Н. Ж. Жақашов, Ж. Ж. Бекмағамбетова, М. Е. Жоламанов, Қ.Қ. Тоғызбаева


Негізгі өнеркәсіптік улардан кәсіби уланулар және олардың алдын алу



бет237/296
Дата02.10.2023
өлшемі9,48 Mb.
#112645
түріОқулық
1   ...   233   234   235   236   237   238   239   240   ...   296
Байланысты:
Учебник Гигиена-каз

10.3 Негізгі өнеркәсіптік улардан кәсіби уланулар және олардың алдын алу.
Қорғасын. Ауыр металлдарға жатады, суда және органикалық ертінділерде ерімейді. 327ºС температурада балқиды, 400-500ºС – булана бастайды, ал 1740ºС – қайнайды. Қорғасын мен оның қосылыстарының өндірістік көздеріне қорғасынды өндіру мен балқыту үрдістері, сонымен қатар оны қолданатын өндіріс салалары: атмосфераның әсеріне тұрақты аккумуляторлар, кабельдер, пьезоэлектрлік элементтер, резеңке, сыр, ақ сыр, лак өндірісі, металл бұйымдарды қорғасын ванналарда шыңдау жатады. Қорғасын сонымен қатар иондаушы сәулеленуден қорғануға арналған экрандар ретінде қолданылады, әр түрлі қорытпалардың құрамына кіреді.
Қорғасынның тек өзі ғана емес, оның әр түрлі қосылыстары да: қорғасынды глеті (PbO), қорғасынның шала тотығы (Pb2O), қорғасынның қос тотығы (PbO2), қорғасынның төрт тотығы (Pb3O4 ), сонымен қатар органикалық және бейорганикалық тұздары улы болып табылады.
Өндіріс жағдайында адам ағзасына негізгі түсетін жолы ингаляциялық болып табылады, бұл кезде ауадағы қорғасынның булары және аэрозольдері тыныс алған ауамен бірге жұтылады. Ауыз арқылы түсу жолының маңызы аздау, өйткені ол негізінен түкірікпен шаңды қоса жұтқанда, лас қолмен ас қабылдағанда және темекі шеккенде ғана болуы мүмкін. Дегенмен де, қорғасынның суда ерімейтін қосылыстары қышқыл асқазан сөлінде жақсы ериді және қанға тез сіңіп уланудың дамуын жылдамдататынын естен шығармаған жөн.
Қорғасын ағзадан көбінесе бүйрекпен және ішек арқылы шығарылады. Аз мөлшерде, бірақ тұрақты түрде сілекеймен, ана сүтімен, және басқа да бөлінділермен шығарылады. Қорғасынмен оның қосылыстарына айқын қорға жиналу қабілеті тән. Сүйектер, бауыр, бүйрек қорғасынның негізгі жиналатын мүшелері болып табылады, онда қорғасын ұзақ жылдар бойы болады. Жиналған қорғасын әлсін-әлсін қанға түсіп, уланудың қайталануын тудыруы мүмкін. Қорғасын сондай-ақ көп мөлшерде тісте және шашта жиналады. Қорғасынның бала жолдасы арқылы ену қабілеті үлкен қауіп тудырады.
Қорғасын барлық мүшелер мен жүйелерге әсер ететін политропты у болып табылады. Ең айқын өзгерістер қан жүйесінде, жүрек-тамыр, жүйке жүйелерінде, асқорыту жолында, бауырда, бүйректе байқалады. Қорғасынның және оның қосылыстарының әсер ету механизмі бірқатар ферментік үрдістердің, атап айтқанда гем синтезін қамтамасыз ететін урдістердің бұзылуымен байланысты. Қорғасыннан уланудың өзіне тән синдромдарының бірі анемиялық синдром болып табылады, ол порфириндердің синтезі және темірдің гемнің құрамына енуінің бұзылуы себебінен, сидероахрестикалық анемия дамуымен сипатталады. Ол тек гемоглобин деңгейінің төмендеуімен ғана емес, сонымен қатар қорғасынның цитоплазмаға улы әсер етуі салдарынан, базофильді-түйіршікті эритроциттердің көп мөлшерде пайда болуымен, сондай-ақ ретикулоцитоз болуымен жүреді. Қанда протопорфириндердің, ал зәрде – порфириндер синтезінің аралық өнімдері болып саналатын дельта-аминолевулин қышқылы мен копропорфириндердің мөлшері жоғарылайды.
Бұл көрсеткіштер қорғасыннан улануын анықтау үшін жұмысшыларды скринингтік тексеру үшін қолданылады.
Жүйке жүйесіндегі өзгерістер басында тек астениялық және астено-вегетативті синдромдар (бас ауруы, бас айналу, тітіркенгіштік) типті функционалдық ауытқулар түрінде байқалады, ал улану дәрежесі айқынырақ болған жағдайда энцефалопатия және полиневропатия құбыластары байқалатын тұрақты органикалық ауытқулар дамиды. Ертеректе, цехтардағы атмосфералық ауаның қорғасынмен өте жоғары деңгейде ластануы кезінде қорғасынның әсерінен салдану деп аталатын аурудың дамуы жиі байқалатын. Қазіргі кезде олар іс жүзінде кездеспейді.
Қорғасыннан созылмалы улану, басында ангиодистониялық құбылыстармен басталып, кейіннен гипертония ауруына ұласатын жүрек-қан тамыр жүйесінің зақымдануына әкеп соғады.
Ішек-қарын қызметінің бұзылуымен асқазанның,тоқ ішектің қабынуымен білінетін асқазан-ішек синдромы қорғасын әсерінің өзіне тән салдары болып табылады. Ауыр жағдайларда жиі «қатты іш ауыруы (острый живот)» көріністеріне ұқсас және жедел вегетатитивтік криз дамуы себебінен «қорғасыннан болатын шаншу(свинцовая колика)» деп аталатын - азапты, толғақ тәрізді іш ауруы дамуы мүмкін.
Қорғасын әсерінен сондай-ақ паренхиматозды мүшелер, эндокриндік жүйе, гонадалар зақымданады. Уланудан бауыр қабынуы, интерстициалды нефропатия, етеккір-анабез гормондары циклінің, ұрпақ келтіру қызметінің бұзылуы дамиды, айқын ұрықты уландыратын және тератогенді әсерлері байқалады.
Қорғасыннан уланудың ең түбегейлі алдын алу шаралары оның қолданылуын шектеу. Атап айтқанда, құрамында қорғасыны бар егеулерді, әйнекейлерді, ақ сырларды дайындау кезінде қорғасынды қолдануға тыйым салынады. Өндірістік үрдістерді автоматтандыру және герметизациялау, қашықтықтан басқаруды енгізу, қуатты желдету жүйелерін ұйымдастыру арқылы жұмыс зонасы ауасының ластану деңгейін төмендетудің үлкен маңызы бар. Ауаның қайтадан ластайтын көзі болуы мүмкін қорғасын шаңының әр түрлі нысандарға қонуын болдырмау үшін жұмыс бөлмелерін орталықтандырылған ауамен тазалайтын қондырғыларымен жабдықтайды. Жұмыс бөлмелерінің қабырғалары мен едендерін мүмкіншілік бар жерлерде, судың ағынымен тазалауға рұқсат етілуі тиіс.
Санитарлық-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсылап ұйымдастыруға және жеке бас гигиенасы ережелерін сақтауға айрықша көңіл бөлінеді. Үнемі ауыз қуысын тазалау, қолын және денесінің басқа да ластанған жерлерін сірке қышқылының әлсіз ертінділерімен жуып отыру, жұмыстан кейін душта жуынуы керек. Цехтарда тамақ ішуге және темекі шегуге рұқсат етілмейді. Арнайы жұмыс киімі және өзінің киімі жеке шкафтарда сақталуы тиіс. Міндетті түрде жеке басты қорғайтын заттарды- «Лепесток» және басқа да респираторларды, қолдануы тиіс.
Қорғасынмен байланысты болатын жұмысқа әйелдер және жасөспірімдер, сондай-ақ орталық және шеткі жүйке жүйесінің созылмалы аурулары бар, қан тамырларын бітейтің (облитерирующий) эндартериитпен, қан ауруларымен, артериялық гипертониямен, бауыр және бүйрек ауруларымен және басқаларымен ауыратын адамдар қабылданбауы тиіс. Жұмысқа қабылдауға қарсы көрсетілімдердің тізімі ҚР ДМ №243 бұйрығында көрсетілген. Өндірісте жұмыс істейтіндер, цехтік терапевтті және невропатологы қатысатын кезеңдік медициналық тексерулерден өтуі тиіс. Тағам рационын, қорғасынды өзіне сіңіретін, құрамында пектині бар тағамдық өнімдермен байытады: пектин заттары алманың, алмұрттың, өріктің, қызылшаның, сәбіздің, қырыққабаттың құрамында едәуір мөлшерде кездеседі. Қосымша тегін емдік-аурудың алдын алу жөніндегі тағам рационын береді (№3 рацион, - VIII тарауды қараңыз), дәрумендермен емдеу жүргізеді, қылқан жапырақты ванналар жасайды, профилакторийларға және шипа жайларға жолдама береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   233   234   235   236   237   238   239   240   ...   296




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет