Топырақ сулары (жер бетіне ең жақың сулар) атмосфералық сулар өтетін аймақта болады, жер бетіне ең жақын, бірінші су тұтқыш горизонтта линза түрінде жиналады. Олар, әсіресе, атмосфералық жауын-шашын кезінде көп жиналып, бірақ жазда құрғап кетеді, ал қыста қатып қалады. Бұл су көздерінің, біріншіден, салыстырмалы түрде дебиті аз, екіншіден, су өткізбейтін қабаты түріндегі қорғауы жоқ, соған байланысты, оңай ластанады, олардың құрамы сыртқы факторлар (климаттық, антропогендік) әсерінен жылдам өзгереді, сондықтан да, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету үшін іш жүзінде қолданылмайды.
Грунт сулары бірінші су өткізбейтін қабаттының үстінде жиналады, бірақ, жоғарғы жағында су өткізбейтін қабаты болмайды, сондықтан, олар мен жер бетілік сулар арасында су алмасу үрдістері жүреді. Олар атмосфералық жауын-шашын суларының топырақ қабаттары арқылы өтуі нәтижесінде түзіледі, сондықтан, әр түрлі жылдарда және жыл мезгілдерінде судың деңгейінде үлкен ауытқулар болады. Әр түрлі жерлерде олардың тереңдігі 1,5 - 2 м және одан да артық болуы мүмкін.
Әдетте, бұндай сулар ауылдық елді мекендерде көп қолданылады - су түрлі құдықтар (шахталық, құбырлы, т.б.) арқылы алынады. Олардың кейбіреулері улкен емес су тасымалдау құбырлары үшін де қолданылады. Бұл сулар қысымды болмағандықтан, олардың құдықтағы деңгейі, судың жер астылық қабатының деңгейінде болады.
Жер бетілік суларға қарағанда, грунт сулары салыстырмалы түрде тұрақты құрамымен және жақсы сапасымен ерекшеленеді. Топырақтың қалың қабаттары арқылы сүзіліп өтетіндіктен, олар өзен мен көлдердің суларына қарағанда, мөлдірлеу, түссіз және бактериологиялық тұрғыдан да қауіпсіздеу болып келеді. Грунт сулары ластануының алдан алуда топырақты ластанудан санитарлық қорғау үлкен рөл атқарады.
Су жағалауларындағы жерлерде грунт сулары өзендер мен басқа да ашық су көздерінің суларымен гидравликалық байланыста болуы мүмкін. Бұндай жағдайларда өзен суы топырақ қабаттарынан өтіп, грунт суларына қосылады да олардың мөлшерін көбейтеді. Бұндай сулар арна астылық сулар деп аталады. Арна астылық сулар кейде инфильтрациялық құдықтар жасау арқылы ауыз су мақсатында да қолданылады. Алайда, бұл сулар ашық су көздерімен тікелей байланысты болғандықтан, олардың құрамы тұрақсыз және санитарлық жағынан да, жақсы қорғалған грунт суларына қарағанда, сенімділігі аздау.
Тау беткейлерінде немесе үлкен жыралар түбінде, яғни жер бедерінің сай-салалы жерлерінен грунт сулары қысымсыз немесе төмен қарай түсетін бұлақ (бастау) түрінде жердің бетіне шығуы мүмкін. Бұндай бұлақ суларының құрамы мен сапасында, оларды қоректендіретін грунт суларының құрамымен мен сапасынан айырмашылығы болмайды және жергілікті жердегі тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін пайдалануы мүмкін.
в). Қабат аралығындағы (аралық) сулардегеніміз, су өткізбейтін екі жыныстың аралығында орналасқан сулар. Кабат аралағындағы сулар – қысымды және қысымсыз сулар деп бөлінеді. Бұлардың екеуінде де, су өткізбейтін «төбе жабыны» және «айдыны» болады. Бірақ, қабат аралық қысымды сулар, олардың арасындағы кеңістікті толық толтырып, оның ішінде жоғары кысыммен жылжиды, ал қысымсыз қабат аралық сулардың бетімен «төбе жабынының» арасында біраз бос кеңістік болады, сондықтан судың қысымы да төмен болады.
Бұл сулар қысымның әсерінен құдықтарда жоғарыға қарай көтеріліп, кейде өздігінен бұрқақ болып атқылауы да мүмкін (артезиан сулары).
Су өткізбейтін жабыны болғандықтан, қабат аралық сулар атмосфералық жауын-шашын суларынан және жоғарырақ қабаттағы грунт суларынан жақсы оқшауланған болады. Қабат аралық сулар су тұтқыш қабатының жер бетіне шыққан жерлерінде сумен толығады, әрі, бұндай жерлер қабат аралық сулардың негізгі қорының орналасқан жерінен біраз қашықта болады.
Егер, су өткізбейтін қабаттың үстіңде орналасқан су тұтқыш қабат жылғамен бөлінсе, онда қабат аралық сулар табиғи жағдайда жердің бетіне, ағыны жоғары көтерілетін, бұлақ немесе бастау түрінде шығуға мүмкіндік алады. Бұл бұлақ суының сапасы оларды қоректендіретін қабат аралық сулардың сапасынан айырмашылығы болмайды.
Жоғары қысымдағы судың еріткіштік қасиеті жоғары болатындықтан, жер астылық қабат аралық сулар иондық, молекулалық және коллоидты қоспалардың әр түрлі кешендеріне бай, және жиі газдарға қаныққан болады.
Ең тұщы жер асты суы, әдетте, биік таудағы су көздерінде кездеседі. Кейде, олардағы тұздардың мөлшері 0,1 г/л – ден де төмен болады. Жазық жерлерде орналасқан жер астылық ащы суларында, керісінше, тұздардың массасы судың мөлшеріне тең болады. Мысалы, Түркменстанда, тұздылығы 547 г/л болатын, ащы су көзі табылған.
Жер асты суларының химиялық құрамы басым мөлшерде кездесетін иондардың үйлесімі бойынша анықталады: гидрокарбонатты – кальций, хлоридті – натрий және т.б. Жер асты суларының минералдану дәрежесі, әдетте, олардың химиялық құрамына байланысты болады.
Мысалы, тұщы сулар – негізінен, гидрокарбонатты болып табылады. Орташа концентрациядағы (100 г/л 150 г/л) ащы суларда, көбінесе, натрий хлориді көп болады. Бұдан да жоғары қаныққан ащы суларда хлор аниондарымен бірге кальций және магний катиондары көп болады. Жер асты суларының иондық құрамына оларда кейбір газдардың, әсіресе, көмірқышқыл газының мөлшері де байланысты болады. Судағы карбонаттық тепе-теңдік (сутек, кальций катиондары мен гидрокарбонат, карбонат аниондарының қатынасы) осы көмірқышқыл газына байланысты. Құрамында көмірқышқыл газының мөлшері жоғары болатын жер асты сулары құрылыс қондырғыларына, әсіресе, құрамында бетоны бар, қондырғыларға. агрессивті болады.
Жер асты суларының құрамында Д.И. Менделеевтің периодты системасындағы барлық дерлік элементтер, тіпті сирек кездесетін элементтер де кездеседі. Сондықтан, олар бағалы химиялық шикізат көзі болуы мүмкін. Ертеде, ХI ғасырдың өзінде – ақ, адамдар ас тұзын жер астылық ащы суды буландыру арқылы алғандығы белгілі. Ал қазір, жер асты суларынан иодты түгелдей және бромның біраз бөлігін алады.
АҚШ мен Италияда жер астылық ащы сулардан, иод пен бромнан басқа, бор қышқылын, вольфрам, литий мен германийді алады. Карловы Вары минералды су көздерінен жыл сайын 1300 т глаубер тұзы және 800 т сода өндіріледі.
Жер асты суларының құрамында, сол сияқты, топырақтың жоғарғы қабаттарында жүріп жататын немесе жанғыш пайдалы қазбалармен қосылғанда жүретін биохимилық үрдістер нәтижесінде түзілетін органикалық заттар да кездеседі.
Жақын арада жер асты суларының құрамында газ тәрізді қоспалар түріндегі төменгі сатыдағы көмірсутектердің де кездесетіні анықталды. Әсіресе, олар мұнай-газ бассейндері орналасқан жерлердің суларында көп кездеседі. Ғалымдардың есептеулері бойынша, тек қана ТМД мемлекеттерінің территориясындағы қабат аралық сулардың құрамында осы аса бағалы шикізаттың 4000 триллион куб метр қоры бар екені анықталды. Бұл, бүкіл дүние жүзіндегі мұнай мен газдың қазіргі таңдағы белгілі өндірістік қорынан бірнеше жүз есе артық.
Жер асты сулары, соңғы кездері болашақта табиғи газ өндірудің маңызды көзі ретінде қарастырыла бастады. Мысалы, Жапонияда қазірдің өзінде табиғи газдың 30% дәл осы жолмен алынады. Қабат аралық жер асты суларында басқа да, өте бағалы химиялық компоненттердің көп екендігін ескере отырып, жер астылық суларды өңдеуді кешенді, көп салалы, қалдықсыз және рентабельділігі жоғары өндіріс түрінде жүзеге асыруға болады.
Микроағзалар жер асты суларында, әдетте, өте аз болады, ал ауру тудырушы бактериялар мүлдем кездеспейді. Қабат аралық сулар өте терең қабаттарда жататындықтан, олардың физикалық қасиеттері мен химиялық құрамы тұрақты болады. Қабат аралық сулардың антропогендік ластануы өте сирек болады, мысалы, су өткізбейтін қабаттардың бұзылуы кезінде, ескі, пайдаланбайтын ұңғымаларға бақылау жүргізілмегенде ғана байқалуы мүмкін. Қабат аралық горизонттардағы су сапасының аз ғана өзгерісінің өзі, сол жердегі санитарлық жағдайдың нашарлағанын білдіреді.
Ерте кезден таза, мөлдір бұлақ суы өте жоғары бағаланатын. Миллион тұрғыны бар қалада - Ертедегі Римде тек осындай суларды пайдаланатын, өйткені римдіктер ең таза деген өзен суының өзін елемейтін. Егіс далалары құрғап жатқанда, бұлақ сулары бақылаусыз қала үшін алынатын. Рим қаласының қарқынды даму кезеңінде, оның әрбір тұрғынына тәулігіне судың 1000 л дейін мөлшері келетін. Ешқашан, еш жерде өте таза, ауыз суды моншалар, шомылу, т.б. мақсаттар үшін дәл осылай ысыраппен пайдаланбаған.
Жер асты сулары, ең алдымен ауыз су үшін қолданылады, өйткені, әдетте, олар арнайы тазартуды, ал көп жағдайларда тіпті зарарсыздандыруды да қажет етпейді.
Алайда, жер асты суларының стерильді болуының, қазіргі кездегі түсініктер бойынша, біршама қауіптілігі де бар. Артезиан, бұлақ немесе құдық суларының «қарсы тұру күші» болмағандықтан, олар ластанған кезде адам денсаулығы үшін ұзақ уақыт қауіпті болып қала береді.
Парадокс ретінде болса да, ашық суаттардың жағдайы жақсырақ деуге болады: бұл суларда басқа граммтеріс бактериялар денесінде паразитті тіршілік ететін бактериялар табылған. Неміс зерттеушісі Г.Штольп (1963), Штольп вибрионы деп белгілі болған, туыс ішіндегі Bdellovibrio bacteriovorus (bdellо – латынша: сүлік) түрді анық сипаттаған. Бұл бактерия басқа бактерияларға еніп, оларда көбейеді (4.8 – сурет).