Н. Ж. Жақашов, Ж. Ж. Бекмағамбетова, М. Е. Жоламанов, Қ.Қ. Тоғызбаева



бет265/296
Дата02.10.2023
өлшемі9,48 Mb.
#112645
түріОқулық
1   ...   261   262   263   264   265   266   267   268   ...   296
Байланысты:
Учебник Гигиена-каз

Рубидий-87. Бұл изотоптың қоршаған ортадағы қасиеттері және оның адам ағзасындағы метаболизмі туралы мәліметтер аз. Ағзада ол калий сияқты таралады деп санайды. Рубидийдің-87 адам ағзасындағы концентрациясы 6 мкЗв тен бүкіл денеге әсер ететін жылдық эффективті дозаны қалыптастырады.
Уран мен торийдің белсенді тұқымдастары. Бұл тұқымдастың әрқайсысы 10 аса радионуклидтерден тұрады. Әрбір тұқымдастағы өнімдердің біреуі, эманация деп аталатын, белсенді инертті газ болып табылады. Уран тұқымдасында бұл радийдің эманациясы - радон (Rn), торий тұқымдасында торийдің эманациясы – торон (Tn). Барлық табиғи көздерінің ішінде адамның сәулеленуге ұшыраудан алатын жиынтық дозасына негізгі үлесті радон мен торон және олардың ыдырау өнімдері қосады.
Радон мен торон табиғатта кең таралған. Бұл радионуклидтердің және олардың туынды өнімдерінің (ТӨ) адам ағзасына түсуі, негізінен, адам бөлмелердің ішінде болған кезде байқалады. Бұл бөлменің ішіндегі радон мен торонның туынды өнімдерінің концентрациясы, атмосфералық ауаға қарағанда, әрдайым жоғары болуымен және адам өз уақытының көп бөлігін бөлмеде өткізуімен байланысты. Ауадағы радонның әсерінен тұрғындардың сәулеленуге ұшырау дозасы жылына 1,3 мЗв құрайды (Василенко О.И., 2004). Бөлмелер ауасының белсенді газдармен ластануы туралы төменде толығырақ тоқталамыз.
Технологияға байланысты өзгерген табиғи радиациялық фон (ТБӨТРФ).
Табиғи жағдайда радиация көздерінен жаһандық масштабта қосымша сәулелену әсеріне ұшырау әзірше жоғары емес, ол ТРФ байланысты ұжымдық дозаның шамамен 1% құрайды. Бірақ, адамдардың іс-әрекеттерінің кейбір түрлері кезінде, олардың жеке топтары үшін бұл үлес едәуір болуы мүмкін.
Қазіргі кезде адамның радиациялық фоннан сәулеленуге ұшырауы радиацияның жоғарыда аталған көздерімен шектелмейді. Бұл немесе басқа технология үрдісі кезінде адам радиацияның табиғи көздерінің таралуын шектелген жерде өзгертуі мүмкін. Мұндай іс-әрекет нәтижесінде, табиғи фонмен салыстырғанда, сәулелену деңгейі одан жоғары, технологияға байланысты өзгерген табиғи радиациялық фон (ТБӨТРФ) деп аталатын, сәулелену деңгейлері пайда болады.
Яғни, ТБӨТРФ – бұл, сәулемен әсер етуге арналмаған, техника мен технологияны қолдануымен байланысты адамның белгілі бір іс-әрекеті түрлерінің нәтижесінде пайда болған немесе соның есебінен күшейген иондаушы сәулеленудің табиғи көздерінен шығатын сәулелену. Арнайы әдебиеттерде ТБӨТРФ - технологияға байланысты жоғарылаған ТБЖ, технологияға байланысты күшейтілген ТБК, техногенді радиациялық фон деп те атайды.
Сәулеленуге ұшыраудың жоғарыда аталған көптеген компоненттерінің ерекшелігі, жеке адамның сәулеленуден алатын дозалары салыстырмалы түрде аз болғанның өзінде, адамдардың үлкен контингенттеріне әсер ететіндігі және соның есебінен тұрғындардың сәулеленуге ұшыраудан алатын ұжымдық дозасына едәуір үлес қосатындығы болып табылады. Қазіргі көзқарас бойынша, сәулеленуге ұшыраудың салдары ұжымдық дозаның шамасына байланысты бағаланатындықтан, бұл компоненттердің маңыздылығын олардың ұжымдық дозаға қосатын үлесіне қарай бағалау қажет.
Адамның іс-әрекеті қандай шамада табиғи радиациялық фонды жоғарылататынын және бұл тұрғындарға қандай да бір қауіп тудыруы мүмкін бе, соны толығырақ қарастыру қызықты болып табылады.
Мысалы, құрамында табиғи радионуклидтері бар, құрылыс материалдарының есебінен сәулеленуге ұшыраудың орташа дозасы адамдардың ИС барлық көздерінен (жасанды көздерін де қоса алғанда), сәулеленуге ұшырауының шамамен 1/3 дозасын құрайды, ал кейбір нақты жағдайларда одан да жоғары болады.
Қазіргі кезде әлемнің дамыған елдерінің көпшілігінде тұрғын үйлердегі ауаның белсенділігін зерттеу жөнінде мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бірқатар елдерде (АҚШ, Канада, Швеция) үй ғимараттарындағы радонның ТӨ концентрацияларына шектеу енгізілген.
ҚР санитарлық нормаларына сәйкес, бөлмелердегі радонның рұқсат етілген концентрациясы – 200 Бк/м3. Алайда, Қазақстанның аумағында радон есебінен қауіпті бірқатар аймақтардың (уран кені бар және сирек металдар провинциялары, таулы және тау етегіндегі аудандар, тектоникалық жарықтар) болуына байланысты, оның грунттан көп мөлшерде бөлініп, ғимарат бөлмелеріне түсуі байқалады. Аз мөлшерде ол бөлмеге атмосфералық ауадан, су құбыры торабынан және табиғи газды жаққанда түседі.
Бөлме ауасындағы радонның және оның ТӨ концентрациясы топырақтың бетінен радонның ағынының түсуіне (эксхаляция) және ауаның алмасу жылдамдығына байланысты. Қолайсыз жағдайларда тұрғын үйлердің ауасындағы радонның концентрациясы рұқсат етілген мәннен жоғары болуы мүмкін.
Мысалы, В.Н. Севостьяновтың (2004 ж.) мәліметтері бойынша, Көкшетау, Жезқазған облыстарындағы кейбір елді-мекендердің тұрғын үй бөлмелеріндегі радонның концентрациясы 510 Бк/м3 – 4500 Бк/м3 құрайды.
Тектоникалық жарықтардың көлемді аймақтары бар, Алматы қаласының территориясындағы ғимараттарда радон изотоптарының эквивалентті тепе-теңдік күйдегі көлемдік белсенділігінің (ЭТТКБ) ең жоғары мөлшері 1000 Бк/м3 жоғары, ал орташа мөлшері - 130 Бк/м3 құрайды.
Қазақстанда үйлердегі радонның көлемдік белсенділігінің мәні 170 Бк/ м3 құрайды, бұл 40 Бк/ м3 тең, орташа жалпы дүние жүзілік деңгейден 4 еседен де жоғары.
Радонның және оның ТӨ (214Pb, 214Po, 218Ро, 214Bi) көздеріне топырақтан басқа, радиобелсенділігі жоғары жыныстардан жасалған құрылыс материалдары мен құрамында радоны бар су көздерінің сулары жатады.
Әдебиетте 1984 ж АҚШ-та болған таң қаларлық жағдай жазылған. АЭС-тің бір жұмысшысының отбасы тұрғын үйінің қабырғасынан радийдің эманациясы есебінен, көп жылдар бойы қатарынан жылына кәсіби мамандарға рұқсат етілетін жылдық дозасынан 50 есе артық дозаны алып отырған. Зерттеу кезінде, құрылыс материалдарының уранмен ластанғаны белгілі болды.
Қазақстанды қоса есептегенде, ТМД елдерінде, гигиеналық түсінікке сүйеніп, құрамындағы табиғи радионуклидтердің мөлшеріне (меншікті эффективті белсенділігіне –А эфф.) байланысты барлық құрылыс материалдары жіктеледі.
Радиациялық қауіпсіздік нормаларына (РҚН -99) сәйкес, 1-ші класқа жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға арналған, А эфф. 370 Бк/кг аспайтын, құрылыс материалдары жатады.
2-ші класқа елді-мекен ішіндегі жол құрылысына пайдаланылатын, А эфф. 740 Бк/кг аспайтын, материалдар жатады.
3 класқа елді-мекендерден тыс жатқан, жол құрылысына пайдаланылатын (А эфф.2,8 кБк/кг аспайтын) материалдар жатады.
Халықты жоғары дәрежеде сәулеленуге шалдықтыратын факторлардың бірі, сондай-ақ, құрамында радонның мөлшері жоғары сумен қамтамасыз ететін су көздері болуы мүмкін. РҚН -99 сәйкес, оның судағы мөлшерінің нормасы 60 Бк/кг құрайды. Мысалы, Алматы қаласының сү жүргізетін құбыр суында радонның концентрациясы нормаланған шегінен аспайтын - 20–40 Бк/кг аралығында ауытқиды, ал «Алмаарасан» шипажайының су көзінде, В.Н. Севастьяновтың (2004 г.) деректері бойынша - 70 Бк/кг, Жамбыл облысындағы «Мерке» шипажайы ұңғысынан алған суда –5000 Бк/кг шамасында.
Табиғи радиациялық фон, фосфатты тыңайтқыштарды өңдіру және қолдану, құрамында табиғи радионуклидтері бар, органикалық отынды (тас көмір, торф, мұнай, газ және басқалар) жағу кезінде шығатын газды-аэрозольды өнімдердің есебінен де жоғарылауы мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   261   262   263   264   265   266   267   268   ...   296




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет