Педагогтің мәртебесін қалай арттыруға болады? Өз тұжырымыңызды жазыңыз Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі. М.Жұмабаев «Педагогика» Қай заманға көз жүгіртсек те, тарих беттерін парақтар болсақ, ұстаздың орны қашан да ерекше болған. Білім нәрін сеуіп, балаға тәлім-тәрбие беретін ұстаз өз елінің ең қадірлі, құрметті тұлғасы саналса, мұғалім мамандығы – ұлы мамандық деп есептелген. Сондықтан да педагог мәртебесі назардан тыс қалған жоқ.
Қазіргі кезде педагогтің қоғамдағы орны көңіл толарлықтай емес екені белгілі. «Педагог мәртебесін» көтеру туралы заң қабылданғанымен, әлі толықтай күшіне ене алмай отыр. Дегенмен, педагог мәртебесін қалай көтеруге болады?
Ең алдымен, мұғалім өз мәртебесін өзі ғана көтере алады. Өзгермелі жаңа қоғам өз көшіне ілестіріп, жаңарып, жаңғыра отырып, ілгерілеу үшін мұғалімнен ізденіс пен күш-жігерді талап етті.Осыған жауап бере алған ұстаздар тобы құзыреттіліктерін шыңдап, кәсіби біліктіліктерін арттырып, заманауи ұстаздар қатарына қосылды.Ал, көшке ілесе алмаған ұстаздардың бір тобы қоғамның талқысына ілікті. Осындай ұстаздар педегог мәртебесінің қоғам алдында төмендеуіне негіз болды. Ұстаздарды алдындағы шәкірт те, ата-ана да сынға алып, беделінен нұқсан келтірді десек, артық айтқандық емес деп ойлаймын.
Педагог мәртебесінің түсуі Мемлекетімізді де алаңдатып, білім жүйесіне тың өзгерістер енгізді.Соның бірі – «Педагог мәртебесін көтеру» туралы заң жобасы болды. Заң қабылданғайы 2-3 жылдың жүзі болса да, әлі күнге дейін мұғалімдер өз мәртебесін көтере алмай жүр. Оның себебі, ұстаздардың қағазбастылығы, шектен шыққан тексерулер мен бақылаулар және мұғалімдердің біліктілігін көтеру мақсатындағы аттестаттау деп айтуға болады. Осы мәселелерді шешу үшін қағазбастылықты түп тамырымен жойып, тексерулер мен бақылауларға тыйым шектеу қою мұғалімдердің уақытын қайтаруға мүмкіндік туғызады. Сол үнемделген уақытты педагогтер кәсіби дамуға, тәжірибе алмасуға жұмсаса, өзіндік дамуына қол жеткізе алады деп санаймын. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін санатын көтерудің арасын ұзарту керек. Себебі, мұғалімдер күн-түні аттестаттауға дайындықпен жүріп, отбасына, сыныбына, әріптестеріне, ата-аналарына да қарай алмайды. Бұл да мұғалімнің беделіне нұқсан келтіреді.
Педагог мәртебесін көтерудің бір жолы – мұғалімге педагогикалық-психологиялық қолдау жасау. Курстар, семинар, вебинарлар көптеп өткізілгенімен сапасы мен мазмұны сын көтермейді. Мұғалім үздіксіз дамып отырғанда ғана, алдындағы білім алушыға сапалы білім мен саналы тәрбие береді. Ұстаз шығармашылықпен айналысып, дарынды оқушымен жұмыс істеп, болашақ мамандар дайындауға үлес қосуы керек. Ал, ол үшін уақыт, ізденіс, қолдау ауадай қажет. Тағы да оқушы, ата-ана, мұғалім үштік одағының бірлескен жұмысы мәртебемізді көтеруге титтей болса да, өз үлесін қосады. Сонда ғана кешегі Мағжан айтқан алты алаштың басы қосылса, төрдегі отыратын орынға қол жеткіземіз деп сеніммен айта аламын.
Ойымды түйіндей келе, мұғалім мәртебесін көтеру өзімізден басталып, қоғамның көзқарасы, қолдауымен жалғастығын табуы тиіс деп санаймын. Адамдық борышымызды адал атқарып, ел болашағын тірбиелеуде мәртебеміз биіктей берсін деген тілектемін.