ОҚУШЫЛАРДЫҢ МАТЕМАТИКА ПӘНІНЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ
Балжанова А. М. (Ақтөбе)
Оқушылардың математикалық ой өрісін дамыту, пәнге деген қызығушылығын ояту математикадағы басты проблеманың бірі. Әр сабақ мұғалім ізденісінің жемісі. Күнделікті сабақтағы бір сарындылық оқушылардың ынтасын, қызығушылығын жоғалтады. Сондықтан сабақты түрлендіріп, ойын сәттерін қолданып өткізсе, сабақтың мазмұны ашыла түседі. Өйткені ойын оқушы бойындағы жақсы қасиеттерді қалыптастыруға, әлеуметтік өмірдегі процестерге өзінше баға беру мен пайыздай алушылыққа үйретіп, адамдармен қарым-қатынас жасауға тәрбиелейді, зейіні артып, есте сақтау қабілеті дамиды.
Осыдан мұғалім алдында тұрған күрделі міндет - саналы ойлайтын оқушыны, ертенгі күні қоғамда өз орнын табатын жеке тұлғаны тәрбиелеп шығару. Осы тұрғыдан алғанда түрлі әдістемелік жүйе, әдістер мен тәсілдер мектепте математика пәнін оқыту үрдісіне енді. Осы технологияларды, атап айтқанда Ж.Караевтың «Деңгейлеп оқыту технологиясы», В.В Давыдовтың «Дамыта оқыту технологияларының элементтері», «Блум таксономиясы» т.б. сынып оқушыларының білім денгейін ескере отырып таңдау жасадым. Негізгі мектеп болғандықтан оқушылардың саны аз, ата-аналардың әлеуметтік жағдайы төмен, қаладан шеткері орналасқандықтан оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында математика сабақтарында ойын әдісін пайдаланамын. Соның нәтижесінде бірнеше маңызды мәселелерге қол жеткіздім. Біріншіден, оқушылар ойын кезінде бір-бірімен тең құқықтылыққа ғана қолы жетіп қоймай, бір-бірімен қарым-қатынастары артып, ұнамдық қасиеттері дами түсті; екіншіден оқулықта берілген материалды қызығып, ынта-жігерлерімен оқитын болды, бұл оқушылардың білімді сапалы меңгеруін қамтамасыз етті, үшіншіден оқушылар арасында бәсеке пайда болды, оқушының жеке тұлғалық қасиеттері қалыптаса бастады, төртіншіден ынтасы төмен оқушылар ойын кезінде өте белсенді жұмыс жасады. Сондықтан сабақты ойын тәсілімен өткізу, мектептегі білімнің жеке бағыталу негізі болып табылады. Өйткені ойын кезінде оқушылар тең құқықтылыққа ғана қолы жетіп қоймай, алдыңғы қатарлы, әрекетшіл болып басқаларды өзіне тартатын мүмкіндікке ие болады. Түйіндеп келгенде мұғалім балалар ерекшеліктерін – мінез, темперамент, ұжымдық тәртіп, ерік, т.б. жағдайларын ескеріп ұйымдастыруы қажет және ойынның мақсатын, міндеттерін, мазмұны мен жүрісін анықтау керек. Мұғалім ойынды ұйымдастырушы, ойынның мазмұны жөніндегі ақыл-кеңесшісі, балалардың даулы нәрселерін шешіп беретін әділ төрешісі, сонымен бірге ойын барысында олардың жолдасы бола алады.
Ойынның атқаратын міндеттері: эмоциялық дәрежесінің мүмкіндігін арттырады және шаршағанды басып сергітеді, баланың өзіне және басқаларға деген қатынасы өзгеріп, психологиялық көңіл-күйін өзгертуге көмектеседі.
Оқушының қуанышы мен реніші ойында айқын көрінеді. Ойын кезіндегі оқушының психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады, эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, өзін-өзі еркін ұстау қабілеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі оқушының жан-дүниесіне әсер етіп, оның рухани адамгершілік сезімінің дамуына ықпалын тигізеді [2]. Ойынның тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С. Макаренко былай деп жазды: «Бала өміріндегі ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскен соң жұмыста да көп жағынан сондай болады». [1,c 65].
Сондықтан келешек қайраткерді тәрбиелеу ең алдымен ойыннан басталады.
Оқушылардың қызығушылығын арттырудың бір көзі-математикалық ойын элементтерін қолдану, өйткені математикалық ойындар-сыныпта жүргізілген жұмыстардың ең қызықтысы. Ойынның қандай түрі болса да балаларды өзіне тартады. Мен сабақта қолданған әрбір ойын жөнінде терең толғанып, оның тәрбиелік маңызын түсінуге тырысамын. Оқушыларға сұрақты қысқа, түсінікті етіп қоямын, ойын үрдісінде мүмкіндігінше ойынның бірнеше түрлерін кезектестіріп отырамын. Сыныптарда жаңа тақырыпты меңгерген кезде шағын топтармен «Брейнг-ринг», «Қарлыкесек», «Бақыттысәт» ойындарын қолданамын. Бұл ойындардың артықшылығы: оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігі дамиды, танымдық белсенділігі артады, психикалық процесі белсендіріледі, көңіл-күйі көтеріледі. Бұл ойындардың пайдасы: бірін-бірі тыңдайды, қарым-қатынас, тәртіптілік мәдениеті артады, топқа және бір-біріне деген жауапкершілік сезімі оянады. Ал қайталау, білімді тексеру, емтиханға дайындық сабақтарында, «Алтықалпақ», «Аквариум техникасы» сияқты рөлдік ойындардарының пайдасы зор. Мұндай ойындардың артықшылығы: әр оқушы өзіне берілген рөлді (Реалистер, Оптимистер, Пессимистер, Аналитиктер) жақсы ойнап, сол рөлдің маманы бола алады. Сабақта оқушылардың математика сабағына қызығушылығын, белсенді жұмыс істеуін, жылдам ойлау қабілетін арттыратын дидактикалық ойындардың да (математикалық эстафеталар, викториналар, кроссвордтар, ребустар, жұмбақтар) орны ерекше. Математиканың сан–алуан сырын, сандар әлемінің қызық құбылысын ойын элементтерімен өрнектеген сабақты қызықты, әрі ұтымды сабақ деп есептеймін. Мысалы: «Ақсүйек-көксерек» ойынында, әр топ бір-біріне сұрақтар қойып, жауап алады, «Бәйге» ойыны кезінде, әр оқушыға деңгейлік тапсырмалар беріледі, «Ақсүйек» ойынын ойнағанда, екі топ есептер шығару жарысына түседі. Сол арқылы жасырынған есептің шешуін табады, «Қазақша күрес» ойынын қолданғанда, екі топтың ең мықты екі оқушысы шығып тақтада проблемалық есептер шығарады. «Көрші-көрші» ойыны кезінде, екі топ өздері үйде дайындаған есептерін бір-бірімен алмасып шығарады. Тәжірибе бойынша шағын мектеп болғандықтан сабақтарымды ойын технологиясын пайдалана отырып, түрлендіріп өткізу жоғарыда аталған жетістіктерге септігін тигізеді және тиімді. Себебі, бір жағынан ол оқушылар өзбеттерімен тапсырмалар дайындап, оны өз сыныбындағы үлгерімі төмендеу оқушыларға орындаттырады. Сол уақытта ол оқушының сабаққа қызығушылығы артуымен қатар өзіне үлкен сенім жүктелгенін түсінеді.
Ойын барысында оқушылар өзара пікір алмасады, оқу материалын жылдам және жақсырақ игереді, қиындықтарды бірге шешеді. Мұндай жағдайда, барлық оқушылар алға жылжиды, білімдері терең оқушылардың тежелмеуін, білімі төмен оқушылардың алға ұмтылуына мүмкіндік береді.[3]
Әсіресе оқушылар әрбір жаңа тақырыптан кейін «Сен-маған, мен-саған» ойынын ойнағанды ұнатады. Бұл ойында оқушы өзі дайындап келген сұрағын жолдасына қояды, егер жолдасы дұрыс жауап бере алмаса, жауабын өзі айтып, қосымша ұпай алады. Өзара қатынасу, сөйлесу, адамтұлғасын, ақыл-ойын дамытудың маңызды факторы екені тәжірибеден көрініп тұр. Алғашқы кезде немқұрайлы, тақтадан көшіріп қана отырған кейбір оқушылар қазіргі жағдайда математика сабағына ынталы қатысатын болды. Дәстүрлі ұйымдастырылған оқу үрдісіне қарағанда ойынға қатыса отырып неғұлым аз шаршайды, өз қызметінен жағымды эмоциялар алып қанағаттанады. Себебі тиімді қолданылған ойын түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын, оқушылардың аса зор ықыласпен тыңдап, жемісті меңгеруіне әкелді. Оқушылар тез сергіп, тапсырманы жылдам, дұрыс орындайтын болды.
Жалпы қорытындылай келе, мектеп оқушыларына математика сабағындағы ойын- тиімді тәсіл екендігіне көз жеткізе отырып, мынандай қорытындыға келдік: математика сабағындағы ойын технологиясының пайдасы қазіргі кездегі математиканы терең меңгеруге, жаңа тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді, қызықты тапсырмалар мен жаттығулар түрлері білімді меңгерумен қатар, оқушылардың танымдық, ойлау қабілетін күшейтеді, күрделендіреді, соның әсерінен ойлау жүйесін дамытады, оқушылардың алған білімдерін тереңдетеді, сабақтың сапасын жақсартады, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы, сүйіспеншілігі артады.
Достарыңызбен бөлісу: |