Орындаған: Әділхан Мадияр Пән: Психология Өмір жолы жобасын даярлау Өмір – адамға бір-ақ рет берілетін баға жетпес қымбат сый. Осы сөздің астарында үлкен мағына, терең сыр жатыр. Өмірдің мәні жайлы әркім әр қилы ойлайды. Мен үшін өмірдің мәні - осы бізге берілген сыйды бағалай білу, аялай білу, ардақтай білу. Өмірдің мәні адалдық, адамдықта.Бір күндік өмірдің мәні болмайды.Мен әр кеш сайын өзімнің өткен бір күніме талдау жасап, саралаймын. Дұрыс емес жерлерімді түзеп, келесі күні ол қателіктерімді қайталамауға тырысамын. Бастысы, сол қателікті уақытында біліп отыру керек деп ойлаймын. Кей кездері біреулерді өсектеп, я болмаса кей өсектерге сеніп жатамыз.Оның шын не өтірік екенін саралап бас ауыртпаймыз.Ал өзге емес, өзімізге бір рет болса да сыни көзбен қарасақ, өмір анағұрлым мәнді де мағыналы болар ма еді деп ойлаймын. Өмір – сырға толы қызық әлем. Жүрекке бірде қуаныш сыйлап, шаттандырса, бірде еріксіз мұңға бөлейді. Өмір – ғажап, өмір – тәтті!
Өмір сұлулық пен үйлесімділікті талап етеді, адам мен адамгершілікті қалайды. Бірақ біз осы жалған дүниенің қадірін білеміз бе? Қайталанып келмейтін, Алланың берген сыйын адамгершілік, имандылықпен неге өткізбеске? Ғажайып өмірді адамдардың неге жақсы көрмейтініне таң қаламын. Айналадағы адамдарға қарасақ, бәрінің өз өмірі, тірлігі бар. Біреуі қиналады, біреуі қуанады, біреуі дүниеге келіп жатса, енді біреуі қабірде жатады.Кейбір адамдар осының бәрін біле тұра, Алланың сынағына шыдамай, «Мен шаршадым, өмір сүргім келмейді» дейді.Қандай жағдай болмасын ақыл-ойымызбен, сабырлылығымызбен жеңе білуіміз керек.
Адам өмірі жеңіс пен жеңілістен,сәтсіздіктен, қайғы мен қуаныштан құралады. Міне, өмірдің өзі біле білсек, сонысымен қымбат.Өмірде бәрі өткінші. Иә, өмір, өмір, өмір...Аллаһ адамға өмірді тек бір рет қана береді, сол арқылы адамның бұл өмірде жасаған жақсылығына, адамгершілігіне, өзі алданса да ешқашан өзге адамды алдамай, адал болса ғана өмірде шынайы бақытқа жеткізеді. Өмірде басыңа қандай қиыншылық түссе де, соған төтеп беріп, шыдамды, сабырлы болып, сол қиын кезеңнен шыға білсек, бұл біздің үлкен жеңісіміз.