мЕмлЕКЕттіК
тілДіҢ ҒылымИ
КЕлбЕті
276
қазақ тЕрмИНОлОГИЯСы ЖӘНЕ
ОНыҢ мЕмлЕКЕттіК тілГЕ қатыСы
Терминологиялық жүйені мемлекеттік тілдің жонарқасы
(Ә. Қайдар) ретінде әңгімелеудің жөні бар. Тілдердің өрелі
бір биікке көтерілген, дамыған сәтінде бой көрсететін
лексикалық қабаттардың тақылеті өте күрделі де қызық.
Мұнысыз ешбір тілдің бүгінгі болмысын, болашағын бол-
жау мүмкін емес. Әсіресе ғылым, білім, мәдениетке қа-
тысты салалардың қай-қайсысында да термин сөзге мұқ-
таждық қатты сезіліп отыр.
ХVIII ғ. француз Сенан де Мейанның «өзге тілде сөй-
лейтін ұлт біртіндеп өзінің төл болмысын жоғалтады» деген
сөзі бар.
П.А. Симон дейтін тағы бір француз: «Тіл – әрбір
ұлттың өзіндік төл болмысын білдіретін, тарихтағы ор-
нын анықтайтын, өмірлік және шығармашылық қайта-
ланбастығын паш ететін құрал, тіл – сол елдің тағдыры», –
депті.
Бір кезде орыстың ұлы ойшылы А.Н. Толстой: «… біздің
сөз сөйлеуіміз бен жазуымыз орысша болмай барады», – деп
күйінген екен. Соның кері бізге де келгелі қашан. Мұның
бастамасын сонау 20-30 жылдардағы рухани, мәдени талас-
тартыстардан іздеу керек. Араб жазуын латынға, латын
жазуын кириллицаға алмастыруда тілдің табиғи даму же-
лісіне орасан зор зиян келгенін енді-енді байқай бастадық.
Кезінде біздің бұл әрекеттер тіл дамуына қаншалықты
нұқсан келтіретінін айтқан Ахмет Байтұрсынұлы сынды
көрегендер пікіріне соңғы елу-алпыс жыл бойы құлақ аспай
келдік емес пе?
Бұл, әсіресе қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру бары-
сындағы әрекеттерден айқынырақ аңғарылды.
Біз діттеп отырған мәселелер туралы негізгі ойымызға
көшпес бұрын мемлекеттік тіл мен термин және термино-
логия деген ұғымдарға сәл тоқтап, түсініктеме бере кеткен
жөн. Неге десеңіз, терминдік ұғымдар қауызына нені сый-
ғызып, нені жатқызудың мәнісін біле бермейтін және мем-
277
лекеттік тілдің қызметі қандай болу керек дегеннен хабары
шамалы жандар бар.
Мемлекеттік тіл туралы әңгіме жай еріккендіктен
шыққан нәрсе емес. Ол әбден шегіне жетіп, шиыршық
ата, енді болмаса жарылғалы тұрған мәселе болатын. Бұл,
ең алдымен, әбден тынысы тарылып, құрып біткелі тұрған
тілді аман сақтап қалудың амалы еді. Қазақстан сияқты
алып елдің ұйтқы-тірегі болып отырған негізгі ұлттың тілін
мемлекет қамқорлығына алып, оның өзінің заңды даму
арналарын айқындап беру дегендік болатын. Яғни қазақ
тілінің өмірге қажеттілігін, ең алдымен өзімізге-өзіміз
дәлелдеуіміз керек болды.
Бірақ ешбір талас тудырмауға тиісті осы мәселенің
төңірегінде күні бүгінге дейін қаншама дау-дамайлар өрбі-
тіліп, сөзбұйдаға салынып келеді.
Мемлекеттік тіл деген ұғым туралы энциклопедиялық
сөздіктерде (Сов. энц. словарь. М., 1980) мынадай анықтама
беріледі. Түпнұсқаны дәл жеткізу үшін орысшасын келті-
рейін: «Государственный язык – объявленный обязатель-
ным для ведения документации в госучреждениях, препо-
давания в школах и т.п.». Мұнда айтылмай ұғынылатын
мәселелер тағы сол сияқтының ішіне енгізілген болу керек.
Сол себеппен бұған біз ғылым тілі деген бір тармақты
арнайы қосар едік. Өйткені мемлекеттік тіл ауқымының
бұл т.б. қатарында емес, оның негізгі көрсеткіштерінің бірі
ретінде өз алдына дербес сала болып енуге тиіс. Осыдан
келіп шығатын бір түйін, тілді мемлекеттік деп жария-
лағанымен, ол тілде ғылыми ізденістер жүргізілмейтін
болса, ол ғылым тілі ретінде қалыптаса қоймаған болса, онда
оның әлі мемелекеттік тіл болып жарытпағаны.
Белгілі бір тілде жүйені қалыптастыру тіпті де оңай
шаруа емес. Әсіресе ғылыми әлемі әрідегі жалғастығынан
үзіліп қалып, соңғы 70 жыл бойы өзге ірі тілдің ықпалында
болып келе жатқан қазақ тілі сияқты тілдің терминология-
лық қабатын қатарға қосу тіпті қиын болды.
Егемендік еркіндік бергелі тіліміздің осы бір орасан зор
арнасында алапат әрекеттер болып жатыр. Орны толмас
278
олқылықтар есесін қайтсек қайырамыз деп қаламын оңды-
солды сілтеп, жөні келсін-келмесін жаңа сөздер мен жаңа
қолданыстарды бұрқыратып жатқан қазақ журналистерінің
тегеурінді әрекетіне үрке қараушылар көп. Бір ғасырға таяу
уақыт бойы өз тіліміздің өзегін қуалап, оның іске жарата
алсақ, өлшеусіз мол мүмкіндігі мен байлығын жарыққа шы-
ғарудың орнына оны тұмшалап, тұншықтырып, ұмыттты-
рып, интертерминдер мен русизмге еміне ұмтыла дағды-
ланып, қасаңдана қалыптасып қалған ағайынның көбіне
кеш те болса көрініс бере бастаған терминжасам процесін-
дегі әлгіндей әрекеттер оғаш көрінетіні хақ.
Өзің терминолог болған соң, бұл жөніндегі пікірталасы-
нан қалыс қала алмайсың. Жұрт қалыс қалдырмайды да.
Осыған орай бір оқиға ойымнан әлі күнге кетпейді. Олай
дейтінім, осы жақында ғана болған бір сәткі әңгіме естен
шықпай қойды. Тау жақтағы үйден түскі үзілістен соң
қызметке кетіп бара жатқан бетім еді. Аялдамада бір топ
адам арасында тұрған ақ шашты ағаны көзім шалып қалды
да, көлігімді тежедім, тоқтадым. Бұл кісі бір кезде бізге
дәріс оқыған адам еді. Сауатты, білімді ұстаз болатын.
Арбаға отырғаны сол, амандықтан соң: «Тілді неге бүлдіріп
жатырсыңдар, интертерминде не шаруаларың бар? Бұл
сұмдық қой. Әбден қалыптасып, сіңіп кеткен атауларды
қайта көңірсітіп, қайдағы жоқ бірдеңелерді тықпалаумен
қазақ тілін көгертпейміз, қойыңдар мұндай көтензор-
лықты!» – деп екіленіп, бастырмалатып әкетпесі бар ма.
Бар «пәлеге» жауапкер мендей-ақ, менің бір нәрсе деп
жауаптасуыма мүмкіндік берген жоқ. Сол «өзімдікі дұ-
рыс» деген күйі бір шаруаны қатырдым дегендей болып
діттеген жерінен түсті де қалды. Ештеңе деп пікірталасына
кіре алмадым. Тіпті тыңдағысы келген ол кісі жоқ. Сонымен
өз ойыммен өзім әлек болып, кете бардым. Ал бұл шынында
көптеген ой-пікірдің саралануын тілейтін өте өзекті проб-
леманың бірі.
Осыдан көп ұзамай-ақ, Алматы санаторийіне келіп жай-
ғастық. Мұнда бұрынғысы, қазіргісі бар қазақтың бір деген
көзі ашық, көңілі сара жайсаңдары жиналатын әдеті, сондай
279
бір сыйлы азамат ағамызбен шүйіркелесіп, аман-есендік
сұрасып, жаңалық атаулының біразын жібергенбіз. Бір ме-
зет, әлгі кісі «осы сендердің «Ана тілдерің» (газетті айтып
тұр) ылғи бір жаңа атауларды беріп, елдің басын қатырып
барады. Онысы несі, дұрыс емес қой. Тоқтатпайсыңдар
ма? Мұндай әрекеттеріңмен жұртты тілден безіндіресіңдер
ғой, әсіресе әлгі 40% деп жүрген өз қандастарымызды.
Әбден етене боп сіңісіп, өзіміздікі болып кеткен сөздерді
сол күйінде қалдырған жөн…» т.б. ойларын топ адамның
ішінде, дәрігерге кезекте тұрғанда бастырмалатып жібер-
гені. Өзі сыйлас, жасы үлкен аға ойындағысын айтты да
тастады. Жөпелдемде, ат жалы, атан қомында ем-дом ке-
зінде тұрғанда не айтып үлгересің.
Ал жалпы айтып тұрғаны елдің бәрін алаңдатып отыр-
ған өте күрделі мәселе.
Мұндай пікірдегі адамдар қатары баршылық. Бұларды
түсінуге әбден болады. Тілге, елге, жерге жаны ауырып,
солардың жағдайы қайтсе жақсарар деп жүрген жандар
бұлар. Әйтсе де, бала күнімізде қариялардан естіген «оқу
өтіп кеткен» дейтін сөз осындайда еріксіз ойға оралады.
Неге десеңіз, әлгі ел қадірлейтін ағалардың өмір бойғы
алған тағылым-тәрбиесі, өмірлік тәрбиесі қазақ тілінің
әлемдегі ұлы тілдер қатарын толықтыратын орасан зор
байлығы, жаратылмай жатқан ішкі қуаты бөлек тіл екеніне
бейіл қойып қарауға мұршасы болмаған. Міне, сол дерт
сүтпен бірге сүйекке де сіңе жаздаған кеңестік ілім түсінігі
әлі күнге өз тіліне перзенттік сүйіспенділікпен үңілуге
жібермей тұр. Тәрбиенің өтіп кеткендігі соншама, орайы,
жөні, қисыны дөп келіп тұрған қазақы баламалардың
(құжат, жарғы, бағдарлама, ұшақ, т.б.) өзін құбыжық көріп,
тіпті мұны әлемдік мәдениеттен алшақтау деп түсіндіргісі
келетіндер де жоқ емес. Қазір тіл қолданыста жүріп жатқан
әр алуан құбылыстар мен үрдістерге өз әлімізше саралап,
талдамас бұрын бір нәрсенің басы ашық екенін айту лазым.
Ол – қоғамдық өмірде болып жатқан ұлан-асыр оқиғалар
болмысына орай, тілімізде де күрделі құбылыстардың болып
жатқаны. Бұл ақиқат. Енді шама-шарқымызша осыларға
280
талдау жасап көрелік. Мәселе түсінікті бола түсу үшін ептеп
тарихқа да, сондай-ақ термин дегенді қалай түсіну керек,
терминжасам принциптері туралы әңгімеге де барған жөн
тәрізді.
Жалпы қай ел, қай халық тарихын сүзсеңіз де, бір нәр-
сенің басы ашық екеніне көз жетеді. Өзін құрмет тұтатын
ұлт қашанда өз тілі қызметінің жан-жақты болуын қам-
дастырады екен. Әсіресе, Еуропа елдері бұл мәселеге өте
мұқият.
Бір кезде А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов,
М. Жұмабаев тәрізді қазақ зиялылыларының бәрі де сөз-
жасамның әр алуан түрлеріне мән берген. Реті келгенде
өздері де түрлі ұғымдардың баламасын іздеп, үлгілерін
ұсынып отырған. Мысалы, С. Сейфуллиннің «ат ойын үйі»
(цирк), І. Жансүгіровтың «думан жүріс» (демонстрация),
«табантемір» (рельс), Ғ. Мүсіреповтың «құлақша қағазы»
(этикетка), М. Мағауиннің «оятар» (будильник), Ә. Кекіл-
баевтың «Қар ханшайым» (Снегурочка), Қ. Қараманұлының
«күнпарағы» (настольный календарь), О. Сәрсенбаевтың «те-
сіккөзі» (глазок в дверьях), Қ. Ысқақовтың «түнемелқабы»
(спальный мешок), Ә. Таразидың «күналқысы» (беседка) т.б.
осындай ізденістер айғағы.
Жаңа сөз дегеніміз не? Осы ұғымның өзін анықтап алу
керек. Әдетте анау пәлен жаңа сөз жасады, мынау түген
деген тәрізді пікір ерсілі-қарсылы айтылып жатады. Ал
шындығына келсек, жаңадан сөз жасау дегеніңіз шартты
ұғым. Сөздер жаңадан жасалмайды. Ол өзгеше өң алып,
өзіне қосымша мағына жүктеп, жаңаша қолданысқа түсуі
мүмкін немесе өзге тілден кірме сөз ретінде енуі, қабыл-
дануы мүмкін. Негізінде әлгі ұғым осыған орай туған. Бұл
тұста әрбір қаламгердің сөз жарату қабілет-қарымына қарай
бірінде бар, бірінде аз, бірінде көп кездесе береді. Жалпы
жаңалық дейтіннің бәрі көктен түсетін нәрсе емес. Оның бәрі
бұрыннан тілде бар сөздер негізінде жасалады. Ғалымдар-
дың (Ә. Қайдар) айтуынша, бұлар бұрын бар сөздер негізінде
жасалатын лексика-семантикалық және аналитикалық ком-
бинациялар, «жаңа қолданыстар». Солардың кейбір үлгі-
281
лерін, яғни модельдерін көрсетелік. Мысалы, қазақ тілінде
ежелден қолданып келе жатқан қаһарман, атарман, шабар-
ман, өлермен деген сөздер бар. Міне, осылардың негізінде
көрермен, оқырман, тыңдарман (слушатель) пайда болды.
Сонда бұл жерде бір кезде өнімсіздеу қосымшалардың
қатарында аталатын -ман, -мен сөзжасам процесінде қайта
жандана бастағанын көреміз.
Сондай-ақ,
-ым, -ім: басыл-ым, қойыл-ым, айнал-ым, сұран-ым,
жайыл-ым, кешір-ім, келіс-ім, шеш-ім, тұжыр-ым-дар;
- дама, -деме, (тұжырымдама негізінде): мақсатнама,
мұратнама баяндама, мазмұндама, мінездеме, кепілдеме
(хабарлама негізінде);
-ыс, -іс: айналыс, көрініс, беріліс, сұраныс, тапсырыс,
байланыс, жеңіс, жиналыс, жарылыс негізінде жасалып
отыр.
Сөзжасамның тағы бір түрі – қолданыстағы сөздерге қо-
сымша, үстеме қызмет беруден байқалды. Мұны
семантикалық жүктеме деуге де болады. Мәселен,
кейінгі кезде жиі қолданыла бастаған «зейнеткер»,
«зейнетақы» деген сөздер қайдан шықты. Бұл пенсионер,
пенсия деген терминдердің баламасы ретінде алынған,
өзімізге ертеден етене таныс, тіпті «Бейнет, бейнет түбі –
зейнет» деген мақалға да сіңген байырғы сөздер. Мұның
түп-төркінін іздейтін болсақ, әріге араб, парсы тілдеріне те-
реңдейміз. Н. Оңдасынов, Е. Бекмаханбетов, Л. Рүстемов
сөздіктеріне үңілсек зейнет сөзінің мағынасы рахат
(наслаждение, блаженство) дегенді білдіреді екен. Ал
«қаріп-қасерлерге берілетін жәрдем, төлем» деген мағы-
наны беретін латын сөзі – пенсия, әрине, рахаттан алшақтау.
Алайда еңбек етіп бейнеттенген адамның зейнетін көруі
ақиқат екені жұртқа аян. Пенсияға дөп келетін балама
іздеу барысында зейнеттің осы бір мағынасын қатты
ұстанып, зейнетақы (жәрдемақы ғой бір қарағанда) деген
нақты термин жасалған. Осындай ізденістер мен әрекеттер
нәтижесінде талай сөздеріміз терминдік мәнге көшкені
мәлім.
282
Терминжасам мәселесінде қазақ тілінің мүмкіндігін
пайдаланудың тағы бір жолы – калькалау тәсілінен көрі-
неді. Мұның ғылыми әлемде төрт түрі белгілі. Біздің
материалымызда да сол қалыптасқан қағидаға итермелейді.
Соны еске алсақ:
1) лексикалық калька, немесе мұны кейде балама-
калькалар деп жүрміз: екіпінді – ударник, кеңес – совет,
жарыс – соревнование, шарт –договор.
2) мағыналық калька, яғни түп сөздің негізгі мағына-
сын беру: қызыл бұрыш – красный уголок, еңбеккүн –
трудодень, қайта құру – перестройка, маскүнем елесі – белая
горячка, денеқызуы – температура.
3) морфологиялық калька: таптастыру – класси-
фикация, келісім – соглашение, қарынша – желудочек.
4) аналитикалық калька: бейнежазба – видеозапись,
агроөнеркәсіп – агропромышленность, радиоқабылдағыш –
радиоприемник, бейнетаспа – видеолента, шағынаудан –
микрорайон. Мұның бәрі терминденуге бейім тұрған өз
байлығымызды сарқа пайдалану принципіне жатады.
Әңгіме терминжасам принципіне ойысқан соң мына мә-
селелерді де қаузай кетуге тура келеді.
Мәселен, туыс түркі тілдерінен сөз алу принципі жөнін-
де. Бұл күні бүгінге дейін еленбей, ескерілмей келе жатқан
туыс тілдер үшін аса қажет принциптердің бірі. Ойлап
қарасақ, өзара туыс отыз шақты түркі тілі, егер бір-бірімен
қатынасын үзбей, бірінің сөздік қорына екіншісі үңіліп
отырған болса, әсіресе терминологиялық жүйені түзер
тұста, өзінде жоқтың көбін өзді-өзінен тапқан болар еді.
Біздің білетініміз, осылайша жақындаса түсудің орнына,
алшақтай берген, аластай берген. Бұл ненің салдары екені
зиялы қауымға аян.
Түркі тілдері үшін мұндай жатбауырлық тарихи қасі-
ретке айналып кете жаздағаны мәлім. Бірінде жоқты бірінен
алып өзара байи, сөйтіп біртіндеп жақындаса, жанаса
түсудің орнына туыстығы әлдеқайда алшақ тілдерден
интернационалдық терминдерді еншілеумен өзінің табиғи
болмысынан айырылып қала жаздады емес пе?!
283
Егер, әу бастан-ақ терминологиялық жүйе осы ыңғайда
қалыптасқанда, туыс тілдер үшін ортақ принциптерді ай-
қындауға болатын еді деп ойлаймыз. Сонда да терминоло-
гияда ортақтық сипат бар деп есептеледі. Бірақ бұл
ортақтықтың бұл тілдердің ішкі табиғатынан емес, сырттан
келтірілген ортақтық. Яғни терминологиялық принциптер
тек орыс және интернационалдық терминдерден байқалады.
Сөйтіп орыс тілі арқылы таралған термин сөздерді әр тіл
өзінше алып жатты. Ал ұлттық, туыстық негіздегі ортақ
принцип жөнінде ешкімнің жұмысы болған жоқ.
Әйтсе де ғылым тілін қалыптастыру мәселесінде туыс
тілдер ғалымдарының аракідік бас қосып, ой-пікірін ортаға
салып отыруына болар еді. Мұндай әрекеттер болды да.
Бірақ, бір өкініштісі, мұндай жиындар болуын болғанмен,
пікір шындығы ылғи да белең ала қоймаған. Көбінің ба-
тылы бармаған, барғандарының басы кеткен, қалғандары
бұғып қалған. Құдайға шүкір, енді бұрынғымыздың бәрін
дерлік әділеттің көзімен биік саналылық, біліктілік тұрғы-
сынан қарастырар қайта қарар күн туды.
Өзара тәжірибе алмасу, тіл байлығымызға үңілудің пай-
дадан басқа зияны жоқ. Әсіресе терминология саласында
ортақтасар ойлар жеткілікті.
Түркі тілдері қаншама жеке-дара дамып келді десек
те, байырғы ортақ түбірлер (Ә. Қайдар) сақталып қалған.
Бұлар бәріне бірдей ортақ байлық. Міне, осы негіздің өзі-
ақ терминологтарға мол материал бермей ме?! Сонымен
бірге жазуы ертерек дамыған тілдерде терминдік жүйе-
нің де ертерек қалыптасқаны мәлім. Біздің бұл заңды-
лықпен де есептеспеуге хақымыз жоқ. Тағы бір ескеретін
нәрсе мынау. Түркі тілдері бұрынғы Одақтың барлық тіл-
дері сияқты едәуір дамыды. Осы жеке-жеке даму, өзінше
өріс табу барысында, өзінше тәжірибе арттырды. Бұл
процестің жүруінде бірінен-бірі артық-кем түсіп жататын
тұстары болады. Міне, сондықтан да бұл туыс тілдердің
бір-біріне үнемі үңіліп, тәжірибе алмасып отыру қажет.
Даму дегеніңіздің де (яғни ілгерілеу), ортақтастық дегені-
ңіздің де бір сыры сонда ашылады.
284
Мысалы, қазақ тілінен де, басқа тілдерден де алынар
үлгі жоқ емес. Тағдырлас, елдер тілдері тарихи орналасу
тағдырына орай әр қилы заңдылықтармен дамиды. Қазақ-
стан жағдайында біздің тілімізге әуелгі кезде көптеген орыс
интернационалдық терминдер енді. Осы жағдайды бір кезде
Қытай қазақтары да қабылдап, тілге ендірген еді. Ал қазір
олар керісінше әлгі терминдердің көбін аластап, оның ор-
нына қытай (ханзу) тілінен сөз алу принципіне көше баста-
ған сыңайлы. Сонымен бірге олар барлық терминді аударып
алып отырған қытай тілінің үлгісімен, көптеген терминдерді
калькалау жолымен аударып алған. Мысалы, үналғы (ви-
деомагнитофон), сыналғы (видеокамера), мұзсандық (моро-
зильник), шаңалғы (пылесос). Бұл терминжасамның өнімді
тәсіліне айналған тәрізді. Мұндай үлгіні қабылдауға бола-
ды. Мұндай әрекеттер бізде де белең ала бастады.
Орыс тілінің ықпалына ешқашан душар болмаған Түр-
кия түріктерінің сөзжасам тәжірибелерінде де үлгі алар
үрдіс бар. Бұлар қайсыбір терминдерді жасау, қабылдауда
бірен-саран (лагер – камп, ракета – фишек, жәрмеңке – фуар,
щетка – фирча) Еуропа тілдерінің элементтері кездескен-
мен, негізінен өз тілінің байлығын қамтуға қатты көңіл
бөлінетін тәрізді. Мысалы, түріктер аэропортты хавааланы,
самолетті учақ, спонсорды сөзжу, магнитофонды касетса-
лар, компьютерді білгісалар, президентті жумхурбақаны,
премьер-министрді башбақан, парламентті мәжіліс, моро-
женыйды дондурма, автомашинаны араба, транспорты
ұластырма, студентті өргенчі, масштабты өлчу деп алған.
Қазақ тілінде университет, экономика, факультет,
теория, спорт, кадр, музей, физика деп қабылданған ин-
тертерминдер, түрікше де ауызекі тілдегі айтылу ыңғайы
сақталып, ықшамданып алынған екен: факульте, универ-
сите, теории, економи, спор, физик, музе, кадро т.б. Ал
аударылып алынған мәдениет, дүкен деген тәрізділер
түрікше аударылмай, әлгіндегідей ықшамды түрге көшкен
(култур, магаза). Ал көптеген интертерминдер екі тілде
екі түрлі аударылған. Мысалы: выставка – түр. сергі, каз.
көрме; Верховный Совет – түр. даныштай, қаз. Жоғарғы
285
Кеңес; Верховный суд – түр. ярғытай, қаз. Жоғарғы сот;
независимость – түр. бақымсыздық, Қаз. тәуелсіздік; кос-
мос: түр. озай, қаз. ғарыш; промышленность – түр. іслетме,
қаз. кәсіпорын т.б.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастың жиілеуіне орай
тілдік те ауыс-түйіс басталғандай түрі бар. Бұл жақсылық-
тың нышаны. Жақсы үлгіні қабылдаудың бір мысалы
ретінде «Егемен Қазақстан» мен «Ана тілі» газетінің
беттері арқылы жиі көріне бастаған ұшақ (самолет – учақ)
және әуеалаңы (аэропорт – хавалалаңы) термин ретінде
қалыптасты.
Қысқасы, туыс тілдер тәжірибесіне үңілу терминжасам
мәселесінде нәтижелі пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Бұл
принципті саналы, сауатты ұстану қажет. Өзіңде жоқты
өзгеден, оның ішінде түбірі бір туыс тілдерден іздеп тауып
жатсаң оның несі айып. Қайта көп жылдар бойы жабылып
қалған табиғи даму заңдылықтарының көзі ашылады еме пе?
Келесі бір кеңесетін мәселе – бізде баламасы жоқ интер-
националдық сөздерді алу, қабылдау принципі. Мұндай
терминдердің бәрі де күні бүгінге дейін сол түпнұсқада қа-
лай айтылып, жазылса, солай алу керек деген принципті
қатаң ұстап, тілімізді шетел сөздерімен әбден сірестіріп
шұбарлап келдік. Бұл қазақ тілінің өз заңдылығына түбірі-
мен қайшы принципті зорлықпен тықпалап келдік.
Енді бұл турасында тіліміздің терминжасам тәжірибе-
сі не берді дегенге келейік. Жалпы қазақ тілінде ежелден
қалыптасқан сөзжасам тәжірибесіне үңілер болсақ, біз
шет тілден (араб, парсы) енген сөздердің бәрін өзіне қарай
икемдеп, айтылу, жазылу қисынын қазақшаға ыңғайлап
отырған екен. Ендеше біз сол принципті негізге неге сүйен-
бейміз? Бір жағынан, интернационалдық терминдерді іштен
орын бермей, берсек те сүйкімсіз қонақ сияқты сол жат
кейіпін сақтап қолдану тіпті де орынсыз. Қабылдап тілімізге
сіңірдік деген терминдеріміздің әлі күнге өз лексикалық
байлығымыздың қатарына ене алмай, интернационалдық
боп үрпиісіп тұруының сыры осында ма деп ойлаймыз.
Қазақтың ғасырлар әлетінен сұрыпталып шыққан төл
сөздерінің қатарында әскери форма киген адам сияқты әсер
286
ететін мұндай сөздердің тағдырын қамти қарастыратын
мезгіл жетті. Солай жасала да бастады. Оларды негізінен өз
тіліміздің заңдылығына икемдеп, ыңғайлап алу – міне, ендігі
жерде ұстанатын негізгі принцип осы болуы керек. Мәселен,
өнер, білім, мектеп, тәрбие, ғалым, ғылым, мұғалім, кітап
тәрізді әу бастағы араб, парсы төркіндес сөздерді, сондай-ақ
мынадай орыс сөздерін: жәшік, бөтелке, бәтіңке, самаурын,
порым, жандарал, болыс, ояз деп еншілегеніміздей еркін
әрекетке баруымыз керек. Яғни келгіншіге ыңғайланып,
соған қарай икемделе бермей, өз болмыс, шын табиғатымызға
сай бейімдей қабылдау лазым. Интернационалдық термин-
дердің өз тіліміздің заңдылығына сай бейімдеп алуды сөз
аластау деп түсінбеу керек. Мұндай тілдер қабылдаушы
тілдің талабына көнбесе, сол өгей қалпы түбегейлі кіріге
алмай, өзіне орын таппай жырақ тұратын болады. Күні
бүгінге дейін қолданылып келген терминдердің біразы дәл
осылай күй кешіп келеді.
Жалпы бұл туралы сөз қозғамастан бұрын, интер-
националдық термин дегеніміз не, осыны дұрыс түсініп
алғанымыз жөн. Әдетте әлде неше тілде бірдей қолданылып,
ортақ қазынаға айналған сөздерді – интертермин дейміз.
Бірақ екінші тілге енген мұндай сөздердің бәрі бірдей
интертермин дәрежесін ала алмайды. Дүниежүзілік дең-
гейге танымал болған терминдер мен атаулар ғана интерна-
ционалдық деген мәртебеге ие бола алады. Ал осыдан келіп
интернационалдық терминдерді басқа тілдерге аударуға
болмайды деген принципті күні бүгінге дейін қатып ұста-
нып келуіміз қалай? Шындығында өзге тілдің байлығын,
мүмкіндігінше есепке алмайтын бұл не қылған принцип.
Бұл турасын айтқанда, басқа тілдердің даму жолдарын тұм-
шалау дегенмен барабар екенін ойлана бермегендейміз.
Әуелде осы принципті қабылдағанда біз өз тіліміздің мүм-
кіндігімен ісіміз болмаған тәрізді. Тілдер арасындағы әді-
летсіздікке ең алдымен өзіміз жол беріп отыратын сияқ-
тымыз.
Ғылым мен техника жүгін көтеретін тілдер бар, көтере
алмайтын тілдер бар деген пиғылды жылдар бойы дәлел-
287
деп келгендейміз. Қазақ тілінің әлі толық іске жегілмей
жатқан сан алуан қатпарларына тереңдеген сайын, әлемдік
деңгейдегі сан алуан ұғымды да толық жеткізе аларлық
қауқарының барлығына көзіміз толық жетіп отыр. Сонда тіл
табиғатына жат «дайын» нәрселерге бас шұлғи бергенше өз
байлығымызды іске қосудың жолдарын қарастырған абзал
емес пе?! Кейінгі жылдар тәжірибесі осыны толық дәлел-
деп отыр. Осы тұрғыдан келгенде, туыс түркі тілдерінің
ортақ қазынасы әлі жеткілікті дәрежеде қозғалысқа түскен
жоқ. Бірінен-бірі нәр алып, бірін-бірі байыта түсудің орнына,
алшақтай, алыстай берген. Мұның түп негізі ең алдымен
жазу алшақтығына байланысты деп ойлаймыз.
Қазақ халқы небәрі 15-20 жылдың ішінде үш түрлі жа-
зуды бастан кешірді. Міне, осы бір жазудан екінші жазуға
көшу әлегінде өзге туыс тілдердегі ортақ қазынаға үңілмек
түгілі, таза өз байлығымыздың қадіріне жетуден де қалып
қоя жаздаған жоқпыз ба?! Бұл, әрине өз алдына өрбітуді
керек ететін күрделі сала. Жалпы интертерминдер төркініне
бойлаған сайын олардың белгілі бір ұғымға негізделіп,
нақты мағыналық жүк арқалап тұратынын көреміз. Ал енді
осыны берерлік сөздерді қазақ тілінен іздегенде көп ретте
жоғымыз табылып жатады. Дәл қазір тілімізде осы іздеу,
іздену процесі жүріп жатыр. Көп жоқтың орны толып жатыр.
Осы уақытқа дейін тіл-тілдерді интернационализмдер
болмаса, не аз болса, ол тілдің қауқарсыздығы, дамымай
қалғандығы деген түсінік басым болып келеді. Шынында,
тілдің дамуы ондағы интренационалдық сөздердің көп-
аздығына қарап өлшенбесе керек. Егерде әңгіме таралған
барлық терминдерді сол қалпында қабылдап, оларды өз тілің
арқылы меңгерсең, интертерминдер шапқыншылығына тап
келгендей болар едік. Онсыз да дендеп бара жатқан шетел
сөздері қаптай беретін болса, ана тілімізге қатер төнді дей
беріңіз. Интертерминдерге тәуелді болмай-ақ, өз тіліңнің
байлығын іске жаратқан жапон мен қытай халқының тә-
жірибесін алыңыз. Олар ғылым мен техника жетістіктерін
өз тілі негізінде меңгеріп, дамытып отыр. Тексере келсек,
жапон тілі кеше ғана, яғни 1945 жылдан былай қарай ғана
өзіндік қуатқа ие болған екен.
288
Интертерминдерге тиюге болмайды дейтін түсінік
бұларды шынында да Құран сөздеріндей етіп жіберді.
Содан барып бұлар да баста белгілі бір тіл ішінде туындап,
терминдік мәнді жүре келе жүктеген қарапайым сөздер екенін
елемейтін де болдық. «Тиіспе», «аударма» деуден бұрын бұл
«сөздер нені білдіріп тұр, қандай мағынаны арқалап тұр»
дегенге зер салу керек қой. Міне, қазір интернационалдық
терминдерге осылайша қарау ағымы пайда болды. Бұл тіл
дамуының өзіндік даму табиғатына тән құбылыс.
Терминдер төркініне үңілгенде, олардың да шығу, жасалу,
пайда болу тегі, тілдік мекен-жайы болатынын байқаймыз.
Мысалы, медициналық терминдер әуелде латын тілінде
пайда болған екен. Олар кейін барлық тілдерге еніп, сол
күйінде қалыптасып кетті. Бұларды аударып әуре болудың
қажеті шамалы. Ал кеше ғана ғарышты игеруге орай пайда
болған спутникті, Октябрь революциясына орай туған
совет, большевиктерді көптеген тілдер өз мүмкіндіктері
негізінде қабылдап алды.
Термин аудару, жасау, қалыптастыру мәселесінде ғылым
саласын саралап қарастыру қажет. Мәселен, техника,
физика, математика, механика тәрізді дәл ғылымдардың,
химия, биология, медицина сияқты табиғаттану ғылымдары
терминдерін бір қатарға қойып қарауға болмайды. Бұлардың
терминдерін аударуға келгенде барынша ыждағаттылық,
біліктілік қажет. Кейбір тілдер компьютерді аударып
қолданып жатыр. Мәселен, түріктер мұны белгі саяр («санай
білетін») деп алған екен.
Ал қоғамдық ғылымдар саласына келер болсақ, әңгіме
басқаша. Бір қарағанда бұл ғылымдар қоғамдық өмірдің
айнасы іспеттес қой. Саяси-экономикалық, мәдени-
әлеуметтік, оқу-тәжірибелік, өнер-білімге байланысты
ұғымдардың бәрін жинақтап, олардың аударуға тиістілері
қайсы, тілімізге бейімдеп алуға болмайтыны қайсы, сол
қалпында қалдырылатындары қайсы дегендерді саралау
керек. Оларды аударудың принциптері мен тәсілдері
айқындалуға тиіс. Онысыз терминологияда жүйелілік
болмайды.
289
Терминологияның бұл мәселелері қазақ тілі түгілі, орыс
тілінде әлі түбегейлі қарастырылған жоқ. Интернационалдық
термин атауларының төркініне тереңдемей, олардың әуелгі
лексикалық мағынасын тексермей-ақ, терминдік тұлғада
мәнін ғана аударып қателесіп жүрміз. Шынында, бұлар да
әу баста кәдімгі қарапайым сөздер ретінде дүниеге келгенін
аудармашылар ескеріп отыруға тиіс. Сөйтіп әлгі атаулар
келе-келе шарттылық пен дәстүрлі қолданысқа көшкен.
Міне, мәселенің осы жағына қатты мән беріп отыруға тура
келеді.
70 жыл бойындағы терминологиялық процесті қадағалап
отырсақ, тілімізге еніп, ендіріліп жатқан термин мен
атауларды «орыс, совет және интернационалдық» деп жіктеп
келген екенбіз.
Профессор Ә. Қайдар бұларды осылайша үш топқа бөледі
де, әрқайсысының арасалмағын, санын ойша топшылап
таңдайды. Оның ойынша орыс терминдерінің 70%
мағынасы түсінікті болғандықтан, қазақшаға аударылғанда
30% сол қалпында қабылданған. Осылардың арасынан
ғалым советизмдерді бөліп алады да, оны 20% шамасында
деп есептейді. Бұлардың бір тобы таза орыс (славян) (совет,
большевик, листовка, самолет, вертолет, пулемет, паровоз,
станок, завод, почта, ведомство, сот, паром т.т.), екіншілері
орыс, еуропа және шығыс элементтері аралас (колхоз,
партбилет, профсоюз т.б.) термин сөздер.
Бұл жерде әсіресе терминологиялық жүйені қалыптастыру,
реттеу, жасау жайына келгенде әрбір тілдің өз табиғатына
тән ерекшелігін қатты ескеріп отыру керек. Мәселен, орыс
тілі мен қазақ тілі жағдайын алайық. Орыс тілінің ғылым
мен техника саласындағы терминологиялық қоры негізінен
еуропа мен шығыс елдері элементтерінен тұратыны бай-
қалды. Осыны үлгі тұтқан қайсыбір қаламгерлер, орыс-
интертерминдерден неге қашамыз дегенді айтқысы келеді.
Сөйтіп қазақ тілін қатар қойғысы келеді. Орыс тілінде
термин қалыптастыру ісі XVII ғасырдан басталған.
Ал қазақ тілінің терминдермен жабдықталуы небары
60-70 жылдың аржақ-бержағы. Мұны есепке алмай қара-
290
байыр салыстырудың мәні жоқ. Нені болса да жұтып, сіңіріп
жіберетін алып тілдің термин қалыптастыру жайы бір
басқа да, күш-қуаты бойында, өз мүмкіндігін әлі барынша
жарқырата ашып, іске жарата қоймаған қазақ тілінің жайы
екінші басқа. Орыс тілі шет тілі элементтерін қанша болса
да көтеріп кете алады. Одан оның беделі төмендеп, мәні
көмескілене қоймайды. Ал қазақ тіліне бет қаратпай тыс
элементтерді қабылдай берсек, еңсені басып тастауы
мүмкін, әлденудің орнына әлсіреуі, баюдың орнына құн-
сыздануы мүмкін. Сондықтан қазақ тіліне сөз қабылдаудың
ана тілге зиянын тигізбей, заңды принциптерін барынша
сауаттылықпен, қатаң сақтау керек.
* * *
Игі әсер, игі ықпал деген ұғым көп айтылып келді.
Осының байыбына барып, парқын біліп, дәйекті пікір
қозғаушылар аз. Ұлы орыс тілі қазақ тілін, сондай-ақ басқа
тілдерді де осылайша ықпал ету нәтижесінде керемет
байытты деген жалаң түсінік етек алған.
Жалпы баю деген не өзі? Мұны баз біреулер сөздік қор-
дың молдығына саяды. Яғни тірі тілде қанша сөз болса,
ол соншалықты бай тіл деп ұғынушылар бар. Тіл байлығы
мұнымен ғана айқындалмайды. Әрине сөздер мен сөз
тіркестерінің, сөз түрлендіргіш қосымшалардың молдығы
да белгілі дәрежеде тіл байлығының көрсеткіші бола
алады. Әйтсе де тілдің оралымдылығы, икемділігі, мағына
туындатқыштығы негізгі фактор болуы керек. Егер орыс
тілі қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктерінің артыла түсуіне
септігін тигізіп жатса, мұны игі әсер қатарына жатқызуға
болар.
Ал тіл табиғатына жат әлгіндей сірескен бөтен тұлға-
лардың қаптауы баю емес, басылумен барабар құбылыс.
Мұндай сөздер қатары, әсіресе кеңес үкіметі тұсында көбейе
түскені мәлім.
Тіліміздің өз мүмкіндігін, яғни сөзжасам түрлерін
жетілдіре, түрлендіре түсудің орнына, ізденіп тер төгудің
291
орнына осындай дайын қабаттарды қаптатуды тіл баюына
жатқызуға болмайды. Осының бәрінен тілдердің өзара
игі әсерінен гөрі, бір тілдің екінші тілге үстемдігін, бұл
жерде орыс тілінің қазақ тіліне жасап отырған өктемдігін
көреміз. Бұлар терезесі тең дәрежедегі дамыған тілдер емес.
Бірі – бағынышты, бірі – басыңқы үстемдік рөл атқарған
тілдер. Соған қарамастан, қазақ тілінің терминологиялық
лексикасының біршама қалыптаса түскенін мойындау керек.
Мұны саралай келсек, сала-салаға жіктеп, өзіндік және
өзгелік деп бөліп қарастыруға болады. Сонда шамамен 100
мыңға тарта деп есептеліп жүрген терминдердің өзіндігінен
гөрі, өзгелігі әлдеқайда басым жататынын байқаймыз. Мұны
кез келген екі тілді терминологиялық сөздікті мысалға
ала отырып дәлелдеуге болады. Осының бәрінде, қанша
дегенмен бұйығы жатқан тілдің байырғы лексикалық
қазынасына қозғау салғаны да мәлім.
Терминологиялық ізденістер там-тұмдап болса да тілі-
міздің ішкі мүмкіншілігін сарапқа салуға жетектеді. Ғылым-
ның әр саласындағы терминге мұқтаждықты зиялы қауым
ізденімпаздықпен өтеуге тырысып отырғанын байқаймыз.
Бұл жерде орыс тілінің игі әсерін көруге болады. Осы
бағытты ұстанып, оның тиімді үлгілерін жан-жақты
дамытудың орнына орыстың мундирі мен кокардасын
киген терминдерді қаптатып жібердік. Аударуға келмейтін,
баламасы табылмаған орыс интертерминдерді қабылдау
принципінде өрескел қателіктер жіберілді. Олардың қазақ
тілінің сөз қабылдау заңдылығына сәйкес қисынын келтіріп
сіңдірудің орнына, орыс тілінің өз нормасымен алып
қалшиттық та қойдық. Бұл түпнұсқа тілінің жазба әдеби
нормасын сақтау орыс рухын сақтау болып шықты. Мұның ар
жағында таза «орыстандыру» саясаты менмұндалап тұрды.
Ал біз болсақ, мұны асқан мәдениетке жетудің төте жолы
деп қабылдап, жарыса мадақтап жаттық. Бұл төңкерістен
кейін болған құбылыс. Ол әсіресе жазумен, алфавитпен
байланысты күшіне ене түсті. 42 әріптен тұратын орыс
алфавитін, кириллицаны қалай қабылдадық, солай тіліміз
өз табиғатынан алшақтай бастады. Бұл алфавит күшіне ене
292
келе жазу ғана емес, тіпті ауызекі сөйлеу тілімізге де кері
әсерін тигізе бастады.
Жалпы шет сөздерді қабылдау жөнінен ежелден қа-
лыптасқан дәстүрімізді тастап, кеңес кезінде неге ғана құ-
была қалғанымыздың түп себебі «орыстандыру» саяса-
тында жатқанын ескерткен едік. Бір қызығы, орыс тілінде
қаптап жүрген шет тіл терминдерінің ешқайсысы өзінің түп
негізі, яғни заңдылығы сақталып алынған емес. Жазу мен
терминдерді реттеуде орасан зор еңбек еткен зиялылары-
мыз осыны неге ескермеді екен деген ойға қаласың.
Достарыңызбен бөлісу: |