Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі:
Ә.Б.Алмауытова Пән оқытушысы: Г.Ж.Баялиева Дәріс сабақтарының қысқаша мазмұны №1-дәріс
ЖМҚТОЖТ–қазақ тілін оқыту үдерісінің заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы
1.1 ЖМҚТОЖТ пәнінің мақсаты мен міндеттері
1.2 ЖМҚТОЖТ қалыптасу жолы мен даму тарихы
1.3.ЖМҚТО жаңа технологияның оқу әдістемесін дамытуға тигізетін ықпалы
«Жоғары мектепте қазақ тілін оқытудың жаңа технологиясы» пәні бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесінде оқыту үдерісін тың жаңалықтарға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету барысында оқытылып отыр. «Жоғары мектепте қазақ тілін оқытудың жаңа технологиясы» қазіргі лингвистика, педагогика, психология және әдістеме ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, болашақ маманды тілді меңгертудің әдіснамалық, ғылыми-теориялық негіздерімен таныстырады, қазақ тілін оқытудың әдістемелік жүйесін үйретеді. Жаңа заман талабына сай білім берудегі реформалардың міндеті – қазіргі заманның ағымына сәйкес ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, болашақ ұрпаққа ұсыну.
Білім алушылар жаңа технологияларды қолдана отырып, өзіндік ізденіс пен шығармашылыққа үйренеді. Бұл отандық және шетелдік озық тәжірибелерді талдату, салыстыру, бағалау, эксперимент арқылы өз мүмкіндігін, кәсіби шеберлігін арттыру бағытындағы жұмыстарға төселу нәтижесінде қалыптастырылады және аталмыш курсты оқып меңгеру барысында тілдік фактілерді түрлі қырынан танып-білуге дағдыландыратын әдістер мен тәсілдер жүйесін меңгереді.
Бұл курста жоғары мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесінің қалыптасу және даму жолдары, бастау көздері, ғылыми ұстанымдары, басым бағыттары негізінде жаңа технологиялар жүйесінің мақсат-міндеттері мен әдістемелік жүйесі, қазақ тілін оқытуды оқу-танымдық үдеріс ретінде ұйымдастырудың тың жолдары қарастырылады. Жаңа қоғамдық қатынастың «жаңа педагогын» қалыптастыру үшін педагогикалық жаңа технологияларды тиімді пайдалану көзделеді.
Білім беру үрдісін ақпараттандыру – жаңа инновациялық әдістер мен оқыту технологияларын қолдану арқылы, дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылатуды көздейді. Бүгінгі күннің талабына сай білім саласында жаңа технологиялар қолданудың маңызы зор.
Заман талабына сай білім беру оқушылардың адамгершілік, интеллектуалдық дамуының жоғары деңгейі мен білімін қамтамасыз етуге бағытталған оқытудың үздіксіз үрдісі десек, оның тиімділігі мен сапасын арттыру мұғалімнен оқу процесінің ғылыми теорияға негізделген және оқушының қабілеті мен бейіміне негізделген оқытудың таңдамалы әдістеріне көшуді талап етеді. Ондағы негізгі мақсат оқушыға сапалы білім беру болып табылады. Бүгінгі таңда жас ұрпаққа кез келген пәнді ұғындырудың тиімді жолы - жаңа технология негіздері болып табылады.
Жоғары мектепте қазақ тілін оқытудың жаңа технологиясы пәнінде жаңа технологияларды пайдалану мұғалім үшін қандай маңызды болса, білім алушы үшін одан да маңызды. Жаңа технологиялар магистранттың білім сапасын арттыруға, өздігінен жұмыс істеу мүмкіндігін молайтуға көп көмегін тигізеді.
Соңғы жылдары оқытудың жаңа технологиялары білім беру саласында кеңінен қолданылып келеді. Олардың ішінде отандық әдіскер ғалымдар жасақтаған «Модульдік оқыту технологиясы»(М.Жанпейісова), «Деңгейлік тапсырмалар» (Ж.Қараев), әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарына арналған «Сатылай кешенді талдау» (Н.Оразақынова) т.б. технологиялары мұғалімдердің қызығушылығын арттырып, оқу үдерістеріне кеңінен ендірілуде. Мұндай әдіс – тәсілдер мен оқытудың жаңа технологиялары туралы арнайы еңбектер мен ғылыми – әдістемелік тұрғыдан баяндайтын құралдар, түрлі курстар мен білім сатысы оқулары арқылы мұғалімдердің әдіскерлік шеберліктерін ұштауларына мүмкіндіктер мол. Сондықтан түпкі нәтижені таңдаудың, оны мақсатқа сай ұйымдастыра білудің маңызы зор. Оқыту әдістерінің кез келген түрін белсенді әрекетке айналдыру – мұғалімнің әдіскерлік шеберлігі мен шығармашылық ізденісіне байланысты болмақ. Оқыту әрекетінде жеке, топтық, ұжымдық жұмыстарды оқу мазмұны мен мақсатқа сәйкес, үйлесімді түрде жүргізудің қажеттілігі осыдан туындайды.
Бүгінгі оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, нәтижелер беруде. Әрбір сабақта оқытудың тиімді әдіс – тәсілдерін енгізіп жүрсе, білім сапасына елеулі әсер етеді. Кез келген сабақты қызықты өткізу үшін әрбір ұстаз жаңалыққа ұмтылып, ізденіс үстінде болғаны абзал.
Қазақ тілі пәнін оқытуда жаңа технологиялардың элементтерін қолдана отырып, деңгейлеп оқыту технологиясына ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені, бұл технология баланың жеке мүмкіндігіне бағытталған. Ғалымдар Л.Выготский, В.Давыдов, Д.Эльконин т.б. осыны түбегейлі зерттеп, оқыту мен даму арасындағы тығыз байланысты анықтаған.
Қазіргі педагогикада пайдаланып жүрген технологиялардың бірі және бірегейі – модульдік оқыту технологиясы. Бұл технология қазіргі қазақ тілі пәнін оқытудағы тиімді әдіс болып саналады. Магистранттар мектеп қабырғасында меңгерген білімдерін колледжде одан әрі ғылыми – практикалық түрде дамытады. Осы мақсаттың орындалу жолында тілдік материалдарды модульдік жолмен ұсыну уақытты да үнемдейді, әрі магистранттардың практикалық, лабораториялық жолмен жұмыс істеу дағдысын жетілдіреді. Олар түрлі тараулар мен тақырыптар бойынша дайындалған тірек кестелерімен, мәтінмен, басқа да ізденімпаздық, шығармашылық бағытта орындалатын жұмыс түрлерімен өздерінің іскерлік дағдыларын қалыптастыра алады.
Осы орайда қазіргі қазақ тілі, тіл біліміне кіріспе пәндері бойынша шығармашылық жұмыс түрлерін көбірек ұсыну, ойын түрлерін беру, оны кейін практикалық тұрғыда қолдана білуге үйрету жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді.
Әсіресе, оқу сабақтарында модульдік оқыту технологиялары бойынша ұйымдастырылған ойын түрлерін сөйлесу бөлімінде шебер ұйымдастыра білу магистранттарды шығармашылыққа, ізденімпаздыққа жетелейді.
Жаңа әрі пайдалы ізденістердің бірі қазақ тілі мен әдебиеті сабағында қолданылып жүрген әдістердің бірі – «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» технологиясы. Бұл технология 18 елдің тәжірибесіне енгізілген. Бұл технология оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттырады, ойлау белсенділігін, тапқырлығын, өзіне деген сенімділігін, іскерлік дағдысын қалыптастырады. Сыни тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша сабақ құрылымы қызығушылықты ояту, мағынаны ажырату, ой толғаныс кезеңдерінен тұрып, әр кезеңдегі тәрбиелік және оқу мақсаттары әр түрлі стратегияларды қолдана отырып, алға мақсат қою, мәселені зерттеу, жауап іздеу, оқушылардың өз ойларын ашық айта білуге тәрбиелейді.
Жалпы айтқанда, «Оқу мен жазуды сын тұрғысынан ойлау» стратегиясы сабақты жоспарлауда өте тиімді. Мұнда білім алушының ойы шыңдалып, өз даму деңгейіне сай жетістіктерге жетуге болады. Сын тұрғысынан ойлау жобасы мынадай үш құрылымнан тұрады:
- қызығушылықты ояту;
- мағынаны тану;
- ой толғаныс.
Бұл технологияда бұрынғы білім мен жаңа ұғым ұштастырылады. Соңғы кезеңде оқушы өз шығармашылық қабілетін таныта алады.
Педагогикалық қызметтің басты мақсаты магистранттармен оқу-тәрбие ісінде жаңа педагогикалық технологияларды ұтымды пайдалану. Ол үшін жаңа технологияларды игеру және оны шығармашылықпен дамыту, инновациялық технологиялармен білім беру. Сонда ғана қабілетті мамандар дайындай аламыз.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңа технологияларды қолдану арқылы оқушылардың таным белсенділігін арттыру, қазіргі қоғам талабына сай ой-өрісін дамыту, шығармашылығын кеңейту, дамыту, терең білімді, бәсекеге қабілетті тұлғаны жасау, заман сұранысына сай ізденімпаз тұлғаны қалыптастыру. Қорыта айтқанда, оқыту процесінің нәтижелі болуы оқытушының сабақ беру шеберлігіне, сабағын қызғылықты жүргізіп, зейін қойдыра білуіне, оқушылардың өздігінен білім алуға үйренуіне байланысты. Қандай да болмасын жаңа әдіс-тәсілдер әрбір оқушының өз бетімен оқып үйренуіне сенімін ұялатып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне, қорытынды жасай алуына, сөйлеу мәдениетінің өсуіне ықпал етеді, білім сапасын арттырады. Оқыту технологияларын сабақта қолдану магистранттардың білім сапасын арттырып қана қоймайды, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсерін тигізеді. Жаңа әдіс-тәсілдерді мән-мағыналарына, ерекшеліктеріне қарай таңдап қолдана білсек, балаға білім беруде ұтарымыз анық. Сондықтан оқытушы үшін сабақтың жүргізілу жүйесін жетілдіріп, оқу – тәрбие жұмыстарын жүйелеп, сапасы мен тиімділігін арттырып, өзгерістер енгізуге барлық күш – жігерін жұмсауы тиіс.