Медицина қызметкері және қоғам 1. Медицина қызметкерінің ең басты мақсаты – адам өмірін сақтау, аурулардың алдын алу және денсаулығын қалпына келтіру, сондай-ақ емделмейтін ауруға шалдыққандар азабын жеңілдету. Медицина қызметкері өз міндеттерін Гиппократ анты, гуманизм және қайырымдылық ұстанымдарына сәйкес орындайды.
2.Медицина қызметкері өз шешімдері мен іс-әрекеттері үшін толық жауапкершілігін мойнына алады, сол үшін ол жүйелі түрде кәсіби шыңдалып отыруға міндетті.
3. Өз қызметінде медицина қызметкері таныс және пайдалануға рұқсат етілген медицина ғылымының соңғы жетістіктерін пайдалануға міндетті
4. Медицина қызметкерінің кәсіби шешіміне жеке басының пайдасы мен материалдық мүдделер әсер етпеуі тиіс.
5. Медицина қызметкері даярлаушы-фирмалар мен дәрі-дәрмек таратушылар ұсынған дәрілерді тағайындағаны үшін олардан сыйлық алуына болмайды.
6. Медицина қызметкері дәрі тағайындау барысында тек қана науқастың мүддесі мен медициналық көрсетілімдерді ескеруі тиіс.
7. Медицина қызметкері жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, әлеуметтік жағдайына, саяси көзқарасына және басқа да медициналық емес факторларға сонымен қоса материалдық жағдайына қарамастан медициналық көмекті қажет еткен кез келген адамға көмектесуге міндетті.
8. Медицина қызметкері өзі жұмыс істейтін мекемеге байланысты өз жауапкершілігіне алған барлық міндеттемелерді адал орындауға міндетті.
9. Жас мамандар мен студенттерді оқытып жүрген медицина қызметкерлері өз міндетін орындауға көңіл бөлуі және тәртібі жағынан үлгі боларлық деңгейде болуы тиіс.
10. Медицина қызметкері қолжетімді құралдар (газет, журнал, радио, теледидар, әңгімелесу және т.б.) арқылы салауатты өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ кәсіби этикалық және қоғамдық нормаларды ұстануда үлгі болуға міндетті.
11. Медицина қызметкері оның кәсіби қызметі мен пациенттерге зиян келтірмейтін, медицина қызметкерінің ар-намысын төмендетпейтін, кәсіби тәуелсіздігіне кедергі келтірмейтін басқа жұмыстармен айналысуына болады.
12. Медицина қызметкерінің жеке тәжірибемен айналысуы заңмен реттеледі.
13. Медицина қызметкері жұмысының қайырымдылық мақсаттары оның жеке қадір-қасиетін, жеткілікті деңгейде мүліктік қамтамасыз етілуін, кәсіби қызметін атқаруға жағдай жасауын заң жүзінде қорғауын талап етуге негіз бола алады.
14. Ұйымдастырылған формадағы наразылықтарға қатысу барысында медицина қызметкері өз қадағалауындағы пациенттерді қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз ету міндеттемелерінен босатылмайды.
15. Медициналық этиканың ұстануын бақылауды медицина қызметкерінің тікелей жетекшісі жүзеге асырады.