, тұтастығы, эмотивтілігі, преценденттік сипаты, бейвербалдылығы сынды белгілеріне теориялық және практикалық тұрғыдан талдау жасалады. Нәтижесінде сөйлесімнің белгілі бір мақсатқа бағытталғаны және прагматикалық қасиеті мәтіннің толыққандылығын, бүтіндігін және өзара тұтастығын айқындайтындығы дәйектеледі.Сондай-ақ, қазақ тіл білімінде мәтінтану мәселесіне қатысты зерттеу жүргізген тілші-ғалымдардың еңбектеріне шолу жасай отырып, сөйлеу үдерісінде немесе мәтінде қолданылатын тілдік бірліктердің қызметі, олардың өзара тіркесімділік қызметі тілдік тұлғаның интеллектуалды қабілетімен, аялық білім жүйесімен тығыз байланысты екені айқындалады. Мәтін психолингвистикалық аспект тұрғысынан қарастырыла келіп, мәтіннің дифференциалды белгілері мен мәтін түзуші категориялар қарастырылады.
Түйін сөздер: мәтін, сөз семантикасы, сөйлесім әрекеті, психолингвистика, мәтін тұтастығы, коммуникативті тұтастық, құрылымдық тұтастық, коммуникативті жағдаят.
КІРІСПЕ
Жалпы тіл білімінде мәтін мәселесі үстіміздегі ғасырдың 70-80 жылдарына дейін сөйлем шеңберінде қарастырылып келді. ХХ ғасырдың екінші жартысынан негізі қаланған мәтін лингвистикасы бірнеше ғылымдар тоғысынан пайда болған ғылым саласы. Қазақ тіл білімінде мәтінтану мәселесіне қатысты зерттеулер өз негізін А. Байтұрсынов пен Қ.Жұбанов еңбектерінен алады. Мәтіннің лингвистикалық табиғатын тануға бағытталған еңбектердің қатарына Р. Сыздық, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Г.Смағұлова, А.Таусоғарова, Г.Әзімжанова, С.Жусанбаева; газет мәтінін қарастырған Б.Момынова, Қ.Есенова; көркем мәтінді жеке зерттеу нысаны ретінде қарастырған С.Құнанбаева, Ж Қайшығұловалардың еңбектерін жатқызуға болады.
Мәтін лингвистикасына қатысты кеңес тіл білімінде И.Гальперин, С.Гиндин, З.Тураева, Л.Бабенко, А.Залевская, Г.Солганик, Ю.Левицкий, Л.Поповская сынды ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Зерттеу еңбектерінде мәтіндегі прагматика мен интонация мәселесі, мәтін құрылымы, көмекші сөздердің жұмсалымдық қызметі, мәтін типологиясы мәселелері сөз болады.
А.Бабенко, Ю.Казарин «Лингвистический анализ художественного текста» атты еңбегінде мәтін талдаудың лингвистикалық және антропоөзектік түрлерін ұсынды. Мәтін талдаудағы дәстүрлі тәсіл – лингвистикалық тәсіл саналды, оның нысаны – тіл және мәтін. Лингвистикалық тәсіл көркем мәтіннің тілдік бірліктерін, категорияларын сипаттауға негізделеді. Мұндай тәсілде лексикалық, фонетикалық, грамматикалық, стилистикалық бірліктер мен категориялар қамтылады.
Антропоөзектік тәсіл – мәтіннің интерпретациясына байланысты автор позициясы мен оқырман позициясы қамтылады. Бұл тәсіл арқылы мәтінтану төмендегідей бағыттарға бөлінеді:
- прагматикалық бағыт (А.Баранин);
- жанрлы-стильдік бағыт (М.Бахтин, М.Кожин);
- когнитивтік бағыт (В.Дейк, Т.Виноградов);
- деривациялық бағыт (Е.Кубрякова, Л.Мурзин);
- коммуникативтік бағыт (Г.Золотова, Н.Болотнова);
- психолингвистикалық бағыт (Л.Выготский, А.Леонтьев).
Антропоөзектік бағыт мәтінді шығармашылық әрекеттің нәтижесіретінде қарастырады. Қазіргі таңда мәтінтанымдық зерттеулердің қатары біршама толығып, мәтіннің күрделі табиғаты біртіндеп ашыла түсуде.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Лингвистиканың дәстүрлі зерттеу нысаны ретінде сөз, сөз тіркесі және сөйлемнің құрылымдық модельдері негізге алынады. Сөз – тілдік жүйенің негізгі құрылымдық-семантикалық бірлігі болып табылады. Сөз де, сөз тіркесі де зат, құбылыс, іс-әрекеттің атаулары ретінде қызмет атқарады. Бір тілде сөзбен таңбаланатын бірлік екінші тілде сөз тіркесімен таңбалануы мүмкін, кейде керісінше болады. Сол себепті сөз бен сөз тіркесінің арасындағы айырмашылық шартты болып келеді. Мәселен, аспан әлемі – мироздание, шөп шабушы – косарь, железная дорога – railroad, порох – gun powder,
Лингвистикада «сөйлем» коммуникативті бірлік болып табылады. Ал психолингвистикада бұл коммуникативті бірлік«сөйлесім, айтылым» түрінде қолданыс табады. Өйткені сөйлесім кезінде коммуникативті жағдаят ескеріледі, сол жағдаятқа сәйкес сөйлеуші өзінің позициясын айқындайды. Біз сөйлеу үдерісінде шашыраңқы сөздерді, не фразаларды жеке-жеке қолданбаймыз, сөйлеген уақытта айтар ойымызды егжей-тегжейлі кеңінен айтамыз, кейде ой-пікірді білдіргенде бүтін бір мәтінмен жеткіземіз.
Сөйлесім – шығармалық үдеріс, әрі коммуникативті жағдаятқа негізделгендіктен, тілдік стратегия мен тілдік тактикалар қолданысқа түседі. Ал сөйлеу үдерісінде қолданылатын тілдік бірліктердің қызметі, олардың өзара тіркесімділік қызметі (лексика-семантикалық тіркесімділік, синтаксистік тіркесімділік) сөйлеу әрекетінде айқындалады. Жеке тұрғанда белгілі бір лексикалық мағынаны иеленетін сөз ауызша не жазбаша сөйлеуде өзінің семантикалық қоршауындағы сөздермен тіркесімділікке түсе келіп, эмоцианалды-экспрессивті қызмет атқарады. Әрине, мұндай шығармашылық үдеріс индивидтің аялық білім жүйесімен тікелей байланысты. Сөйлесімдегі не мәтіндегі, сөйлемдегі сөздің семантикасы оның жеке тұрғандағы мағынасынан айтарлықтай ерекшеленеді. Өйткені белігілі бір сөз мәтін ішінде қолданысқа түсе келіп, өзінің негізгі ұғымдық мазмұнын иеленеді. Тіпті жекелеген фразалардың өзі мәнмәтінсіз түсініксіз болуы мүмкін. Егер, біз, бір сөздің мағынасын түсінгіміз келсе, оны сөйлесімнің, мәтіннің ішінде қолдануымыз қажет. Мәселен, жапырақ – «жоғары сатыдағы өсімдіктердің фотосинтез, газ алмасу, буландыру, қор жинау, көбею қызметтерін атқаратын өсу мүшесі» [1, 61- 62]. Берілген сөздің лексикалық мағынасынан көрінбейтін, алайда адамның танымына сәйкес жапырақтың өн бойындағы «жіңішкелік» белгісі санада қатталып, сөйлесім үдерісіндебір жапырақ нан, етті жапырақтап турау сынды тілдік бірліктердің туындауына әсер еткен. Сондай-ақ, «Жапырақ жүрек жас қайың, жанымды айырбастайын! Сен адам бола бастасаң, Мен қайың бола бастайын» деген өлең жолдарындағы «жапырақ жүрек»тіркесінің қолданысы метафоралық тәсіл негізінде «кішкентай, нәзік» деген ұғымдытұспалдап жеткізіп тұр. Алдыңғы мысалда көрсетілген «жіңішкелік» белгісінің негізінде ассоциация бойынша «нәзіктік» сынды екінші ұғымдық белгі туындаған.
Жалпы тіл білімінде мәтінге берілген анықтамалар көптеп кездеседі. Берілген анықтамаларды тұжырымдай келе, мына бір анықтамаға назар аударсақ: «Мәтін – жазба құжат түрінде толық аяқталған ойды білдіретін, әдеби тұрғыда өңделген, мәтін ішіндегі абзацтардың лексикалық, грамматикалық, логикалық, стилистикалық байланыстардың әртүрлі типтерімен біріккен, күрделі фразалық бірліктерден тұратын, белгілі бір тілдік интенциясы бар сөйлеу шығармашылығының туындысы» [2,18]. Мәтінтүзімнің негізгі құралы ретінде тілдік жүйе, тілдік таңбалар жүйесі маңызды рөл атқаратыны белгілі, олай болса, тілдік жүйе, дискурс және мәтіннің арасындағы байланысты берілген диаграммадан көруге болады.
Диаграмма 1 – Дискурс, мәтін және тілдік жүйе арақатынасы
Психолингвистикалық аспект тұрғысынан алғанда, мәтін – адамның сөйлеу әрекетінің нәтижесі ретінде қарастырылады. Психолингвистердің айрықша назар аударатын мәселесі – мәтінді қабылдау және оны түсіну әрекеті. Өйткені мәтін психологиялық тұрғыдан адамға бағытталады және оны оқырман өз таным-түйсігіне қарай қабылдайды. Мәтінге деген қызығушылықтың артында тілдік санаға деген қызығушылық жатыр. Ал тілдік сананың артында тілдік тұлға, автордың идиостилі, индивидтің ойлау жүйесіне деген қызығушылық мәселелері туындайды. Әрбір мәтінге талдау жүргізу арқылы тілдік тұлғаны тануға болады. Кеңестік психолингвистикада тілдік сана терминіне мынадай анықтама беріледі: «Тілдік таңбалардың көмегімен ішкі үдерістерді жоспарлау және сыртқа шығару үдерістерін реттеуші қызметін атқарады» [3, 102-103]. Тілдік таңбаға, мәтінге деген қызығушылық тілдік тұлға мәселесіне, ғалам бейнесіне деген қызығушылықты тудырды, өйткені мәтіннің артында белгілі бір тілдік жүйені меңгерген тілдік тұлға тұрады. Ғалам бейнесі – адам санасында қоршаған орта туралы белгілі бір ұғымдық мазмұны мен когнитивті сызбалары бар көрініс.
Мәтінкүрделі семантикалық түзілім ретінде көптеген психолингвистикалық белгілерге ие, атап айтқанда, мәтіннің бүтіндігі, тұтастығы, эмотивтілігі, преценденттік сипаты, бейвербалдылығы сынды белгілері бар.
Тұтастық – мәтін ішіндегі абзацтардың, тілдік бірліктердің арасындағы өзара байланыс. Бұл мәселеге мәтін лингвистикасы жауап береді. Себебі, кейде мәтін ішіндегі өзара тұтастық сақталғанмен, мәтінде толыққандылық, бүтіндік болмауы мүмкін. Кейде керісінше, толыққандылық, бүтіндік болғанмен, өзара тұтастық сақталмауы мүмкін.
В.П.Беляниннің көрсетуінше, мәтінтүзім моделі үш фазалық құрамнан тұрады: бағыт (жүзеге асыру), бақылау, реципиент тұрғысынан қабылдау [4, 180]. Бағыт фазасында мәтінтүзімнің коммуникативті мақсаты туындайды. Осы коммуникативті мақсат мәтінтүзімнің уәжін құрайды. Осы уәж кеңейтілген сөйлесімнің жоспарланған коммуникативті-танымдық мазмұнын құрайды. Мәтін мазмұнын сипаттауда автор аргументтер енгізді, комментарий береді, интеллектуалды және эмоционалды бағасын береді.
Ойда қалыптасқан жоспарды, идеяны жүзеге асыру фазасы тілдік құралдарды қолдану арқылы іске асады. Мәтін үшін ерекше тілдік құралдар ретінде фразааралық тұтастық пен бүтіндік көрсеткіштері қолданылады. Идея автордың санасында ойша туындайтындықтан, ойдағы идея толығымен сыртқа шықпайды. Демек, айтылатын ой тек мәтін арқылы түзіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |