Санитарлық-техникалық шаралар, атап айтқанда, бөлмелерді желдету мен кондиционерлеу, АІИ алдын алу жөніндегі шаралардың міндетті түрде жүргізілетін элементі болып табылады, себебі, солардың арқасында аурухана бөлмелеріндегі ластанған ауаның таза ауамен алмасуы, ауаның биологиялық және химиялық ластану деңгейінің төмендеуі қамтамасыз етіледі. Аурухананың әр түрлі бөлімшелерінде желдетуді ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар, бірақ негізгі міндеті, ауаны тазарту және «лас» зоналардан «таза» зоналарға ауа массасының ағынын болдырмау. Мысалы, жұқпалы аурулар ауруханаларында ғимараттың әрбір қабатына, палаталық секцияға және басқа да жанындағы бөлмелерге ауаны өз алдына бөлек механикалық қоздырғыштары бар, енбелі желдету жүйесі арқылы беріп отырады. Бокстардан және жартылай бокстардан тұратын секцияларға енбелі ауа, оның таза зонасы ретіндегі тек дәліздеріне ғана беріледі. Дәлізден ол, бокстар мен жартылай бокстарға енеді. Олардың әрқайсысынан ластанған ауаны шығару үшін, өз алдына жеке каналдары мен шахталары, гравитациялық қоздырғыштары және дефлекторлары бар сормалы желдету түрімен жабдықталады. Енбелі және сормалы ауа алмасу есесі бірдей -2,5. Егер, енбелі ауа сормалы ауадан көп болса, ластанған ауа бокстардан көрші бөлмелерге ығыса бастайды. Егер, сормалы ауа көп болса, бокстарға ауа дәлізден ғана емес, сонымен қатар басқа бокстардан да, сорылып енеді. Осылайша, ластанған ауа ағымы енуінің алдын алады.
АІИ спецификалық алдын алу,белсенді және пассивті алдын алудан тұрады. Белсенді түрі- вакцинация жасау, науқастарды иммунизацилау, пассивті түрі– гамма-глобулин, стафилококк анатоксинін және басқаларды егу арқылы ағзаның иммундық күшін сақтауға бағытталған.
5. Аурухананың мамандандырылған бөлімдерінің ішкі ортасының жоспарлануына және ұйымдастырылуына қойылатын гигиеналық талаптар. 5.1 Хирургиялық бөлім. Қазіргі кездегі көп профильді ауруханалардағы хирургиялық төсек саны, жалпы төсек орнының 25 - 45% құрайды. Хирургиялық бөлім палата бөлімінен және операциялық блоктан тұрады.
Палаталық бөлімшенің жоспарлануы мен құрамы басқа да жоғарыда аталған бөлімдердей. Қосымша, тек қана таңу-байлау бөлмесі кіреді және бір және екі төсектік палаталар саны 20% азаяды. Бірақ, хирургиялық бөлімшелерді жобалауда және орналастыруда, бөлімшенің жұмысын жақсартуда және АІИ болдырмауда мына талаптар сақталуы қажет:
Операциялық блок және емдеу –диагностикалық бөлімше бір-біріне жақын және олайлы байланыста болуын;
Опрациядан кейінгі «таза» және «іріңді» сырқаты бар науқастардың қарым-қатынасы болмауын;
Науқастардың операциядан кейінгі болу жағдайларын дұрыс ұйымдастыру;
Жеткілікті түрде таңу-байлау бөлмелері мен процедуралық кабинеттер болуын.
Барлық хирургиялық бөлімдер таза және іріңді болып екіге бөлінеді. Іріңді бөлімдердң іріңді-септикалық (іріңді ісік, бітеу жара, іріңді плеврит т.б.) үдерістері бар науқастарды емдейді. Инфекция таралуының алдын алу мақсатында, мұндай бөлімдерді бөлек ғимараттарда, сырт жақта немесе жоғарғы қабаттарда орналастырады. Іріңді науқастарға операцияны бөлек блоктарда жасайды. Таза бөлімдер төмеңгі қабатта орналасады.
Операциялық блок аурухананың негізгі құрылымдық бөлімі және хирургиялық бөлімнің құрамдас бөлігі болып табылады. Ол операциялық залдар мен қосымша бөлмелерден тұрады. Хирургиялық стационарлардың мамандандырылуына байланысты (жалпысалалық, травматологиялық, кардиохирургиялық және т.б.). операциялық блоктың құрамына қосымша бөлмелер кіреді
Операциялық блокты хирургиялық бөлімінің тұйықтау жерінде, бүйір жағында немесе бөлек қабатта орналастырады. Бірнеше хирургиялық бөлімдердің операциялық блоктары бір кешенге біріктірілсе, онда оны орналастыру үшін ғимараттың бөлек бір шеті, түгелдей бір қабаты (әдетте, жоғарғы қабаты) немесе стационармен тікелей, әлде жабық өтетін жер арқылы байланысатын, арнайы жалғастыра салынған құрылыс беріледі. Мұндай жағдайда, стационардан толық оқшаулануы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, операциялық кешеннің хирургиялық бөлімдермен, анестезиология және реанимация, рентген-диагностикалық және стерильдеу бөлімдерімен байланысатын жолы ыңғайлы болуы керек. Операциялық кешеннің болуы, қымбат және күрделі жабдықтарды тиімді пайдалануға және бірқатар жалпы бәріне бір, қосалқы бөлмелерді жабдықтауға, сондай-ақ, қызметкердің жұмысын ұтымды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Операциялық кешеннің құрамында міндетті түрде, бір-бірінен бөлек орналасқан асептикалық («таза») және септикалық («іріңді») операциялар жасауға арналған операциялық блоктар қарастырылады.
Операциялық блоктың құрамына операция жасайтын, операция жасайтын бөлменің алдындағы, наркоз беретін, стерильдейтін, аппараттық бөлмелер, жедел анализдерді жасауға арналған зертхана, құрал-жабдықтық, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерінің кабинеттері және т.б. кіреді.
Бұл бөлмелердің тазалық дәрежесі бойынша, бір бірінен айырмашылығы бар, сондықтан оперблоктарды жоспарлауда оларды бірнеше зоналарға бөліп, топтастырады. Бірінші - стерильді зонаға, операция жасайтын және стерильдейтін бөлмелер жатады. Екінші зонаға – қатаң тәртіптегі (өте таза), операциялық бөлмемен тікелей байланыста болатын: операциялық бөлменің алдындағы, наркоз беретін және операциядан кейінгі барлық бөлмелер кіреді. Үшінші - шектелген тәртіптегі (таза) зонаға –қанды және тасымалданатын аспаптарды сақтауға, хаттама жазуға арналған бөлмелер, хирургқа және медбикелерге арналған бөлмелер, жедел анализдер жасайтын зертхана, санитарлық өткізгіштің «таза» зонасы жатады. Төртінші – жалпы ауруханалық тәртіп зонасы, бұған санитарлық өткізгіштің лас зонасы және т.б. кіреді. Операциялық блокты зоналарға бөлудің мақсаты, аурухана ішілік инфекцияның даму қауіпін және осыған байланысты операциядан кейінгі асқынуларды төмендету болып табылады.
Операциялық бөлімге кіруі, қызметкер үшін санитарлық өткізгіш арқылы, ал науқастар үшін – шлюздер арқылы ұйымдастырылады. Жүріс ағындары «стерильді» - хирургтар мен операцияға қатысатын медбикелер өтуі үшін, «таза»- науқастарды әкелу үшін, анестезиологтар, кіші медицина қызметкері мен техникалық қызметкер өтуі үшін және «лас» - қалдықтарды, қолданылған заттарды әкетуге арналған жолдарға бөлінуі керек. Бұл ағындар бірі-бірімен жанаспауы немесе қиылыспауы керек.
Операциялық бөлмелерді бір үстелге есептеп, жобалау қолайлы болып табылады, өйткені, операцияларды екі немесе одан да көп үстелдерде жасаса, ол бөлме ауасының тез ластануына әкеліп, хирургтардың жұмысын қиындатады және науқастар үшін психологиялық дискомфорт туғызады. Жалпы профильдегі операция жасайтын бөлмелердің ауданы 36 м2 кем болмауы керек, бұл операция жасайтын бригаданың қысылыспай орналасуын қамтамасыз етеді. Үлкен операциялық бригаданың қатысуымен күрделі, профильдік операциялар жасалатын бөлменің ауданы –45-50м2 болуы кажет. Операциялық бөлмелердің биіктігі 3,5 м кем болмауы керек.
Операциялық бөлмелердің қабырғалары тегіс, бұрыштары дөңгелектенген болуы керек. Қабырғаларды төбесіне дейін глазурленген плиткамен немесе басқа да, ылғалға төзімді, жеңіл жуылатын, дезинфекциялаушы заттармен өңдеуге шыдамды материалдармен жабады. Төбесін майлы сырмен сырлайды, ал еденін, трапқа қарай еңістеу етіп, плиткалардан жасайды. Едендер ұшқын шығармайтын, антистатикалық болуы керек. Операция жасайтын бөлменің есіктері тығыз жабылуы қажет.
Операциялық бөлмелерді терезелерсіз немесе терезелерімен жасайды. Терезелерінің болмауы шудан, шаңнан қорғануды қамтамасыз етеді, бірақ, қызметкердің үнемі тек жасанды жарық бар бөлмелерде болуы, оларда қажу дамуын күшейтеді және ахуалын төмендетеді. Операция жасайтын бөлмелердің терезелерін солтүстікке, солтүстік-шығысқа, солтүстік-батысқа бағыттайды, бұл, тікелей түсетін күн сәулесінің әсерінен көрмей қалуды, операция жасау кезінде медициналық құрал-саймандардан күн сәулесінің шағылысуын болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, микрофлораның дамуына мүмкіндік тұғызатын және микроклимат жағдайын нашарлататын, операциялық бөлменің артық қызуын болдырмауға жағдай жасайды. Жарық коэффициенті операция жасайтын бөлмелерде 1:4- 1:5 қатынасындай болуы тиіс, табиғи жарықтану коэффициенті (ТЖК) –1,5% кем болмауы керек.
Хирург пен медицина қызметкерінің көруімен байланысты, жұмысының ерекшеліктері операция жасайтын бөлмелердегі жасанды жарықты ұйымдастыруға қойылатын талаптарды жоғарылатады. Біріншіден, жарықтандырудың жоғары деңгейі қамтамасыз етілуі тиіс және операция алаңының үстінде, сонымен бірге, жараның түбінде көлеңке мүлде болмауы керек. Екіншіден, шырақ жараны және хирургтың басын қыздыратын қарқынды жылу бөлмеуі және көру аймағында тікелей және шағылысқан жалтылдауды бермеуі керек. Үшіншіден, жарық спектрі күндізгі жарыққа жақын болуы және түрлі түстерді қабылдау бұрмаланбауы тиіс. Осыған байланысты, операциялық бөлмелерде жалпы және жергілікті жарықтандыруды ұйымдастырады. Жалпы жарықтандыруға люминесценттік және қыздыру шамдарын қолданады. Люминесценттік шамдармен жалпы жарықтандыру 400 лк кем болмауы керек, бұл операциялық медбике жұмысына (инелер, тігуге арналған материалдар, құрал-саймандармен манипуляциялар жүргізуде) және науқастың терісінің, шырышты қабаттарының түрі мен көз қарашығының реакциясын бақылайтын анестезиологтың жұмысына жеткілікті болып табылады. Операциялық көру алаңын локальды жарықтандыруға арнайы көлеңкетүсірмейтін, асып қоятын немесе жылжымалы шырақтарды қолданады.
Көлеңкетүсірмейтін шамдар беретін жарықтын деңгейі 10000-30000 лк дейін жетеді. Жараның тереңдігі үлкен және операция жасайтын беттің шағылысу коэффициенті неғұрлым аз болса, соғұрлым жарықтану деңгейі жоғары болуы тиіс. Хирургтардың көзінің қажуын азайту үшін, ақ маталарға қарағанда, шағылысу коэффициенті төменірек, көгілдір-жасыл, көгілдір ақық-жасыл түсті халаттарды және ақ жаймаларды пайдаланады. Нәтижесінде, операция алаңы мен қоршаған нысандардың арасындағы кереғарлық (контраст) төмендейді, сондықтан, көзді жарадан айналасындағы фонға аударғанда, көздің тор қабықшасының элементтерінің қажуы азаяды.
Операция жасайтын бөлмелерде оңтайлы микроклимат қамтамасыз етудің маңызы зор. Микроклимат параметрлері науқастардың ғана емес, операцияға қатысып тұрған медицина қызметкерлерінің де жылу реттейтін механизмдерінің зорлануын болдырмауы керек. Нормативтер бойынша, жазғы уақытта операция жасайтын бөлмелерде ауаның ылғалдылығы 50-55% және қозғалу жылдамдылығы 0,1 м/с дейін болған жағдайда, ауаның температурасы 20-22° С (қыста19-20° С ) болуы қарастырылады.
Қолайлы микроклиматтық жағдайлар жасау үшін, әсіресе, операциялық бөлмелерде асептикалық жағдайларды ұйымдастыру үшін, өте маңызды болып табылатын ауаны кондиционерлеу қарастырылады. Ауа бактерицидтік сүзгілерде тазартылуы қажет, табиғи желдету рұқсат етілмейді. Ауа алмасуы 10-еседен аз болмауы керек (10.2-кесте), оған қоса, енбелі ауа сормалы ауадан, кем дегенде, 20% артық болу тиіс, бұл операциялық бөлмеде ауаның артық қысымын тудырып, көрші бөлмелерден ластанған ауаны жібермейді. Операциялық бөлмеде ауа жақсы алмасуы үшін, ауа енетін саңылауын бөлменің бір қабырғасында, төбеге жақын жерінде, ал ауаны сорып әкететін саңылауын - қарама қарсы қабырғада, еденге жақын, орналастырады.
Жоғары деңгейдегі асептика жағдайын қажет ететін операцияларды (сүйектерге, буындарға, жүрекке, қан тамырларына, өмірлік маңызы бар мүшелерге трансплантация жасау кезінде, т.б) жүргізгенде, одан да жоғары ауа алмасу есесі - сағатына 30-90-ға дейін және одан да артық болуы оптимальды болып табылады. Мұндай жағдайларда, ауаның микробтық ластануы 1 м3 ауада 30-100 микробқа дейін төмендейді, патогенді стафилококк анықталмайды, операциядан кейінгі іріңді асқынулардың саны 3-4 есеге дейін төмендейді.
Микробтық ластануды болдырмау мақсатында, операция жасайтын бөлмелерге әкелінетін құрал-жабдықтардың барлығы алдын ала дезинфекцияланады, аспаптар мен жара таңатын заттар стерильденеді.
Операциялық бөлмедегі 1 м3 ауада жалпы микроағзалар саны жұмысқа дейін 500-ден аспауы, ал, алтын түстес стафилококк және гемолитикалық стрептококк болмауы керек. Жұмыс кезінде жалпы микробтық ластануы 1 м3 ауада колония түзуші бірліктердің 1000 дейін көбеюіне рұқсат етіледі. Алтын түстес стафилококктың мөлшері 1 м3 ауада 4-тен аспауы керек, ал, гемолитикалық стрептококк табылмауы тиіс.
Операциядан кейін, операция жасайтын бөлме мұқият жуылып тазартылады, едені мен панельдерін дезинфекциялаушы ерітінділермен және ыстық сумен жуады, сонан кейін экрандалмаған бактерицидтік шамдардың сәулесімен 30 минут бойына зарарсыздандырады.
Операция блоктарындағы кабинеттерді жалпы жинап-тазалау, аптасына 1 рет жүргізіледі. Бөлмелер алдымен сабын-сода ерітіндісімен жуылады, сонан кейін дезинфекциялаушы заттармен өңделеді. Зарарсыздандыру үшін қажетті уақыт өткеннен соң, бөлмелерді сумен жуады және 2 сағат бойына ультракүлгін сәулемен санациялайды.