Невада-Семей
Қазіргі ғасырдың келбеті – тарихта орын алған оқиғалар мен системалардың нәтижесі. Бүгінге өмірлік стиліміз, өмір сүруге қолайлы немесе қолайсыз жағдайлардың барлығы да өткен замандағы оқиғалардың көрсеткіші. Бүгінгі Қазақстан Республикасының дәл қазіргі тәуелсіз өмір салтына жету жолы көптеген тарихи маңызды оқиғаларды құрайды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы және әлем елдерінің назарын аудартқан ауқымды оқиғаның бірі – «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы. Осыдан 34 жыл бұрын орын алған бұл қозғалыстың тарихтағы орны өте зор. 2023 жылдың ақпанынан 34 жылды артқа шегіндіріп, дәл сол уақытқа көз жүгіртіп талдау жасап көрейік.
Ақпан айының 25-ші жұлдызында, 1989 жылы сағат 17:45 – те «Невада-Семей» қозғалысы ресми түрде басталған болатын. Аталмыш оқиғаның басты мақсаты Семей қаласындағы ядролық сынақ жүргізуді тоқтату болды. Бұл бастаманы қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов Алматы қаласында бастап, халықаралық «Жасыл әлем» ұйымына , «Адамзатты аман алып қалу» Комитетіне үндеу оқып, сауатты және жоғары деңгейде жүргізген еді. Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде, мен үшін де бұл оқиғаның маңызы зор. Менің ойымша, адамзат құндылықтарының ішіндегі ең басты нәрселер – адамзаттың рухани және физикалық тұрғыдағы саулығы. Семей полигонында 40 жыл бойы жүргізілген сынақтар адам баласын жоғарыда көрсетілген екі құндылықтан да шектеп, өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әсер етті деп есептеймін. Біріншіден, тарихи деректерге сүйенер болсақ, Семей полигонында 459 жарылыс болып, ашық ауада 88 сынақ жүргізіліп, жер астында 3 рет бомба жарылған екен. Бұдан бөлек, 1953 жылы 12 тамызда бүкіл әлем бойынша алғаш рет термоядорлық құрылғы сынақтан өткізіліп, 1955 жылы 22 қарашада жер үстінде сутегі бомбасы сынақтан өткізілген. Мұндай сынақ әлем тарихында алғаш рет КСРО -да жүзеге асқан болатын. Жоғарыда көрсетілген жарылыстардыңбарлығы адамды түршіктіріп, қорқыныш сезімін ұялатады. Бұл оқиғалардың барлығы Семей қалсы тұрғындарының рухани жай-күйіне қатты әсер етпей қоймады, себебі полигонда болған ең алғашқы жарылыс жергілікті халыққа ескертусіз жасалған болатын, сондай-ақ әр жыл сайын 14-18 сынақ өткізіліп отырған. Мұндай жағдайлардың барлығы халықты үнемі үрейлендіріп,дәрменсіздікке алып келді. Жарылған бомбалардың дауысын үнемі есту тұрғындар үшін күнделікті соғыспен пара-пар болып, оларды қалжыратты. Сонымен қатар, ауа-райының жарылыстың әсерінен ұдайы өзгеруі де адамдардың психологиясына, көңіл күйіне, денсаулығына әсер етпей қоймады.
Екіншіден, сынақ аймағын радияциялық тексеруден өткізген кезде, ол аумақтағы радиоактивті және химиялық заттардың мөлшері нормадан асып кеткендігі анықталды. Соның салдарынан адам ағзасына зиян заттар топырақты, егістікті, мал жайылымдарын, суды ластаған. Оның нәтижесінде, адам организміне де зиянды заттар түсіп, түрлі ауруларға алып келді. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, полигонға жақын орналасқан Жаңасемей, Шұбартау, Таскескен, Ақсуат, Мақаншы, Үржар, Көкпекті, Жарма,Аягөз, Абай,Бесқарағай, Семей қаласы, Шар, Жаңашүлбі аудандарының халықтары сәулеге ұшыраған. Бұл аймақтардың халқы тұқым қуалайтын ауруларға ұшырап, жас жеткіншектердің ерте жаста қайтыс болуы кең тараған. Қатерлі ісік, сүйек тіндерінің аурулары, қан құрамының бұзылуы сынды аурулар да халық арасында көптеп кездескен.
Жоғарыда келтірілген мысалдар мен фактілерге анализ жасай отырып, «Невада-Семей» қозғалысының тарихта қандай рөл алатынын түсінуге болады. Адам қолынан адамды талқандау үшін жасалған бұл сынақтардың нәтижесі Қазақстан халқының 1,5 миллионнан астам азаматының өміріне зардабын тигізді. (О.Жанайдаров Менің елім – Қазақстан. – Балауса баспасы,2003) Қазіргі таңда отыз жылдан астам уақыт өтсе де, оның зардаптарын әлі күнге дейін сезініп келе жатқан адамдар бар. Бүкіл әлеммен салыстырғанда, дәл Қазақстан халқы сияқты алапат зардап шеккен ел жоқ деп айтуға келеді. Тарихи цифрлар мен статистикаларға сүйенер болсақ, жүргізілген әскери сынақтардың саны өте көп және оның барлығы да адамзатты талқандау үшін жасалған. Әлемде адамның жауы тек қана адам, бүкіл әлемді талқандайтын да, көркейтетін де адам баласы екенінің айқын дәлелі осы оқиға деп айтуға болады. Онкологиялық аурулар, қатерлі ісіктер мен туа бітті дерттер бірнеше ұрпақтардың өмірін жалмап, өмірлеріне өшпестей із қалдырды, соқырлық пен әртүрлі ісіктер қаншама адамды бақытты балалық шақтан айырды. Дене мүшелері кем болып туылу, ақыл есіндегі кемшілік сынды жан түршігерлік аурулардың барлығы Семей полигонында жүргізілген сынақтардың нәтижесі. Ең өкініштісі, ол проблемалардың барлығын шешетін, жауап беретін, түбегейлі зерттейтін адамның жоқтығы. Сынақтар тоқтатылып, бомбалардың үні өшсе де, зардап шеккен халықтың жан айқайы оңайлықпен тоқтай қоймайды. (Журнал Арай 1988 №10)
Невада-Семей» антиядролық қозғалысы бүкіл әлемнің назарын аударып, Қазақстан халқының толық қолдауына ие болды. Миллиондаған қазақ азаматтары бұл мәселені шешуге атсалысып, қолдарынан келгенше көмек беруге дайын болды. Халықтың бірлігінің арқасында, 1989 жылға жоспарланған 11 жарылыстың орын алуы тоқтатылды. «Невада-Семей» қозғалысы тек Қазақстанды ғана емес, Жапония, Ресей, АҚШ-та болды. Елді тыныштығынан айырған, үй ішіндегі ыдыстардың сынып, жиһаздардың өздігінен қимылдағанын көрген халық үшін «Невада-Семей» қозғалысының нәтижелі аяқталуы өте маңызды еді.Халықтың қолдауы мен әлем елдерінің бірігуінің арқасында «Невада-Семей» қозғалысы өз мақсатына жетті. Әлем бойынша ең үлкен болып табылатын сынақ алаңы жабылды, атом қаруынан бастарту туралы іс-шаралар жүргізіле бастады. Нәтижесінде, 1991 жылы 29 тамызда Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлықты жариялады. «Менің қаулыммен Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. Бұл дата – ғаламдық және әлемдік масштабта тұрақтылық пен келісімді достық пен жемісті түрде нығайтудың рәмізі іспеттес. Бұл шешім Қазақстан жерінде сансыз қасірет пен шығынға әкелген жүздеген ядролық жарылыстарға тоқтау қойды.” Н.Ә. Назарбаев қозғалыстың нәтижесін осылай бағалайды .( Тұңғыш президенттің 1992 жылғы мамырдағы № 779 жарлығы) Табандылықпен және тұрақтылықпен жүргізілген қозғалыс нәтижелі аяқталды. Қозғалыс аяқталған соң да іс аяқсыз қалған жоқ, одан соң да көптеген жұмыстар жүргізілді. Сынақ алаңдарында зерттеулер жүргізілді, халықтың тұруына жарамдылығы қарастырылып, адамға зияны тиетін заттардан тазарту жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы кезекті экологиялық зерттеу жұмыстары аяғына жетті. Ғалымдар полигонның жартысынан көп бөлігінің адам өмірі үшін қауібі жоқ екенін дәлелдеп, ол жерлерді еш кедергісіз шаруашылық үшін пайдалануға болатыны туралы қорытынды шешімге келді. Сынақ салдарын жою мақсатында жұмыстар жүргізу 9 жылға жоспарланған. Ғалымдардың пікірі бойынша, полигон алаңын толықтай қалпына келтіру мүмкін емес, сынақ қалдықтары жер құрамында қалады, сондықтан ол жерге аяқ басуға тиым салынады. Қарапайым халық үшін күш біріктіріп, бүкіл жауапкершілікті өз мойындарына ала білген қоғам қайраткерлеріне зор тағзым. Өздерінің сауаты мен білімін, іскерліктерін пайдалана отырып халықты осыншама ауыр жағдайдан алып шықты. (Н.Ә.Назарбаев Бейбітшілік кіндігі. – Астана Елорда, 2001)
Адам баласының күші, білімі көп нәрсеге жетеді. КСРО-ның атом бомбасын жасаушы ғалымдарының осындай қасіретті іс үшін өмірлерін және білімдерін арнағаны өте өкінішті. Атом бомбаларын жасауға бөлінген қыруар қаржы мен күш әлемдегі басқа да күрделі мәселелерді шешу үшін жұмсалса бүкіл әлем халықтары зардапсыз бақытты өмір сүрер еді. «Невада-Семей» қазіргі ұрпақ үшін көп нәрсені дәлелдейді. Еліміздегі ауқымды проблемаларды шешу әрбіріміздің қолымыздан келетіндігін, өзіміз үшін, ел проблемалары үшін жауапкершілікті алуды үндейді. 40 жылға жуық зардап шеккен қазақ жері тозып, өте ұзақ жылдар бойы жарылыстар мен дүмпулерге шыдап келді. Қазақ даласының осындай зардаптан өткені ұмытылмауы тиіс. Біз - тәуелсіз ел жастары және еліміздің болашағы ретінде осындай оқиғалардың бәрін оқып зерттеуге, өзіндік анализ жасауға міндеттіміз. Әрбір орын алған оқиғаны сүзгіден өткізіп, нәтиже жасай алуымыз керек.
«Невада-Семей» қозғалысы қазақ жерінің улануы мен халықтың зардап шегуін тоқтатты. Олжас Сүлейменовтың бастауымен жүзеге асқан бұл жоба ел тарихындағы ең қасіретті оқиғалардың есігін мәңгілікке жапты. Біздің мақсатымыз-мұндай қасіреттің екінші рет қайталануына жол бермеу. Біз үнемі ізденісті болуымыз керек, әр саладан хабардар болып, өз ісіміздің шебері болуға тырысуымыз тиіс. Бізге берілген аманат біздің жеріміз. Оны сақтау үшін, халыққа зиянды заттар орын алмас үшін біз тер төгуіміз керек, патриоттық сезімімізді жоғалтпай, тарихи оқиғалардан үлгі алып, оларды жете түсінуге тырысуымыз тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |