Қабыса байланысқан анықтауыштық қатынастағы сөз тіркесі. Лингвистикалық әдебиеттерде атрибутивтік қатынастағы сөз
тіркестерінің бағыныңқы сыңары ретінде зат есім, сын есім, сан есім,
есімдік, етістіктің есімше формасының жұмсалатындығы айтылып
жүр [15, 57 б.]. Ал басыңқы сыңар немесе ұйытқы сөздің зат есім сөз
табынан болатындығы көрсетіледі.
Тілдің қашанда дамып, жетіліп отыратындығын ескерсек,
атрибутивтік қатынастағы сөз тіркестерінің басыңқы сыңары
қызметінде келетін сөз таптарының тек зат есім сөз табымен ғана
шектелмейтіндігін байқау қиын емес. Бүгінгі таңда тілдік қолданыста
мұндай сөз тіркестерінде басыңқы сыңарда сын есімдердің де
жұмсалатындығы сирек те болса кездесіп қалады. Ал бұл құбылысты
сын есім сөз табының синтаксистік қызметінің өзгеруімен, артуымен
байланыстырған жөн. Синтаксистік қызметінің өзгеруі тілдің
ықшамдау құбылысы немесе үнем заңдылығымен тікелей байланысты.
Сондай-ақ, басқа сөз таптарының субстантивтеніп, атрибутивтік
қатынастағы сөз тіркестерінің басыңқы сыңары ретінде келуі де
тілдің үнем заңдылығының тікелей әсерінен деп санаймыз. Мәтінде
уақытша заттық мән иеленген басқа сөз таптары мен “таза” зат есімнің
қатысуымен құрылған сөз тіркестерін бір деп қарауға болмайды.
Олардың өзіндік ерекшеліктері бар, бірінші кезекте ол семантикасына
қатысты. Сонымен анықтауыштық қатынастағы қабыса байланысқан
сөз тіркестерінің құрылымдық моделі мен мағыналық қатынастарына
тоқталайық.
1) зат есімді сөз тіркесі: құрылымдық моделі ‒ S + S
а) тегін (неден жасалғанын, материалын) анықтайды: қоян тымақ, алтын білезік ә) арнау мағынасын білдіреді: тауық там, ат қора б) орнын, мекенін білдіреді: су жылан, төс қалта в) кәсібін білдіреді: қойшы бала, бас қолбасшы г) салыстыру, теңеу мағынасын білдіреді: қой көз, пісте мұрын ғ) даралау мағынасын береді: атан түйе, алма ағаш е) өлшем, шамасын білдіреді: тау-тау астық, бір асым ет.