Немат Келімбетов Үміт үзгім келмейді


—  Доктор! Мен ертеңнен бастап кезекті демалысыма шығам ғой. Маған рұқсат етіңіз. Кризис өткенше мен қасында болайын. —



Pdf көрінісі
бет13/18
Дата29.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#111684
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
Байланысты:
1198 mit 1199 zgim Kelmeydi Nemat Kelimbetov

— 
Доктор! Мен ертеңнен бастап кезекті демалысыма шығам ғой.
Маған рұқсат етіңіз. Кризис өткенше мен қасында болайын.
— 
Мейіркүл апай, кешіріңіз, Ақылбек сіздің жақыныңыз ба еді?
— 
Жоқ! Ешкімім де емес. Бірақ танушы едім...
— 
Мейіркүл апай! Сіз көптен бері демалысқа шыққан жоқсыз.
Тынығуыңыз керек. Оның үстіне, біздің ұжым сізге санаторияға
жолдама бөліп отыр ғой. Ал, Ақылбектен қам жемеңіз.
Медсестралардың бірін сол кісіге уақытша бекітіп қоюға тура
келеді. Сіз жолыңыздан қалмаңыз.


Бірақ Мейіркүл санаторияға барған жоқ. Демалысын
Ақылбектің палатасында өткізді. Науқас көзін ашып, өзіне- өзі
келгенше күндіз-түні қасында болды.
Ақылбек өзі жан алқымға тақаған бас ауруынан есін жиып, көзін
ашқан бойда-ақ алдымен дəл қасында өзіне мейірлене қарап отырған
Мейіркүлді көрді. Талай күн, талай түндер бойы аузына су тамызып,
өзіне күтім жасап отырған осы Мейіркүл екенін ол бірден ұқты.
Өйткені аурумен алысып, жанталасып жатқан сəттерде бірнеше рет
құлағына осы бір əйелдің таныс даусы еміс-еміс келіп, оның бейнесі
көзіне елестегендей боп еді.
Сөйтсе, ол елес емес, шын боп шықты. Түсі емес, өңі екеніне енді
ғана көзі жеткендей болды.
Ақылбек мынадай күйде жатып, Мейіркүлді тұңғыш рет
көргенде өзегіне өрт түскендей-ақ іші бір түрлі əлем- жəлем боп
кетті. Ə дегенде, қуанарын да, күйінерін де білмей апалақтап қалды.
Мейіркүлдің осы ауруханада медсестра боп істейтінін білген соң
ғана сəл-пəл есін жиғандай болды.
Мейіркүлдің алдында ол өзін кінəлі санайтын. Шынында да
солай сияқты еді. Жасы жер ортасынан асып қалса да Мейіркүл
тұрмыс құрған жоқ. Өгей шешесі аурушаң болды. Соны тастап кете
алмады. Басқа да себептері бар еді. Оны тек Ақылбек пен Мейіркүл
ғана білетін.
Тап қазір Ақылбек өзі төсекке байланып жатса да, өзінен гөрі
қасында отырған Мейіркүлге көбірек жаны ашитын сияқты. Енді
аяғына мініп, ауруынан сауығып кетсе ғой, онда ғұмыр бойы осы
əйелге табынып өтер еді.
Бір айдан бері күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей басында
отырған осы бір мейірбан əйелдің ақ жарқын жүрегін сау кезімде
неге түсінбедім екен деп іштей қынжылды Ақылбек. «Біздер бір-
біріміз үшін жаралғандай жарасты едік қой. Сен менің алғашқы
махаббатымсың ғой, Мейіркүл. Сол судан таза, сүттен ақ мөлдір
сезімді аттап кетуге қалай ғана арым шыдады екен? Рас, арыңды
аяққа басқам жоқ. Əйтсе де, сенің алдыңда кешірілмес кінəм бар
сияқты...»


Міне, биік кереует үстінде кендірі кесіліп, көздері шүңірейіп,
жүзі жуған шүберектей бозарып, құр сүлдері қалған Ақылбек жатыр.
Оны аурудың азабы ғана емес, ар соты да қазір жанын қысып, қинай
бастаған сияқты. Қазір ол өзінің балауса күндерін есіне алып,
жаныңда отырған Мейіркүлмен іштей. үнсіз, көзбен сөйлесіп,
сырласып жатқандай еді.
«...Бірінші курста маған университет жатақханасынан орын
тимеді. Сонда біз үш студент боп сендердің бір бөлмелеріңде
пəтерде тұрдық қой, Мейіркүл. Сол жылы сен оныншы класта
оқитынсың.
Сен ол кезде жаяу жатып, атты түсіп қарайтындай-ақ сұлу едің.
Біздер саған сөйлемек түгілі, жəудіреген көздеріңе тік қарауға да
кəдімгідей қаймытушы едік. Жатсақ та, тұрсақ та үшеуіміздің де
əңгімеміз сен болдың. Біздер үшін сен өмір бойы оқыса да
таусылмайтын ғажайып бір дастан сияқты едің.
Бүгін ойлап қарасам, сол кезде-ақ сен менен гөрі батылдау болған
екенсің ғой.
Тарихтан ба, əлде əдебиеттен бе, əйтеуір бір сабақтан көмектесіп,
түсіндіріп жіберіңіз деп біздің бөлмеге кіргенің əлі есімде. Мен
жалғыз өзім отыр едім. Ə дегенде, төбемнен жай түскендей сəл
есеңгіреп қалсам керек. Біраздан кейін барып қана есімді жиғандай
болдым. Сенің не айтқаныңды емес, қалай айтқаның ғана есімде
қалыпты ғой. Ұп-ұзын кірпіктердің астындағы қарақаттай мөлдір
көздерің дамылсыз ойнақшып, айналасына мейірім ұшқынын аямай
шашып жатты. Уылжып тұрған қаймақ еріндеріңнен көзімді айырып
ала алмай көпке дейін ошарылып қалсам керек. Сол жолы мені
тұтықпа ауруы бар екен деп қалған шығарсың. Қайта-қайта
кекештеніп, тілім күрмеле берді ғой.


Ол кезде сен ойында инедей бөтен ойы жоқ, аңғырт бала
екенсің-ау. Кітаптан əлденені түсіндіріп отырғанда саусақтарым
кездейсоқ білегіңе тиіп кетсе-ақ бейне бір өн бойымнан электр тогы
жүріп өткендей денем əлдеқалай дірілдеп кететін.
Кейде екеуіміз əлденеге дауласып, яки əңгімеге беріліп
кеткенімізде жібектей жұп- жұмсақ, ыстық алақаныңды менің
қолымның үстіне тастай салатынсың. Мұндайда мен абайсызда шоқ
басып алғандай ыршып түсем. Бірақ сен еш нəрсеге мəн бермейсің.
Мені қандай жан азабына салып қойғаныңды өзің де сезбейсің. Түк
болмағандай-ақ жайбарақат отырып, сөйлей бересің. Əңгіме кезінде
кейде басымыз түйісіп, сенің оттай ыстық лебің бетіме тигенде
басым шыр көбелек айналып, мол лəззатқа кəдімгідей елтіп, мас боп
қалушы едім.
Маған, əсіресе, рояльда ойнағаның ұнайтын. Мұндайда əлемде
нашар өлең, жаман əуен жоқ сияқты боп тұратын. Кез келген музыка
өзінен-өзі құйқылжып, құлпырып, түрленіп сала беретін. Əншейінде
онша ұнамайтын өлеңдердің өзінен енді жаңа мəн- мағына, терең
сыр ұққандай болушы едім. Егер адамдарды бір кезде шынында да
музыкамен емдейтін болса, онда рояльда тек сен ғана ойнайтын
шығарсың деп ойлаушы едім.
Есіңде ме, Мейіркүл? Арманың музыкант болу еді ғой. Сенің
талантыңа ешкім шүбə келтірген емес. Бірақ сен консерваторияға
емес, медицина училищесіне бардың. Науқас шешеңе бола солай
істегеңінді мен түсіндім. Ауру жеңген анаңның ғұмырын бір сағатқа
болса да ұзарту үшін өз арманыңнан бас тарттың.
Мейіркүл! Сен мектепті бітірген күні үйімізде кішігірім той
болды ғой. Рас, оған небəрі он-он бес қана адам шақырылған еді.
Əйтсе де мен осынша жыл өмір сүріп, одан үлкен, одан қызықты
той көргенім жоқ.
Сенің кəмелеттік аттестат алған күнің — менің өмірімдегі
ең бақытты күн боп қалды.
Мұны мен кейінірек барып қана түсіндім. Сол кеште екеуіміз
дөңгелене биледік. Сен сонда бүкіл жан жүрегіңмен биге беріліп,
менен басқа еш нəрсені көрмей, сезбей, ойламай биледің.


Мына дүниеде қуаныштың соншама молдығына таңырқағандай
қарақат көздерің күлімсіреді. Асыл арманыңнан да артық көрінетін
ғажайып қызды аш белінен қапсыра қысып, əлемдегі басқа нəрсенің
бəрін бір сəтке мүлдем ұмытып, вальс толқынында қалықтай
билеуден артық бұл өмірде не бар?! Демек, кейін басыма қандай
ауыр тауқымет түссе де, мен бұл өмірдің қызығын көрмедім деп айта
алмасам керек деп ойладым сонда. Адамның қолы жететін бақыттың
бəріне менің де қолым жетті-ау деп ойладым өзіңмен құйындай
ұйытқып билеп жүргенде.
Мен күнде таңертең таңның арайлап атқанына емес, сені тағы
бір мəрте көретініме қуанып төсектен тұрушы едім. Маған мына
əлемдегі бар сұлулықтың сырын ұқтырған да сен шығарсың деп
ойлаймын, Мейіркүл. Өзіңе кездескен күнге дейін жарық дүниедегі,
айнала төңіректегі табиғаттың көл-көсір, ғажайып көркін көрмей,
құстардың мың құбылған дауыстарын естімей, өзендердің сылдырап
аққан əсем əуенін ұқпай қалай босқа жүре бергеніме өзім де қайран
қалған едім-ау сонда.
Бірақ мен ол кезде саған бұл сөздердің бірде-бірін айтпағам ғой.
Жанымда жүрген өз бақытыма қол созғам жоқ.
Сəл қол созсам-ақ, ол көктемгі көбелектей ұшып кетер деп
қорықтым. Сені сағымға айналып кете ме деп жасқандым. Маған
өзіңді күн сайын көріп тұрудың өзі де қол жетпес армандай еді.


Неге мен өз жүрегімнің əмірін орындап, сол кезде осы сөздерді
саған айтпадым екен?! Жазғы шықтай мөп-мөлдір, пəк сезімнің
бойымнан дер кезінде бұлықсып, сыртқа оқша атылып шығуына
неге мен жол бермедім? Құдды құрық тимеген асаудай тулаған
бойымдағы ыстық сезімді қалай ғана тұншықтырып тастай бердім?
Адам да өзіне-өзі соншама қиянат жасайды екен-ау. Қазір ойласам
мен өзіме- өзім айтса адам сенгісіз сұмдық киянат жасағандай боп
көрінем.
Менің бақытқа толы, жайма-шуақ күндерім жазғы жаңбырдай
себелеп, көзді ашып- жұмғанша зымырап өте шықты. Əр адамның
өмірінде ертелі-кеш əйтеуір бір жауынды күндердің болары хақ.
Бірақ менің бұлтты күндерім басқалардан гөрі ұзаңқырап кетті
білем. Оған кінəлі мен өзім. Менің бойыма туа біткен жігерсіздік
еді.
Сүрінбейтін тұяқ бар ма?! Бірақ адамның өміріндегі алғашқы
адымдарының сəтті басталғанына не жетсін! «Шу» дегенде-ақ
сүрінген аттың бəйгеден озып келмесі хақ қой.
Өткен өмірді ой таразысына салып қарасам, мен алғашқы
адымдарымды-ақ шалыс басқан екенмін. Рас, университетті үздік
бітіріп, қызыл диплом алдым. Мені аспирантураға қалдырды.
Өзіме ұнайтын тақырыпты берді. Осы саладағы ең атақты
ғалымдардың бірі маған жетекші боп бекітілді.
Мен бұған алғашында сенерімді де, сенбесімді де білмей дел-
сал боп жүрдім. Сонша нəрсенің бірден бола қалғанына өзін сенсем
де, жүрегің иланбайтын тəрізді еді. Бірте- бірте жұлдызымның
оңынан туып тұрғанына көзім жетіп, көңілім сенді.
Бірақ көктен түскен қуаныштан мас боп жүріп, теп- тегіс жерде
қалай сүрініпкеткенімді өзім де жөнді аңғармай қалдым.
Қоңыр кұз еді. Алматыда оқып жүрген біздің ауыл жастары бас
қосып, сауық кешін өткізбек бопты. Оған мені де шақырды. Оған
сені ертпей жалғыз өзім сопайып баруды ар көрдім, Мейіркүл. Бірақ
саған «жүр» деуге де жүрегім дауаламады. Олай ойлап, бұлай ойлап,
ақыры бармай-ақ қояйын деп шештім. Əйтсе де болмады
«Бармаймын» деп үзілді- кесілді айтуға аузым бармады. Ауылдас


жігіттер де жабысып, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын
немелер еді. Ақыры бардым
Сауық кеші əлдеқашан басталып кетсе керек. Оны дастархан
басында отырған жастардың даурыға сөйлеген сөздерінен-ақ
аңғардым. Келгеніме іштей өкініп қалдым. Өздерінше мейманасы
асып, мəре-сəре боп, бойларына мастық кіріп, бет алды желігіп
отырған ортаға сені шақырмағаныма бір жағынан қуанып қалдым,
Мейіркүл. Мауыққан мысықтай көздері тұманданып, сезімге мас
боп, есеңгіреп отырғандарды көргенімде өзім де əлденеден
жиіркенгендей тіксініп қалдым.
Бірақ қайтып шығып кете алмай іштен тындым. тетіктенген
судан тайынбас, нар тəуекел дедім. Сүмірейіп барып көрсеткен
орындарына отыра кеттім.
Бұл кешті жүргізуші асаба жігіт бізден бір курс төмен оқитын,
өзіме жақсы таныс студент боп шықты. Ол аузымен айды алып,
қолымен күн орнататын өлердей мақтаншақ, көбік ауыз көк малта
еді. Өзінен-өзі лепіріп, малтасын езіп жатыр екен.
Мені көргенде ол көктен іздегенін жерден тапқандай қуанып
кетті. Шамасы, айтар сөзі таусылып, тілге тиек етер адамы да
қалмаса керек. Көрген бойда-ақ ол маған аш кенеше жабысып алды.
Мені аспанға щығара мақтап, аузына келгенін лықсыта берді. Жер
басып жүргендердің ішінен менен артық адамды іздеп табу қиың
екен. Əйтеуір табанымды жерге тигізбей қойды. Ең дарынды
аспирант та, ең мəдениетті жігіт те, келешектеп ең атақты ғалым да
мен боп шықтым. Жиналған жұрттың бəрі кірпік қақпай маған қарап
қапты. Бейне бір осы кеште менің мəселем қаралып жатқандай
ұялып, қысылғанымнан жерге кіріп кете жаздадым «Қойсайшы» деп
жалғыз ауыз сөзбен əлгі


бөспе жігіттің бетін қайтарың тастауға ынжықтығым жібермесе
керек. Мүмкін, көпшіліктің көзінше қайдағы бір мылжың
немемен бет жыртысқым келмеген шығар. Əйтеуір аузын буған
өгіз сияқты маңқиып отыра бердім.
Төр жақта құралай көздері тыным таппай ойнақшып,
талдырмаштау келген, ақ құба, əдеміше қыз отыр екен. Жібек талды,
қолаң қара шашын жинамай-ақ сол күйінде арқасына жайып тастай
салған. Қасындағы жігітке мойнын бұрып, бота көздерінен мейірім
ұшқынын шашып жатқандай жəудірей қараған сəтте қыздың қою
мақпал шашына да жан бітіп, торғындай толқынданып, желбіреп
кетеді Бір сəт оның кірпік астынан көз тастап, мені бақылап
отырғанын сезіп қалдым
Ол сықылықтай күлгенде аппақ маржан тістері түп- түгел
көрініп, ал қызыл оймақ еріндері уылжып тұрады екен. Соншама
жүзі жылы көрінсе де, мен оны жайшылықта зілдене сөйлейтін
қытымыр мінезді жан ба деп қалдым. Өйткені ол мен
табалдырықтан аттап, енді кіре бергенімде-ақ бірден иегімен
нұсқап, қай жерге отыруым керектігін көрсетті. Маған босаға
жақтан орын тиді
Əлгі қыз жүзіктің көзінен өткендей жұтынып тұр. Ə дегенде, ол
маған оғына көз тоқтатып қараған жоқ. Қасындағы қияқ мұртты,
бұйра бас, əлжуаз жігіттің қушиған иығына бір қолын артып қойып,
екінші қолын дирижерларша сермеп, жұртқа нұсқау беруде екен.
Кеш жүргізушісін тыңдап жатқан тірі пенде жоқ. Жұрттың бəрі əлгі
қыздың аузына қарайды. Осында келгендердің бəрін тұрғызатын да,
жүргізетін де, ішкізетін де, қойғызатын да сол екенін анық сездім.
Осы кешті жүргізуші жігіт мені дарынды аспирант,
болашығынан зор үміт күтетін биолог-ғалым деп аяқ-қолымды жерге
тигізбей ала жөнелгенде, əлгі «əмірші» қыз өз көзіне өзі сенбей
қалған адамдай кірпіктерін жиі-жиі қағып, жыпылықтата берді.
Оның күдікпен қарайтындай- ақ жөні бар еді. Мен олпы-солпы
киініп, үсті-басыма мəн бермей қалай болса солай жүре беруші едім.
Көйлектің жағасы мен шалбардың қыры үтік көрмей, мыж-мыж боп
кететін-ді. Мен мына түріммен аспиранттан гөрі ауылдан биыл ғана
қалаға оқуға келген абитуриентке көбірек ұқсасам керек.


Əйтсе де, əлгі «əмірші» қыз маған назар аударды. Екі көзі менде.
Мүмкін, жаңағы мені жер-көкке сыйғызбай лепіре мақтаған бөспе
сөздерге иланып қалған шығар. Жоқ Мынау ақыл азуы шықпаған
ерме қыз сияқты емес. Көпті көрген əккі əйел тəрізді. Ақылы
алқымынан аспаған ақымақ та емес. Ойнақы көздерімен адамның
ішін-сыртын түгел тінткілеп, не ойлап, не қойғаныңа дейін қалт
жібермей сезіп отыр.
Бірақ ол маған сенді. Адалдығыма ма, əлде болашағыма ма?
Қандай қасиетіме көзі жетті? Жаңа ғана, мені жұртқа таныстырмай
тұрғанда ол маған бір түрлі жиіркенішті көзбен қарағандай еді ғой.
Аяқ астынан қалайша жұлдызым ыстық көрініп қалды екен? Есіктен
кіріп келгенімде кердең мінез танытып, жеңімен сəлем берді емес
пе? Əлде сол қылығына ұялып, жуып-шаймақ па? Жоқ. Мынау жүзі
жанатын жан сияқты емес деп ойладым. Түгəне түсінбей, басым
қатты. Көркіне көз сүрінетін, небір жігіттің сұлтандары отыр ғой.
Соларға неге көз тікпейді? Талай жігіттер содан көзін алмай, үзіліп,
үздігіп отыр емес пе?
Мына бей-берекет, желбуаз топтан тезірек құтылғым келіп,
қайтуға асығып, тықыршып иненің ұшында отырдым. Мұндайда
сағат тілі де өгіз аяңмен асықпай қозғалып, уақыт та өтпей қояды
ғой. Ақыры бір кезде көптен күткен үзіліс те жарияланды. Сол
сəттегі абыр-сабырды пайдаланып, ұры мысықтай аяғымның
ұшымен есікке қарай беттедім. Бөлмеден енді шыға бергенімде, біреу
менің атымды атап шақырды. Жалт қарасам, жаңағы «əмірші» қыз
екен. Амалсыз бөгеліп қалдым. Сол-ақ екен, музыка ойнап


кетті. Қыз мені биге шақырды. Біздер биледік. Ұсталып қалғаныма
іштей өкіндім. Бірақ сыр бергем жоқ.
Үзілістен соң əркім өз орнына отырды. Мен де өз орныма
жайғастым. Тек əлгі қыз ғана өз жайына бармай, менің қасымдағы
орындыққа отыра кетті. Ол өзгелер тəрізді сызылып, сызданып
тұрмайды екен. Адамды киіп кетеді. Ерке балаша тайсалмай
сөйлеседі. Жайдары ма деп қаласың. Мүмкін, маған осы ашық-
жарқындығы ұнаған шығар. Əйтеуір батыл қимылдайды. Өзі
менімен баяғыдан таныс кісідей емін-еркін сөйлеседі.
Адамды еркіне қоймай, əп-сəтте билеп-төстеп алады екен. Сол
арада ол өзін таныстырып та үлгерді. Педагогика институтының
соңғы курсында оқитын боп шықты. Сөз арасында маған ол: «Сіз
бен біз жақын адамдармыз, мен де болашақ биологпын, сондықтан
бірге болғанымыз жөн шығар», — деп сықылықтап күліп қойды.
Мына сиқыммен аққудың көгілдіріндей əдемі қызға қалай
жағып қалғаныма өзім де түсінбей дел-сал болдым. Мен ғана емес,
осында отырған жұрттың бəрі əлгі қызды маған қимайтын сияқты.
Тек сол қыз ғана ешкім білмейтін бір құпия сырға əбден қанық
тəрізді еді.
Бұл жұмбақтың шешімін мен арада көп жылдар өткен соң ғана
таптым. Мұндайлар өздерінің айдауына жүретін, айтқанына
көнетін, ию алмас момын, бала мінезді, ынжық жандарды бір
көргенде-ақ жазбай таниды. Өзі сияқты бит ішіне қан құйған
қуларға жоламай қояды екен.
Ал, қазір жаңағы қыз жаныма кеп отырды. Сонша жігітті
менсінбей, маған өзі келгеніне бір жағынан мерейім өсіп, əжептəуір
қомпиып қалсам керек. Сол сəтте кетіп қалмағаныма іштей қуандым
да.
Бір сəт төр жақта жаңа ғана мына қызды өзінше иемденіп
отырған бұйра бас, мұртты жігітке көзім түсіп кетті. Сол-ақ екен,
ішім мұздап сала берді. Табанда мені түтіп жеп қоятындай-ақ оқты
көздерімен атып отыр екен. Жүнін сыртқа түкситіп, сұстанып
алыпты. Мына қыздың қасынан кетіп қалғанын менен көріп, өлердей
намысы қозып, ақ сайтаны ұстап отыр. Мен де оны ішімнен
жақтырмай, кірпікше жиырыла қалдым. Ол қазір ылаң салып, қиқаң


шығарғысы кеп отырған адам сияқты көрінді маған. Бір-екі мəрте
көзбен сүзініп те қалдық. Атып тұрып, шығып кеткім келді. Бір-ақ
отырған орнымнан тырп еткем жоқ. Өзіме де беймəлім бір сиқырлы
күш мені тапжылтпай тастады. Неге мен кетем? Неге ол кетпейді?
Ол сосын менен қорқып кетті деп іштей масайрамай ма? Мына қыз
маған арқа сүйеп, əдейі қасыма келген шығар. Жоқ Енді кетсем бар
ғой, осы жұрттың бəрі мені қорқып қашты деп ойлайды
Мейіркүл! Сол сəтте сені көз алдыма елестетіп көрдім. Өзіңді
қасыма кеп отырған қызбен ойша салыстырып та қойдым. Сенің
жүзіңде жылылық көбірек-ау деп қалдым. Рас, жанымдағы қыз сенен
гөрі əдемілеу жаралған. Бірақ көзге бір түрлі салқындау боп көрінеді
екен. Сен, Мейіркүл, сəл ұяңдаусың ғой. Ал, бұл ашық-жарқын. Тіпті
шамадан тыс батылдау ма деп қаласың. Адамды бір көргенде-ақ
ұршықша иіріп əкетеді. Онымен сөйлескенде кісі іштей қысылып-
қымтырылмайды, қиналмайды. Қайта қалайша бəйге атындай
аңқылдап кеткеніңді өзің де сезбей қаласың. Шіркін, сол қыздың
мінезі сенде болса ғой, Мейіркүл. Онда мен көкірегімді кернеп
жүрген жыр-дастанымды өзіңе
баяғыда-ақ айтып берер едім.
Не керек, сол кеш біткенше қыздың қасында тапжылмай
отырып, ақыры оны жатақханасына дейін шығарып салдым.
Ертеңіне тағы да кездесетін боп қоштастық.


Қоштасарда ол маған өзін қашан, қай жерде күтуім керектігін
тəптіштеп түсіндіріп берді. Аты — Раушан екен.
Неге екенін қайдам, ертеңіне сол кездесуге аяғым тартпай-ақ
қойды. Сол күні сен де үйде едің, Мейіркүл. Қасыңа барып отырғым
келді. Кешегі қыз сияқты батыл-батыл сөйлеп, көкейде жүрген
ойымды бүкпесіз жайып салғым келді өзіңеі Сені би алаңына,
киноға, театрға, паркке, əйтеуір бір жаққа шақырғым келді. Қасыңа
да бардым. Сен кітап оқып отыр екенсің. Қуанып қалғандай көріндің
көзіме. Бірақ бірдеме деуге аузым бармады. Жүрегім дауаламады.
Ертеңгі сабақты сылтауратып есіктен шығып кеттім.
Сол кеткеннен Раушанға бардым. Өзімді-өзім зорлап бардым.
Сол жолы біздер ұзақ қыдырдық. Басымыз ауған жаққа жүре бердік.
Раушан кетуге асыға қоймады. «Қайтайық» деуге ұялдым. Таң
бозарып атқанша қаланы кезіп, жүре бердік.
Ертеңіне кешке қарай Раушан біздің жатақханаға өзі келді.
Бұлай болар деп ойламаған едім. Əрі қысылып, əрі апалақтап сасып
қалдым. Раушан мұны дереу сезе қойды да, өзінше қалжыңдасқан
болды «Бұл күнде деді ол, күле сөйлеп, — жігіт қызды емес, қайта
қыз жігітті іздейді. Бұл модаға айналғалы қашан. Ал заманның
ағымына, өмірдің илеуіне кім қарсы шықпақ?! Мен бе, əлде сен бе?
Бүгінгі өмір дариясының ағысы күшті. Онша-мұнша адам оған шесе
алмайды», — деп қыз сықылықтай күлді.
Мен мұны жай айтыла салған əзіл шығар деп күлдім де
қойдым. Бірақ ол мен ойлағандай қылжақ сөз болмай шықты.
Ертеңіне тағы келді. Бара-бара мұнысы əдетке айналды. Өзі келеді,
өзі кетеді Менің нем кетеді деп ойладым. Оның күнде келіп, кетуіне
бірте-бірте етім де үйренгендей болды. Келмей қалса тіпті елеңдеп
тұратын боп қалдым.
Сөйтіп жүргенімде Раушан тағы бір «өнер» шығарды. Бір күні
кешкісін əдеттегісінен ұзағырақ отырды да: «Бүгін қайтпаймын,
осында қонам» деп маған наздана қарап, сықылықтай күлді.
Алғашқыда мен қалжыңы шығар деп отырдым. Соңынан байқасам
шынында да кететін түрі жоқ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет