Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті
Экономика және құқық институты
БӨЖ /5
Орындаған: Ахметжан Сымбат Оқу тобы: Ср22-3 Пән атауы: Қазақстан тарихы Қабылдаған: Ахметбек Бақытжан
ХІХ ғ. 60-90 жылдарындағы көші-қон мәселесі. Орыс шаруаларын Қазақстанға қоныстандыру туралы уақытша ережелер. ●XIX ғасырдың 60-90-жылдарында жүргізілген әкімшілік реформалар қазақтардың жерін түгелдей мемлекеттің меншігі деп жариялады. Ол реформалар Қазақстанды шаруалар арқылы кең көлемде отарлап алуға берік негіз қалады. Орыс шаруаларын шикі Ресейден қоныс аудару көп жағдайда қазақтарды ежелгі атамекенінен, қонысынан жаппай қуу және ең құнарлы жерлерін күштеп тартып алу арқылы жузеге асырылды.
Егер XIX ғасырдың ортасына дейін Қазақстанға көбінесе Ресейден әскери топ пен казактар ғана қоныс аударып келсе, ғасырдың екінші жартысынан бастап жағдай түбегейлі өзгерді. Ресей шаруаларын қазақ даласына бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде жаппай қоныс аудару ісі мемлекеттік тұрғыда қолға алынды.
Мұның бірқатар себептері болды:
Біріншіден, 1861 жылы Ресейде шаруаларды басыбайлы езгіде ұстау жойылды. Шаруалар басыбайлы тәуелділіктен құтылды. Бірақ олар жаппай жерсіз қалды немесе ұлтарақтай шағын жерге ғана ие болды. Мұның өзі шаруалардың толқуын туғызды. Патша үкіметі шаруалар бүліншілігінің өрши түсуін болдырмау үшін оларды Қазақстан мен Сібір аумағына жаппай қоныс аударту шараларын ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады.
Екіншіден, Ресей империясы қоныс аударушы шаруалар есебінен қазақ өлкесінің аумағында өзінің сенімді тірегін қалыптастыруды мақсат етті.
Үшіншіден, патша үкіметі орыс шаруаларын жаппай қоныс аудару арқылы қазақтарды егіншілікпен айналысатын отырықшы өмір салтына көшіруді ойлады. Өйткені ондай жағдайда қыруар көп жер босап қалып, жергілікті халықты қатаң бақылауда ұстаудың тамаша мүмкіндігі туар еді.
Төртіншіден, патша үкіметінің жергілікті халықты христиан дініне енгізу және орыстандыру жөнінде арам пиғылы да болатын.
Бесіншіден, қоныс аударушы шаруалар Қазақстанды орыс империясының сарқылмас мол астығы бар алып қоймасына айналдыруы тиіс деп үміттенді. Өлкені казактар арқылы отарлау экономикалық тұрғыдан ойдағыдай онды нәтиже бермеді. Әскери қызметте жүрген казактар өлкедегі әскери гарнизондар мен шенеуніктер тобының өзін де азық-түлікпен жартымды қамтамасыз ете алған жоқ.
Оның үстіне Ресейдің жерсіз шаруаларын жаңа жерде емін-еркін тамаша өмір сүруге болады екен деген хабарлары мен хаттары ол жақта қалғандарды еліктіре елеңдетті. Мұның өзі орыс шаруаларын одан сайын жаппай қоныс аударуға қызықтыра түсті.
1866 жылы Батыс Сібір бас басқармасы шаруалардың Қазақстан аумағына өз беттерінше қоныс аударуына рұқсат етті. Алғашқы қоныс аударушылар Сібірдің әр түрлі қалаларындағы мещандар және Тобыл губерниясындағы Қорған және Есіл округтарындағы шаруалар болды. Олар Көкшетау округының аумағындағы Саумалкөл деген жерге келіп орналасты. Қоныс аударушылардың бір бөлігі казак станицаларына жайғасты. XIX ғасырдың 70-80-жылдарында олар жергілікті қазақтардың жерлерін жалға алып, өз беттерінше орналаса бастады.
Қазақстанға қоныс аударғысы келген орыс шаруалары, әдетте, ең алдымен жер көріп қайтушыларды (ходоқтарды) жіберді. Олар өздеріне қолайлы деген жерлерді таңдап, қазақтардан жалға алды, жыртып, тұқым септі. Жердің құнарлы екеніне көздерін жеткізген олар ұзақ мерзімді жалға алу жөнінде келісімшарттар жасасты, өздерінің жерлестерін неғұрлым тезірек жетуге шақырып, жанталаса әрекет етті. Орыстардың елді мекендері пайда бола бастады. Кейін ол жерлер өзінің бұрынғы иелерінен тартып алынып, қоныс аударып келген орыс шаруаларының иелігіне заңдастырылып берілді. Мұндай жағдайда облыстық отаршылдық билік әрқашан орыс шаруаларының жағында болды.
Шаруаларды ішкі Ресейден Қазақстанға қоныс аудару жөнінде алғаш рет бастама көтерушілердің бірі Жетісудың әскери губернаторы Г.А. Колпаковский еді. 1868 жылы оның тікелей басшылығымен «Жетісуга шаруалардың қоныс аударуы туралы уақытша Ережелер» жасалды. Онда қоныс аударушы шаруаларға бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар беру көзделді. Шаруалардың әрбір ер азаматына 30 десятинадан жер телімі бөлінді. Олар барлық алым-салық түрлерін төлеу мен міндетті борыштарды атқарудан он бес жыл бойы босатылатын болды. Қоныс аударушы шаруаларға пайыздық өсімсіз қарыз берілді. 80-жылдардың ортасына қарай Жетісуда жер тапшылығы сезіле бастады. Сондықтан жер телімдерінің мөлшерін 10 десятинаға кемітуге, әр түрлі жеңілдіктер беру мерзімін 5 жылға дейін қысқартуға тура келді.
Шаруалардың Қазақ даласына қоныс аударуы 1891 жылдың көктемінен бастап ресми түрде тоқтатылды. Бірақ қоныс аударушылардың тасқынын тоқтату өте қиын болды. Оның үстіне, Ресейде құрғақшылық салдарынан астық шықпай қалды. Елде ашаршылық басталды. Сөйтіп шаруалардың Қазақстан аумағына өз еріктерімен қоныс аударуы одан әрі күшейе түсті.
1904-1905 жылдары патша үкіметі Қазақстан аумағын қоныс аударушылардың бес аймағына бөлді. Олар Торғай-Жайық, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу аймақтары еді. Оларды құрғандағы күктелген негізгі міндет қоныс аударушыларға арналған қор құру үшін «басы артық» жерлерді іздеп табу болды. Патша үкіметі қоныс аудару басқармаларына қазақтардың жерлерін тартып алуына және оларды ғасырлар бойы ежелгі отырған атамекенінен күштеп қуып шығуына толық ерік берді.
1870—1914 жылдар аралығында Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Торғай және Орал облыстарының аумағына 1,4 миллионға жуық шаруа қоныстандырылды. Олардың тең жартысына жуығы (721 мың адам) Ақмола облысына жайғастырылды. Өйткені бұл облыстың жері өте құнарлы болатын. Қоныс аударып келген шаруалар өз алдарына жеке болыстарға біріктірілді. Алғашқы кезде олар уезд бастығына бағындырылды. 1902 жылдан бастап шаруалар бастығы деген лауазымды қызмет пайда болды.