Мәтін құрылымына қарата синтаксистік тұтастықтар Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі синтаксистік тұтастық
Тіл білімінің кейінгі даму кезеңдерінің нәтижесінде мәтін синтаксисі өмірге келді. Көптеген күрделі жаңа мәселелер қолға алынды. Осы мәтін синтаксисіне қатысты маңызды мәселенің бірі - күрделі синтаксистік тұтастық.
Күрделі синтаксистік тұтастық мәселесін зерттеудің түп негізі орыс тіл білімінде. Орыс ғалымдары Ф.И.Буслаев, А.А.Потебнялар назар аударып, қарастырып өтсе, А.М.Пешковский күрделі синтаксистік тұтастықтың негізін салуға тырысты. Күрделі синтаксистік тұтастық категориясын “абзац” деп атап, негізгі белгілерін айқындап берді.
Аталған мәселеге аса маңыз беріп, жан-жақты зерттеу жүргізе бастау орыс тіл білімінде 40-50 жылдардан басталды. Алайда күні бүгінге дейін ғалымдар арасында пікір қайшылықтары өте көп.
В.В.Бабайцева “Күрделі синтаксистік тұтастық” деп атап, оған мынандай анықтама береді: “Это сочетание предложений объединенные семантическими и грамматическими отношениями, которые выражены лексическими, лексико-грамматическими и грамматическими средствами. Компонентами связного текста могут быть как простые, так и сложные предложения (15,242). Бұл атауға біршама ғалымдар да (Г.Я.Солганик, Н.С. Валгина) қосылады. Ал А.Г. Руднев “период” немесе “абзац” деп атайды ( 46 ,305-307).
Сондай-ақ қазақ тіл білімінде бұл мәселені қозғап, сөз етіп жүргендер - М.Серғалиев, Б.Шалабай, Б.Мүсірепова.
Сөйлем мен сөз тіркестері – синтаксистің ең негізгі бөлшектері. Сондықтан сөйлемдердің өзара мағыналық және құрылымдық жағынан тығыз байланысқан күрделі топтарын зерттеудің маңызы аса зор екендігін М.Серғалиев, Б.Мүсіреповалар өте орынды көрсетеді. Сонымен қатар ол жеке сөйлемдерге қарағанда ойдың дамуын неғұрлым толық бере алатын, мағыналық және синтаксистік жағынан өзара тығыз байланысты сөйлемдер тобы екендігін айтады (60,3). Авторлар өз еңбегінде күрделі синтаксистік тұтастықтың тізбекті және параллельді деп аталатын екі түрін береді. Тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықты ғылыми стильге тән екендігін көрсетеді, ғылыми тексте ой бір-біріне қатаң тәртіппен сабақтаса байланысып отыратын себебін де көрсетеді.. Сондықтан ондағы әрбір сөйлем өзінің алдындағы сөйлемнің заңды жалғасы болып табылады”,- деп түсіндіреді (60,14). “Ал теңбе-тең байланысу түріне құрылған күрделі синтаксистік тұтастықтарда санамалылық, салыстыру, қарама-қарсы қою қарым-қатынастары орын алады.
Параллельді күрделі синтаксистік тұтастық пен тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықтың айырмашылығы – олардың байланысу түрінде”,- дейді ( 60,25).
Б.Шалабай “Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі синтаксистік тұтастық” атты мақаласында осы мәселені жан-жақты ашып беруге талпынады. “Күрделі синтаксистік тұтастық категориясын зерттеудің құндылығы сонда, бұл арқылы біздің синтаксистің көптеген мәселелеріне ең алғашқы көзқарасымыз өзгеріп, көптеген ұғым-түсініктеріміз кеңейіп, оларға жаңаша тұрғыдан қарайтын боламыз”,-дейді автор (64,110). Сөйтіп оның мағыналық және құрылымдық белгілерін нақты фактілермен дәйектеп, жан-жақты талдай отырып көрсетіп береді. Осы еңбегінде: “Күрделі синтаксистік тұтастық деп, бірнеше сөйлемдердің тізбегінен жасалып, мағыналық және құрылымдық жағынан тұйықталған, белгілі бір күрделі ойды білдіретін сөйлемнен ірі синтаксистік бірлікті айтамыз”,-деп анықтамасын береді.
Демек күрделі синтаксистік тұтастық мәселесі –қазақ тіл білімінде ден қоя зерттеуді керек ететін, өзекті тақырып. Оның құрылымындағы синтаксистік сөз тіркесі, сөйлем туралы ілімдеріне жаңа мән, жаңаша сипат берсе, екінші жағынан стилистика саласымен де тығыз байланысты. Бүгінгі күнде осы тақырып, осы мәселе жөнінде зерттеулер жүргізіліп, жұмыстар қорғалуда.
СООЖ
1. Күрделі синтаксистік тұтастық категориясындағы мағыналық бірлік.
2. Күрделі синтаксистік тұтастықты құраушы сөйлемдердің байланысу тәсілдері.
СӨЖ
1. Мәтін синтаксисінің қалыптасып, дамуы.
1-тапсырма. Күрделі синтаксистік тұтастықтардың тақырыбын анықтаңыздар: Бақтығұл жылқыны иіріп келгенде, Қатшаның өліге дауыс айтқандай боп үн салып, қайнысы Тектіғұлға жаны ашып жылағанын естіген. Бақтығұл аттан түспестен, айналаны шарлап, шапқылап айқай салып, Тектіғұлды іздеген. Бірақ таң атқанша таппаған. Ауылда иіруде қалған жылқы дауылдан үркіп – ол босып, иен далаға шашырай жоғалған-ды. Бақтығұлдың малды тастап, інісін іздегенін; тағы Тектіғұлдың ұшып өлгелі жатқан жерінен тауып алып, артына мінгестіріп әкелгенін білген Сәлмен Бақтығұлды және де бабадан боқтап, қамшының астына алған. Бақтығұл Сәлменнен тілін тартпай, Тектіғұлды ақтап: “Жанымнан садаға кетсін сенің арамнан жиған малың! Құлағын ұрайын. Мен де айтамын соны”,-деген тілін тартпаған-ды /М.Әуезов/.
2-тапсырма. Күрделі синтаксистік тұтастықты құрап тұрған сөйлемдер бір-бірімен қандай тәсілдер арқылы байланысқан. “Шекараға дейін енді небәрі қозы көш жер қалды,-деді ол қарсы алдында жатқан аласа адырларға көз жіберіп. –Көз барда мына Күйгентастан өтіп, сызықтың бойына жақындап алайын. Сонан соң құдай бұйыртса, бүгін сәрсенбінің сәтіне қараңғы түсе арғы бетке өте шығармын”.
Бұл ойды ол тақ бір көрші ауылға қыдырып бара жатқандай жеп-жеңіл ойлап өтті. Бәрі де заңды, осылай болуға тиісті тәрізді: қарт кесімі айнитын емес. Иә, шынында да, ойланып-толғанып жататын не бар? Бұл сапарға ол бақандай қырық жыл бойы дайындалмады ма? Мұның өзі дөңбекшіп өткен талай ұйқысыз түндердің, санамен сарғайып, сарқыла толғанған бүкіл өмірінің айнымас қорытындысы емес пе? Көп жыл бойы қозданып, іштей тұтанып келген өрттің алаулап жанған шағы, жанар таудың лау етіп бір атылғаны. Қарт сезімі бұрауы жеткен домбырадай тырсылдап, шертіп тұр. Қол тигізсең болды, үзіледі /Қ.Жұмад./.