Vibrio parahaemolyticus тудыратын тамақтан уланулар да сирек емес. Бұл микроағзалар тұзды тәуір көреді, теңіздік ортада - планктонда, балықта, шаян тәрізділерде т.б. көп таралған. Температураға төзімділігі жоғары емес- 55ºС дейін қыздырғанда, 10 мин бойына тіршілігін сақтайды, ал 100ºС дейін қыздырғанда, 1 мин ішінде жансызданады. Ал төмен температура кезінде, бұл қоздырғыштар ұзақ уақыт - бірнеше күндерден бірнеше апталарға дейін тіршілігін сақтай алады. Сүрленген және ысталған азықтарда да, вибриондар тіршілікке қабілетті болып қалады. Улану, вибриондар тұқымданып кеткен теңіз балықтарын және басқа да теңіз өнімдерін тағамға қабылдаған кезде пайда болады. Ауру гастроэнтерит түрінде өтеді, бірақ тағам токсикоинфекцияларының тырысқақ және жерше тәрізді түрлері де байқалуы мүмкін.
Тағам токсикоинфекцияларының дамуында басқа да микроағзалар этиологиялық роль атқаруы мүмкін, атап айтқанда – Citobacter, Hafnia, Klebsiella, Edwardsiella, Pseudomonas, Aeromonas және басқалар. Бұл микроағзалар тудыратын уланулар, жедел гастроэнтерит симптомдарымен сипатталады, аурудың ағымы жеңіл, ұзақ емес (1-3 күн).
Тағам токсикоздары – бұл, құрамында белгілі бір микроағзалардың тіршілігі нәтижесінде жиналған улары бар тағамды қабылдаған кезде пайда болатын жедел немесе созылмалы (микотоксикоздар) аурулар, бұл кезде қоздырғыштардың өмір сүруге қабілетті жасушаларының болмауы мүмкін немесе аз мөлшерде табылуы мүмкін. Токсикоздар -бактериалды және саңырауқұлақтық болуы мүмкін. Ең жиі кездесетін бактериялық токсикоздарға стафилококк токсикозы және ботулизм жатады.
Стафилококк токсикозы құрамында Staphylococcus aureus немесе Staphylococcus albus энтеропатогенді, плазмакоагуляциялаушы штаммдары шығаратын экзотоксиндері бар тағамды қабылдағанда пайда болады. Стафилококктар кең температура диапозонында -6 дан 45ºС дейін көбею қабілетін сақтайды, дегенмен жоғары температураның әсеріне олар тұрақсыз - 70ºС дейін қыздырғанда 30 мин ішінде, ал 80ºС кезінде 10 минуттан кейін жансызданады. Стафилококктардың көбеюі ас тұзының (12% артық) және қанттың (60% артық) үлкен концентрацияларында тоқталады. Олар шығаратын экзотоксинінің қоздырғыштардан айырмашылығы, жоғары температура әсеріне өте тұрақты. Экзотоксині тек 2-3 сағат қайнатқаннан кейін ғана толық жойылады. Токсині қышқылдар мен сілтілердің әсеріне де төзімді. Стафилококктардың дамуы мен токсин өндіруі үшін қолайлы орта- сүт және сүт өнімдері (сүзбе, ашытқан қаймақ, сырлар, брынза, балмұздақ, балаларға арналған сүт қоспалары және басқалар), қайнатып крем құйған кондитер өнімдері (себебі, мұндағы қанттың концентрациясы 50% жетпейді, крахмалы және ылғалы көп), ет және балық өнімдері, әсіресе, фарштан жасалған өнімдер, паштеттер, шұжықтар, құс еті. Картоп езбесінде (пюресінде), бидай ботқасында тез (үй температурасы кезінде 5-8 сағаттан кейін) энтеротоксин пайда болады, себебі, бұл тағамдар крахмалға және ақуыздарға бай.
Патогенді стафилококктың көздері -жануарлар және адам. Жиі стафилококк көздері болатындар баспамен, өкпе қабынуымен, ортаңғы құлақтың қабынуымен, іріңді тері ауруымен ауыратын, кескен және күйген жерлері іріңдеген, т.б. адамдар, бактериотасымалдаушылар. Қоздырғыштың адамнан берілуі, жанасу – алиментарлық (теріден шыққан заттар арқылы), нәжіс - алиментарлық (ішектен шыққан заттармен) және тамшы – алиментарлық (мұрыннан, тамағынан шыққан заттар арқылы) жолмен жүруі мүмкін. Бұл кезде, тағамның адамнан шыққан заттармен тікелей де және аралық заттар арқылы да ластанған қолы, жабдықтар, инвентарь, жеке бас гигиенасын сақтауға арналған заттар, т.б. арқылы ластануы мүмкін.
Жиі стафилококк көздері -желінсаумен немесе ішкі мүшелерінің іріңді ауруымен ауыратын жануарлар (сиыр, ешкі, қойлар, т.б.). Стафилококк токсикозы кезінде жасырын кезеңі қысқа - 1 сағаттан 6 сағатқа дейін, себебі, бұл жердегі негізгі әсер ететін фактор, тағамның құрамындағы экзотоксин. Жүрек айну, көп қайтара құсу, эпигастрии тұсында ауыру пайда болады, 60-70% жағдайларда іші өтеді. Дене температурасы, әдетте, қалыпты немесе субфибрильді. Ауырлау өтетін жағдайларда жалпы интоксикация құбылыстары айқын білінеді: бас ауырады, әлсіздік пайда болады, артериялық қан қысымы төмендейді, т.б. Ауру бір тәуліктен кейін жазылады, сирегірек 2-3 күнге созылады.