«Мақал-мәтелдер – халық творчествосының ең көне түрі. Сонымен қатар олар көне заманда туған күйі қатып-семіп қалған емес, дәуір өзгерген сайын молайып, толығып отырған. Халық тұрмысындағы әрбір елеулі кезең, жаугершілік, шапқыншылық болсын, той-думан болсын, шаруашылыққа байланысты жағдайлар, қуаныш пен реніш, азат пен рахатты кездер түрлі айтушылардың өңдеулерінен өтіп қалыптасқан, мақалға айналған»,- дейді Ә.Диваев.
А.Байтұрсынұлы: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызы шын келеді. Мәтел дегеніміз кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады»[1,112 ],─ деп көрсеткен болатын. Демек, мақалда тұрмыста қолданылып жүрген сөздеріміз шындықпен астасып келіп, мақалдап, шешен тілмен айтылатын сөздер болса, ал мәтелде тұрмыста қолданылатын сөздердің шындыққа жанаса қоймай, кесегімен айтылатын сөздердің қатарына жатқызуға болады.