Байланысты: МЕДИЦИНАЛЫҚ МИКРОБИОЛОГИЯ Б.А. Рамазанованың және Қ. Құдайбергенұлының (1)
12 ТАРАУ. Иммундыдиагностикалық реакциялар және олардың қолданылуы 12.1. Антиген-антидене реакциялары Зертханада қолданылатын реакциялардың негізінде антиген мен антидененің өзара қатынасының ерекшеліктігі жатады. Антиген мен антидененің арасында in vitro жүретін реакциялар спецификалық және бейспецификалық фазадан тұрады. Спецификалық фазада антидененің белсенді орталығы антигеннің детерминантымен спецификалық байланысқа жедел түседі. Содан кейін бейспецификалық фазасы басталады. Ол баяу және оның нәтижесінде физикалық көрністер пайда болады (агглютинацияда - тұнба, преципитацияда - лайлану). Бұл фаза қосымша жағдайларды қажет етеді (электролит, ортаның қолайлы рН –ы). Антидене мен антигеннің байланысының тұрақтылығы, олардың байланысқан саны, және де басқа көптеген факторлармен анықталады.
Иммунды реакциялар сау және ауру адамдарға диагноз қою және иммунологиялық тексеру кезінде қолданылады. Ол үшін серологиялық ( лат, serum- сарысу, logos- ілім, оқу) тәсілдер пайдаланылады, яғни сарысуда, басқа сұйықтықтар мен тіндерде табылатын антиген-антидене реакциялары арқылы зерттейді.
Ауру адамның сарысуында қоздырғышқа қарсы антиденелер табылса, онда диагноз қоюдың мүмкіншілігі туады. Сонымен қатар, серологиялық реакциялар микробтардың антигенін, түрлі биологиялық белсенді заттарды, қан тобын, тін және ісік антигенін, иммунды комплексті, жасушаның рецепторларын және т.б. анықтауға қолданылады.
Ауру организмнен микробты бөліп шығарған кезде олардың ауру тудырғанын дәләлдеу үшін гипериммунизацияланған диагностикалық иммунды сарысуды колданады. Бұл тәсіл серологиялық идентификациялау деп аталады.
Микробиологияда және иммунологияда агглютинациялық, преципитациялық, бейтараптау, комплемент байланыстыру, таңбаланған антидене мен антигендер арқылы жүретін (радиоиммундық, иммундыферменттік, иммундыфлюоресценттік ) реакциялар өте кең колданылады. Олар бірінен бірі жүргізу техникасымен, соңғы көрнісімен ажыратылады. Бірақ, олардың барлығының негізінде антиген мен антидененің өзара байланысуы болады, және де олар антиденені, не болмаса антигенді анықтау үшін пайдаланылады. Иммунды реакциялар жоғары сезімталды және спецификалы.
Төменде иммундыдиагностикалық реакциялардың ең бастыларының механизімінің принциптері мен сызбанұсқасы келтірілген.