Оқытудағы инновациялық технология – білім берудің жаңа сапасымен қамтамасыз етудің кепілі


БІЛІМ БЕРУДІ РЕФОРМАЛАУ ЖАҒДАЙЫНДА ОҚУШЫ ТҰЛҒАСЫН ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУДЕГІ ПЕДАГОГТАРДЫҢ КӘСІБИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ



бет55/668
Дата24.04.2022
өлшемі5,4 Mb.
#32069
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   668
Байланысты:
0af59d8244807d5f4ebcfd2f93068a1d

БІЛІМ БЕРУДІ РЕФОРМАЛАУ ЖАҒДАЙЫНДА ОҚУШЫ ТҰЛҒАСЫН ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУДЕГІ ПЕДАГОГТАРДЫҢ КӘСІБИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ
Мұратова К.М. (БҚО, Орал)
«Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардыңбойына білімге

негізделген этикалық игіліктер мен өнерлерді дамыту деген сөз»

Әл – Фараби
Соңғы жылдарда жүзеге асырылып жатқан қазақстандық білім беру жүйесін реформалау барысы азаматтық сана-сезімді, Отан алдындағы борышкерлік сезімін дамытуға ықпал ететін жағымды қатынастар мен құндылықтарды, қоғамды жаңғыртуға өз үлесін қосуға дайын әлеуметтенген тұлға қалыптастыру жұмыстарын мақсатты бағыттап, жүйелі жүргізуді талап етуде.

Білім беру ұйымдарында тұлғаны тәрбиелеу баланың өмірлік іс-әрекеті үрдісін педагогтың дұрыс ұйымдастыруы және бағыт беруі арқылы жүзеге асады. Сондықтан да педагог қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін арттырып, олардың педагогикалық, әдістемелік жағынан өсуіне бірден-бір үлес қосып жүрген біздің институт қызметкерлерінің де жауапкершілігі жылдан-жылға артуда деп ойлаймын.

Педагог қауымының педагогикалық технологияны игерудегі шығармашылық ізденістері оның кәсіби жетілуінің басты тетігі болып табылады. Өйткені, нағыз педагог болу үшін үнемі іздену, өз білімін заман талаптарына сай ғылыми-теориялық ақпараттармен толықтырып отыру қажет. Себебі, педагогикалық, психологиялық зерттеулерге сүйенсек, мұғалімнің жоғарғы оқу орынында алған теориялық білімі 5-6 жыл ішінде ескіріп, қайта жетілдіруді қажет етеді.

Тәрбие жұмысымен тікелей айналысатын мектеп педагогтары бойынша біліктілікті арттыру жүйесінің міндеті кәсіби мәдениетті қалыптастыру болып табылады. Ол өз кезегінде мектептегі сынып жетекшілер бірлестігінен бастап (шығармашылық қызмет тәжірибесі), аудандық (қалалық) әдістемелік кабинеттер (әдістемелік дайындық) және облыстық, республикалық біліктілік арттыру институттары (теориялық және әдістемелік дайындық) арқылы жүзеге асады. Бұлардың барлығының негізі педагогтың өз білімін жетілдіруі болып табылады. Жалпыадамзаттық және педагогикалық мәдениет субъектісі ретінде сынып жетекшінің ең алдымен өзінің педагогикалық мәдениетін жетілдіруге және тәрбиелік қызметін жүзеге асыруға деген мотивациясы (уәжі) болу керек. Екіншіден, өз білімін жетілдірудің мазмұны оның педагогикалық мәдениетінің деңгейіне сай келуі керек.

Отандық және шетелдік ғалым-зерттеушілердің (Б. Альмуханбетов, С. Коева, Н. Кибатаева, О. Абдуллина, В. Сластенин, Е. Белозерцев т.б.) еңбектеріне жүгінсек, біліктілік арттыру үрдісі көбіне сынып жетекшілері емес, педагогтарға, пән мұғалімдеріне қатысты қарастырылады.

Біліктілікті арттыру жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі теория мен практиканың өзара байланысын жүзеге асыру болып табылады. Осымен байланысты Е.Белозерцев проблемалық оқыту, пікір алмасулар мен іскерлік ойындар ұйымдастыру, жобалар жасақтау, тренингтер мен практикумдар, «дөңгелек үстелдер» өткізу, теорияны мектеп практикасында нақтылауға мүмкіндік беретін оқу міндеттерін пайдалану, педагогикалық жағдаяттарды моделдеу сияқты құралдарды атап өтеді. Бұның бірқатарын біз өз жұмысымызда пайдаланып та жүрміз.

Біліктілікті арттыру жүйесінің келесі бір өзекті мәселесі ең алдымен озық педагогикалық тәжірибеге жүгіну арқылы жүзеге асатын мұғалімнің шығармашылық әлеуетін көтеруболып табылады. Н. Посталюктің пікірінше озық тәжірибе бір адамнан басқа адамға сол күйінде берілмейді. Оны шығармашылықпен ой елегінен өткізіп, жалпы педагогикалық заңдылықтар мен механизмдер арқылы пайдалануға болады. Зерттеушілердің пікірінше, педагогикалық шеберлік мысалдары көбіне себеп-салдарлық байланыссыз, ондағы психологиялық-педагогикалық заңдылықтарға талдау жасалынбай, ақпараттық, таныстыру бағытында беріледі.

Біліктілікті арттыру жүйесінің келесі бір маңызды бағыты педагогтардың коммуникативтік мәдениетін, яғни қарым-қатынас біліктіліктерін дамыту болып табылады.

С. Елканов қарым-қатынас біліктіліктерін дамытудың үш әдістемесін ұсынады:

1) педагогикалық қатынасты моделдеу («педагогикалық ойындар»);

2) кіші топтардағы микросабақтар арқылы әрбір педагогикалық әдіс-тәсілді сынақтау және оған талдау жасау, талқылау (бейнежазба арқылы да болады);

3) өзгенің тәжірибесін пайдалану.

Біліктілікті арттыру жүйесінің функциональдық-мазмұндық құрауыштарының құрамы өзара байланысты келесі үрдістерден тұрады:



  • сынып жетекшілердің біліктіліктерін арттырудың әрбір деңгейінің мақсаты мен міндеттерін анықтау: республикалық, облыстық, аудандық (қалалық), мектепішілік;

  • сынып жетекшісінің педагогикалық мәдениет деңгейін, тәрбиенің өзекті мәселелеріне талдау жасау негізінде курстық дайындықтың мазмұнын жасақтау;

  • осы мазмұнды оқыту мен тәрбиелеудің неғұрлым оңтайлы формалары мен әдістерін қолдану арқылы сынып жетекшісінің жүзеге асыруы;

  • сынып жетекшісінің алған білімін практикалық қызметте қолдана білуі;

  • сынып жетекшісінің тәрбиелік қызметі мен педагогикалық мәдениет деңгейіне талдау жасау және нәтижесін бағалау.

Бұл жерде сынып жетекшілерін бөліп атап тұрған себебіміз – мектептегі оқушымен және ата-анамен тікелей байланыста болып, тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастырушы негізгі тұлға болғандықтан.

Жүйені ұйымдастырушы элемент сынып жетекшілерді жоғары кәсіби деңгейде оқытуды жүзеге асыруға қабілетті дәріскерлер құрамы болып табылады. Бұл орайда соңғы жылдарда тәрбие бағытындағы біліктілік арттыру курстарына қатысушы дәріскерлердің кәсіби деңгейлерінің биіктігі, іс-тәжірибелерінің молдығы, жаңашылдықтары туралы тыңдаушылардың жоғары бағасы мен жағымды пікірлері туралы мақтанышпен айта аламыз.

Шығармашылықты зерттеуші мамандардың көпшілігі шығармашыл педагог деп – ең алдымен келесі тұлғалық сапалар: ғылыми-психологиялық-педагогикалық ойлауымен, жоғарғы деңгейдегі педагогтік шеберлігімен, нақты зерттеушілік батылдығымен, дамыған педагогикалық интуитивтік сезімімен, алдыңғы қатарлы озық педагогикалық іс-тәжірибелерді саналы пайдалануға, өзін-өзі кәсіптік тәрбиелеуге қажеттілігімен ерекшеленетін педагогтарды айтуға болады дейді. Біздің мақсатымыз – осы бағытта педагогтарға әдістемелік көмек көрсетіп, олардың кәсіби өсулеріне, өзара іс-тәжірибе алмасуларына жағдай жасау.

Соңғы жылдарда мектеп мұғалімдері оқушыларға сапалы білім беруде кеңінен зерттеп және практикада қолданып жүрген жаңа технологиялар оларды тәрбиелеуде де өз жемісін беріп жүргені сөзсіз. Тек оларды біз көбіне тәрбиелеу емес, оқыту технологиялары ретінде білеміз. Мысалы, Ш.А. Аманошвилидің негізгі идеясы – ынтымақтастық педагогикасы. Ол оқушыны мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап өз бетімен жұмыс істеуге, ізденуге баулу қажет деп есептейді. Бұл қазіргі таңда мектеп оқушылары мен жастар арасында кеңінен танымал әлеуметтік жобаларды дайындау үшін ең қажетті адами сапалар емес пе? Бұған жобалау технологиясын қосыңыз.

В.Ф. Шаталов та оқушының өз бетімен жұмысына зор мән береді. Педагог-ғалым әр оқушының дербес дара ерекшелігін білу – гуманитарландыру идеясының негізі деп есептейді. П. Волковтың негізгі идеясы балалар үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану және балалардың барлық қабілеттерін дамытуға тиімді жағдай туғызуды жүзеге асыру. Бұл қазіргі таңда өзекті болып отырған балалардың бос уақытын тиімді пайдалану және оларды қабілеттері мен қажеттіліктеріне қарай қосымша біліммен қамтамасыз ету мәселесіне назар аудару қажеттігін меңзейді. Бұл балалар арасында құқықбұзушылық пен зиянды заттарды пайдаланудың алдын алудың бірден-бір жолы екендігі айтпаса да түсінікті.

Қазақстандық педагог Қ.Айтқалиевтің негізгі идеясы – ынтымақтастық педагогикасын жүзеге асыру, оқу-тәрбие үрдісін демократияландыру және мектеп қабырғасында кәсіптік бағдарға жете мән беру. Бұл да негізінен тәрбиелік іс-шаралар арқылы шешімі табылатын мәселелер.

Л.В. Занков, Д.Б. Эльконин, В.В. Давыдов технологиялары танымдық қызығушылыққа, Г.К. Селевко технологиясы – өзін-өзі жетілдіру қажеттілігіне,

И.С. Якиманский – тұлғаның жеке жұмыс іс-тәжірибесіне негізделген. Қай технологияны алсақ та, оқушылардың танымдық күштері мен шығармашылық қабілеттерін дамытады.

Тәрбие бағытында өз кәсіби біліктіліктерін арттыруға келетін облыс педагогтарымен курс барысында кеңінен пайдаланылып жүрген арттерапия,. СТО, АКТ, жобалау, дебат, модульдік технологиялар, тәрбиенің интерактивті әдістері, соның ішінде тренингтер, топпен жұмыс т.б. қатар жоғарыда аталған технологияларды да тереңірек зерттеп, өз жұмыстарына шығармашылықпен пайдалану – әр педагогтың кәсіби деңгейінің жоғарылауына апаратын бірден-бір төте жол дер едік. Тек қай технологияны пайдалансақ та, қанша жерден жаңашыл педагог атансақ та, ұлттық тәрбиені, халық педагогикасын жадымыздан шығармай, өз тамырымыздың үзілмеуіне күш салғанымыз абзал.

Бір өкініштісі - білімнің сапасы мен нәтижесін жыл қорытындысы мен білім сайыстарынан бірден көруге болса, тәрбиенің сапасы мен нәтижесін ұзақ уақыт күтуге тура келетіндігі.

Қорыта келе, білім мен тәрбие берудің әр кезеңіндегі баланың тұлғалық дамуының нәтижесі - адамның болашақтағы азаматтық ұстанымының, табысты әлеуметтенуінің негізін қалайтын маңызды мәселе демекпін.

«Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы» деп бекер айтылмаса керек. Қоғамдағы әрбір жаңалық пен өзгерістің бастауында ұстаздар қауымы жүретіні анық. Тек ұстаз еңбегінің арқасында ғана қазақстандық патриотизм сезімі мен еңбексүйгіштік, шыншылдық, адалдық, адамгершілік өлшемдері тәрбиеленеді.

Ш.А. Амонашвили былай дейді: «Біз болашақтың адамын, жаңадан қалыптасқан адамды бейнелеуге міндеттіміз. Біздің әрқайсымыз - жүздеген тағдырды туындатушылармыз, біздің шәкірттеріміздің бақыты ұста дүкеніндегідей кластарымызда шыңдалады. Өзіміздің педагогикалық еңбегімізге біз өз Отанымыздың қуатын одан әрі гүлдендіру тұрғысынан қарауға тиіспіз. Біздің жадымызда бәрі де: күлкі де, қатыгездік те, ұстамдылық та, қарапайымдылық та, киген киіміміз де, біліміміз де, сергектік те, адалдық та, интеллектілік те, мейірімділік те, өмірге деген сүйіспеншілік те өріліп тұруы тиіс».

Мұғалімнің өз білімін көтеруіне мектепте қолайлы жағдай туғызылуы керек. Ең бастысы мұғалімнің бұған деген өзіндік құлшынысы қажет.

Мәжіліс депутаты Д. Назарбаеваның жоғарғы мінберден «...мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтуымыз керек...» деген ұсынысы мұғалімдер қауымын бір серпілтіп тастағаны сөзсіз. Соның ішінде, еңбектерінің нәтижесі онша көріне бермейтін, алғыстан көрі сөгісті көбірек еститін директордың тәрбие ісі бойынша орынбасарларының, сынып жетекшілерінің, тәрбиешілердің мәртебелерін көтеріп, еңбектерін ынталандырып отырғанымыз дұрыс. Олар мектеп пен ата-ананың арасындағы үйлестірушілер емес пе? Соңғы жылдардағы сынып жетекшілерге арналған білім жетілдіру курстарының қысқарып қалғандығы педагогтар қауымы арасында үлкен алаңдаушылық туғызуда. Тәрбие – қоғамдық іс, оның нәтижесі – қоғамның болашағы. «Илеп отырған теріміздің» әрқайсымызға тиісті пұшпағын бар өнерімізді салып иін қандырып шығаруға, сапасын арттыруға күш салуымыз керек.

Халық ақыны Мұзафар Әлімбаев айтқандай: «Шәкіртке ұстаз болу - ірілік, ұстазға ұстаз болу - ұлылық». Сондықтан да, халық арасында «ұстаздардың ұстазы» атағына кір келтірмей, оқу-тәрбие үрдісін жетілдіру бағытындағы тың ізденістер мен шығармашылық істердің басы-қасында болып, «Ұстаздар ұстаханасы» аталған педагог қызметкерлер біліктілігін арттыру институтының туын әрдайым жоғары ұстау - әрқайсымыздың қызметтік міндетіміз ғана емес, азаматтық борышымыз деп есептеймін.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   51   52   53   54   55   56   57   58   ...   668




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет