интериоризациялау (лат. interior — ішкі), яғни адамзаттың тарихи қалыптасқан саяси тәжірибесі, оны игеру, оның элементтерін қазіргі ұрпақтардың, казіргі әлеуметтік топтардың саяси тәжірибелерінің мәселелеріне сәйкес жаңашаландыру, тәжірибені олардың саяси іс-әрекетіне қажетті психикалық қабылдау, саяси приоритет, дағды элементіне айналдыру негізінде ғана айналады. Саяси тәжірибені игеру мен пайдаланудың негізгі мәселесі — оның уақыт пен кеңістіктегі субъектіден субъектіге берілуі. Саяси идеяларды, теорияларды, көзқарастарды, принциптерді құратын, тәжірибені сөздер, ұғымдар мен терминдер көмегімен адамзат санасына сіңіретін саяси ой саяси тәжірибенің трансляциялық формасы. Саяси идеялар саяси ойдың орталық элементтері болып табылады.
Саяси идея — шоғырланған (концентрацияланған) саяси ой. Ол, сонымен қатар практикада базалық саяси элемент ретінде іске асуыменде мәнді. Идея ұғымнан жоғары, өйткені идеяда ұғым нақтылықпен бірлікте көрініс табады деп Гегель жайдан-жай айтпаса керек. Міне, осы саяси нақтылықпен байланыс саяси идеяны саяси тәжірибенің шығармашылық элементі ететіндіктен саяси ойды саясаттың шығармашылық элементі деп есептеуге болады. Саяси идеяның саясат субъектілерінің өте кажетті мүдделерімен байланысы, сондай-ақ осы процесте идеяларды саяси іске асыру және реттеу процесі саяси идеяға күш, өміршеңдік, динамика береді.
Саяси идеяларды жүйелі түрде жасақтау саяси практиканың концептуалды негізін анықтауға мүмкіндік беретін, стратегиялық мақсатын анықтайтын, стратегияның тактикасын түйістіретін, бағындыратын саяси теориялар есебінен жүргізіледі. Саяси идеялар, теориялар, концепциялар саясат субъектілері ретіндегі адамдар санасын жандандырады және жеткілікті деңгейде олардың саяси жүріс-тұрысқа ықпал етуші саяси көзқарастарының мәнді компоненттері ретінде көрінеді. К. Маркс айтқандай: "...теория бұқараны билеп ала салысымен-ақ, материалдық күшке айналады".
Саяси идеялар, теориялар, концепциялар саясат құрылымы мен саяси практиканың рационалды аспектілері болып саналады. Бұл рационалды аспект ғылыми білімдер жүйесі түрінде танылып көрінуі мүмкін. Осы білімдер негізінде бүкіл саясатты, оның барлық құрылымдық элементтерін, саясат субъектілерінің саяси мәдениетін көтеруде, олардың саяси жүріс-тұрысына саналы түрде ықпал етуде, қызмет атқарып отырған саяси мәдениетті демократияландыруда, демократияны кең көлемде институциаландыруды іске асыруда, институттардың, формалардың, жүріс- тұрыс акцияларының идеалды моделдерін анықтауда ұтымды пайдалануға болады және оларды саяси сфераға енгізу негізінде саясатты және оның құрылымдық элементтерін жетілдіре түсуге болады.
Алайда, саясаттың, саяси практиканың "ахилл өкшесі" тәрізді осал тұстары да бар. Ол субъектілік. Бұл субъектілік ешқандай рационалды өлшемге сыймайды, ол саясат пен саяси практикаға субъектілік даралық пен ситуативтілік беретін қайталанбас сәтке ие. Сондықтан саясат өнер деп те есептелінеді. Өйткені саясат — жасампаздық сферасы, онда тек білім ғана емес, сонымен бірге қиял, субъектінің интуициясы, оның өз бетінше шешім қабылдай алу қабілеті, еркі, субъектінің батылдығы, төтенше жағдайларға кіре білу ептілігі және одан шыға білу қабілеті іске асады. Міне, осының бәрі саяси іс-әрекетті шығармашылық процеске, өнерге айналдырады.
Саясаттың құрылымдық элементтеріне бүкіл мемлекеттік аппарат пен оның ұйымдарының формалары, әрекет ету әдістері мен оған пайдаланатын күш-құралдар кіреді. Аппарат басқару ісін кәсіби тұрғыда жүргізуі қажет. Баскару аппаратының маңызды мәселелері — басқару объектісін, оның жағдайын, даму тенденцияларын білу. Бұл билік шешімдерін жоғары басқарушылық нәтижесіне жеткізу үшін кажет.