1.2 Қазақ тіліндегі гендерлік зерттеулер тарихы
Қазақ тілі негізіндегі гендерлік лингвистикалық зерттеулер тарихын үш кезеңге бөліп қарауға болады.
1.2.1 Қазақ тілінің гендерлік қырының этногрфиялық пайымы
Кез келген халықтың гендерлік болмысы ғасырлар бойы қалыптасады, дамиды. Қазақ халқының гендерлік болмысы да ғасырлар жемісі. Қазақ тіл білімінде гендерлік фактілер бұрын да назарға іліккен, атап айтқанда, тұңғыш ағартушы, зиялыларымыз Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин т.б. ғылыми-этнографиялық еңбектерінде ескеріліп отырған.
«Қазақтардағы шамандықтың іздері», «Қашқария туралы жазбалар», «Сахарадағы мұсылмандық туралы» т.б. ғылыми-этнографиялық еңбектерінде қазақ және басқа түркі халықтарының мәдениетіне энциклопедиялық талдау жасалған. Солардың ішінде жыныстың мәдени-әлеуметтік мәнін айғақтайтын тілдік деректер мол. Мәселен әйел тілінің дәстүрленуін ол былай түсіндіреді: «Қазақтарда от – үйдің киесі, шамшырағы, сондықтан да жаңадан түскен жас келіншек үлкен үйдің отына тағзым етуге тиіс. Бұл салт моңғолдарда неке қию үрдісінде жасалады.Моңғолдарға қарағанда, қазақтарда отқа табыну үрдістері ұмытыла бастағаны сезіледі. Жаңа түскен жас келін әуелі өз отауына кірмес бұрын, атасының үйіне кіріп, тағзым етуі тиіс, содан соң қалыңдық атасының отына бір қасық май тамызуы керек. Бұл ырым-кәдені «отқа май құю» дейді. Жас келін сәлем еткенде, «аруақ риза болсын» деп тізе бүгіп, еңкейіп «От ана, Май ана, шапағатыңды тигізе көр!» дейді. Отқа тамызған май жанып жатқанда, жас келіннің жанындағы әйелдердің бірі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды. Үлкен үйдің отының құрметіне деп, қалыңдық атасының иығына шапан жабады, осы кезде отағасы ошақ жақтағы тулақты нұсқап, жас келінге отыр деген белгі беріп: «иін қандырып илеген тулақтай мінезің жұмсақ болсын қарағым» деп батасын береді [3, 158], - дейді ғалым. Ш.Уәлиханов зерттеулерінде гендерлік атаулар да кездеседі. Мәселен рухы бар, жоталы әйелдерді Елті деп атайтындығын тілге тиек етеді. Яғни ғалымның топшылауынша олар өзінің сиқырлық өнерімен, адамдарды еліту, ұйыту – бар сана-сезімін билеп алушы, өзіне бағындырушы. Елті сөзінің шығу төркіні де қазіргі тіліміздегі еліту деген сөздің түбірнен екендігін айтады [3, 158].
Осы тәрізді ғылыми-этнографиялық бағалы мәліметтер Ыбырай Алтынсарин еңбектерінде де кездеседі. Ол өзінің біраз еңбектерін қазақ халқының салт-дәстүрлік ерекшеліктерін зерттеп, этнографиялық очерктер жазуға арнады. Ы.Алтынсариннің «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрлерінің очеркі» мен «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очерктері» атты еңбектері бастан-аяқ гендерлік фактор ескеріле отырып жазылған [4, 91-99]. Ол қазақтардың өлген адамды жерлеу дәстүрін сөз еткенде, өлген кісінің әйелі, қызы, анасы, апа-қарындастарының дауыс айтып жоқтауы, бейіт тұрғызу (бейіттің ауыл төңірегіндегі ең биік қыраттау, суға жақын жерге тұрғызылатыны, еркектердің моласының төбесіне найза, әйелдердің моласына бақан немесе пішпек қою) рәсімдерін т.б. баяндаған.
Достарыңызбен бөлісу: |