Мекен үстеулері
Қазіргі қазақ тіліндегі мекен үстеулері қимыл, іс-әрекет, амалдардың мекенін, орнын, бағытын білдіріп, қайда? қайдан? деген сұрақтарға жауап береді. Мекен үстеулерге мына сөздер жатады: төмен, жоғары, ілгері, әрі, бері, әрмен, алға, артқа, артта, тысқары, осында, мұнда, кері, алды-арты, әрі-бері, жолшыбай, жол-жөнекей т.б. Мекен үстеулері құрамы жағынан негізгі, туынды, күрделі түбір үстеулер болып бөлінеді.
1. Негізгі мекен үстеулері жеке дара сөздерден тұрып, морфемдік жағынан бөлшектеуге келмейді. Олар: жоғары, төмен, әрі, бері, кері т.б.
2. Туынды түбір мекен үстеулер сөз тудыратын жұрнақтар арқылы және көлемдік септіктердің консервациялануы жасалады.
Мекен үстеуінің жасалу жолдары:
а) –қары (-кері), -ғары (-гері) жұрнақтарының жалғануымен жасалады: ілгері, тысқары, сыртқары, ішкері. Бұлдардың кейбірі түбірмен кірігіп, қазіргі кезде туынды түбір болып есептелмейді де.
ә) Көлемдік (барыс, жатыс) септіктерінің көнеленуі жолымен жасалады: алға, артқа, төменде, жоғарыда, артта, осында, мұнда, ілгеріде.
3. Күрделі түбір мекен үстеулер. Бұлар сөздердің қосарлануы арқылы жасалады. Қосарлану арқылы жасалған мекен үстеулер: алды-арты, жол-жөнекей, әрі-бері т.б. мекен үстеулері негізінен тістікпен тіркесе келіп, оның орнын, мекенін, бағытын білдіріп, сөйлемнің мекен пысықтауыш мүшесі болады. Базаралы басын шайқады да кейін қозғалды (М.Әуезов).
Мөлшер үстеулері
Қазіргі қазақ тіліндегі мөлшер үстеулері қимыл, іс-әрекет, амалдың немесе сынның көлемдік дәрежесін, мөлшерін, шама-шарқын білдіріп қанша? қаншалық? қаншама? қаншалап? кейде қалай? қалайша? деген сұрақтарға жауап береді. Мөлшер үстеулеріне төмендегі сөздер жатады: сонша, осыншама, мұнша, сондайлық, анағұрлым, бірен-саран, онша, едәуір, бірталай, бірқыдыру, біраз т.б. Кейде мөлшер үстеулері есім сөздермен тіркесіп те жұмсалады: бірталай уақыт өтті, сонша жүкті көтеріп, сондайлық сыпайы т.б.
Морфологиялық құрамы жағынан мөлшер үстеулері негізгі түбір бола алмайды, себебі тілдегі барлық мөлшер үстеулері басқа сөз таптарына жұрнақ жалғану арқылы немесе сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалған.
Мөлшер үстеулердің жасалу жолары:
1) Туынды түбір мөлшер үстеуі мына қосымшалар арқылы жасалған:
-ша (-ше): сонша, мұнша, онша т.б.
-шама: соншама, мұншама, осыншама, біршама т.б.
-шалық: мұншалық, соншалық, осыншалық.
-дайлық: мұндайлық, ондайлық, сондайлық, бұндайлық т.б.
2) Күрделі түбір мөлшер үстеулері сөздердің бірігуі, қосарлануы арқылы жасалады.
а) бірігу тәсілімен жасалған мөлшер үстеулері: анағұрлым, бірсыпыра, бірқыдыру, недәуір, неғұрлым, бірталай т.б.
ә) қосарлану тәсілі арқылы жасалған мөлшер үстеулері: бірен-саран, бірлі-жарымды, азды-көпті, некен-саяқ т.б.
Мөлшер үстеулері бірде етістіктермен тіркесіп, іс-әрекет, қимыл, амалдың мөлшерін білдірсе, бірде зат есім, сын есімдермен тіркесте қолданылып оның мөлшерін білдіреді. Мысалы, соншама өкпеледі, недәуір ер жетті, анағұрлым өсіпті деген мысалдардағы соншама, недәуір, анағұрлым мөлшерлік үстеулері өкпеледі, ер жетті, өсіпті етістіктерімен тіркесте қолданылып, қалай? қанша? деген сұрақтарға жауап беріп, сынның мөлшерін, көлемдік дәрежесін көрсетеді. Мысалы, соншама үлкен үй, недәуір терең, анағұрлым төмен т.б. мөлшер үстеуі етістікпен тіркесе келіп, сөйлемнің мөлшер пысықтауышы қызметін атқарады. Сонымен бірге зат есім, сын есімдердің алдында келіп, оны анықтап, сөйлемнің қабыса байланысатын анықтауышы болады. Мысалы: Осынша өнер тауып асқан адам (Шәкәрім). Бірен-саран жатақтар көше жөнелуге әзірленіп қалды (Ғ.Мүсірепов).
Сын-қимыл (бейне) үстеулері
Қазіргі қазақ тіліндегі сын-қимыл үстеулері қимыл, іс-әрекеттің жасалу амал-тәсілін, сынын, бейнесін білдіріп, қалай? қайтіп? қалайша? кімше? деген сұрақтарға жауап береді. Сын-қимыл үстеулерге мына сөздер тобы жатады: ақырын, тез, шалқасынан, әзер, оқыс, дереу, өзінше, зорға, қапыда, лезде, үнемі, бостан-бос, емін-еркін, ерекше, өзгеше, көйлекшең, тікелей, ретімен, жүресінен, кезекпен, жайымен, астыртын, жасырын, үстіртін, бірден, біржола, шала-пұла, зым-зия, бетпе-бет, қолма-қол т.б.
Сын-қимыл үстеулері құрамы жағынан негізгі түбір, туынды түбір, күрделі түбір сын-қимыл үстеулері болып бөлінеді.
Негізгі түбір үстеулер мағыналық бөлшектерге бөлінбейтін жеке дара сөздерден тұрады. Олар: тез, әзер, оқыс, дереу, үнемі, еркін, ерекше.
Туынды түбір сын-қимыл үстеулері басқа сөз таптарынан сөзжасам жұрнақтарынын жалғануы, көлемдік септіктерінің көнеленуі арқылы жасалады. Атап айтқанда, туынды үстеулердің жасалу жолдары мынандай:
а) –ша (-ше) жұрнағының әр түрлі сөз таптарына жалғануы арқылы көптеген сын-қимыл үстеулері жасалған. Олар: адамша, балаша, құсша, қазақша, ауызша, жазбаша, ескіше, керісінше, қысқаша, өзінше т.б.
ә) –шаң (-шең) жұрнақтары зат есімдерге жалғану арқылы жасалады. Олар: көйлекшең, етікшең, байпақшаң т.б.
б) –лай (-лей), -дай (-дей) жұрнақтарын қосу арқылы. Олар: жартылай, осылай, былай, бірдей, ойлай, тікелей, шикілей, өлердей т.б.
Көлемдік, яғни барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің көнеленуі арқылы жасалған сын-қимыл үстеулері төмендегідей.
а) Барыс септігі жалғауы арқылы: бірге, босқа, зорға үстеулері.
ә) Жатыс септігі жалғауы арқылы: қапыда, оқыста, лезде, қапелімде, аңдаусызда.
б) Шығыс септігі жалғауы арқылы: өздігінен, шалқасынан, кенеттен, төтесінен.
в) Көмектес септігінің жалғауы арқылы: жайымен, ретімен, кезекпен, өздігімен, шынымен т.б. үстеулер.
Күрделі түбір түріндегі сын-қимыл үстеулері сөздердің бірігуі, қосарлануы арқылы жасалады.
а) Сөздердің бірігуі арқылы жасалған сын-қимыл үстеулер: біржола, біржолата, жайбарақат, ауызекі.
ә) Сөздердің қосарлануы арқылы жасалған сын-қимыл үстеулер: бостан-босқа, емін-еркін, шала-пұла, зым-зия, бетпе-бет, қолма-қол, жападан-жалғыз т.б.
Сын-қимыл бейне үстеулері негізінен етістікпен тіркесіп келіп, қимылдың сынын білдіріп, сын-қимыл пысықтауыш қызметін атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |