Каспий теңізінің экологиялық проблемасы
Каспий теңізінің алып жатқан географиялық орнына байланысты (шөл зонасы) еліміздің шаруашылық саласында атқаратын маңызы өте зор. Сонымен қатар сол маңдағы шөлді алапқа ылғал әкелуші су айдыны ретінде де үлкен рөлі бар. Солтүстігіне құятын Еділ өзенінде бөгендердің салынуы, мұнай кәсіпшілігінің өркендеуі теңіздің экологиялық жағдайын нашарлатты. Соңғы жылдары бұл аймақ мұнай мен газды өндірудің маңызды экономикалық ауданына айналды. Теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты бұл аймақ табиғи апат жағдайына ұшырады. Табиғи қорларын игеруде де, бұл аудандағы табиғат компоненттерінің өзгеруіне байланысты мынадай проблемалар туындауда:
экологиялық апатты аймаққа жататындықтан, негізгі әрекет етуші Капустин Яр, Азғыр полигонының ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуіне байланысты тұрғын халықтардың денсаулығының күрт нашарлауы;
мұнай мен газдың өндірілуіне байланысты тіршілік дүниесінің өзгеруі, балықтардың (бекіре) қырылуы, уылдырық шашатын көксерке балықтарының кеміп кетуі;
осы теңізге ғана тән (эндемикалық) итбалықтың мезгіл-мезгіл қырылуы;
аңызақ жерлердің шаруашылыққа тигізетін кері әсері (жел эрозиясы).
Еліміздің тарихындағы ең қайғылы парақтардың бірі - Семей ядролық сынақ полигонының өмірге келуі Алғашқы атомдық жарылыс дауысы 1949 жылы тамыздың 29-ы, таңғы сағат 7-де естілді. Семей ядролық полигоны ауданында 450-ден астам жер үсті және жер асты ядролық сынақтарының өткізілуі нәтижесінде атмосфераға, гидросфераға және литосфераға өте үлкен мөлшерде радиоактивті материалдар шығарылды. Тек Семей ядролық полигонының ғана емес, соған жақын жатқан орасан үлкен аумақтар да (Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жезқазған облыстары және Ресей Федерациясының Алтай өлкесі) радиоактивті ластануға ұшырады. Соның нәтижесінде сол аумақтағы көптеген тірі ағзалар және тұрғын халықтар зардап шекті. Қазақстандағы сансыз ядролық зерттеулердің салдарлары әлі де толық зерттелген жоқ. Белгілі ақын Олжас Сүлейменовтың басшылығымен Невада—Семей экологиялық қозғалысы Семей ядролық полигонында сынақтар өткізуге толық тыйым салды. Бұл қозғалысқа Қазақстанның көптеген халқы кеңінен қатысты. Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев республикада ядролық сынақтар өткізуге мораторий жариялады. (Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығына 1991 жылы тамыздың 29-да қол қойылды.) Соңғы сынақтардан бері талай жылдар өткеніне қарамастан, Семей ядролық полигонының белдемі күні бүгінге дейін экологиялық кауіпті аудан болып есептеледі. Өйткені онда ұзақ сақталатын радиоактивті заттар жинақталған. Полигон аймағында күні бүгінге дейін топырақ және өсімдіктер ластанған. Облыста онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама. Отбасыларында кемтар балалар көбейді. Бұның өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын 1980 жылдардың аяғына қарай халықтың төзімі таусылып, шегіне жеткен еді. Басқа ядролық державалармен салыстырғанда, Қазақстан аумағында қиратқыш әлуеті жағынан орасан зор ядролық арсенал болды. Қазақстандағы қарудың жиынтық ядролық қуаты бұрынғы Кеңес Одағының барлық ықтимал дұшпандарының аса маңызды стратегиялық объектілерінің барлығының тамтығын да қалдырмауға жетіп артылатын. Бұл қаруды қолдану миллиондаған халқы бар мыңнан астам қаланы, ол былай тұрсын, тұтас бір мемлекеттерді, тіпті континенттерді жермен жексен етуге мүмкіндік беретін.
Достарыңызбен бөлісу: |