Орындаған: Абақ Ақнұр
6В01717, ҚТӘ-21 тобының студенті.
Пән: Емле және сөз сазы
Тақырыбы: Орфоэпия. Орфоэпиялық нормалар
Әдеби тілдің орфоэпиялық нормасын сақтаудың мәдени-әлеуметтік мәні айрықша. Өйткені норма тілді тұтынушылардың басын біріктіреді. Дыбыстаудағы ортақ заңдылықты сақтамай, әркім өз бетінше сөйлесе, сөзді ұғыну қиынға түсіп, коммуникацияның ойдағыдай өтуіне нұқсан келеді. Сөйлеушінің сөз мәдениетінің төмендігін, сауатсыздығын көрсетіп, тыңдаушыға жағымсыз әсер етеді.
Әдеби тілдің ауызша нормасы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін таяныш етеді. Алайда халық тілінің дыбыс жүйесіндегі әр алуан варианттардың едәуір бөлігі тіл жұмсау тәжірибесінде халық тілінің сөз үлгілерінен таңдалып, сұрыпталды. Нормалардың қалыптасуында байырғы кездегі ақын, жыраулар, билер тәрізді ауызша сөз майталмандарының шаршытоп алдындағы сөзі, кейінгі кезеңдерде сахна, радио, телевизия хабарларының рөлі айрықша болды. Солар арқылы қалыптасқан үлгілер әдеби тілдің ауызша нормасы деп танылды.
Әдеби тілдің ауызша нормасы әсіресе радио, телехабар арналарының кеңеюі, сахна өнерінің дамуы, шаршытоп алдындағы сөздің жаңа түрлері мен типтерінің пайда болуы, аудитория алдындағы сөздің әлеуметтік мәнінің жоғарылай түсуі ауызша сөздің орфоэпиялық нормаларының бекіп, саралануына ықпал еткен маңызды фактор болды.
Әдеби тілдің орфоэпиялық нормасына байланысты қиындықтың бірі жазу тәртібімен байланысты, өйткені жазба сөздің өзіне тән жүйесі бар да ауызша сөздің өзіне тән жүйесі бар. Сондықтан жазба мәтінді оқығанда жазба сөзге тән кодты ауызша сөзге тән кодқа көшіре білу қажет. Жазғанды оқу дегеніміз – жазба кодты ауызша кодқа көшіру. Дыбысталған сөз бен қағазға түскен сөздің жүйесі дәлме-дәл сәйкес келмейді. Жазу-сызу тарихында ауызша таңбалар мен жазба таңбалардың өзара тепе-тең түскен жүйесі болған емес. Тіпті ондай жазба жүйенің қажеті жоқ. Олай болмаған жағдайда ауыздан шыққан сөздің тұрпаты бұзылып, кедір-бұдыры көбейеді.
Қазақ жазуы негізінен фонематикалық принципті ұстанады. Фонематикалық принцип дегеніміз жазуда фонемалардың дыбыстық қоршауға неғұрлым тәуелсіз дыбыстық реңкін таңбалау деген ұғымды білдіреді.
Фонема – абстракті ұғым. Фонемалар индивидтің тілдік ұжымының санасында белгілі бір тілдік дыбыстың образы түрінде бейнеленеді және сананың бақылауынан тыс өмір сүреді.
Тілдік ұжымның санасында осылайша қалыптасқан 17 дауыссыз, 9 дауысты фонема бар екенін (б, п, т, д, қ, к, ғ, г, с, ш, з, ж; й, р, л, м, н, ұ, у және а, ә, о, ө, ы, і, ұ, ү, е) А.Байтұрсынұлы дәл анықтады.
Орфографияның, орфоэпиялық нормалардың тілдік базасы бар да теориялық базасы бар. Тілдік базасы – сөздің халық тіліндегі дыбысталу жүйесі: бас, аяқ, қол, ғалам, әлем, оқиға, уақиға т.б. Орфоэпиялық норма тілдің конвенционалды сипатына тәуелді: тілдік ұжым [бас], [тау], [бала`] деп дыбыстайды, бұларды басқаша дыбыстау мүмкін емес.
Әдетте парадигмадағы дыбыстық бірліктер (тілдік санада вертикал қатардағы виртуалды бірліктер) а, ә, о, ө, ы, і, ұ, ү, е және б, п, т, д, қ, к, ғ, г, с, ш, з, ж; й, р, л, м, н, ұ, у синтагмалық қатынасқа түскенде парадигмадағымен сәйкессе, кей тұста парадигмадағымен сәйкеспей, түрленіп кететін жағдайлары болады. Парадигмадағы дыбыстың санынан синтагмалық тізбекке түскендегі дыбыстың саны әлдеқайда көп болады. Міне, мәселенің осы тұсында шешімі қиын түйіндер болады. Мұндайда орфоэпия қалайда бір теориялық базаға сүйенуге тиіс. Қазақ орфоэпиясының теориялық базасының мәселелері А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, Р.Сыздықова, Ә.Жүнісбеков т.б. зерттеулерінде жазылды. Сөздің бірыңғай жуан/жіңішке айтылып, сөз ішіндегі дыбыстардың бір-біріне ілгерінді/кейінді ықпал етіп бірін-бірі игеретіні, артикуляциялық, акустикалық жақтан бір-біріне бейімделетіні айқындалды.
Міне, дыбыстардың синтагмалық қатардағы қатынасқа түсетіндегі күйін: қатаңдардың ұяңдануы, ұяңдардың қатаңдануы, жиылыңқылардың жайылыңқы, жайылыңқылардың жиылыңқы болуы, жуысыңқылардың тоғысыңқы, тоғысыңқылардың жуысыңқы т.б. болуы – акад. Р.Сыздықтың «Сөз сазы» кітабында жеке сөз, микромәтін деңгейінде талданып, көрсетілді. Сөйтіп, автор орфоэпиялық норманы кодификациялауда дыбысталған сөздің тілдік базасын негізге ала отырып, сегменттік, суперсегменттік (буын, пауза, ырғақты тип, интонация) деңгейде қазіргі орфоэпиялық норманы 36 бапқа топтастырып жүйелеп береді. Әдеби тілдің дәстүрлі орфоэпиялық нормасын саралап берудің нәтижесінде орфоэпиялық норманы кодификациялаудың негізі жасалды.
Орфоэпиялық нормаларды кодификациялау ісі практикаға сүйенумен бірге теориялық тұрғыдан қарастыруды да қажет етеді. Әсіресе шаршытоп алдындағы сөздің түрлері мен жанрларының көбейіп отырған кезде, ауызша сөз арналарының қоғамдық, әлеуметтік маңыз алып отырған тұста орфоэпиялық нормаларды теориялық тұрғыдан тиянақтап отырудың маңызы айрықша. Бұл ретте оның теориялық мәселелері фонема, фонология ілімдерімен тығыз байланысты қаралатыны белгілі.
Тілдің мағыналық бірліктерін бір-бірінен ажыратуға қабілеті бар парадигмадағы фонологиялық бірліктер (19 дауыссыз, 9 дауысты) синтагмалық қатынасқа, яғни көлбеу тізбекке түскенде уақыт жағынан бірінен кейін бірі келе отырып, әртүрлі дыбыстық реңкте объективтенеді.
Мысалы: [атцыз] атсыз, [қатчы] хатшы, [авай-вол] абай бол т.б. [ағалма] ақ алма, [ақпілек] ақ білек т.б.
Біз бұл жерде дыбыстық өзгерістерді жуық шамамен ц, ч, в таңбаларымен беріп отырмыз. Алайда бұлар дәлме-дәл орыс тіліндегідей дыбысталады деп түсінбеу керек.
Қазақ орфографиясында жуан/жіңішке жазылуы даулы көрінетін шай/шәй; жай/жәй тәрізді сөздер бар: қайтіп, қасиет, мұғалім, кітап, қадір, қазір, қанден, қабір, қауіп, қасиет, т.б.
Осы тәрізді сөздерді неге бірыңғай жуан, бірыңғай жіңішке түрде жазып, үндестік заңын сақтамаймыз, орфографиялық сөздік үндестік заңын бұзып отыр дегендей сыңай танытатын мақалалар жарық көріп жатады. Әрине, мәселенің байыбына бармай сөздердің шай, жай=, т.б. жазылуын орфографиялық сөздік дұрыс көрсетпей отыр, мұндай сөздер шәй, шәй=, жәй=, жәй деп жазылуға тиіс деп ақыл айтқан болады.
Бәлкім, осыларды сынаушылар айтқандай үндестікке бағындырған болып, қайтып (қайтып айтайын), кәсиет, мұғалым, кітәп, қадыр, қазыр, кәнден, қабыр, қауып (қауып төнген жоқ), қауыпсыз, қауыпты, қауыпсыздық деп жазуға болар. Алайда мұндай сөздердің саны бұл көрсетілген сөздермен шектелмейді. Мысалы, құдірет сөзін күдірет/құдырат, тақсірет сөзін тәксірет, харакет сөзін кәрекет, ақырет дегенді әкірет/ақырат, рақымет, қасірет сөздерін рақымат, кәсірет, Ақыметті Ақымат деуге болмайды. Бұлай деу тілдік базада жоқ. Сондай-ақ шай, жай, шай- сөздерінің қара басын шәй, жәй, шәй- деп жазуға болар-ау, бірақ шайға шақыр, шайлық пұл дегенді шәйге шақыр, шәйлік пүл, кірді шайқа дегенді кірді шәйке демесі бәрімізге аян. Бар байлығым, бір шайлығым деген мәтелдегі байлығым, шайлығым – жуан түрде ұйқасып тұрған сөздер.
Қазақ орфографиясы мен орфоэпиясы нормаларымен тағы бір қайшылықты жағдай – бейүндес буынды сөздердің айтылу нормасы мен жазылу нормасын кодификациялау мәселесі. Әсіресе соңғы жылдары тіліміздің жазу, дыбыстау нормаларына жұртшылық назары ауып, тиісті сөздіктерге көрсетілген нормалардың кейбірін сынға ала бастады. Нормативті сөздіктерде көрсетілген қасиет, қаріп, қабір, қадір, қауіпті, қайтіп, қайткенде, қадім, мұғалім, т.б. сөздерді кәсиет, кәріп, қабыр, қадыр, қауыпты, кәйтіп, кәйткенде, мұғалым т.б. түрінде жазып, әлгідей сөздердің нормасын тиянақтауда сингармонизм заңдылығына сүйену керектігін айтады. Әрине, «бейүндес буынды» сөздерді, егер олардың саны осы айтылған сөздермен шектелсе, солай етіп жазуға да, айтуға икемдеуге де болар еді. Бірақ мұндай типтегі сөздердің саны, түрлері осы аталған сөздермен шектелмейді, тілде бұдан басқа да біралуан сөз бар: тәкаппар, құдірет, ақырет, қауесет, қазірет, қасірет, рақымет, тауқымет, қорек, мехнат, тақсірет т.б. Бірыңғай жуан, я болмаса бірыңғай жіңішке түрде таңбалап жөнге салуға бұлардың ырық бермейтіні байқалады. Мұндай сөздер де, жоғарыда аталған азын-аулақ икемдеуге келеді-ау деген сөздер де шеттілдік болғандықтан ырыққа көне бермейтіндей көрінеді. Шынында, үндесім икеміне көне бермейтін тек шеттілдік қана емес, төлтума сөздер де бар: мұнікі, оныкі, ауылдікі, таудікі, көгорай, көкқарға, көкпар, қағылез т.б.
Мұндай қиындықтардың икемді келеді-ау дегенін үндесіммен айтып, жазып, ал келмейтінін сол күйінде жылы жауып қойғанмен, мәселе шешілмейді. Сондықтан әңгіме «қиындықтың» төркіні неде екенін іздестіруге келіп тіреледі.
Осы тәрізді ерекшелік, біздің байқауымызша, [ғ] мен [г] дауыссыздарында да бар екені байқалады. Атап айтқанда, [ғ]-ның жіңішке тембрлі вариациясы мына тәрізді әлсіз позицияда кездеседі: [ағ1ешкі] ақ ешкі, [ғ1äз1ійз1] ғазиз, [гауқар] гауһар т.б.
Өзге тілден импортталған мұндай сөздер қазақ тілінің негізгі дыбыс заңдылығы бойынша игерілетіні мәлім. Мұндайда едәуір сөздің басыда [қ], [ғ] дыбыстарын түсіріп қолдану позициялық игерудің бір жолы болса керек. Қали – Әли, Ғалым – Әлім, Қалибек – Әлібек, ғылым – ілім, ғылыми – іліми т.б.
Әуелде Қали, Ғалым, Қалижан, Ғалымжан т.б. тәрізді сөздердің құрамындағы дауыстылар біршама палаталданған дауыстылар болуы, ал [қ], [ғ] дауыссыздары соған сәйкес жіңішке тембрлі болуы ықтимал: [қ1äл1їй1], [ғ1äл1їм1] [қ1äлїйж1äн] [ғ1äлїмжäн]. Өйткені Қалидың [алый], Ғалымның [алым], Ғалымжанның [алымжан], Ғазиздің [азыз] болмай, Әли, Әлім, әзіз түрінде игерілуі осыған меңзейді.
Қазақ тіліндегі ерін үндестігі жөнінде А.Байтұрсынұлы еріндіктердің бас буында келетінін басқа буынды сүймейтінін атап айтады, сондықтан әлсіз жағдайдағысын жазуда белгілемейді. Әрине, А.Байтұрсынұлына дейін қазақ сөзінің хатқа түскен үлгілерінде ерін дауыстыларының әлсіз жағдайда (дыбыстық қоршауға тәуелді жағдайда) белгіленетін де, белгіленбейтін де тұстары бар.
Тағы бір назар аударатын жайт – екінші буындағы дауыстының әуелден түптұлғалық еріндіктер еместігі. Бұлай деуімізге салыстырма тарихи фонетиканың материалдары себеп болып отыр: мысалы, қазақ тілінде үй, татар тілінде өй, қаз. үйде, тат. өйдә; қаз. үйдегі, тат. өйдәге, қаз. үйдегілерге, тат. өйдәгеләргә; қаз. төлерге, хак. тőлирге; қаз. көрер, хак. кőрер; қаз. күрек, әзерб., ұйғ. күрәк; қаз жүген, башқ. югән, әзерб. йүйән, хак., шор чÿген; қаз. жүрек, ұйғ. жүрәк т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |