Зат алмасу немесе метаболизм деп тірі ағзада өтетін барлық химиялық реакциялардың жиынын айтамыз. Зат алмасу нәтижесінде ағзаға қажет заттар түзіледі және энергия бөлінеді. Ағза мен сыртқы орта арасында әрқашан зат және энергия алмасуы үздіксіз жүріп отырады. Күрделі қоректік заттар ас қорыту мүшелерінде қорытылып құрылысы жай заттарға айналған соң ащы ішектен қанға және лимфаға өтеді. Қан және лимфа ағыны арқылы ұлпаларға жеткізіледі. Әр мүшенің жасушалары өзіне тән және өсіп-өнуіне қажетті қарапайым заттарды түзеді. Қоректік заттардың ыдырауынан пайда болған энергияны жасушалар әр-түрлі физиологиялық үрдістер үшін жұмсайды. Артық түскен заттарды өзіне қор етіп жинайды (мысалы, гликоген, май). Ал жасушалардың тіршілік етуі нәтижесінде түзілген керексіз заттар өкпе, тері ішек арқылы сыртқа шығарылып отырады. Зат алмасу өзара тығыз байланысқан екі қарама-қарсы құбылыстан тұрады: 1) Ассимиляция немесе пластикалық алмасу 2) Диссимиляция немесе энергетикалық алмасу Ассимиляция деп жай заттардан күрделі қосылыстардың түзілу реакцияларының жиынтығын айтамыз. Бұл реакциялар энергияны қажет етеді. Пластикалық алмасу нәтижесінде жасушалардың құрамы жаңарады. Ал диссимиляцияда күрделі заттар ыдырап энергия бөлінеді. Бөлінген энергия ағзаның тіршілігін сақтап, ой және дене еңбектерін орындаға жұмсалады.
Ассимиляция — зат алмасу процесінің қоректік заттарды қабылдаумен, оларды дененің құрылымына — тірі материяға (жасуша цитоплазмасына, организм қорына) айналдырумен байланысты бөлімі. Ол бірнеше сатыда атқарылады:
1) сыртқы ортадан организмге қажет заттарды қабылдау;
2) қабылданған заттарды организм ұлпалары мен жасушалары сіңіре алатын қосылысқа айналдыру;
3) жасуша құрылымын , биологиялык, белсенді заттарды түзу, ескірген құрылымдарды алмастыру, жаңарту;
4) қарапайым заттардан күрделі қосылыстар түзу;
5) денеде қор жинау.
Диссимиляция — зат алмасу процесінің тірі материяны ыдыратумен, бұзумен байланысты бөлімі. Диссимиляция да бірнеше сатыда өтеді:
1) организм қорын жұмылдыру (мобилизациялау);
2) күрделі қосылыстарды қарапайым заттарға ыдырату;
3) ұлпа мен жасушаның ескірген құрамаларын ыдырату, бүзу
4) қуатты заттарды ыдыратып, энергия бөлу;
5) организмнен алмасу (ыдырау) өнімдерін бөліп шығару
Диссимиляция катаболизм процесін қамтиды. Катаболизм нәтижесінде жасушалардағы күрделі қосылыстар қарапайым заттарға ыдырап, энергия босайды. Бұл энергияны организм өзінің тіршілік әрекетін сақтау, атқару, өніл-өсу үшін жұмсайды және түрлендіреді -энергияның басқа түрлеріне (механикалық, электрлік, жылу энергияларына) айналдырады. Катаболизм белгілі бір сөреден басталып (нақтылы бір қосылыстың — белоктың, көмірсудың, майдың ыдырауынан басталыл), әр түрлі межеде — әр түрлі өнім түзумен аяқталады.
Достарыңызбен бөлісу: |