Билер кеңесі мерзімді түрде Сырдарияның бойында орналасқан Әңгірен, Түркістан мен Сайрам жеріне орналасқан Битөбе, Мәртөбеде шақырылған. Жыл сайын Ташкент қаласының маңындағы Күлтөбеде үш жүз өкілдерінің басын қосқан жиналысын өткізіп тұрған. Бұл халық арасында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп аталды.
Жеті жарғы
1-жарғы.Көтеріліс жасап,бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.(Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігі талабынан туды).
2-жарғы.Түркі халқының мүддесін сатып,елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы халықтың ортақ мүддесі –елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).
3-жарғы .Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі өлтірішулікке тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).
4-жарғы.Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап,ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы да шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен,неке парызына адалықты талап еткен маңызы зор жаңалық).
5-жарғы.Өреде тұрған,тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын.(Ол кезде «ер қанаты – ат» елдің,мемлекеттік соғыс күші ретіне бағаланады).
6-жарғы.Төбелесте мертігуің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а)біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді,ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді. ә)төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.
7-жарғы.Ұрланған жылқы өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін.
Билер
Сонымен қатар «Билер кеңесі» хандық билікті шектеу құқығына ие болған. Билер кеңесі соттық билікті де атқарған. Халықтың дәстүрлі менталитетінде билердің қоғамдағы мәртебесін анықтайтын қағидалар көп сақталған. Мысалға, «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Туғанына бұрғаны – биді құдай ұрғаны», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Тіл жүйрік емес, шын жүйрік» т.б. Бидің үкімі ру, аймақ атынан емес, тәуелсіз би атынан шығарылды. Атақты Әйтеке би ұрпақтарына мынадай өсиет қалдырды: «Менің өмірім өзгенікі, өлімім өзімдікі». Туа біткен даналық мен шешендікті иеленген билердің өмірлік тәжірибесі де мол болды. 1820 жылы орыс және европалық құқық нормаларымен жетік таныс Д. Самоквасов қазақтардың құқық жүйесін зерттей келе, қазақ билері халқының салт-дәстүрі мен өткен тарихын да жақсы білетіндігі туралы жазған. «Биі жақсының елі жақсы», «Батыр елін жауға бермейді, би елін дауға бермейді» деген нақыл сөздер қазақ билерінің дипломат қызметін атқарғанын да көрсетеді. Билер шешен болған. Атап айтсақ, халық Қазыбек биді «ағын судай әйгілі шешен» деп мақтан тұтқан. Сөйтіп, Тәуке хан ел билеуде атақты қазақ билеріне арқа сүйеп, олардың қазақ қоғамындағы орны мен рөлін көтерді.
Жәңгір ханның ұлы және мұрагері Тәуке 1680 жылы Қазақ хандығының тағына отырды. Ол асқынған ішкі феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған Қазақ хандығын құруға қажырлы қайрат жұмсады. Хандық билікті күшейтуге бағытталған реформалар жүргізді. Тәуке хан өзінің даналығы арқасында ел арасында «әз-Тәуке» деген атқа ие болған. Қазақ жеріне орыс елшілігін бастап келген М.Тевкелев 1748 жылы жазған құжатта: «Тәуке хан өте ақылгөй кісі болған, оны қырғыздар (қазақтар) үлкен құрметпен еске алады», - деп көрсетеді. Халық зердесінде Тәуке заманы Қазақ хандығының ең бір өркендеген, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп еске алынады. Орыстың белгілі тарихшысы А.И.Левшин Тәукені көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен теңеген.
Бақылау сұрақтары
Тәуке ханның елі үшін сіңірген еңбегі?
Билер кеңесі қазақ елінің ішкі және сыртқы саясатына қатысты мәселелерді шешуде қандай қызмет атқарды?
«Жеті жарғы» туралы айтыңыз.
Дереккөздер
Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
Қазақ Энциклопедиясы
Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1