Несіпбаев Т., Исхан Қ. Ж., Несіпбаева А.Қ. ҚҰс физиологиясы



бет69/103
Дата25.11.2023
өлшемі0,92 Mb.
#126940
түріОқулық
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   103
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы-emirsaba.org

Ұрықтану процесі. Шағылысу актісінен кейін сперма жұмыртқалық жолға түсіп, шанақ бағытында жылжиды. Спермийдің жылжу жылдамдығы шәуеттің сапасына, рН деңгейіне және жұмыртқалық жол қабырғасы еттерінің жиырылу күшіне қарай өзгеріп отырады.
Тауықтарда шағылысқаннан кейін 1-2 сағат өткенде спермия қынапта, 5 сағаттан кейін жатыр мен мойнақта болады да, 72-75 сағаттан кейін жұмыртқалық жолдың шанағына жетеді. Шағылысу актісінен кейін 4-5 тәулік өткенде шанақ пен жатырдың аралығында көп мөлшерде спермийлер кездеседі. Тіпті 30 күннен кейін шанақта бірлі-жарым спермийлерді кездестіруге болады. Демек, сүт қоректілермен салыстырғанда құстар спермийлерінің өміршеңдігі өте жоғары. Кейбір жағдайларды шағылысудан 3-4 апта өткеннен кейін құстың ұрықтанған жұмыртқа туатыны байқалған.
Тауықта шағылысқаннан кейін 10-12 күн бойына ұрықтандыру көрсеткіші жоғары болады. Одан кейін ұрықтану мүмкіндігі күрт төмендейді, сондықтан мұндай жұмыртқаны инкубацияға жіберуге болмайды. Ал үйректерде шағылысқаннан кейінгі алғашқы 4-5 күнде шәуеттің ұрықтандыру қабылеті жоғарғы деңгейде сақталады да, 10-13 күннен кейін ол толық жойылады.
Жұмыртқа торшасының ұрықтануы жұмыртқалық жол шанағында овуляциядан кейінгі 15-20 мин аралығында жүреді. Егер осы аралықта жұмыртқа ұрықтанып үлгермесе, онда цитоплазмада қайтымсыз өзгерістер жүріп, жұмыртқа ұрықтанбай қалады.
Спермийдің жұмыртқа торшасына ену механизмі өте күрделі. Спермий жұмыртқамен жанасқаннан соң аналық торша қабығына жабысады да, ол плазмаға ене бастайды. Бұл процесс акросома (масақ) көмегімен онда жүретін күрделі өзгерістердің (акросомалық реакциялардың) нәтижесінде атқарылады. Спермийлер жұмыртқамен жанасқан соң оның бас бөлігінің плазмалық және сыртқы акросомалық мембраналары бір-бірімен бірнеше жерден жабысады да, сарыуыз қабығын ерітетін лизин бөлінеді. Одан әрі спермий жұмыртқаның плазмалық (сарыуыздық) мембранасына бас жағының бүйір бетімен жабысады. Осыдан кейін спермий құйрығының қимылы тиылып, торшалардың плазмалық мембраналары бірігеді де, спермийдің басы плазмаға енеді.
Ол плазмаға спермийдің тек бас бөлігі өтеді де, оның ядросы аталық пронуклеуске айналып, аналық торша ядросымен қосылады. Осы мезгілден бастап хромосоманың диплоидты жиынтығы қайта қалыптасып, спермий мен жұмыртқа бір торшаға - зиготаға айналады. Спермий енген соң жұмыртқа торшада жаңа құрылым – центросома (торша орталығы) пайда болады.
Құстың жұмыртқа торшасының ұрықтануы кезінде оған бірнеше спермийлер енеді. Мұндай құбылысты полиспермия деп атайды. Тауықтарда жұмыртқа торшасына орта есеппен 20-60 спермий енеді, бірақ оның ядросымен тек бір ғана спермийдің ядросы бірігеді, ал қалғандарын цитоплазма сіңіреді де, олар ұрықтың дамуына қажет қоректік заттар және энергия көзі ретінде пайданалынады.
Сонымен, екі гамета қосылғаннан кейін хромосомалардың толық жиынтығымен сипатталатын ұрықтанған торша (зигота) пайда болады. Ұрықтану зиготада күрделі физика – химиялық және биохимиялық өзгерістер тудырады: плазманың тұтқырлығы артып, тотығу-тотықсыздану процесі күшейді, жылу түзу қарқындайды. Жаңа шыққан жұмыртқада ұрық гаструланың (ұрықтың қосқабатты даму сатысы) алғашқы сатысында сақталады. Сыртқы орта температурасының төмендігімен байланысты жұмыртқадағы ұрықтың дамуы уақытша тоқтайды. Егер жұмыртқа қолайлы жылылық пен дымқылдыққа тап болса, ұрықтың дамуы әрі қарай жалғасады.
Эмбрионның даму кезеңі (инкубация кезеңі) құстарда әртүрлі: тауықта ол 21 күн, үйректе, күрке тауықта - 28 күн, қазда - 31 күн, кептерде 16-18 тәулік. Күрке тауықта аналық торша ұрықтанбай-ақ партеногенездік бөліну нәтижесінде дамуы мүмкін.
Құстардың жыныс бездерінің қызметі нейрогуморальдық бақылауда болады. Көбею мүшелері симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелермен жүйкеленеді, демек оларға орталық жүйке жүйесі осы вегетативтік жүйкелер арқылы әсер етеді.
Жұмыртқалау процесін реттеуде гуморальдық факторлар маңызды рөл атқарады. Ол гипофиздің, аналық бездің, қалқанша бездің және басқа ішкі секреция бездерінің қатысуымен жүреді. Аналық без қызметін реттеуде гипофиздің гонадотроптық гормондарының маңызды зор. Фолликуланы жандандырушы гормон аналық торшаның дамып жетілуін, ал лютеиндеуші гормон овуляция процесін реттейді. Өз кезегінде бұл гормондардың бөліну қарқыны жүйке жүйесі арқылы реттеледі. Реттеу тетіктерінің үйлесімді әрекеттерінің арқасында сарыуыз жұмыртқалық жолдың белоктық бөлігінде болған кезеңде келесі овуляция процесі жүрмейді. Жұмыртқа жұмыртқалық жол мойнағынан өткенде пайда болған тітіркеністің орталық жүйке жүйесіне, гипоталамуске және гипофизге еткен әсерінің салдарынан келесі овуляция басталады.
Аналық безде жұмыртқалық жол қызметін реттейтін стероидты гормондар түзіледі. Аналық без гормондары сонымен қатар жұмыртқалық жолдың кілегейлі қабығының эпителийлік торшаларының қызметін реттеп, оның бездерінің дамуын жақсартады. Бұл процестерде андрогендер де маңызды рөл атқарады.
Құстың жұмыртқалағыш қабілетіне күннің ұзақтығы күшті ықпал етеді. Жарық көру органы арқылы эпифиз бен гипоталамус-гипофиздік жүйе қызметі күшейеді де, гипофизден бөлінген гонадотроптық гормондар жыныс бездерінің әрекетін жандандырады.
Құстың жұмыртқалағыштығын арттыруда оларды дұрыс және тиімді азықтандырудың да маңызы зор. Жұмыртқалау кезеңінде құстарда зат алмасу процесінің қарқыны жоғарылайды, организм шығыны артады. Сондықтан құстар азық құрамында қажетті мөлшерде қоректік заттар қабылдау керек. Сонымен қатар олар қабылдаған қоректік заттар жеңіл қорытылып, оңай сіңетін күйде болғаны жөн.
Жыл маусымының кейбір кездерінде құс организмінде зат алмасу процесі күрт өзгереді. Мысалы, жыныстық белсенділік артқан маусымдарда қораздарда газ алмасу күшейеді. Мекиенмен салыстырғанда қоразда зат алмасу 20–30 пайызға жоғары болады. Жұмыртқалау маусымы алдында мекиендер бауыры үлкейіп, оның белок түзу қабілеті артады. Осы кезде қан құрамында кальций мөлшері 2–3 есе өседі. Овуляция кезінде қандағы қанттың, кальцийдің және фосфолипидтердің мөлшері жоғарылайды. Сонымен қатар басқа да қосылыстардың алмасуы күшейеді.
Бақылау сұрақтары. 1. Құстарда аналық торша мен жұмыртқалық жол қызметінде қандай ерекшеліктер байқалады? 2. Овуляция процесі қалай реттеледі? 3. Жұмыртқа қалай пайда болады? 4. Құстың жұмыртқалағыштық қасиетіне қандай факторлар әсер етеді? 5. Аталық құстардың жыныс мүшелері қалай құрылған?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   103




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет