Суперэкотоксиканттарға, ең уытты заттардың бірі болып табылатын және канцерогенді әсері өте жоғары, ПХДД жатады. Диоксиндердің жартылай ыдырау кезеңі 5-7 жылды құрайды, олар органикалық фазаға тез өтіп, ағзадағы зат тасымалдану үрдістеріне қосылады. Олардың негізгі көздері - гербицидтер өндірісі, целлюлоза-қағаз өнеркәсібі, отынды жағу үрдістері, соның ішінде, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жағу, әр түрлі химиялық өндірістер. Диоксиндердің халыққа қарқынды әсерінің салдары туралы алғашқы мәліметтер өткен жүзжылдықтың 60-ншы жылдарында жарияланды. Бұл жағдай Вьетнамда АҚШ соғыс кезінде болған. Америка әскерлері, өсімдіктерді жойып, вьетнамдықтардың жүріп отырған жолдарын білу үшін, өсімдіктерді жоятын дефолиант гербицидтерді қолданған. Бұл гербицидтерде диоксиндердің қоспалары бар екендігі анықталды. Олар туа біткен кемістіктерімен (қолсыз, аяқсыз туылуы) туылатын балалар санының күрт жоғарылауына, өздігінен болатын түсік жиілігінің көбеюіне, бедеуліктін және қөптеген мүшелерде қатерлі ісіктердің дамуына себеп болды. Көптеген мүшелер мен жүйелердің: орталық жүйке, жүрек – қан тамырлары, зәр шығару, тыныс алу, эндокриндік жүйелерінің және жыныс бездерінің зақымдануы байқалды. Ондаған жылдар бойы жойылмайтын терідегі безеу тәріздес бөртпелердің (хлоракне) пайда болуы да диоксиндердің әсеріне тән белгі болды.
Диоксиндердің әр түрлі көздерден сыртқа түсетін шығарындылардың құрамында болуы мүмкін екендігі анықталғанда, олардың әсер ету мүмкіндігінің қауіпі 20 ғасырдың 70-нші жылдарының өзінде ақ, жалпы планетарлық масштабқа жетті. Тұрғындардың денсаулығына ортаның диоксиндермен ластануының теріс салдарға ұшырататын әсері, олардың тек жоғары қауіптілігі мен улылығына байланысты емес екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, диоксиндер ағзадағы ксенобиотиктердің детоксикациялау үрдістерін бұзып, оның ксенобиотиктердің әсеріне сезімталдылығын күрт жоғарылататындығы, сондай-ақ, диоксиндер көптеген улы қосылыстардың синергистері мен активаторлары болып табылатындығы анықталды.
Ауаның ластануы бронх-өкпе жүйесінің обырмен және дененің басқа жерлеріндегі қатерлі ісіктерімен аурушаңдылығының жоғарылауына әкеп соғатын ең маңызды факторлардың бірі болып табылады. Ауаның құрамында бенз(а)пирен, ПХДД, ПХДФ, бензол, асбест, N-нитрозоқосылыстар, радионуклидтер және т.б. сияқты канцерогендер үнемі кездесетін, ірі қалалардың тұрғындарының ішінде өкпенің қатерлі ісігінің даму мүмкіндігі, кіші-гірім елді мекендердің тұрғындарына қарағанда, 20-30% жоғары болады.
Ауаның ластаушы қатты бөлшектердің күрделі қоспасының тұрақты компоненті - шаң болып табылады. Шаңның адам ағзасына әсері оның құрамымен анықталады, ол осы аумақтағы табиғи немесе антропогенді шаң түзуші көздердің болуына байланысты. Көбінесе шаңның құрам бөліктері отынның жануы кезінде түзілетін ұшқыш күл, күйе, түрлі металдар мен олардың тотықтары, силикаттар, кремнийдің қос тотығы, әр түрлі органикалық аэрозольдер, т.б. болып табылады.
Өте шаңданған ауамен тыныс алу, тұрғындарда жоғарғы тыныс алу жүйелерінің әр түрлі қабыну-дистрофиялық аурулардың, бронхиттер, бронх демікпе, өкпенің қатерлі ісігі, әр түрлі аллергиялық реакциялардың дамуының қауіп-қатер факторы болып табылады. Мысалы, асбестпен кәсіби қатынаста болмаған, бірақ құрамында асбесті бар ауамен тыныс алған адамдарда, өкпенің қатерлі ісігі, өкпе қабының мезотелиомасы дамуы мүмкін. Ауа жоғары деңгейде күлмен ластанғанда, өкпеде силикоз алдындағы өзгерістер байқалады. Сонымен қатар, ауаның шаңдылығы күн радиациясының ультракүлгін бөлігінің сіңірілуіне, жалпы жарықтығының төмендеуіне және тұмандардың пайда болуына әкеледі.Ауасы өте жоғары деңгейде шаңмен ластанған қалада тұратын әрбір адам, орта есеппен алғанда, 4 жылға жуық өмірін жоғалтатыны анықталды.
Қазақстанның көптеген өнеркәсіп орталықтары мен ірі қалаларының ауасы шаңмен, күкірт және азоттың қос тотықтарымен, көміртегі тотығымен, бенз-а-пирен, қорғасын, формальдегид, фенол, көмірсутектермен жоғары деңгейде ластануымен ерекшеленеді.
Ластану деңгейі бойынша бірінші орынды Алматы қаласы алады, мұнда 5 зат бойынша есептелген ластанудың кешенді индексі (АЛИ5) 12,1 құрайды, ал ауада, ең жоғары концентрациялары ШРЕК –тен 1,5-13,6 есе жоғары болатын, араласқан қатты бөлшектер, көміртегі тотығы, азоттың қос тотығы, фенол, формальдегид кездеседі. Алматыда ауаны ластайтын негізгі көздер автокөлік және жылу электростанциялары болып табылады.
Көмір шығаратын өнеркәсіптерден, жылу энергетика, қара металлургия кәсіпорындарынан және автокөліктерден шыққан шығарындылардан ауаның ластануының жоғары деңгейі (АЛИ5-10,7) Қарағанды қаласына тән. Шымкент, Темиртау; Ақтөбе және Өскемен қалаларының ауа ортасы да едәуір ластанған. Шымкентте түсті металлургия мен мұнайхимиялық өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істеуде, Теміртау мен Өскемен қалаларында Қазақстанның түсті металлургиясының негізгі кәсіпорындары, ал Ақтөбеде қара металлургия мен хром қосылыстарының кәсіпорындары шоғырланған.
Атмосфераның жаһандық техногенді ластануы жалпы планетарлық масштабтағы қауіпті зардаптарға әкеп соқты. Ол тек адам өмірі мен оның денсаулығына ғана емес, сонымен бірге, бүкіл биосфераның тіршілік етуіне де қауіпті болып табылады. Оларға парниктік эффект, қышқылды жаңбырлар, озон ойықтары жатады.
Парниктік эффект деп, 30 – ға жуық парниктік газдардың: СО 2 , метан, азот тотықтары, фреондардың және т.б. жиналуы нәтіжесінде Жердегі температураның көтерілуін айтады. Табиғи жағдайда Жер күн радиациясының әсерінен қызып, ұзын толқынды радиация түрінде жылу бөледі, бұл жылуды су булары және көмір қышқыл газы жақсы сіңіріп алады, сол себептен жер бетінен жылудың берілуіне және оның едәуір салқындауына кедергі жасайды.
Парниктік газдар атмосферада жиналғанда, жылу сақталуының қарқындылығы едәуір жоғарылайды, нәтижесінде атмосфералық ауаның температурасы өседі. Негізгі парниктік газ көміртек қос тотығы болып табылады, оның парниктік әсерге қосатын үлесі 50 ден 65% дейін құрайды. Басқа парниктік газдардың үлесі аздау: метанның - 20% жуығы, азот тотықтарының - 3-5%, фреондардың - 8%, басқа газдардың 5 - 10%.
Қазіргі кезде ауада көмірқышқыл газының концентрациясының жоғарылау жылдамдығы жылына 0,3-0,5% құрайды. Бұған көмірқышқыл газының техногенді көздерден түсуі ғана емес, сонымен бірге, оны өсімдіктердің ассимиляциялауының төмендеуі, және ең алдымен, «планетаның өкпесі» деп саналатын, тропикалық ормандардың жойылуы мен деградацияға ұшырауы да себеп болып отыр. Сонымен қатар, атмосфераның метандану үрдістері де жоғарылауда. Оның себептерінің бірі, Арктика мен Антарктидадағы мұз қалқандарының жеңілденуі (мұздықтардың шегінуі) болып табылады, бұл, арктикалық және антарктикалық шельфтердің материктермен біріккен жерлерінде орналасқан, негізгі газогидраттар қорынан метанның босап шығуына әкеледі. Техногенді метанның ауаға түсуі де едәуір жоғарылайды, ол атмосфераға түсетін метанның жалпы мөлшерінің 25 % құрайды.
Соңғы жүзжылдықта Жердегі жылдық орташа температура 0,3-0,6ºС жоғарылады. Болжам бойынша, парниктік газдардың жиналуы қазіргі деңгейде сақталатын болса, 2100 жылға қарай жер бетіндегі температура 3,5ºF-қа жоғарылайды. Бұл, полюстардағы мұздардың қарқынды еруіне, Әлемдік мұхит деңгейінің 2 м-ге жоғарылауына, құнарлы жерлерді су алуына, табиғи аймақтар шектерінің ауысуына, штормдар мен дауылдардың санының көбеюіне, климаттық жағдайлардың өзгеруіне, жануарлар мен өсімдіктердің жойылуына, жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың жоғарылауына, тамақ өнімдерінің күрт азаюына және т. б. әкеп соғады
Ғалымдардың пікірінше, парниктік эффектінің соңғы салдарын тек жаһандық ядролық соғыспен салыстыруға болады. Сонымен қатар, парниктік эффектінің пайда болуына кедергі жасайтын үрдістер де жүріп отырады. Мысалы, бір жағынан, артық СО 2 сіңіріп отыратын, әлемдік мұхит және фотосинтез әлі де күшті буферлік жүйе болып отыр. Екінші жағынан, жер бетіне түсіп отырған күн радиациясы, өнеркәсіп көздерінен, эрозияға ұшыраған топырақтың үлкен алаңдарынан және вулкандардың атқылауының күшейуі салдарынан атмосфераға түсетін шаңнан шағылысуы нәтижесінде, азайып, жылыну үрдістерінің тежелуіне әкеледі.
Дегенмен, болжамдардың маңыздылығы мен көзге көрініп отырған климаттың жаһандық өзгеруі, 1998 жылы Киото қаласында әлемнің 160 елінің өкілдерінің өзара келісімге қол қоюына негіз болды. Бұл келісім бойынша, әрбір қатысып отырған ел үшін, атмосфералық ауаға түсетін парниктік газдардың шығарындыларына шектеу орнату бекітілді.
Атмосфераға түскен химиялық ластаушылардың шығарындылары да «озон тесіктерінің» пайда болуының негізігі себептерінің бірі болды. «Озон тесіктері», стратосфераның озон қабатында озон концентрациясының едәуір төмендеуі байқалатын, кеңістік аралығы болып табылады.
Ең үлкен «озон тесігі» Антарктида үстінде орналасқан. Оның ауданы континент шегінен шыққан және мөлшері бойынша АҚШ ауданынан асады, ал озон қабатының қалындығы 40% азайды. Ғалымдардың пікірі бойынша, егер, Антарктидада ел қоныстанған болса, онда, әлем бүтіндей континент елінің жойылуына тап болар еді. Мөлшері кіші «озон тесігі» Арктика үстінде байқалып отыр. Оның ауданы (10 млн км 2). «Озон тесіктері» Жердің басқа да аймақтарының үстінде байқалып отыр және олардың орны үнемі өзгеріп отырады («кезбе тесіктер»). Мұндай «тесіктердің» ауданы 10 нан - 100 мың км 2 дейінаутқиды, ал озонның мөлшері қалыпты деңгейден 20-40% дейін төмендейді.
Озон қабатының сарқылуы адам және басқа тірі ағзалар үшін де өте қауіпті, себебі, әдетте озон қабатында ұсталып қалатын, энергиясы жоғары, күннің қысқа толқынды ультра күлгін және рентген сәулелері, бұл жағдайда озон тесіктері арқылы өтіп кетеді.
Осы сәулелердің айқын фотохимиялық, мутагенді және канцерогенді әсері салдарынан тұрғындардың арасында қатерлі ісіктер, катаракта, тері аурулары, иммундық зақымданулар, әр түрлі ақаулары бар ұрпақтардың туылу санының жоғарылауы, репродуктивтік қызметтің төмендеуі және т.б. міндетті түрде байқалады. Барлық экожүйелердің тіршілік барысында да аса күрделі зардаптар байқалатын болады.
Ультракүлгін сәулелері фотосинтез және ферментативті реакцияларды, көбею мен даму үрдістерін баяулатады, осыған байланысты, мұхит суларында фитопланктонның, балықтардың, жоғары сатыдағы өсімдіктер және жануарлар өнімділігінің төмендеуі, олардың арасында патологияның жоғарылауына, ең сезімтал түрлердің жойылуына, сонымен қатар, флора мен фаунаның генофондысының өзгеруі болжамдалады. Топырақтағы бактерияларды жоятын әсері салдарынан, топырақтың құнарлылығы мен ондағы өздігінен тазару үрдістерінің тиімділігі төмендейді.
Қазіргі көзқарастар бойынша, озонның азайуында жетекші рөлді техногенді ластаушылар: фреондар (хлорфторкөмірсутектер), төрт хлорлы көміртек, метилхлороформ, азот тотықтары, әр түрлі аэрозольдер және т.б. атқарады. Фреондар пластмасса өндірісінде, электрондық өнеркәсіпте және аэрозольді баллондарда, мұздатқыш қондырғыларында кеңінен қолданылады. Озон қабатына жетіп, фреондар ультракүлгін сәулесінің әсерінен Cl атомын босатады, бұл, бірнеше секунд ішінде озонмен әсерлесіп, оны ыдыратады:
Cl+O3=ClO+O2 Хлордың бір атомы озонның 100000-ға жуық молекуласын ыдыратады. Хлорфторкөмірсутектерге қарағанда, бромдалған фторкөмірсутектер озонды одан да жоғары деңгейде ыдыратады. Фреондар ыдырауға ұшырамай, 70-100 жылға дейін атмосферада болуға қабілетті, сондықтан егер, атмосфераға олардың шығарылуын тоқтатпаса, онда озонның бұзылуы үрдісін тоқтату қиынға соғады.
Озон қабатының жұқаруы басқа да техногенді себептерге: стратосферада жылдамдығы дыбыстын жылдамдығынан асатын ұшақтардың ұшуына, ғарыштық ракеталардың ұшырылуына, «Шатл» типті авиа ғарыштық жүйенің жіберілуіне және атмосферадағы ядролық жарылыстарға байланысты, себебі бұлардың іске асырылуы уақытында озонды жоятын отынның толық жанбаған өнімдері - азот тотықтары мен кейбір көмірсутектердің бөлінуі жүреді. Сонымен бірге, озонның өнеркәсіптік шығарындылармен, жанар таулардың атқылауы кезінде, ғарыштық шаң түрінде стратосфераға түсетін аэрозольдермен әсерлесу салдарынан да ыдырауы мүмкін екендігі көрсетілген.
Индустриалық өркендеудің тағы да бір туындысы қышқылды жаңбырлар болып табылды. Олардың түзілуіне атмосфераға әр түрлі техногенді көздерден түсетін шығарындалырдың негізінен екі құрам бөлігі: күкірт тотықтары мен азот тотықтары қатысады. Су буларымен өзара әсерлесу нәтижесінде, олар күкірт және азот қышқылына айналып, жауындармен суаттарға, топыраққа, өсімдіктерге және қоршаған ортаның басқа да нысандарына түседі. Табиғи жауын суының реакциясы әлсіз қышқыл (pH=6), ал қышқылды жаңбырлардың рН 2-4 құрайды. Бұндай жауындардағы қышқылдың мөлшері сірке қышқылындағыдан да жоғары болуы сирек емес. Қышқылды жауындар қоршаған ортаның бәріне де зиянды әсер етеді. Олардың әсерінен пайда болған суат сулапрының аз мөлшерде қышқылдануының өзі (рН-5-5,6) балық уылдырықтары мен жас шабақтардың, фито- және зоопланктондардың, балдырлардың, ұлулардың жойылуына, ал, рН 4,5-тен аз болған жағдайда балықтардың репродуктивтік үрдістерінің тоқтатылуына және олардың өлуіне әкеп соғады, нәтижесінде су қоймалары қаңырап бос қалады. Мысалы, Швецияда 2200 көл мүлде тіршіліксіз, ал 14 мың көлдерден гидробионттардың ең сезімтал түрлері жоқ болып кетті. Осындай жағдайлар АҚШ, Канада, Норвегия және басқа да скандинавия елдерде байқалады.
Қышқылды жауындар топыраққа әсер етіп, алюминий, ауыр метал (кадмий, қорғасын, сынап және т.б.) қосылыстарының ерігіштігін жоғарылатады, сөйтіп, осы қосылыстардың әсерінен өсімдіктердің тамыр жүйесінің зақымдалуына, инфекциялардың енуіне, фотосинтез үрдістерінің төмендеуіне ықпал етеді. Топырақтың қышқылдануы кезінде азот фиксациялаушы бактериялардың, редуценттер және басқа да топырақта тіршілік ететіндердің белсенділігі төмендейді, нәтижесінде, органиканың ыдырау үрдісі қиындайды, байланысқан азоттың өсімдіктерге өтуі шектеледі және топырақтың құнарлылығы төмендейді.
Қышқылды жауындар фитоценоздардың өнімділігін төмендетіп қана қоймай, сонымен бірге, көп жағдайда олардың жаппай қырылуына да себеп болады.
Қышқылды жауындар ормандарға, әсіресе, қылқан жапырақты ормандарға үлкен зиянын тигізеді . Олардың әсерінен жапырақтардың және қылқандарының некрозы, олардың түсуі және ағаштардың кебуі жүреді. Жердегі қышқылды жауындардан деградацияға ұшыраған ормандардың аумағы қазіргі уақытта шамамен 31 млн га құрайды. Ормандардың жойылуы су тасқындарының, селдер, су эрозиялары, шаңды құйындардың және шөл далаға айналулардың күшейуіне әкеледі.
Қышқылды жауындардың теріс әсерлері металдан жасалған құрылыстар мен техникалардың коррозияға ұшырауының күшеюі және сәулеттік ескерткіштердің және т.б. бұзылулары түрінде байқалады.
Адам ағзасына тек химиялық қана емес, сонымен қатар, биологиялық ластаушылар да әсер етеді. Ауа ортасының құрамында биологиялық нысандардың өте көптеген түрлері: бактериялар, вирустар, микроскопиялық саңырауқұлақтардың споралары, қарапайымдалардың цисталары, кенелер және т.б. бар. Алайда, ауа ортасының өзіне тән микрофлораны бөліп көрсету мүмкін емес, себебі, микроағзалардың өсіп-өнуі үшін ауа қолайлы орта болып табылмайды. Сонымен бірге, биологиялық агенттер, тіпті кепкен күйінде де өмірсүруге қаблеттілігін ұзақ уақыт сақтап қала алады. Ауа көптеген инфекциялардың: туберкулез, дифтерия, қызылша, көкжөтел, скарлатина, тұмау, сібір жарасы, туляремия, обаның және басқалардың негізгі берілетін жолы болып табылады. Ауа массасының үнемі айналымда болуы биологиялық аэрозольдердың едәір қашықтыққа таралуына ықпал етеді, бұл эпидемия дамуы қауіпін туғызады. Соңғы жылдары «қолдан жасалған» немесе қоздырғыштардың табиғи жолмен мутациялануымен (құс, доңыз тұмауы) байланысты инфекцияларды жұқтыру қаупі шұғыл өсті.
Ауаны ластайтын негізгі көзі топырақ болып табылады, бірақ қазіргі уақытта едәуір өскен халықтың кші-қон үрдістері, сонымен қатар, эпидемиялық тұрғыдан қауіпті қалдықтардың көздері болып табылатын (ауруханалар, фермалар және басқалар) немесе өндірістік үрдісінде микроағзаларды пайдаланатын (антибиотиктер, вакциналар, ақуыз-дәрумендік концентраттар өндірісі және т.б.) әр түрлі мекемелер мен кәсіпорындардың жұмыстары да манызды орын алып отыр. Халықтың денсаулығына биологиялық қару дайындалған, немесе дайындалып жатқан әскери биологиялық полигондар да қауіпті болып табылады.
Ауаның биологиялық ластануы жұқпалы және паразитарлық аурулар дамуының себебі болып қана қоймай, сонымен бірге, адам ағзасының едәуір дәрежеде сенсибилизациялануына әкеп соғады.
Аллергиялық реакциялар сапрофит бактериялардың, зең және ашытқы саңырауқұлақтарының, сарциндердің, жалған дифтерия таяқшаларының және басқа да микроағзалардың, сондай-ақ, олардың тіршілік өнімдерінің ағзаға түсуі кезінде дамуы мүмкін. Мысалы, аллергиялық аурулардың жаппай өршуі, шығарындыларының құрамында ақуыз-дәрумендік концентраттардың, микроскопиялық саңырауқұлақ-продуценттердің, антибиотиктердің, соя ақуызының шаңдары бар микробиологиялық өнеркәсіп кәсіпорындарының жанында тұратын тұрғындарда байқалған.
Биологиялық аэрозольдер мөлшерінің өте жоғары деңгейі ірі елді мекендердің ауасында байқалады, мұнда 1 м3 ауада 30-40 мыңға дейін микроағзалар табылуы мүмкін. Ал, қаладан тыс жасыл аумақта, сонымен бірге, таулы жерлерде олардың концентрациялары қалыпты жағдайда 1 м3 ауада 1000-1500 аспайды. Қысқы уақытта ауа аз ластанады, бұл микроағзалардың топырақтан ауаға түсуінің төмендеуімен түсіндіріледі. Атмосфералық ауа жабық бөлмелерді де биологиялық ластаушы көзі болуы мүмкін.