Флорасы
Облыстың дала белдемінде, негізінен, бөрте жусан, бетеге, селеу және жіңішке қоңырбас, қозықұлақ, сарыбас беде, бұйырғын, жебіршөп, борпылдақ шөп, т.б. жазық жерінде қараған, тобылғы, итмұрын, қыраттарында жатаған арша, ырғай, тасжарған, т.б. бұталар өседі. Грунт суы таяу тауаралық өлкелер мен өзен аңғарларының жайылмаларын бидайық, шалғындық көде мен түлкі құйрық сияқты өсімдіктер жапқан. Қарқаралы, Кент, Қу, Бақты, Қызыларай, т.б. гранитті тауларда қарағай, ал олардың сайларында қайың, көк терек, өзен бойында түрлі тал, шілік өседі. Облыстың шөлейт белдемінде бетеге, селеу, т.б. түрлі шөп пен эфемерлер өседі. Шоқылардың тастақты беткейлерінде жусан басым. Шоқыаралық ойыстарда түрлі бұта кездеседі. Ұлытау, Қараағаш, Бектауата тауларында қайың, көк терек, қандыағаш, оңтүстігіндегі шөл далада жусан мен әр түрлі сораң шөп тараған.
Фаунасы
Облыс өңірін арқар, елік, бөкен, қарақұйрық, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, аққұлақ, ақкіс, сасық күзен, ақ тиін, қоян, сарышұнақ, суыр, қосаяқ, көл қамыстарында жабайы шошқа, ондатр; құстардан дуадақ, тырна, құр, шіл, бүркіт, кезқұйрық, қарақұс, күйкентай, безгелдек, үкі, жапалақ, қасқалдақ, қаз, үйрек, шағала, т.б. су құстары мекендейді. Көлдері мен өзендерінде мөңке, оңғақ, лақа, алабұға, торта, шортан, аққайран, көкбас балықтары бар. Балқаш көлінде ақ амур, ақмарқа, табан, тұқы, жайын, көксерке, қаяз, пілмай жерсіндірілген.
Достарыңызбен бөлісу: |