Асан қайғы атанған Хасан Сабитұлы 1361-1370 жылдары Еділ өзені маңында дүниеге келген.
Оның өмір сүрген тұсы Алтын орда және қазақ халқының қалыптасу кезеңіне сай келеді. Әз Жәнібек ханның ақылшысы болған.
Жыраудың бір алуан толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған.
Шоқан Уәлиханов Асан қайғыны «ұлы даланың философы» деп атаған.
Асан қайғы — Шыңғыс хан тұсында жасаған Үйсін Майқы бидің алтыншы ұрпағы.
Өкініштісі, бүгінге «Ел айырылған», «Асан қайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты санаулы күйлері ғана жеткен.
«Ел айырылған» күйін оралдық Ғұбайдолла Мұхитовтың тартуында алғаш рет А.Затаевич нотаға түсірген екен. Сондай ақ толық, көркем нұсқасын 1964 жылы Мұқас Құсайыновтың тартуында Мерғалиев нотаға түсірді.
Көпшілікке танымалы Асан Қайғының жері шұрайлы, жайылымдары көп, өзендерінің суы сарқырап аққан, климаты жұмсақ, жануарлары мен балықтары көп, адамдары қайғы-қасіретсіз, қажеттіліксіз, арамдық пен қанаушылықсыз өмір сүретін арманындағы Жерұйық жерін іздестірген аңызы.
Жырау шығармаларында ру-тайпалық одақтардың генеалогиясын, халықтық әдет-ғұрып, дәстүрлерді дәріптеп, өмір сүрудің мәні туралы, жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, үлкенді сыйлап-қастерлеу, олардың ақылын алу, бір-бірімен босқа қырқыспау, бейбіт өмір кешуге, ізгі ниетті, қарапайым, адал, шыншыл, иманды болуға шақырады («өле-тұғын тай үшін, қонатұғын сай үшін, желке терің құрысып, бір-біріңмен ұрыспа»).
Оның шығармаларын Шоқан Уәлиханов, Потанин секілді шығыстанушы-ғалымдар және белгілі ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев және тағы басқа ғалымдар жинаумен айналысқан. Асан Қайғының поэтикалық мұрасы XIX ғасырда жариялана бастады, оны зерттеуде Совет жазушылары Сәкен Сейфуллин мен Мұхтар Әуезов және тағы басқа жазушылар маңызды үлес қосты.
“Ай, хан мен айтпасам білмейсің”, “Қыранда киік жайлаған”, “Еділ бол да, Жайық бол”, «Алты атанға қос артып» толғауларында жырау ел бірлігі мен іргелі қоныс жайына арнайы тоқталады, Жәнібек ханның мін-кемшіліктерін бетіне айтады. Бейғамдықпен менменсінудің, мастанудың жақсылыққа алып келмейтінін ескертеді.
Асан қайғы жөнінде ертелі-кеш жазылған зерттеулердің ішінде М. Әуезовтің «Қазақ әдебиеті тарихына» (1948) арнап жазған «Асан қайғы» атты еңбегін жеке бөліп атауға болады. Бұл зерттеуінде ғалым Асанның өмірде болған тарихи тұлға екенін, ол жөніндегі әр алуан аңыздардың шындықпен арақатынасын, т.б. ерекшеліктерін атап көрсетеді.
Асан Қайғының құрметіне 16 ғасырда Қызылорда облысының қазіргі Шиелі ауданының аумағында Асан ата кесенесі тұрғызылды.
Асан қайғының нақты қай жерде туылып, қай жерде өлгені əлі белгісіз. Бір мəліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде Жиделі Байсында дүние салды делінеді. Ел аузындағы қария сөздің айтуында, Асан қайғы Сарыарқада дүние салып, оған Ұлытаудың топырағы бұйырған. Ал, Ш. Уəлихановтың жазуында Асан Ата өмірінің соңғы жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстықкөлдің жағасында дүние салған.
Асанның нақыл-өсиет ойлары мына толғауларында айқын аңғарылады: “Бұл заманда не ғаріп”, «Есті көрсең кем де», “Көлде жүзген қоңыр қаз”, “Таза мінсіз асыл тас”, “Құйрығы жоқ, жалы жоқ”, “Атадан алтау тудым деп”.
Профессор Х. Сүйіншəлиев: «Қазіргі Ақтөбе облысының жерінде «Асан Ата» есімінде ескі бейіт бар. Оны халық Асан қайғының моласы деп қатты құрмет етеді. Бірақ ол мола анық осы Асан қайғынікі ме, əлде басқа біреудікі ме — мұның өзі əлі анықталмаған мəселе» , — деп жазады.