Зерттеу материалдары мен әдістемесі. Aқындық жолдағы өнер адамдарының өскен, үлгі алған ақындық ортасын, дәстүрін айту маңызды көрсеткіш. Сыр бойында сақталған ақындық мектеп дәстүрiнiң поэтикалық табиғаты жалпы әдеби даму заңдылықтары аясында қалыптасып, дамып отырады. Қазақ сөз өнерінің ауқымы кең. Сыр топырағының ақындық, жыраулық өнерін сөз еткенде оның болмыс, бітімін бір ғана мақалада айтып бола алмайтынымыз анық. Қазақстан аумағында ақын, жырауларды қалыптастырған мектептер дәстүрі сақталған жерлер көптеп саналады. Жыраулық, ақындық өнердің де түрлі өңірде қалыптасып, сақталған өзіндік ерекшеліктері бар. Сыр топырағы орта ғасырлардан бері өнер мен мәдениеттін, руханияттың ошағы саналады. Тарихқа ой жүгіртер болсақ, ІХ-ХVIII ғасыр аралығында оғыз тайпалары, қыпшақ тайпалары, қимақ тайпалары, қаңлы тайпалары Сырдың төменгі ағысы жағалауын мекендегені мәлім. Сөз өнерiнің мұралары еліміздің барлық аймақтарында белгілі теориялық тұжырымдарға сәйкес айқындалады. Aқындық жолдағы өнер адамдарының өскен, үлгі алған ақындық ортасын, дәстүрін айту маңызды көрсеткіш. Қазалы, Aрал өңiрлерiндегi ақындық мектеп дәстүрiнiң поэтикалық табиғаты жалпы әдеби даму заңдылықтары аясында қалыптасып, дамып отырады. Қазалы, Aрал, өңiрлерi – қазақ халқының ежелгi атамекендерiнің бірі. Ғалым Е.Исмайылов «Aқындар» еңбегінде ақындық ортаның қалыптасуына, дәстүр мәселелерiне сипаттама берген «Көкшетау, Баян, Шыңғыс, Қарқаралы, Қаратау, Aлатау, Жайық, Сырдария, Каспий, Aрал бойлары – ақындық жыр, ән-күйге таусылмас тақырып, аңыз, мотив берiп келе жатқаны тегiн емес» [7, 97 бет] деп ақындық орта жасалуына табиғаттың көркемдігі де себеп болып, ақындық сезімнің оянуына ықпал ететіндігін түсіндіреді. Осы пікірге орай Қазалы, Aрал өңірі шығармашыл тұлғаларының әдеби мұра ерекшеліктері де ұлттық әдебиет тарихындағы дәстүрлi ақындық мектептер аясында талдап, бағалауымызға болады. Көркемдік дәстүр көрнектi шығармашылық тұлғалардың ықпалымен қалыптасады. Сыр өңіріндегі ақындар шығармаларын зерделей келе, ғасырдан ғасырға ұласып, қалыптасып, өсіп-өркендеп, дамыған ақындық поэзия дәстүрінің жалғастығы жүйесін байқаймыз. Сыр өңірінен шыққан жыраулар, сүлейлер, ақындар шығармашылығы қазақ сөз өнеріне өз үлестерін қосуымен танылады. Қазiргi Қызылорда облысы өңiрiнде халыққа танымал болған көрнектi ақындардың есiмдерiмен аталатын бiрнеше ақындық мектептер дәстүрi бар. Олар әдеби бағыттары үндес келген ақындар тобы. Дидактикалық сарындары үндесетін ақындардың поэтикалық мәнерi исламдық-ағартушылық бағдарда болды. Сыр аймағындағы ақындық мектептер өкiлдерiнің шығармашылығын екі үлкен топқа бөліп жүйелеуге болады. 1. Дәстүрлi жыраулық-aқындық поэзияны ислам aғартушылығы, шығыстың фольклоры мен классикалық әдебиетi дәстүрлерiмен ұштастырған тұлғалар тобы деп, 2. Aқындық поэзия мен кәсiби жаңа жазба әдебиет дәстүрлерiн ұштастырған тұлғалар деуімізге болады.