Космогенді радионуклидтер (3Н, 7Ве, 14С, 22Nа және басқа), ғарыштық сәулеленудің жер текті элементтердің ядроларымен өзара әрекеттесуінен түзілетін өнім, олар жер бетіндегі сыртқы гамма-сәулелену дозасына айтарлықтай үлес қоспайды.
Үй ішінде адамның сәулеленуге шалдығудан алатын дозасын бағалау кезінде, ғимараттың құрылыс материалына көңіл бөлінеді. Ол бір жағынан, сыртқы радиациялық фоннан қорғаса, екінші жағынан, кейбір құрылыс материалдарының өздері қосымша иондаушы сәулелену көзі болып табылады.
Мысалы, кірпіштен және граниттен қаланған тас ғимараттардың ішіндегі дозаның қуаты, олардың құрамында табиғи радионуклидтердің көп болуына байланысты, ғимарат сыртындағыға қарағанда, 30-50% жоғары. Егер, жер бетіндегі ағаштан жасалған үйлердің үлесі 20%, ал тастан қаланған үйлер 80% екенін ескерсек, онда барлық жер шары бойынша ғимарат ішіндегі ауаға сіңірілген дозаның орташа қуаты, жергілікті ашық жерлерге қарағанда, 20 % жоғары болады.
Жалпы алғанда, ғимарат ішіндегі және сыртындағы адамның сәулеге шалдығуын есепке ала отырып, жер текті табиғи радионуклидтер есебінен алатын орташа жиынтық эквивалентті доза, шамамен 0,35мЗв құрайды.
Адамның табиғи көздері есебінен ішкі сәулеленуге ұшырауының, сыртқы сәулеленуге ұшыраумен салыстырғанда, бірқатар ерекшеліктері бар:
а) егер сыртқы сәулеленуге ұшырау кезінде, тек гамма-сәулесінің әсері ғана есепке алынса, ішкі сәулеленуге ұшырағанда, негізгі әсерді, тіңдер мен мүшелерге тікелей әсер ететін альфа- және бета-сәулеленулер тигізеді.
б) радионуклидтердің көбі белгілі бір мүшелер мен тіндерде жиналады, бұл ағзаның жеке бөліктерінде сәуле әсерінің біркелкі болмауына әкеледі;
в) радионуклидтер ағзаның ішінде болған уақыттың бәрінде де, ағзаның ішкі сәулеленуге ұшырау жүріп жатады, себебі, олардың ыдырау үрдісі жалғаса береді, ал ыдыраудың ұзақтығы элементтің жартылай ыдырау кезеңіне және басқа да сипаттамаларына байланысты.
Биосфераның радионуклидтері адам ағзасына тыныс мүшелері немесе АІЖ арқылы түседі.
Табиғи радионуклидтердің ағзаға түсу мөлшері, демек түрлі мүшелер мен тіндердің ішкі сәулеленуге ұшыраудан алатын дозасы да, олардың ауадағы, судағы, тағам өнімдеріндегі және қоршаған ортаның басқа да нысандарындағы мөлшерімен, сонымен қатар берілген жергілікті жердегі адамның іс- әрекетінің құрылымымен, халықтың тағам рационының сипатымен және басқа да факторлармен анықталады.
Көптеген космогенді радионуклидтердің ішінен ішкі сәулеленуге ұшыраудан алатын дозаға, көп болмаса да, тек 3Н, 7Ве, 14С және 22Nа ғана үлес қосады. Космогенді радионуклидтер есебінен ішкі сәулеленуге ұшыраудан алатын жылдық эффективті доза, шамамен 15 мк3в құрайды.
Ағзаға түсетін жылдық эффективті доза жүктемесіне тыныс алу жолдары арқылы енетін радионуклидтер (негізінен, радонның ыдырау өнімдерімен тыныс алу кезінде) ең көп үлес қосады - 55%. Яғни, белсенді инертті газдармен тыныс алған кезде, ең жоғары әсеріне өкпе шалдығады. Адамның ішкі сәулеленуге ұшыраудан алатын дозасына радонның ұзақ өмір сүретін ыдырау өнімдері де (210Po және 210Pb) елеулі үлес қосады. Атмосфералық ауамен адам ағзасына орта есеппен, жылына 4,0 Бк 210Pb және 0,9 Бк 210Po түседі.
Тағаммен және сумен ағзаға түсетін радинуклидтерден ішкі сәулеленуге ұшырау дозасы орта есеппен, жылына 0,3 мЗв (АРӘҒК, 2000 ж.) құрайды, ал кейбір зерттеушілердің мәліметтері бойынша, жылына 0,4 мЗв-дейін жетеді (Василенко О.И., 2004). Бұл жағдайда адам ағзасына түсетін табиғи радионуклидтердің жалпы мөлшерінің 85% аз емес бөлігі тағам өнімдерімен, ал ауыз сумен - 15% дейін түседі деп саналады.
Көптеген жер текті радионуклидтердің ішінен адам ағзасына түскен кездегі тін дозасына, тек ең үлкен үлес қосатын радионуклидтерді қарастырумен ғана шектелеміз.
Калий-40. Калий маңызды биологиялық элемент болып табылады, сондықтан оның ағзадағы концентрациясы жоғары тұрақтылығымен ерекшеленеді. Калийдің ағзадағы массасының орташа концентрациясы 2 г/кг құрайды. 40К белсенді изотопы тұрақты калий пайызының мыңдаған бөліктерін құрайды. Осы мәндеріне сәйкес, жылдық эффективті доза 180 мкЗв тең болады.