Қазақ тілі пәнінен Ұлттық біріңғай тестілеуге дайындық.
Әбжаппаров Аян- №55 С.Қожанов атындағы орта мектептің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылы
Қазіргідей барлығы дамып жатқан жаңа дәуірде мұғалімнің де, шәкірттің де, ішкі жан дүниесі жаңаша деңгейде болуы тиіс. Мектептегі ең басты тұлға мұғалім десек, мемлекетіміздің білім беру саясаты ең бірінші осы мұғалімдер арқылы іске асырылады.
Мектептердің жетістігі оқушының білімді меңгеруімен, оны ойлауымен, дәлелдей алуымен, қорытынды жасауымен жүзеге асырылады. Оқушының білімін ескере отырып, ҰБТ арқылы білімін бағалау – бүгінгі заман талабы.
ҰБТ - мемлекеттің қадағалау саласын айқын көрсетіп, оқушылармен мұғалімдердің бірлесе жасаған еңбегін бағалайтын, білімнің сапалылығына қол жеткізетін көрсеткіш. Тест әр пән бойынша 25 сұрақтан тұрады. Тест мектеп бағдарламасының негізгі бөлімдерінің мазмұны мен әр түрлі дейгейлері қамтыла отырып, мемлекеттік білім стандартына сәйкес жасалады. ҰБТ-ның негізгі міндеті - мемлекеттік қадағалау арқылы білім сапасын бағалау.
ҰБТ-ге даярлауда мұғалім-оқушы- ата-ана байланысын дамыта отырып оқумен тәрбиеленудің бірлігін сақтап, түпкілікті нәтижеге қол жеткізетініміз ақиқат.
Өзге мектептердегідей біздің мектебімізде де оқушыларды ҰБТ-ге даярлау жұмыстары жүргізіліп келеді. Мектебіміздегі ҰБТ-ге дайындық мәселесі сынып жиналысының, ата-аналар жиналысының, педагогикалық кеңестің өзекті мәселелері қатарында тұр. Осы жиналыстарда оқушылардың барлық нәтижелері нақты айтылып, ашық әңгіме жүргізіліп отырады.
Мен мектепте 15 оқушыны қазақ тілі пәнінен осы оқу жылында ҰБТ-ге даярлап жүрмін. Жалпы оқушыларды ҰБТ-ге даярлауды 2005 жылдан бері қолға алып, шама шарқымша дайындап жүрмін.
Қазақ тілі пәнінен оқушыларды дайындағанда барлық тараулар мен тақырыптарды өткен кезде барынша қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамын. Мәселен, ашық, қысаң дауысты дыбыстарды өткен кезде, оқушылардың осы дауыстыларды оңай ажыратуына мән беремін. Ол үшін қолдарын құлақ түбіндегі жақтың жігіне апарып ұстатып, дауысты дыбыстарды айтқызамын. Бұл кезде ашық дауыстыны айтсақ жағымыз қолғалады. Ал қысаң дауыстыларды айтсақ жақ қозғалмайды. Еріндік, езулік дауыстыларды өткенде, еріндік дауыстыларды айтса еріндері үйрекке ұқсайды деп айтқызып көремін.
Дауыссыз дыбыстарды өткен кезде ұяң дауыссыздар үн мен салдырдан тұратыны, салдыры басым екені белгілі. Оқушылар салдырдың не екенін кейбірі түсінсе, кейбірі түсінбей жатады. Сондықтан салдырды кедергі деп түсіндіремін. Демек, ұяң дауыссыздарда үннен кедергісі басым болады. Үнді дауыссыздарды айтқанда кедергіден үні басым болады. Ал қатаң тек кедергіден тұрады деп түсіндіремін. Сонда оқушылар тез ажырата алатынын байқадым.
Морфологияны өткен кезде септік жалғауын түсіндіргенде, атау септігі тек атап қояды. Сұрағы Кім? Не? болады. Ілік септігі іліп алады, яғни ілігі болады, Кімнің? Ненің? сұрағына жауап береді. Барыс септігі барады. Кімге барады? Неге барады? Осы жерден сұрағы өзі - ақ шығып тұр. Табыс табады. Кімді табады? Нені табады? Жатыс жатады. Кімде жатыр? Неде жатыр? Шығыс шығады. Кімнен шығады? Неден шығады? Көмектес жалғыз өзі емес, тағы бір нәрсе бар. Демек, сұрағы Кіммен? Немен? Мұнда да оқушының қабылдауы тез болады.
Сын есімді өткенде сапалық қатыстық сын есімді былай түсіндіремін: сапалық сын есімнің түбірі сын есім болады. Қатыстық сын есімнің түбірі сын есім болмайды, басқа сөз табы болады.
Етістікте - ды, -ді, -ты, - ті қай кезде жұрнақ, қай кезде жалғау болатынын оңай ажырату жолдарын түсіндіремін. - Ды, -ді, -ты, - ті етістіктің түбірінен кейін, болымсыз етістіктен кейін, етістен кейін жедел өткен шақ жұрнағы болады. Мысалы: барды, келгізді, айтпады. - Ды, -ді, -ты, - ті көсемшеден кейін жіктік жалғауының үшінші жағы болады. Мысалы: барады, келгізеді, айтыпты, сөйлейді.
Сөйлем мүшелерін өткен кезде, баяндауышты түсіндіруде «Баяндауыш сөйлемнің қаяғында? Баяндауыш сөйлемнің аяғында» ,- деп, ауызекі өлең жолымен жеткіземін. Баяндауыш өлең жолдарында ғана сөйлемнің басында келуі мүмкін.
Сабақтас құрмалас сөйлемді түсіндіруде сабақтас құрмалас сөйлем түрлерін ажырату жолдарын бірінші бағыныңқы сөйлемге басыңқы сөйлемнен бір-ақ сұрақ қою арқылы айыруға болатынын ұқтырамын. Мысалы: Апамдар сыртқа шыққан кезде, бүкіл ауылдың жарығы сөнген екен. Қашан бүкіл ауылдың жарығы сөнген екен? Мезгіл бағыныңқы сабақтас екенін оқушы тез аңғарып айтып бере алады.
Өзге де тақырыптарды өткенде оқушылармен жұмыс жасауда барынша қарапайым, жеңіл тілмен түсіндіруге күш саламын.
Оқушыларды ҰБТ-ге даярлауда бір сұрақтың бес нұсқадағы жауабы болса, оқушылармен бірге соның дұрыс жауабын алдымен тауып аламыз. Содан кейін қалған төрт жауаппен де жұмыс жасаймыз. Мысалы: барыс септік тұлғасындағы сөзді табыңыз
А) жазғанды
В) Білімдімен
С) оқушымын
Д) мектептен
Е) оған
Дұрыс жауабы: Е жауабы. Мұнымен тоқталмаймын. Табыс септігіндегі сөзді, көмектес септіктегі сөзді, жіктік жалғауындағы сөзді, шығыс септігіндегі сөзді тап деп, әрқайсысына жеке жауаптар бергіземін. Сонда бір сұрақ барысында бірнеше сұрақтарға жауап іздеп , оқушының ойлану дәрежесін жетілдіремін.
Кейде бір сұрақтың бес жауабы болса да, бір дұрыс, бір бұрыс жауабын айтамын, оқушылар өздері дұрысын табады. Бұл да оқушымен жұмыстың жетілуіне әсер етеді.
Оқушыларды ҰБТ-ге даярлауда мына жағдайларды басты назарда ұстаймын:
1. Әрбір тарауды, тақырыпты мұқият оқып, практика жүзінде қолдануды басшылыққа алу;
2. Қиындық туғызған мәселелерді менің, яғни мұғалімнің, көмегімен орындау;
3. Тілдік материалдарды есте сақтау;
4. Теориялық білімді нығайту;
5. Түрлі сөздіктермен жұмыс жасауға үйрету.
Оқушыларым осы күнге дейін төмен дәреже көрсеткен емес. Мүмкін, бұл оқушыларға қарапайым тілмен түсіндірудің арқасы да шығар.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қ.Ибрагимов, Б.Базарғалиева «Қазақ тілі» жоғарғы оқу орындарына түсушілерге арналған оқулық - тест. («Шың» баспасы. Алматы 2006 ж).
2.Қосымова Г, Дәулетбекова Ж Қазақ тілі 5 сыныпқа арналған оқулық. Алматы «Атамұра» 2005 ж.
3.Исаев С .Қазақ тілі 6 сыныпқа арналған оқулық Алматы «Атамұра» 2002 ж.
4.Исаев С. Қосымова Г. Қазақ тілі 7 сыныпқа арналған оқулық Алматы «Атамұра» 2003
5.С.Аманжолов, А.Аманжолов, Г.Қосымова Қазақ тілі 8 сыныпқа арналған оқулық Алматы «Мектеп» 2004 ж.
6.Бектұров. Қазақ тілі «Атамұра» 2001ж