Қазақ халқының ұлттық болмысы ғасырлар бойы қалыптасып, бекем орныққан, сондықтан да ол қазақ рухын небір күйзелістерден аман алып келе жатқан айрықша қасиетке ие. Халқымыздың сол қасиетін танытатын формула күллі материалдық байлықтан адами құндылықты биік қоятындығымен ерекшеленеді. Өйткені бағзы заманда әділеттілік, адалдық, шыншылдық және ахлақ (мораль) дәулет атаулыдан әлдеқайда артығырақ бағаланатын. Бірақ заман ауысты, бір кездері құбылмалы саясат билеген уақыт ыңғайынан туындаған кемшіліктер кейіннен үлкен дертке айналды. Құндылықтардың өзгеруі және сол орайда, шынын айту ләзім, билік буындарына жеке басының байлығын жасап алғандар ғана барады деген ұғымның пайда болуы психиканы аздырды. Бұрындары «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» делінетін, барша игіліктен арды, ұятты, ахлақты жоғары қоятын қазақтың өмір сүру ережесі қатты өзгеріске ұшырады. Тиісінше ұлттың этикалық қоды бұзылды немесе бұзылып бара жатыр. Салдары – бүгінгі қоғамның барлық саласын жайлаған сыбайластық пен сыбайлас жемқорлық, көпке түсініктірек тілмен айтқанда – коррупция. Коррупция жықпылдарымен еркін шарлауға машықтанғандар үшін әділдік пен ар-ұяттың іс-әрекетке бақылаушы яки тежегіш бола алмайтыны аныққа айналды. Тілге тиек етіп отырған бағдарламалық мақала осы құбылыспен күресуге шақырады, адамгершілік ұстынымызды нығайтуға мегзейді.