О. Б. Бермаханов филос.ғ. к., қауым профессор міндетін атқарушы


Дәріс 29.30. «Мәңгілік Ел» және «Рухани жаңғыру» – жаңа Қазақстан философиясы



бет57/76
Дата07.01.2022
өлшемі0,96 Mb.
#19035
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   76
Байланысты:
философия лекция

Дәріс 29.30. «Мәңгілік Ел» және «Рухани жаңғыру» – жаңа Қазақстан философиясы

1.Кеңістік-уақыттық континиумдағы «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» категориялары.

2.Қазіргі Қазақстандағы жаңғыру үдерісі: әлеуметтік-саяси, экономикалық, мәдени қырлары.

3.Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары. Рухани жаңғыру.

4.XXI ғасырда ұлттық сана-сезімді қалыптастыру мәселесі.

5.Еуразияшылдық және Қазақстан дамуы.

6.Еуразияшылдықтың әлеуметтік-мәдени, идеологиялық және геосаяси негіздері.

7.Адам және қоғам өміріндегі идеалдар, нормалар, заңдылықтар логикасы мәні болу шарт.

8.Қазіргі тандағы глобалдық проблемалар және әлеуметтік болжамдар. Құндылықтар жүйесі туралы түсінік.

9. Ғылыми техникалық революция және болашақ проблемалары. Футурология.


Негізгі мақсаты: Мәңгілік Ел ұғымының тарихи формада талданып, қарастырылуы. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Сананы рухани жаңғырту. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат ету. Дала өркениетінің ұланғайыр кеңістігінде ежелден қанат жайған бұл мәдени ұғымға тоқталып талдау. Өмір мен өлімнің өзегін жалғап, қуаласаң сағымдай созыла жеткізбей діңкеңді құртатын Уақыт, Кеңістік атты шексіз ұғымдардың философиялық маңыздылығын түсіндіру..

Негізгі түсініктер: Тәңір, алла, құдай, ұлттық код, ұлттық сана, ұлт сүйгіштік, ұлтжандылық, менталитет, тіл, жаһандану, мұрат, мақсат, тұлға, жаңғыру, рух.


Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық ұғымы. Бабаларымыздың арманы. ҚР  тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Елорда да асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды жария етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мемлекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. Мәңгілік Ел ұлттық ұғым дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз. Мәңгілік Ел ұлттық ұғымның негізгі мәні - мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық ұғымдарын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Философиядағы рухтың абсалюттілігі, шексіздігі сол рухты сақтап қалатын сананың идеялогиясындағы жоғары деңгейді ұғындыратын қасиет екеніне ешкімнің де таласы болмас еді. «Мәңгілік ел» бағытының иделогиясы осы құндылықтың кепілі болса керек. Ұлт өз бойындағы құндылықтарды сақтап қалу үшін қызмет етеді, ал қоғам өз толқынына ғана қызмет жасайды. Заманның талабына сәйкес адамдардың танылған қажеттілігінен қалыптасқан еркіндік ұлт үшін емес сол қоғамның сұранысы үшін қызмет ететін қауіптілік бар, ендеше адамның санасын тәрбиелеуді мақсат еткен бұл идеология ұлт үшін де, билік үшін де тиімді. Философия өз құндылықтарын уақыт өте келе қозғаушы күштің ырқына байланысты өзгертуі мүмкін И.Г.Гегельдің «Философия ойда ұсталған дәуір»- деп қарастырған ой механизмінің сұранысына не белсенді қызмет етсе (дін, өнер, ғылым) соған байланысты адамның ой жүйесінің іске қосатын қоғамдағы механизмі де қалыптасуы қажет. Жаңашыл идея қоғамға қозғалыс береді.

Ал тарихи жаңарған идея қоғамдағы қозғалыстың күшіне құндылық әкеледі. Уақыт өте келе халықтың дүниетанымы атадан балаға берілген ақпаратты әр кезеңнің өз талабымен құндылығына жақындастыра қабылдап, өз жадысындағы көне ақпаратты меңгерген жаңа ұғым, өзіндегі жаңашыл бір оймен қоржынын байыта түспесіне кім кепіл. Егер адам тәрбиесі отбасынан бастау алса азаматтық қоғам оны әрі қарай жалғастырады. Себебі қоғам өмірі адамның әрі қарай дамуына, оның шын мәніндегі адамдық қасиетінің қайнар көзін ашуға мүмкіндік туғызады. Өйткені, мемлекет- әрі обьективті, әрі қажетті, әрі әділдікті көздейтін мекеме.

Мемлекет шын мәнісінде адамгершілікпен парасатқа сүйенген ұжым болуға тиіс. Бұл идеяда мораль мен адамгершіліктің арақатынасын айқындайтын диалектика өмір сүреді. Жетпіс жыл бойы кеңес қоғамындағы адамдардың көбі тек социалистік және коммунистік моральдің, қағидалардың негізінде тәрбиеленгенін айқын көріп отырмыз. Ал енді зерделі парасаттық қасиеттердің ұзақ жылдар бойы адамдарымыздың, әсіресе, жастарымыздың бойларына дарымағаны өкінішті-ақ. Сондықтан болар олардың арасында өз ұлтының тарихын, салт-санасын, ана-тілі мен әдебиетін, мәдениетін білмейтіндер көптеп кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, парасаттылықпен адамгершіліктің, имандылықпен ізгіліктің біздің жастарымызға тәлім-тәрбие беруге өзек бола алмағаны, олардың арасында мәңгүрттіктің өріс алғаны белгі беруде. И.Г.Гегель диалектикасында парасат зерде арқылы бұл мәселені дұрыс шеше алатынын және адамның рухани дүниесін өзгертіп, жаңарта алатынын дәлелдеп береді. Халық жадысында өткеннен бүгінге дейін өмір сүрген, сақталған бұл идея сана мен ойдың тұтастығын ұстанады. Сондықтан да қоғам үшін, сол қоғамдағы адам үшін, өз бойындағы құндылығын жоғалтпаған ақпарат замана талабына сай қызмет етуге өміршең келетінін елбасының білікті саясатынан байқауға болады. Халық даналығын ұстап тұрған идея қазақ халқының өмір сүру философиясындағы өзегі деп айтуға болады. «Мәңгілік ел» бағытының ішкі мазмұнында үнемі дамып, өзгеріп, жаңарып, қайта жаңғырып отыратын құндылықтар өмір сүреді.

Адамның танымы өзі өмір сүріп отырған қоғамының жемісі, Бүгінгі жастардың мәңгүрттігі өз ортасының айқын көрінісі Ел басы жолдауында мемлекеттің болашағын тұғырлы ету, жастардың танымын рухани тәуелсіз, еркін, өміршең абсолютті негізде қалыптастырып, жауапкершілікті адамның өз танымынан бастағысы келіп отырғанын байқауға болады. «Мәңгілік Ел»- ұлттық дүниетанымның басты бағыты және қайнар көзі. Әлемнің заңдылығы ішкі мәніне байланысты құбылмалы болады, сондықтан да оның ескіруі, дамуы, өзгеруі не қайта жаңаруы өз мазмұнына байланысты болады. Бүгінгі дүниетанымның орналасу картинасы антропогенездің үдерісі көп жағдайда абстракциялы ойда қалыптасқан, атақты француз философы Пьер Тейяр де Шарден былай тұжырым жасайды: «адам эволюцияның өзегі мен шыңы болып табылады, адамның кілтін табу, демек әлемнің қалай құрылғанын және қалайша ары қарай құрылуы тиіс екенін білуге ұмтылу деген сөз». «Мәңгілік ел» бағытының бүгінгі қоғам арқылы өткен мен болашақты талдауы, ұлт санасына сіңіскен менталды ұғымдардың қайта бір, жаңа қырынан жаңғыруы деп айтар едім. Бұл идеологияда ұлттың өмір сүру тәжірибесінің әлеуметтік мәдени коды кісіліктің кілтінде ендеше орта қалыптастырған құндылықтар маңызды болып. Дәл осылай қалыптасқан идеядағы азаматтық қоғам, кез-келген қоғамнан рухы мықты азаматттарды тәрбиелеп, өсіруге қауқарлы екенін мемлекет басшысы дәлелдеп отыр. Философиялық танымда рациональды идеяға сүйенген дүниетаным болмақ. Ұлттық құндылық санадағы ұлттық болмыстың жиынтығы, дүниеге көзқарастың, тіл, дін, салт- дәстүрдің, тәрбиенің өзектілігінің халық жадысында мықты сақталғаны және сақтап қалатын мықты имунитеттің күшінде. Ендеше тарихи ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ақпараттың бойында сақталған, өмір сүретін құндылықтың бар болуы.

Адам мәнінің құндылықтарындағы ұғымның бірі иррационалист философ А.Шопенгауэр тұжырымында қарастырылғандай «өз ырқының қызметшісі» соған айналуы тиіс деп көрсетіпті. Адам кез келген қоғамның талабына тәуелділікті емес өз ырқымен келген ынталану мен сүйіспеншілікті сезінуі керек. «Мәңгілік ел» бағыты қоғамды өз талабына сай өз ырқынан қалыптасқан ортаға бейімделуіне танымы жағдай жасайды. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытында әрекет еткен сана тек өзіндегі эго үшін емес, халық игілігіне ортақтастырылған мүддеге қызмет ететін сананы қалыптастырады. Бұндай сананың қызметі қоғамның дамуына бірден бір себепші болады. Ұлттың мүддесін ойлаған сана құндылықтарында, ел мәңгі өмір сүретін өміршеңдікке ие болады, бұл уақыт әрі кеңістік категориясынан ұтымды деп ойлаймын. Ұлттық иделогияның құндылығын, мәнін, маңыздылығын сақтап қалады. Егер мемлекет өз еркіндігін, тәуелсіздігін жігерлі болуын қамтамасыз еткісі келсе, халық ұғымындағы сананы қалыптастыру керек және қоғамда демократшыл еркін ой өмір сүруі қажет екенін ескерген дұрыс. Ұлт құндылығын ойлаған сана арқылы, сауатты әрі салауатты қоғам қалыптасады. Бұл Елбасының сауатты саясаты екеніне ешкімнің күмәні болмаса керек. Ел ішіндегі ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету халықтың татулығы мен ынтымақтастығынан келіп шығады. Кез келген қоғамның толқынына еріп кетпей тойтарыс бере алатын халық жадысындағы фильтрацияның жоғары болуы, іштей тазарудың бар екеніндігін, құндылық әрекетімен сақталған құндылық бар және ол өзек болып сақтала беретінін мойындаған ақылды сананың саясаты. Адам философиясының өмір сүру бағытында индивидтің жеке дамуы қоғамдық қатынастардың бүкіл жиынтығын өз бойында жинақтауына, игеруіне және оны жүзеге асыруына байланысты қалыптасады.

Әлеуметтенген қоғам адамдардың өңделген образындағы қоғам. Әлуеметтенген орта адамды тәрбиелеймін деп ойлайды, бірақ адам өзіндегі құндылықты сол әлеуметтенген ортаға ұсынады. Ендеше адамның өз танымындағы құндылық, сол адамның өз игілігі үшін қызмет етеді. Рухани сілкініс арқылы ұлт өз құндылығын басқа ұлт арасында жоғары қоя алады. Сондықтан да ұлттық тілде сөйлеу, ұлттқа тән дәстүрді ұстану, ділдік құндылықтарды сақтап қана қоймай, әлеуметтенген қоғамда ұлт құндылығын бойға сіңістіре отырып өмір сүру қажет.Ғылымсыз пендені сөзінің ой үнінен, дыбысынан яғни жүрек, ақыл, қайратын шамалауға болады. Үнде шындық болмаса, сөзде жан болмайды. Жансыз сөз ақылға айналмайды. Шындық ұят, қазақтың әр сөзінде қызыл қуат ұяттың үні жасырылған. Шындық жер анамен таңба арқылы жалғанып, қуаты жүректің соғысын қалыптастырады. Сөздің үнінен ұят жоғалса, жүректен жылу, сүйспеншілік, махаббат азайып жоғалады. Қан қарайып жынды әсершіл, шайтандық азғындыққа құштар болады. Қандайда адамзаттың меңгерген білімінің философиялық «софия» мақсаты, түсінігі болу керек. Еуроцентристік көзқарас бойыншатүркі тілдес халықтардың ынтымақтастығына деген сын айтушылар көп. Түркі интеграциясын Т. Рысқұлов пен М.К. Ататүрік бастаса, кейін нақты практикалық шараларды қолға алған ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шешуші саясаты өз жемісін берді. Н.Ә. Назарбаевтың түрік халықтарының бірлігін нығайтудағы тарихи рөлінің қаншалықты маңызды болғанын аңғаруға болады. Қазақстан Халықаралық «Түрксой» ұйымына қолдау көрсетіп, түрік дүниясының барын бағалап, жоғын түгендеуге жол сілтеді. Бұл жерде Тоныкөк негізін салған «Мәңгілік ел» идеясын қалпына келтіруші, жандандырушы Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ халқына славяндық кириллица емес, түркі тектес бауырларымыз қолданатын латын қарпіне көшудің қажеттілігін айтты. «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз» — деп түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарады

Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Орхон өзенінің бойында Түрік қағанатының Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын арнайы полиция(тұрғақ деп аталған) және оған қоса тұрақты әскер (шерік деп аталған) пайдаланылды. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберде он-оқ Түркештер тұрды. Қырғыздар, Кидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды. Осы үш шеңбер тұтас империяны қорғап тұрды. Түріктер осы 3 шеңберді орнатып болған соң, «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдейді. «Мәңгілік ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты- Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Көне тарихтан бастау алған бұл ұғым түркі ұлтына ортақ идеямен ұштаса отырып барынша бүтін бір танымның бастауы болып танылмақ.

Елдің армандағаны азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекеттілікті сақтау болса, осы жолда қаншама алаш зиялылары тәуелсіздік үшін күрес жолын жалғастырды. Жетпіс жыл тарихы бар кеңестік кезең өзіндік тарихи ғасыры бар қазақ елін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттерге тойтарыс беріліп, «қазақ жері» деген ұғымның сақталып қалу жолында ерен еңбектері атқарылды. Қазақ халқының тарихында ғұндардан бастау алатын «Мәңгілік ел» идеясын тасқа қашалған Орхон-Енесей жазбаларынан бастап қайда барса көрге кезіккен Қорқыт ата мен өмір бойы жерұйықты іздеп өткен Асан қайғы бабамыздан кездестіруге болады. Осы ойшылдардың философиялық дүниетанымында да мәңгілік ел болуға ұмтылған, мәңгілік ел орнатуды арман мен мақсат тұтқан құштарлық жатқанын байқауға болады. Сол дәуірдегі ұлттың арман, тілектеріне айналған ұғым болғанын мойындайды. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді.

М. Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйінін аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқыт философиясы тағдыр деген фатальды сенімге негізделген ұғымды түсіндіреді. Өлімнен қашу, одан қорқыныш үрейін тудыру бұл адамның неғұрлым өмірді ұғынудың талаптарын тануға шақырады. Адам өз өмірінің мәнін тану үшін өлімді дұрыс қабылдау керек. Адамдар неге өлімнен қашады себебі онда белсенділігінен айырылған категория өмір сүреді, ол енжар ұғым. Өлім, ауру адамды барынша өмірден бездіріп, бейтарап әрекетке алады, яғни адамда шарасыздық пайда болады. Қорқыт өлімді талдау арқылы адамдарға өмірдің мәңгілігін түсіндіреді. Өмірдің мәні- оны сүре білетін әдісінде болса, өлім де өмірдің бір қыры, жалғасы деп таныған ой дұрыс болып табылмақ.

Өмір мәнді де, мазмұнды болу үшін, кез-келген үдерісті тану,түсіну, қабылдау қажет. Ал өлім сол өмірдің бір жалғасын тапқан белесі. Қорқыттың мәңгі өмірді іздегені, өз тағдырынан құндылық іздеп адамдар мәңгілік өмірді тани алатынын дәлелдеу деп түсіну керек. Өлімді де ақтап алу керек, яғни адамның жай ғана тағдырына төтеп бере алмайтын әлсіздігінен туған өлім бұл қорқыныштан, үрейден пайда болған өлімнің болмысы. Шын мәнінде өлім деген ұғымның өмір сүрмейтінін адамдар түсіну қажет. Рухани әлемнің мәңгі өмір сүретінін шығармашылық, өнер арқылы көз жеткізуге болады. Өмірдің мәні рухтанған дүниенің құндылығында ұғынылады. Мәңгілік Ел бағытындағы адам өмірінің мәні неғұрлым тарихи мазмұнға бай ұғымдардан пайда болады. Ол дұрыс қабылданған ұғымдардың талдауы мен танылуынан түсіндіріледі. Қазақ философиясының хандық дәуіріндегі халықтық мұң-мұқтажын жеткізе білген, ұлт тоқырауын тоқтата алған, өзінің экзистенцияналды философиясындағы өмірдің мәнін болашақтың жарқын үлгісі арқылы утопиялық идеяны ұлт санасына сіңістіре алған жырау болды. Асан қайңы- елдің ертеңінің жарқын, еркіндігі мен бақытының баянды болғанын армандап, қазақ жерінің түкпір-түкпірін аралап, жайлы қоныс табудың жолын іздеген данышпан. Ойшылдың идеясында елді орнықтыратын жайлы мекен тауып, елдің мәңгілігін жаңғырту болды. Асан қайғы- елдің ертеңінің тәуелсіз идеясын таныта отырып, күш пен энергия сол жолдың бар екенін, іздеуден адамдар үміт үзбей, утопиялық әлемге сенді. Мәңгілік Ел идеясы —қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатынына сенуге болады. Қазіргі кезде, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген түркі тілдес мемлекеттерді жақындастыру саясаты, елімізді Орталық Азияның көшбасшысына айналдыру идеясы өз жемісін берді. Елбасының түркі әлемін біріктіру, экономикалық және мәдени салаларды тығыз байланыстыру тарихи түркі интеграциясы жолындағы қызметінің, мақсаттарының бірі — экономикалық ынтымақтастыққа негізделген.

Еуразиялық кеңістікті пассионарлық қасиет қайта оянуда. Түркі мәдениетінсіз, түркілік санасыз, түркі тарихынсыз Еуразия кеңістігін елестету мүмкін емес. Ежелгі түркілер, сақтар мен скифтер, ғұндар мен қыпшақтар Еуразияның ен даласын еркін қоныстанған. Бүгінгі түсінікпен алғанда, Алтын Орданы да Еуразиялық мемлекет деп атауға болады. Біздіңше, Шыңғысхан идеялық тұрғыда ұлы түркілік идеяны көтеріп, қос мұхиттың арасын мекендеген халықтың жадындағы тарихи сананы қайта жаңғыртқан.

Көне түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясы үш негізден тұрады: оның біріншісі — көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» идеясы, екіншісі — Әл-Фарабидің «Қайырымды қалада» философиялық шығармасында, әсіресе, бұл идеяның теориялық-методологиялық тұрғыдан тиянақталуы және үшіншісі — Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты Білік» дастаны. Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» жария етіледі. Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр.



«Мәңгілік Ел» концепциясын тек тарихи ұғым емес, сонымен бірге әлеуметтік-саяси маңыздылығы жоғары прогностикалық бағдарлама десекте болады. Себебі бұл концепцияның негізінде адамзат өміріне маңызды құндылықтарды көруге болады. Құндылықтарды тарих философиясы тұрғысынан қарастыру халықтың тарихи санасының құныдылықтық мәнін ашуға мүмкіндік береді. Яғни, тарихи санадағы құндылықтық бағдарлануды түсіну оның қайта жаңғыруына мүмкіндік береді. Себебі, әрбір тарихи кезең өзіндік құндылықтар жүйесін жинақтаумен ерекшеленеді және ол қоғамның тарихи дамуында ұрпақтан ұрпаққа трансформацияланып қалыптасады. Құндылық жөніндегі мазмұндаулар осы проблемалардың қазіргі мәнін түсінуге, зерттеу нысанасы мен практикалық мәнділігін білуге мүмкіндік береді. Әлеуметтанушылар үшін құндылық - әлеуметтік субъект, қажеттілігі бар, маңыздылығы айқындалған норма дейтін болсақ, әлеуметтанушы Б.Ерасов зерттеуінде құндылықтар былайша топтастырылады:- өмірлік құндылықтарға: өмір, денсаулық, тән, қауіпсіздік, жақсы жұмыс, адамның денелік хал-ахуалы, тоқтық, тыныштық, сергектік, күш қуат, төзімділік, өмір сапасы, қоршаған орта т.б.;- әлеуметтік құндылықтарға: статус, әлеуметтік орта, бедел, еңбек, байлық, кәсіп, тәртіп, отбасы, бейбітшілік, еркіндік, т.б.;- саяси құндылықтарға: сөз еркіндігі, азаматтылық, Ата заң, т.б.;- моральдық құндылықтарға: жақсылық, игілік, махаббат, борыш, намыс, шыншылдық, ақ ниеттілік, парасаттылық, ізеттілік, ар-ұят, мейрімділік, бақыттылық, т.б.;- діни құндылықтарға: сенім, дін, иман, құтқару, тозақ, жұмақ, періште, әулие, т.б.;- эстетикалық құндылықтарға: әсемдік, әдемілік, мұрат, стиль, үйлесімділік, өнер, әдебиет, поэзия, дәстүршілдік, мода, мәдениет, т.б

Құндылықтар адамның сезімін оятып, іс- әрекеттің себеп-салдарын анықтап, адам мен қоршаған ортаны байланыстыратын буын, рухани болмыс. Берілген құндылық түрлерін зерттеушілер өздерінің зерттеу объектісі тұрғысынан ұсынғандығын көруге болады. Кез келген қоғам мен мәдениет өзіндік құндылықтар жүйесіне ие және ол жүйе қоғамның, мемлекеттің бірегейлігін, тұрақтылығын, өзіндік даму жолын көрсетеді. Құндылықтар жүйесі белгілі бір тәртіпке негізделіп қорғалатындығын және қоғам мен мемлекет тарапынан қуатталатындығын көрініс береді. Кешегі қазақтың ежелгі мекені Ұлы Дала, қазіргі Мәңгілік ел - Қазақстан шетсіз де шексіз. Алтайдан Каспийге дейін созыла сұлап, Батысы Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріскейін ала көсіліп жатқан осынау Ұлы даланың жері де Ұлы, тылсым терең тарихы да Ұлы, өскелең ұрпаққа деген Ұлағаты да Ұлы.  Түп-тамыры түркіден тарайтын ортақ Дала өркениетінің ұланғайыр кеңістігінде ежелден бастап-ақ гүлдене қанат жайған бұл мәдени үрдіс Қазақстанның қазіргі шекарасымен ғана шектелмесе керек. Өмір мен өлімнің өзегін жалғап, қуаласаң сағымдай созыла жеткізбей діңкеңді құртатын Уақыт, Кеңістік атты шексіз ұғымдардың философиялық маңыздылығын арта түседі. Еуразияның Ұлы даласында қым-қиғаш із тастап, оны арлы да берлі тынымсыз шарлаған, үш мың жыл бойы көші-қон күн кешкен көшпелілер сол өмір, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігіне орай төлтума өнер мен мәдениет қалыптастырған. Олардың көне тарихы бірде аттың жалында, жойқын қақтығыстар барысында қалыптасса, енді бірде түйенің қомында, мамыражай тірлік жағдайында өмірге келген. Оның қай-қайсысы болса да, сол көшпелілердің соңғы тұяғы, ұштығы көз алдында тұрған ХХI-ғасырдың басына дейін жеткен қазақ халқының тарихына өшпес белгі қалдырған. Қазақ елі, қазақтың ұлттық мемлекеттілігі – алдымен тілге, соңыра ділге, ақырында елге, түбінде ерге негізделген. Шын мәнінде, қазақ сөзге ұстамдығы мен беріктігінен бұрын, Сөз патшалығына бас ұрып, сыйлай да тыңдай да бiлген, сөзге тоқтай да алған халық! Сол арқылы ел мен ердің ойы мен бойында сан ғасырлап сұрыпталып, сомдалып, шыбын жанындай еніп, қасық қанындай сіңген құндылықтар жүйесі қалыптасып шыққан.  Атақты Асан-қайғы абызға құлақ ассақ, хандардың алды Шыңғыс, соңы да Шыңғыс. 1224 жыл мен 1459 жыл аралығында Алтын орда мен оның қиынды ұрпақтарында Ноғай, Құтлық Темір, Едіге сынды мырза, әмірлерді қоспағанда 60-қа жуық хан билік еткен екен. Мұны бір деп белгілейік. Екіншіден, Қазақ хандығында кейіннен шашау кеткен ұлыстарды қоса алғанда, 35-тей хан болған. Оның 22-сі тек қазақтың өз хандары (бірқатар зерттеушілер қазақ хандарының саны 17 деп есептейді). Жалпы, Керейден бастап соңғы Бөкей сұлтанға дейін қазақтың үш жүзінде 97 хан болғанға саяды (7-нің аты-жөні белгісіз).  Айта кетейік, күні бүгін Қазақстан территория көлемінен түркі тілдес елдердің арасында ең алдыңғы орынға ие. Мәлімет үшін б.д. 552–603 жж. астанасы Орда-Балық болған Түркі қағанатының территория көлемі шамамен 9 млн шаршы км. құраған, қазіргі Қазақстанның жер көлемі бойыншы әлемде 9 орынды иеленіп отыр. Ең қызығы, көрсетілген аралықта Ұлы Түркі қағанатында тоғыз қаған билік еткен: Бумын, Қара Еске, Мұқан, Төбе, Әмрек, Баға-Ышбар, Жағбу-Баға, Үн-Ұлуқ, Қара-Шорын қағандар.  Көптеген тарихшылар Қазақстан территориясында шамамен 20 шақты мемлекеттік құрылымдар немесе мемлекеттілік сипатындағы тайпалық одақтар болған дейді. Алайда, бұл қатарға түрлі себептермен кірмей қалған мемлекеттік құрылымдар жетерлік. Мысалы, сарматтар, аландар, хазарлар... Біздің есебімізше, сонау сақ дәурінен бері Ұлы дала 24 мемлекеттілікті бастан өткеріпті. Соңғысы - Қазақ хандығы. Оның тікелей тарихи мұрагері - Қазақстан Республикасы – жиырма бесінші. Ал биыл оның Тәуелсіздігіне жиырма бес жыл.  Әлбетте, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы мәңгі күресі тек хан-сұлтандармен шектелмек емес. Әйтпесе – тарихқа қауіп, халыққа қиянат. Қазақ хандығы мен бүгінгі қазақ мемлекеттігінің кіндігін жалғап жатқан не нағыз құбылыс десеңіз, ол - көне көмбелер, жазба жәдігерлер, «Алтын адам» және Жалаулыдан табылған қолөнерінің асқан үлгілері, көк түркінің оймақ жазуы, Күлтегін-Білге, Бумын және Істемі қағандардың Алтайдан Қарақорымнан Каспийге дейінгі қиым-қуыт соғыстары, Қорқыттың күйік күйлері, Аристотельдің шығыс шәкірті атанған Фарабидің («Ұстаз ас-сани») туындалары, Қашғаридің «Түркі сөздігі», Баласағұнның «Құтты білігі», Яссауидің сопылық ілімі, Жошы мен Алашаханның көркем мазарлары, Асан-қайғының ақылгөйлігі, Қазтуған мен Ақтамбердінің жорық жырлары, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің өздері, Сырым батырдың сөздері, Махамбеттің отты өлеңдері, тарихымызды танытамыз, ұлтымыздың ұлылығын ұрпаққа ұлағат етеміз деп жүріп, кеңестік саясаттың құрбаны болған арыстарымыз Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіппек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедұлы, Санжар Асфендияров, Мухамеджан Тынышпаев, Ермұхан Бекмахановтардың «қалың қазақ» пен «қара баланың қамы» үшін елім деп етегі толып еңіреп жүріп атқарған саяси еңбектері... Бұл тізімді әрі де соза беруге болады. Алдыңғы арыстарымыздың асыл өнегесін жалғастыру үшін алтын көпірлік қызмет атқаруға коммунистік өктемдік тұсында да ақиқатты ашып айтқан ақберен кемеңгерлеріміз табылмай қалған жоқ. Мұхтар, Қаныш, Әлкей сияқты ағаларымыздың әрқайсысы бір-бір академия арқалайтын жүкті ғасыр соқпағынан сүрінбей алып шықты десек, тіпті де асыра сілтегендігіміз емес.  Есімдердің әр әрпі алтынмен жазуға тұрарлық сондай асылдарымыздың арқасында тарихымыздың тамыры суалған жоқ деп білген ләзім. Ықылым заманнан бері қай елдің елдігін, халықтың халықтығын танытатын белгілерінің бірі – хан болсын, қара болсын, маңдайына біткен тума дарынды перзенттерін бағалай алу, қадірлей де қастерлей білу. Оның көбісі - Сырдария, Талас, Шу өзендері бойындағы ежелгі қалалардың, Тараз, Сайран, Сауран, Сығынақ, Орда, Сарайшық сияқты көшпелі елдің отырықшы орталықтары қол жеткізген мәдени жетістіктер. Бұл тек белгілісі, белгісіз қаншама? Егер орта ғасырлық Қазақстан территориясында қыруар қала болғанын есте ұстар болсақ, бүгінгі мұражайқорымыз бәлкім он есе, жүз есе көп болар...  Отырарды айтсаңшы! Қазаққа құдай бұйырған кең байтақ сахара сары дала Батыс пен Шығыстың арасын өзімен де, сөзімен де жалғап жатырған болса - Ұлы Жібек жолымен Ұлы далаға ұлы ілім де келген. Бір заманда күллі мұсылман әлемін тәмсандырып, арғы-бергі аты белгілі батыс ойшыл-оқымыстыларының ілкі Александрия кітап қоймасындай таңдайын қақтырған Отырар кітапханасы.

Тақырыпты пысықтау сұрақтары:

  1. Мәңгілік Ел және Ұлы Дала категориялары.

  2. Рухани жаңғыру.

  3. Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары. Рухани жаңғыру.

  4. XXI ғасырда ұлттық сана-сезімді қалыптастыру мәселесі.

  5. Еуразияшылдық және Қазақстан дамуы.

  6. Адам және қоғам өміріндегі идеалдар, нормалар, заңдылықтар логикасы мәні болу шарт.

  7. Қазіргі тандағы глобалдық проблемалар және әлеуметтік болжамдар. Құндылықтар жүйесі туралы түсінік.

  8. Ғылыми техникалық революция және болашақ проблемалары. Футурология




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет