Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
№39 ЖОББМ КММ Қазақстан, Павлодар Біз «Өмір бойына жететін білім алу моделінен өмір бойы білім алып өту моделіне көшуге тиіспіз» деп елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, әлемдік бәсекелестік заманында әрбір адамның білім сапасын, қабілеттік деңгейін, іскерлік мүмкіндігін анықтайтын адам ресурстарын дамыту мәселесі күн тәртібіне өткір қойылып, адамның білімі мен біліктілігі қазіргі кезеңде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің ең маңызды көрсеткішіне айналып отыр. Бәсекеге қабілетті, интеллектуалдық күші жетік маман кадрлар болмай, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай экономика дамымайды. Қай заманда да өркениеттің өрлеуі интеллектуалдық шығармашылық қабілеттің негізінде іске аспақ.
Бүгінгі таңда жеке тұлғаны емес, оның даму үрдісін басқару қажеттігі айқындалып отыр. Білім алушының түрлі ақпараттың толассыз ағынында бағытталуы қиынға түсіп отыр, ол үшін оның талдау, құрылымдау, жүйелеу, мәселені шешу дағдылары жетік дамытылуы тиіс. Ал бұл, педагог жұмысындағы тікелей жасалатын әдістерден, бас тартылып, артық дидактизмнен, ғибаратты сарыннан тежелуді; оның есесіне бірінші орынға қарым-қатынас жасаудың сұхбаттық әдістерін, шындықты бірлесіп іздеуді, сан алуан шығармашылық әрекетті тәрбиелеуші шарттарды жасау арқылы дамытуды білдіреді.
Инновациялық әдістердің негізгісінің бірі-«интербелсенді оқыту әдісі». Бұл әдістің негізгі қағидасы – педагогикалық қарым-қатынас пен қарым-қатынас диалогі арқылы жеке тұлғаны қалыптастырып дамыту.
Интербелсенді әдістерде басты назарды «процеске», яғни үйрену процесінің өзіне, білім алушылардың «қалай» және «қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйренетіндігіне» аударады [1]. Яғни, интербелсенді сөзі - өзара әрекет ету бейімділігін білдіреді немесе әңгімелесу, әлде кіммен (адаммен) не болмаса әлде немен (мысалы, компьютермен) сұхбаттасу режимінде болады. Осы жерде білім алушылардың жауаптарынан гөрі мәселенің шешімін табуға талпынғаны маңызды. Себебі, интербелсенді оқытудың басты мақсаты – білім алушыларды өз бетінше ой қорытып, жауап табуға үйрету.
Интербелсенді оқытудың мәні мынада, оқу процесі іс жүзінде барлық оқушы таным үрдісіне тартылатындай болып ұйымдастырылуы тиіс, олардың осыған байланысты не біледі, нені ойлайды түсінуге және рефлекстеуге мүмкіндігі болуы тиіс. Таным процесінде білім алушылардың біріккен іс-әрекеті, әркім өзінің жеке-дара үлесін қосатын, оқу материалдарын меңгеруді білдіреді, білімдерін, идеяларын, іс-әрекет тәсілдерін алмасу жүргізіледі. Және де бұл мейірімділік пен өзара бір-біріне қолдау көрсету аясында болады, ол тек қана жаңа білім алуға мүмкіндік беріп қоймайды, таным әрекетінің өзін де дамытады [2].
Интербелсенді әдістерді пайдалану кезінде оқушылар түсіну процесіне толыққанды қатысушылар болады, оның тәжірибесі оқу танымының негізгі қайнар көзі қызметін атқарады. Оқытушы дайын білімді бермейді, бірақ білім алушыларды өз бетімен ізденуге үйретеді. Білім берудің дәстүрлі нысандарымен салыстырғанда, интербелсенді оқытуда оқытушы мен білім алушылардың өзара әрекеттестігі ауысады: педагогтың белсенділігі білім алушылардың белсенділігіне орын береді, ал педагогтың тапсырмалары олардың бастамасы үшін жағдай жасаушы болады.
Интербелсенді әдіс қолдану кезінде мыналар ескерілуі керек:
тұлғаның еркіндігі мен құқықтары сақталуы;
тұлғаның өзін көрсете алуына жағдай жасау;
педагогикалық қолдау көрсету [3].
Интербелсенді әдістерге мыналар жатады: проблемалық шығарма әдістері, презентациялар, пікірталастар, топпен жұмыс, «миға шабуыл» әдісі, зерттеулер, іскерлік ойындар, рөлдік ойындар, «инсерт» әдісі, сахналау, тест сынағы әдісі, дебат, т.б.Мысал ретінде алып қарастыратын болсақ:
«Ыстық орындық» әдісі.
Берілген тапсырмаға байланысты қойылған сұрақтарға жылдам жауап беру керек, себебі, орындық ыстық.
«Өзіңізді тексеріңіз» әдісі
Бұл мәлімет ШЫНДЫҚ па немесе ЖАЛҒАН ба? Өтілген мәтін бойынша мысалдар келтіріледі. Мысалдарды оқу кезінде оқушылар ол келтірілген мысалдың өтілген мәтінде бар, жоғын анықтайды.
Рөлдік ойын
Рөльдік ойындар — тиімді интербелсенді әдістердің бірі. Адам жадында бірінші мезетте өзінің жасағаны мен бастан кешкен әсерлері қалады. Ал рөльдік ойындар оқушылардың өздерін басқа адамдардың орнына қойып, мәселе немесе проблеманың солардың тұрғысынан қарастырып, шешімді өз « қолдарымен » жасауды меңзейді.
ЖИГСО әдісі
Оқушылардың 4-5 топқа бөлеміз. Тақырыпты, (мақаланы) топтың санына қарай, мазмұнына қарай бөліп береміз. 1,2,3,4,5,- әрбір топ өкілдері берілген бөліктерді оқиды. Топтағы оқушылар өзара пікір алмасады, ортақ тапсырма жасайды. Әр топ өз лидерін тақтаға шығарады. Ол оқушы оқыған білгенінің мазмұнын түсіндіреді
«Сиқырлы айна» әдісі
Бұл әдісті сабақ соңында алуға болады. Оқушылардың көңіл күйлерін сұрау мақсатында, сергіту сәтіне алуға болады. Оқушылар шеңберге тұрып, бір-бірлеріне қарап сұрақтар қояды, қарсы тұрған оқушы сол сұраққа жаап беруі тиіс. Орындарымен алмасып отырады [4].
Lesson Study – бұл сыныптағы іс-әрекеттегі зерттеу жұмысының ерекше түрі, ол мұғалімдер топтарының Lesson Study-ді бірлесіп жоспарлауын, оқуын, қадағалауын және талдауын көздейді. Өзім деңгейлік курс өтпесем де, бұл бағытта жұмыс жасаушы әріптестерімнің коучинг семинарлары мен өздерінен тікелей алған тәжірибемді қолдануға шештім.
Осылайша, наурыз айында 6 «Г» сыныбында білім сапасын көтеру, сонымен бірге пән мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуын, кәсіби шеберлігін, бақылау дағдыларын дамыту мақсатында қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерімен бірлесіп Lesson Study өткізілді.
Осы сыныпқа тізбектелген 4 сабаққа жоспар құрып, зерттеу жүргізу үшін мұғалімдердің бірлесуімен Lesson Study-ді өткізу жоспары құрылды. Зерттеуге қатысушылар үш А, В, С деңгейіндегі оқушыларды таңдап алдық. А деңгейіндегі оқушы «Үлгерімі өте жақсы» Пьянзин Андрей есімді оқушы, В деңгейінде «Үлгерімі жақсы» Макиевская Екатерина есімді оқушы, С деңгейінде «Үлгерімі орташа» Ким Бексұлтан.
Әрбіреуіне мінездеме беріп, жан-жақты қарастырдық. Зерттеуге қатысушы мұғалімдер оқушыларды байқап отырды. Нәтижесінде Lesson Study өткізу үшін «Білім сапасын арттыру мақсатында интербелсенді әдістерді қолданудың оқу сапасын арттырудағы тиімділігі» тақырыбы таңдалып, келесідей күтілетін нәтиже анықталды:
тақырып бойынша топтық жұмыс жасай алады;
мәтінді талдай білуге дағдыланады;
тілдің қоғамдағы рөлі жайлы айта біледі;
оқушылардың қазақ тілінде сауатты сөйлеу дағдысын қалыптасады:
жалғау түрлерін ажырата біледі;
мәтіндердің мағынасын түсініп оқуға үйренеді;
сұрақтарды талдау және солармен жұмыс жасай алады;
жеке, жұппен, топпен жұмыс жасай отырып, пікір алысады;
өткен тақырыптарға талдау жасай біледі;
өз алған білімін саралап, жинақтап, бағалай білуге дағдыланады;
топтық жұмыс нәтижесінде оқушылардың бір-біріне деген жолдастық қарым-қатынасы артады.
топтық жарыстар кезінде топ жетекшінің ұйымдастыру қабілетінің арта түсетіндігі байқалады:
оқушы бағалауының әділ болатындығы және бірнеше оқушыны бағалау мүмкіндігі туатындығы белгілі болды.
Тақырып бойынша зерттеуді ұйымдастыру – үш цикл бойынша өткізілді. 1-циклде алғашқы зерттеу сабағы бірлесіп жоспарланып өткізілді. Сабақ соңынан оқушылармен сұхбат жүргізіліп, олардың пікірлері ескеріле отырып, зерттеу жүргізуші мұғалімдер бірлесе талдау жасап, келесі зерттеу сабағы бірлесе жоспарланып отырды. Осындай іс-әрекет әрбір зерттеу сабағынан кейін қайталанып отырды.
Алғашқы зерттеу сабағын талдау барысында оқушыларға өз бетімен орындау үшін деңгейлік тапсырмалар дайындау ұсынылды. Екінші зерттеу сабағы алғашқы сабақтың қорытындысындағы ұсыныс ескеріле отырып құрылды және өткізілді. Сабақта оқушылар деңгейлік тапсырмалармен жұмыс жасауда сабақ кезеңдерінде «Миға шабул, «ЖИГСО», «Дыбыссыз қадам», «Ыстық орындық», «5 жол өлең», «Мен таңдаған мамандық иесі...» сияқты интербелсенді әдістер қолданылды, сабақты талдау нәтижесінде үшінші зерттеу сабағына шығармашылық тапсырмаларды алу және осыған бағыттайтын әдістерді іріктеп алу, күрделендіріп беруге ұсыныс жасалды. Алдыңғы сабақтан соңғы ұсыныс, оқушымен сұхбат нәтижесі ескеріле отырып, үшінші зерттеу сабағынаң жоспары құрылып, өткізілді.
3 цикл аяқталған соң бірнеше сабақ бойынша қорытынды жасалды. Нәтижесінде жалпы сыныптағы әр түрлі деңгейдегі оқушылар бойынша өзгерістерді анықтап, төмендегідей қорытындыға келдік:
С деңгейіндегі оқушылар:
- Берілген мәтінмен жұмыс жасай алды;
- Жеңіл сұрақтарға жауап беріп, қатесін тауып, өз бетімен жұмыс жасауға ынталанды.
В деңгейіндегі оқушылар:
- Алған білімдерін қолданып, тірек-сызбалармен жұмыс жасай алды;
- Қосымша материалдармен жұмыс жасап, өз бетімен білім алуы үшін жоспар құра алды.
А деңгейіндегі оқушылар:
- Проблемалық сұрақтарды анықтап, жауап табуда ізденді. Өз білімдерін шығармашылық тапсырмаларды орындауда, логикалық сызбаларды құрастыруда қолдана алды.
Сабақтар нәтижесінде біз мынаны ұқтық. А деңгейіндегі оқушы берілген тапсырманы орындап, қасындағы оқушыларға көмектесе бастағаны, В деңгейіндегі оқушы да топпен жұмыс кезінде мәтінмен жұмыс жасады, топта сурет салып басқа қырынан көзге түсті. Ал С деңгейіндегі оқушы сұрақтарға жауап беріп, топтық жұмыс барысында өз идеяларын айшық айта білді.
Бұл зерттеу жұмысы тек оқушылардың білім сапасын көтеруге ғана бағытталып қойған жоқ, сонымен қатар, тәжірибе алмасу болды. Осыған байланысты, пән мұғалімдеріне төмендегідей ұсыныстар жасалды:
- Өз бетімен жұмыс белгілі бір мақсатқа бағытталған, оқушы орындай алатындай етіп таңдалуы тиіс;
- Тапсырма бар ынтасын салып жұмыс істейтіндей, қызықты етіп әзірленуі керек;
- Тапсырмалар жеңілден күрделіге қарай бағытталуы қажет;
- Мұғалімге уақытты үнемдей алу;
- Оқушылардың берген жауабын мұқият тындап, қатесін түзетіп отыру;
- Өткізілген зерттеу бойынша педагогикалық кеңесте мектеп ұжымымен бөлісу.
6 «Г» сыныбында жүргізілген зерттеуді қорытындылай отырып, сабақтағы өз бетімен жұмысты жетілдіруде оқушылардың деңгейін міндетті түрде ескерілуі керек, қалыптастырушы бағалауды түрлендіре отыра, әр сабақта мұғалімге оқушылардың кері байланыс алу міндетті түрде керек деген түйін жасалды. Тақырып бойынша мәтін таңдау, онымен жұмыс жасауда қоланылатын әдістердің кешені бірін-бірі толықтыратындай жүйеленіп, оқушылар тақырыпты топта, жұпта, жеке талдаса жақсы нәтижеге жетуге болады. Сабақта бағалау парағын ұсыну, өздері қол жеткізе алатын нәтиже ғана емес, сабақ бойы қандай іс-әрекетпен айналысатынымен хабардар болып отыруға мүмкіндік береді, бұл дағдыландырады деген қорытынды жасалды. Ең бастысы, осы зерттеу нәтижесінде 6 «Г» сыныбындағы білім сапасында оң өзгеріс байқалды.
Қорытындылай келе, бұл зерттеу нәтижесінде біз оқушылардың білімдерін интербелсенді әдістерді қолдана отырып кеңейте алдық. Сабақ соңында өз мақсаттарымызға жеттік, қалыс қалған оқушылар болған жоқ. Бағдарламаның жеті модулін ықпалдастыра отырып, оқушылардың сұрақтарға толық жауап беруіне, ойларын ашық айтуға үйреттік. Мәтінмен жұмыс арқылы ойларын ортаға салып талқылау, талдау, өз пікірін ашық айтуға дағдыландыра отырып, бірін-бірі, өздерін, жұптарын, топтарын бағалауға үйретіп, оқуға деген қызығушылығын арттырдым. Болашақта осындай әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, өткен сабақтарымызбен оқушының білім, білік дағдыларын арттыруды көздеп отырдық және үлгерімі «С» дәрежесіндегі оқушылармен әлі де жұмыстар жасап, «В» дәрежесіне жеткізуге, «В» дәрежесіндегі оқушыларды «А» дәрежесіне жеткізуге тырысамын.
Жаңашыл мұғалімнің кәсіби шығармашылық әрекеттерінің нәтижелілігінің болуы оқушысының табыстылығымен тікелей байланысты.
Оқушыға дайын білім мен идеяларды ұсыну емес, оқушылардың өздерінің білім мен идеялар құруға, яғни сындарлы оқыта отыра функционалдық сауаттырығын арттыруға болады. Осы орайда В.А.Сухомлинский «Баланы білім, ақиқат, ереже мен формулалар қоймасына ойландырып қоймас үшін оны ойланту керек» деп айтқан сөздерін негізге ала отыра, заман талабына сай жаңа заман оқушысының тілдік сауаттылығы жоғары болуы тиіс деп ойлаймын. Ал оқушының сауаттылық деңгейін арттыруда баланы ойлантуымыз маңызды болып табылады. Оқушы мектеп қабырғасында алған білімдерін өмірде қолдана білсе ғана ол табысты бола алады. Ол үшін баланың алған білімінің дұрыс бағалануы басты назарда болуы тиіс. Мұғалім сабақ жоспарын құру барысында қай бала қалай бағаланатыны туралы жеке қарап, алдын ала бағалау шкалаларын қарастырып, болжам жасай отыра, оны жоспарына енгізіп, барлық сабақ үрдісін бағалау қажеттігін ескерген жөн.
Әдебиеттер тізімі:
1. Нағымжанова Қ.М. Бастауыш білім берудегі жаңа технологиялар: Оқу құралы - Өскемен, 2005
2. Сарбасова Қ. Инновациялық педагогикалық технологиялар- Алматы, 2006.
3. Мұхаметжанова С.Т., Жартынова Ж.Ә. Интерактивті жабдықтармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері. Алматы, 2008
4.Рудик Г.А. Ойлау еңбегінің мәдениеті және оқытудың 101 техникасы: Мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал – Қостанай, 2010.