Монография Алматы, 2021 Қалибекұлы Толқын «Полилингва» баспасы Қазақстан республикасының білім



Pdf көрінісі
бет20/82
Дата23.11.2022
өлшемі6,28 Mb.
#52167
түріМонография
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   82
Байланысты:
казыргы кытай жане казак...TOLKYN KALIBEKULY TEKST

Қасым оқытушы, Бұл студент. Егер Қасым оқытушы, бұл 
студент деп кідіріс жасамай айтсақ, онда анықтауыштық қатынастағы 
сөз тіркесі жасалады да, сөйлем болмайды. Сөйлемнің өзіне тән 
тағы бір белгісі ‒ олардың, көбінесе, бастауыш пен баяндауыштық 
құрылымдық үлгі бойынша жасалып, біршама аяқталған ойды білдіруі. 
Сөз тіркесі тікелей ұғымға (қүрделі ұғымға) қатысты болса, сөйлем 
байымдауға қатысты болады. Н.К.Дмитриев, Н.А.Баскаков сөйлем 
байымдауды білдіреді, сөз тіркесіне ондай қасиет тән емес дейді. 
М.Балақаев бұл пікірді құптамайды, ондағы дәлелі байымдаудың 
грамматикалық категорияларға тән ұғым емес, логика ғылымына 
тән екендігін айтады [68, 24 б.]. 
Т.Сайрамбаев сөз тіркесі мен сөйлемнің айырмашылықтары 
болғанымен, олардың өзіндік ұқсастықтары да бар дей келе: “Сол 
сияқты сөз тіркесі сөйлемнің негізінде жасалды. Мысалы, Кітап 
оқыды бұл ‒ әрі сөйлем, әрі сөз тіркесі. Олай болса, бір сөз табы 
басқа сөз таптарына ауысып отыратыны сияқты, бұл екеуі бір-біріне 
ауысып отырады, әрі екеуі де құрылысы жағынан кейде ұқсас келеді” 
[71, 11 б.] деген тұжырым жасайды. 
Бұл туралы Ә.Аблақов, С.Исаев, Е.Ағмановтардың пікірі мынадай: 
“ ...Бір сөз табы басқа сөз таптарына ауыспайды, дұрысында бір сөз 
таптарындағы кейбір сөздер кейде басқа сөз таптарына ауысуы мүмкін. 
Екіншіден, бұл еңбектердегі көрсетілген терезеге қарадым, аттан 
түс, хат жаздым, кітап оқыдық, су ішті, кітап оқыды дегендер 
сөйлем емес сөз тіркесі (Қараңғы түн дегеннің жайы басқа). Бұл 
зерттеушілер басыңқы сөздердегі жақ (жіктік) жалғауларының 1-жақ 
жекеше -м (жаздым) бұйрық райдың 2-жақ анайы, жекеше түрі (нольдік 


54
форма) түс-0, 1-жақ жекеше -м (жаздым) 1-жақ көпше  (оқыдық) 
3-жақ жіктік жалғау тұлғасы (нольдік форма ішті -0 және оқыды -0) 
өздері жалғанған сөзге предикаттық мән үстеп, оларды басқа сөзбен 
байланыстырып тұрғанын ескермеген, өйткені ол сөздер берілмеген. 
Олар Мен қарадым. Сен (аттан) түс. Мен жаздым, Біз оқыдық 
болып сөз тіркесі емес, сөйлем болар еді. Субьектілік-предикаттық 
қатынастағы сөздер байланысының ерекшелігі сол предикаттағы 
(баяндауыштағы) жақ көрсеткіші, жіктік жалғауы арқылы субьектіні 
табуға болады, өйткені субьекті мен предикатты байланыстырып 
тұрған – жіктік жалғауы мен субьектідегі атау септігі... [65, 278 б.].
Біз бұл пікірді қуаттаймыз. К.Ахановтың сөзімен айтқанда, бір 
ғана құбылысты әрі сөйлем, әрі сөз тіркесі деп қарау сөйлем мен 
сөз тіркесінің жігін ажыратпауға, оларды бір-бірімен араластырып 
жіберуге әкеп соғады. Бір ғана құбылысты әрі сөйлем, әрі сөз тіркесі 
деп қарау бірізділік қағидасына да қайшы келеді. Бірізділік қағидасы 
‒ барлық ғылыми зерттеулер міндетті түрде бағынуға тиісті ортақ 
методологиялық қағида. Егер де осы қағидаға қайшылық жасалса, мейлі 
қандай ғылым болсын, зерттеушілер қандай қөзқарасты ұстансын, 
қандай әдісті пайдалансын немесе қандай жүйені қалыптастырсын, 
бәрі бір сол жүйенің герметикалығы, жүйелігі және ғылымилығы әлсіз 
(жоқ) болатындығы сөзсіз. Сондықтан бірізділік қағидасын міндетті 
түрде ескеру керек.
Қытай тілінің грамматикалық жүйесінде сөз тіркесіне тән өзіндік 
белгілер мен оның синтаксисте алатын орны (статусы) мәселесі 
жайында негізінен үш түрлі көзқарас орын алған:
1) сөз тіркесі дербестігі жоқ тілдік бірлік, сөйлемнің құрылуы 
мен оны талдау барысында сөз тіркесі деген ұғым мүлде болмайды, 
барлық тілдегі негізгі тілдік бірліктер сөз және сөйлем; 
2) сөз тіркесі дербес тілдік бірлік болып саналмайды, сөз тіркесі 
міндетті түрде сөйлемде “өмір сүреді”, ол ‒ тек сөйлемнің ішіндегі 
тілдік бірлік; 
3) сөз тіркесі ‒ дербес тілдік бірліктердің бірі, сөз тіркесі ‒ 
сөйлемнен тыс тұрғанда статикалық күйдегі сөйлем құрауға қажетті 
даяр бірлік, сөйлемнің ішінде сөйлем мүшесі қызметін атқарады. Сөз 
тіркесі белгілі бір интонациямен айтылып, соңынан тыныс белгісі 
қойылса, сөйлемге айналады. Сондықтан сөз тіркесі ‒ әрі сөйлем 
құрауға қажетті даяр тілдік бірлік, әрі коммуникативтік тілдік бірлік 
болып саналады.


55
Бірінші пікірге келісе алмаймыз, сөз тіркесі дербес тілдік бірлік 
болмаса, онда “сөз тіркесі” деген терминнің керегі жоқ, тіпті оны 
(сөз тіркесін) зерттеудің қажетілігі де болмай қалады.
Екінші пікірде сөз тіркесінің тілдің грамматикалық жүйесіндегі 
орны мен өзіндік белгілері белгілі дәрежеде жоққа шығарылған. Бұл 
пікір ойлануды қажет етеді. Сөз де, сөз тіркесі де сөйлем құраудың 
материалы болады, сөз не үшін сөйлемде “өмір сүрмейді” деген шектеу 
қойылмайды, ал сөз тіркесі не үшін міндетті түрде сөйлемде өмір 
сүру керек? деген заңды сұрақ тууы мүмкін. 
Үшінші пікірде “сөз тіркесі әрі сөйлем құрауға қажетті даяр тілдік 
бірлік, әрі коммуникативтік тілдік бірлік” деп айтылған, бұл пікірге 
қосыла алмаймыз, өйткені бір синтаксистік құрылым әрі сөз тіркесі, 
әрі сөйлем болмайды. Сөз тіркесі мен сөйлемнің айырмашылығы ‒ 
олардың құрылысында емес, сипатында. Лүй Шушяңның сөзімен 
айтқанда: “сөз де, сөз тіркесі де (бастауыш-баяндауышты сөз тіркесі 
де) ‒ статикалық күйдегі, сөйлем құрауға қажетті даяр бірліктер, ал 
сөйлем ‒ динамикалық күйдегі, коммуникативтік бірлік. Сөз тіркесі 
белгілі шарт-жағдайға ие болып (интонацияға ие болып) сөйлемге 
айналғанда, оның сипаты өзгереді де, сөз тіркесі болудан қалып, 
сөйлемге ауысады” [9, 28 б.]. 
Қытай тілінде сөз тіркесінің екі түрлі формасы бар: бірі ‒ 
сөйлемнен тыс “өмір сүретін” формасы, екіншісі ‒ сөйлемнің ішінде 
“өмір сүретін” формасы. Сөйлемнен тыс өмір сүретін сөз тіркесі 
сөйлем сыртындағы сөз тіркесі деп аталады. Мысалы, 吃饭[chifan] 
тамақ ішу, 他的帽子[ta de maozi] оның бас киімі бұл екі тіркес 
сөйлемнің құрамына кірмеген, яғни әлі ойды білдіріп, пікір алысу 
үшін қолданылмаған, сондықтан олар ‒ статикалық формадағы немесе 
(сөйлем құрауға) даяр формадағы сөз тіркестері. Сөйлемнің ішінде 
“өмір сүретін” сөз тіркесі сөйлем ішіндегі сөз тіркесі деп аталады. 
Олар сөйлемнің ішінен талданып алынған сөз тіркестері. Мысалы, 
他的帽子丢了。
Оның бас киімі жоғалды. 小王吃过饭了。Шяу Уаң 
тамақ ішіп алды деген сөйлемдердің құрамындағы 他的帽子(оның 
бас киімі) және 吃过饭 (тамақ ішіп алу) дегендер ‒ сөйлем ішіндегі 
сөз тіркесі болады. Сөйлемнің ішінде өмір сүретін сөз тіркесі пікір 
алысу үшін қолданылады, сондықтан олар динамикалық формадағы 
немесе коммуникативтік формадағы сөз тіркесі болады.
Қытай тілінің сөз тіркесін зерттегенде сөйлем ішіндегі сөз тіркесін 
де, сөйлемнен тыс сөз тіркесін де қарастыру қажет. Яғни сөз тіркесінің 
статикалық күйдегі, даяр тұрған кездегі құрылымдық заңдылықтарын, 


56
функцияларын және семантикасын қарастыру керек; сонымен қатар, сөз 
тіркесінің динамикалық күйдегі, коммуникативтік қызмет атқарған кездегі 
өзгеру заңдылығы және прагматикасы (语用), стилистикалық жақтан 
ерекшеліктері де зерттелуі тиіс. Сондай-ақ, сөйлемнен тыс сөз тіркесі мен 
сөйлем ішіндегі сөз тіркестерінің ұқсастықтары мен айырмашықтарына 
да назар аудару керек. Міне, осындай сөз тіркесіне қатысты статикалық 
талдау мен динамикалық талдауды өзара ұштастырғанда ғана олардың 
(сөз тіркестерінің) ерекшеліктерін және функцияларын біршама жан-
жақты айқындауға мүмкіндік туады [12, 11-12 бб.].
Қазақ тілінде сөз тіркесі тек сөйлем ішінде ғана өмір сүре ме, 
әлде сөйлемнен тыс та өмір сүре ала ма деген сұраққа әр түрлі жауап 
алуға болады.
Т.Сайрамбаев «Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері» деген еңбегінде: 
“Сөз тіркесінің негізгі мәні дербес мағынасы бар сөз табы мен сөз 
табының тіркесінде құрылады да, ол сөз тіркестерін жеке алып өз 
алдына қарауға болады. Бір ғана қалаға кетті деген сөз тіркесінен сөз 
тіркесінің байланысу формасы мен тәсілі, түрлері мен синтаксистік 
қатынастарын айқындауға болады. Бұл жағынан сөз тіркестерін 
сөйлемнен жеке алып өз алдына қарауға болатын синтаксистік 
категория деп білеміз” [89, 25 б.], ‒ деген тұжырым жасайды.
М.Серғалиев, А.Айғабылов, О.Күлкенова: “...сөз тіркесін сөйлем 
құрамында және сөйлем құрамынан алын қарастырған жөн” дегенді 
айтады [88, 99 б.].
Орыс тіл білімінде сөз тіркесін сөйлем мүшесінің ыңғайында 
талдаумен бірге, оны сөйлемнен бөліп, өз алдына қарастыру да 
ұсынылды. Бұл пікір бойынша, сөз тіркесін сөйлемнен ажыратып алу 
керек болады да, оларды екі үлкен топқа (законченное, незаконченное) 
дәйектеу керек... Кейде оларды предикативные, непредикативные 
деп те атайды. Сонда законченное деп аталатын топ бастауыш пен 
баяндауышқа ажырайды, яғни сөйлемдік дәрежеге ие болған топ, 
ол сөз тіркесі деп есептелмейді. Ал законченное деп аталатын топ 
киноға барды, жақсы кітап, мекеменің үйі сияқты анықтауыштық, 
толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері 
жатқызылады [71, 149 б.]
Біз сөз тіркесін сөйлем құрамында және сөйлем құрамынан алын 
қарастыру керек деген пікірді қолдаймыз.


57


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   82




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет