2.1.1 Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау оқу бағдарламасына, оқу жоспарына сәйкес бөлім немесе ортақ тақырыптарды аяқтаған кезде өткізіледі. Аталған жиынтық бағалаудың нәтижесі бойынша білім алушыларға тоқсандық баға қою кезінде есепке алынатын балдар қойылады.
Бөлім бойынша жиынтық бағалаудың қай сабақта және қандай формада (бақылау жұмысы, тәжірибелік немесе шығармашылық жұмыс, жоба, ауызша сауал, эссе және т.б.) өткізілетінін мұғалім өз бетінше анықтайды.
Бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау тапсырмаларын құрастыруды мұғалім оқу бағдарламасындағы өтілген материалдың күрделілік деңгейі мен мазмұнын есепке ала отырып, жүзеге асырады. Тапсырмалар оқу мақсаттары, бағалау критерийлері мен ойлау дағдылары деңгейлеріне сәйкес болуы тиіс. Жиынтық бағалауға арналған әдістемелік ұсыныста бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау өткізудің тапсырмалар үлгілері, ұсыныс түрінде берілген ата-аналарды ақпараттандыратын рубрика ұсынылған.
Достарыңызбен бөлісу: |