16.2. Есту талдағышы. Құлақ үш бөлiмнен: сыртқы, ортаңғы және iшкi құлақтан тұрады.
Сыртқы құлақ- құлақ қалқанынан, сыртқы есту жолынан және дабыл
жарғағынан тұрады. Құлақ қалқаны ауадағы дыбыс тербелiстерiн қабылдап,
сыртқы дыбыс жолымен ортаңғы құлақ арқылы есту мүшесi iшкi құлаққа
бағыттайды және дыбыстың шыққан жерлерiн анықтайды.
Дабыл жарғағы - қалыңдығы 0,1 мм, сыртқы және ортаңғы құлактар
шекарасындағы жұқа терiлi перде. Дабыл жарғағына ортаңғы құлақ жағынан
балғашық сүйектiң тұтқасы бекидi. Дабыл қуысын жұтқыншақпен Евстахи
түтігі байланыстырады. Осы қуыстағы қысым атмосфералық қысымға тең
болады. Ол дабыл жарғағының еркін тербелуіне өте қолайлы жағдай
жасайды.
Ортаңғы құлақты iшкi бетi бiрқабат призма тәрiздi кiрпiкшелi
эпителиймен астарланған сүйектiк дабыл қуысы мен оның iшiндегi бiр-
бiрiмен буындар және бұлшық еттер арқылы қозғалмалы байланысқан есту:
балғашық, төс және үзеңгi сүйекшелері құрайды. Олар дабыл жарғағының
тербелісін ішкі құлаққа жеткізеді. Ортаңғы және ішкі құлақ арасында
сопақша терезе бар, осы жерде тағы дөңгелек терезе де орналасады.
Үзеңгіден сопақша терезе жарғағына берілген дыбыс толқындары әрі қарай
оның ішіндегі жолмен өтіп, өшпестен дөңгелек терезеге жетеді.
Iшкi құлақ самай сүйектiң тастық (қайыршық) бөлiгiнде орналасады.
Оның құрамына кіреберіс аппараты, имекті арналар және дыбыс тербелісін
қабылдайтын есту қабылдағыштары (рецепторлары) орналасқан иірімді түтігі кіреді. Кіреберіс аппараты мен имекті арналар есту мүшесіне
қатынасы жоқ, олар кеңістіктегі дене қалпын реттеуге және теңдікті сақтауға
жауапты тепе-теңдік талдағышына жатады.
Ішкі құлақтың иірімді түтігі шиыршық тәрізді біртіндеп кеңейтілген
сүйектен құрылған арна, адамда ол 2,5 өрімнен тұрады. Иірімді түтігінің ішкі
жағы екі жарғақты пердемен бөлінеді: жұқасы – кіреберістік (Рейснер
мембранасы), ал тығыз және серпіндісі – негізгі мембрана деп аталады. Осы
мембраналар иірімді түтігінің сүйекті арнасын жоғарғы, ортаңғы және
төменгі болып үш сатыға (арнаға) бөледі. Жоғарғы арна немесе кіреберістік
саты (scala vectibuli) сопақша терезеден басталып, иірімді түтігінің төбесіне
дейін жалғасады. Содан кейін ол тесік арқылы иірімді түтігінің дөңгелек
терезесінен басталатын, төменгі арнаның ішіндегі дабылдық сатысымен
(scala tympani) байланысады. Жоғарғы және төменгі арналар, құрамы
бойынша жұлын-ми сарысуына ұқсас, перилимфамен толтырылған.
Кіреберістік және негізгі мембраналар арасынан ортаңғы жарғақты арна
(scala media) өтеді. Бұл арнаның қуысы басқалармен қатынаспайды және ол
эндолимфамен толтырылған. Эндолимфа құрамында К
+
иондары көп, ал
Na
+
иондары аз болады. Сондықтан перилимфаға қарағанда эндолимфа оң
зарядты болады.
Ортаңғы жарғақты арнаның ішінде, негізгі мембрананың үстінде дыбыс
қабылдаушы аппарат Корти мүшесі орналасады. Дыбыс қабылдағыштары
сыртқы және ішкі түкті жасушалардан тұрады. Олар механикалық
тербелістерді электрлік потенциалдарға айналдырады, соның салдарынан
есту жүйкесінде қозу туғызады. Бұл қозу одан әрі қарай ми сыңарлары
қыртысының самай бөлігінде орналасқан есту орталығына жеткізіледі. Есту
орталығы нейрондарының қозуы нәтижесінде дыбысты сезу түйсігі пайда
болады.