Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы



бет13/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   103
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы-emirsaba.org

Жүрек жұмысының реттелуі. Құс жүрегінің жұмысы сүтқоректілер жүрегінің жұмысы сияқты гуморальды жолмен және жүйке жүйесі арқылы реттеледі.
Жүрек жұмысын орталық жүйке жүйесі симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелер арқылы рефлекторлы реттейді. Аталған жүйкелер рефлекс доғасының афференттік бөлімін құрайды және олар екі нейроннан құралады. Парасимпатикалық жүйкенің бірінші нейроны сопақша мида орын тебеді де, оның өсінділері жүректің интрамуральды ганглияларында аяқталады. Осында орналасқан екінші нейрон өсінділері импульсті синоартриальдық, атриовентрикулярлық түйіндерге және жүрекшелер миокардына бағыттайды. Қарыншаға парасимпатикалық жүйке талшықтары жетпейді.
Симпатикалық жүйке жұлынның көкірек бөлігінің бүйір мүйіздерінде орналасқан жүйке орталықтарынан бастау алады. Осы нейрондар талшықтары импульсті симпатикалық бағанның соңғы мойындық және бірінші көкіректік түйіндеріне бағыттайды.
Көбінесе жұлдызша түйінге бірігетін осы түйіндер нейрондарының өсінділері (постганглийлік талшықтар) импульстерді жүрекке жеткізеді.
Симпатикалық және парасимпатикалық жүйке талшықтары жүрекке әр түрлі әсер етеді. Парасимпатикалық жүйкені тітіркендіргенде жүректің жиырылу күші азаяды (теріс инотропты әсер), жүрек жұмысының ырғағы сирейді (теріс хронотропты әсер), жүрек етінің қозғыштығы төмендейді (теріс батмотропты әсер), жүрек етінің өткізгіштігі баяулайды (теріс дромотропты әсер), жүрек етінің тонусы төмендейді (теріс тонотропты әсер). Парасиппатикалық (кезеген) жүйке тітркенгенде жүрекше еттерінің рефрактерлік кезеңі қысқарады. Бұл жүйкені күшті тітіркендіргенде жүрек жұмысы тоқтап қалады.
Симпатикалық жүйкені тітіркендіргенде жүрек етінің жиырылу күші артады (оң инторопты әсер), жұмыс ырғағы жиілейді (оң хронотропты әсер), қозғыштығы жоғарылайды (оң батмотропты әсер), өткізгіштігі шапшаңдайды (оң дромотропты әсер), тонусы жоғарылайды (оң тонотропты әсер).
Жүрек жұмысын рефлекторлы реттеуде қан тамырларының белгілі бір аймақтарында орналасқан сезімтал жүйке ұштары маңызды рөл атқарады. Қан тамырларының рецепторлар шоғырланған учаскелерін рефлексогенді аймақтар дейді. Бұл рецепторлар не қан қысымының өзгерістерін сезінеді (прессорецепторлар), не қан құрамындағы химиялық заттардың өзгерістерін сезінеді (хеморецепторлар).
Қазіргі кезде үш түрлі рефлексогендік аймақтың маңызы жақсы зерттелген, олар: күре тамырдың ішкі және сыртқы тармақтарға ажыраған жерінде орналасқан сино-каротид аймағы, қолқа доғасының аймағы және қуыс веналар оң жүрекшеге жалғасқан жерде орналасқан Бейн-бридж аймағы. Сонымен қатар өкпе артерияларында, ішкі ағзалар және сүйек кемігі тамырларында да сезімтал аймақтардың болатыны дәлелденген. Аталған аймақтардың рецепторлары организмдегі қан қысымын, жүрек жұмысын рефлекс арқылы реттеуде маңызды рөл атқарады.
Қолқа мен күре тамырда қан қысымы жоғарыласа, прессорецепторлар (барорецепторлар) тітіркеніп, рефлекторлы түрде кезеген жүйкенің тонусы жоғарылайды да, жүрек жұмысы баяулайды, қан тамырлары кеңейіп, қан қысымы төмендейді.
Оң жүрекшедегі аймақ тітіркенсе, симпатикалық жүйкенің тонусы жоғарылап, жүрек жұмысы жиілейді, күшейеді, қуыс веналардағы қысым төмендейді.
Жүректі жүйкелендіретін жүйкелер қозғанда олардың ұшынан ерекше химиялық заттар – медиаторлар бөлінеді. Парасимпатикалық жүйке ұшынан ацетилхолин бөлінеді. Ол тежеуші медиатор болып табылады. Симпатикалық жүйкеден – үдеткіш медиатор – норадреналин (симпатин) бөлінеді. Медиаторлар әсері шектеулі болады, олар түзілген жерінде ғана әсер етеді. Ацетилхолин қанға сіңсе, оны холинэстераза ферменті жойып жібереді. Симпатинге аминоксидаза ферменті қарсы әсер етеді. Айта кетер жайт, норадреналин баяу бұзылады, сондықтан оның әсері ұзақтау болады.
Жүрек жұмысына қан құрамындағы химиялық заттар да әсер етеді. Адреналин – бүйрек үсті бездің бозғылт затынан бөлінетін гормон, жүрек етінің жиырылу күшін арттырып, жүрек жұмысының ырғағын жиілетеді, демек симпатикалық жүйке сияқты әсер етеді. Тироксин – жүрек етінің қозғыштығын жоғарылатады.
Жүректің қалыпты жұмысы қанның электролиттік құрамына да, атап айтқанда натрий, калий және кальций иондарының ара қатынасына байланысты. Қанда натрийдің мөлшері жоғарыласа, жүректің жиырылу күші артып, жұмыс ырғағы жиілейді, жүрек тонусы жоғарылайды. Бұл ионның мөлшері төмендесе, жүрек жұмысының ырғағы сиреп, жиырылу күші әлсірейді.
Калий иондарының шамадан артық мөлшері жүрек етінің қозғыштық, өткізгіштік, жиырылғыштық қасиеттерін нашарлатады. Мұндай жағдайда жүрек жұмысының ырғағы баяулап, жүрек диастола сатысында тоқтап та қалады. Қанда калий мөлшерінің төмендеуі де теріс әсер етеді.
Кальций иондары натрий мен калийдің кереғары (антогонис) болып табылады. Кальцийдің тапшылығы жүрек жұмысының ырғағын сиретіп, жиырылу күшін әлсіретеді. Кальций жетіспесе жүрек еті босаңсып, диастола сатысында тоқтап қалады. Кальций мөлшері шамадан артып кетсе, жүрек етінің қозғыштығы, өткізгіштігі, жиырылғыштығы артып, жүрек жұмысы жиілейді, тіпті жүрек систола сатысында тоқтап қалады.
Демек, жүрек қалыпты жұмыс істеу үшін натрий мен калий және осы иондар мен кальций иондары белгілі бір ара қатынаста болу керек. Олардың ара қатынасы өзгерсе, жүрек жұмысында ауытқулар байқалады. Бұл иондардың балансы минералды заттардың зат алмасуы бұзылғанда өзгереді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет