Байланысты: МЕДИЦИНАЛЫҚ МИКРОБИОЛОГИЯ Б.А. Рамазанованың және Қ. Құдайбергенұлының (1)
6.4.4. Дәрілік заттарды микробиологиялық бақылау .
Дәрілік шикізат дайындау кезеңдерінде және сақтау барысында микробтармен ластануы мүмкін .Өсімдік және өсімдіктен алынған шикізаттың ылғалдануы микроорганизмдердің көбеюін белсендіреді. Көбейген микроорганизмдер өсімдіктен алынған дәрілік препараттардың фармакологиялық қасиеттерін өзгертеді. Дәрілік препараттарды дайындау кезінде, микроорганизмдер қоршаған ортадан түсуі де мүмкін. Дәрілік препараттар дайындау кезінде санитарлық тәртіптің сақталуын , дәрілік форманың әрбір сериясын, сол мекеменің қоршаған орта обьектілерін санитарлық микробиологиялық бақылау жүргізу арқылы анықтайды. Парентералды енгізуге арналған дәрілік заттар, көз тамшылары, майлар, үлбірлер және т.б., нормативті-техникалық құжаттарға сәйкес стерилді болуы керек . Дәрілік заттардың стерильдігін бақылау тиогликоль ортасына сеуіп әртүрлі бактерияларды , соның ішінде анаэробтарды; Сабуро ортасына сеуіп Candida т.б. саңырауқұлақтарды анықтайды. Антимикробты әсері бар дәрілік заттардың стерильдігін мембранды сүзгіден өткізу жолымен анықтайды: Фильтрациядан соң сүзгішті сұйық қоректік ортаға салып, микроорганизмдердің өсуін бақылайды.Өсу болмаса препарат стерильді деп саналады.
Стерилдеуді қажет етпейтін дәрілік заттарда , әдетте микроорганизмдер болады. Сондықтан оларды микробиологиялық тазалыққа тексереді: 1 г немесе 1 мл препаратта тіршілікке қабілетті бактериялар мен саңырауқұлақтардың санын, және стерильсіз дәрілік заттарда болмауы керек микроорганизмдерді (энтеробактерия тұқымдастығының бактериялары, көкірің таяқшасы, алтынды стафилококк) анықтайды.Ішке қабылдауға арналған дәрілік шикізаттың 1г немесе 1 мл-де 1000 бактериядан және 100 ашытқы және көгерткіш саңырауқұлақтан аспауы керек; ішек таяқшасы мен сальмонеллалар болмау керек. Жергілікті қолданғанда (құлақ, мұрын, интравагиналды пайдаланғанда) 1г немесе 1мл препаратта барлығы 100 микроб жасушасынан аспауы керек, көкірің таяқшасы , энтеробактериялар, алтынды стафилококк болмауы керек. Таблетка түріндегі препаратта – патогенді микрофлора болмауы керек, 1 таблеткада жалпы микроб саны 10 мыңнан аспауы керек. Ауыз қуыс гигиенасына арналған заттарда , тіс пастасы, эликсирлер, сағыздарда көкірің таяқшасы, көгерткіш саңырауқұлақтар, Candida туыстастығының саңырауқұлақтары, Eterobacteriaceaе тұқымдастығының бактериялары болмауы керек; микроб саны- 100КТБ/г-дан аспауы керек.