Орындаған: мфи-001 магистранты Рахымбаева Ж. Тәжірибе тақырыбы: Қазіргі тіл білімінің басым бағыттарын белгілейтін факторлар



Дата07.01.2022
өлшемі29,82 Kb.
#19258
Байланысты:
12апта тәжірибе


Орындаған: МФИ-001 магистранты Рахымбаева Ж.

Тәжірибе тақырыбы: «Қазіргі тіл білімінің басым бағыттарын белгілейтін факторлар»
А.Абасилов Тіл маманын даярлауда, олардың лингвистикалық дүниетанымын кеңейту мен тереңдетуде «Тіл біліміне кіріспе», «Жалпы тіл білімі» атты жалпылингвистикалық пәндерге үлкен мән беріледі. Бұлар тіл, оның табиғаты, тарихы мен даму заңдылықтары, лингвистикалық талдау, зерттеу әдіс-тәсілдері, тіл білімінің салалары, олардың өзіндік бағыттары бойынша барынша толық теориялық мәліметтер береді. Тіл біліміндегі осындай іргелі бағыттардың бірі – қазіргі тіл ғылымында өзіндік зерттеу нысаны мен әдіс-тәсілдері қалыптасқан саласы - әлеуметтік лингвистика болып табылады. Оның бүгінгі таңдағы қол жеткен табыстары мен нәтижелері де ұлан-ғайыр. Алайда еліміздегі жоғары оқу орындарындағы жоғарыда аталған жалпылингвистикалық пәндер оқулықтарында әлеуметтік лингвистиканы қазіргі тіл білімінің бір бағыты ретінде жалпылама ғана қарастырылады. Оның өзіндік зерттеу проблемалары ұғымдық-терминалогиялық аппараты ашылып көрсетілмейді. Ал кейбір негізгі мамандық топтамасындағы оқулықтарда тілдік материалды әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан қарау, талдау жағы мүлдем жоқ. Бұларда тілді оқыту мен меңгертудің дәстүрлі әдістері сөздіктер мен грамматикаға негізделіп, ол тілдің ішкі жүйесіне, сөзді дұрыс пайдалану мен синтаксистік құрылысқа ғана байланысытырылады. Шындығында тілді пайдалану мен қолдану сөйлеушілердің әлеуметтік сипаттамасына және сөйлеу жағдаятына байланысты болатыны белгілі. Демек, тілді оқытудың барынша тиімділігі сол – оны оқыту әдістемелерінде, оқу құралдарында тек дәстүрлі лингвистикалық ережежер мен ұсыныстар ғана қамтылмай, әр түрлі мәндегі «сыртқы» факторлар да ескерілуі керек. Ал мұндай сыртқы факторлармен, яғни тілдің қоғамдық мәні, дамуы мен қызмет етуі, қоғамның тілге, тілдің қоғамға әсер ету мәселелерімен айналысатын бірден-бір пән - әлеуметтік лингвистика. Қандай бір ғылымның объективті шындықты сипаттайтын өзіндік ұғымдар жиынтығы болады, бұл оның пәні деп аталады. Мысалы, тіл білімі тілдің дыбыстық жүйесін, сөздік қоры мен грамматикалық құрылысын қарастырады. Тілдің осы жүйелерін фонетика, лексикология және грамматика салаларында қарастырылып, өз ішінде алуан түрлі ұғым-түсініктермен, оларға қатысты терминдермен түсіндірілетіні мектеп қабырғасынан белгілі. Ал әлеуметтік лингвистиканың пәні не, ол тілді қалай зерттейді? Қарапайым тілмен айтқанда, адамның тіліне, оның күнделікті сөйлеу дағдысына әлеуметтік ортаның көптеген әсерлері болады. Міне, осыны әлеуметтік лингвистика қарастырады. Егер мұны бізге жете таныс «дәстүрлі» лингвистикамен салыстыратын болсақ, ол тілдік таңбаны (дыбыс, сөз, морфема, аффикс, сөз тіркесі, сөйлем) айтылым, жазылым түрлеріне, мағынасына, бір-бірімен қатынасына, олардың уақыт бойында өзгеруіне талдау жасаса, әлеуметтік лингвистика сол тілдік таңбаларды адамдар жасына, жынысына, әлеуметтік жағдайына, ортасына, білім деңгейіне, мәдени ұстанымсына т.с.с. байланысты қалай пайдаланады: бәрі бірдей ме, әлде әр түрлі қолдана ма дегенге баса назар аударады. Адамның сөйлеу ерекшелігі көбінесе қарым-қатынас жағдаятына тәуелді болады. Әрбір жағдаятта адам әр түрлі сөйлейді: әңгімелесушімен тең жағдайда немесе одан өзін жоғары, басым ұстауы (кейде оған тәуелді болуы) мүмкін. Жалпы адамдар қоғамда бір-бірімен қарым-қатынас жасағанда әр алуан рөлдерді: әке-бала, күйеу-әйел, бастық-бағынышты-қызметкер, жұмысшы, сатушы-сатып алушы, дәрігер-емделуші, мұғалім-оқытушы, оқытушы-студент т.б. орындайды. Осындай рөл түрлері сөйлеу мен сөз саптау дағдысының ерекшелігін танытады. Айталық, бала әкесімен құрдасындай сөйлеспейді. Сондай-ақ студент пен оқытушының, дәрігер мен емделушінің, бастық пен бағыныштының сөз саптаулары қалалық көліктегі таныс не таныс емес адамдардың сөйлесулеріндегідей болмайды. Осы айтылғандардан көріп отырғанымыздай әлеуметтік лингвистика өз назарын тілге, тілдің ішкі құрылысына емес, оның қоғамда қалай қолданылатынына аударады. Осыған байланысты оған әсер ететін факторлар, сөйлеушілердің әр алуан сипттамаларынан бастап (жасы, жынысы, білім, кәсібі т.б.) нақтылы сөйлеу ерекшелігіне дейін есепке алынады. Әлеуметтік лингвистика тілді дұрыстап сөйлеп, дұрыс қолданушылармен емес, өз сөйлеулерінде қоғамда, тілдік ортада қалыптасқан тілдік норманы бұзатын, қателесетін, бірнеше тілдік стильдерді немесе бірнеше тілдің элементтерін араластыратын нақтылы адамдарды нысана етеді. Тілді қолданудағы осындай барлық ерекшеліктерді білу, оларды талдап түсіндіру, болу себептерін анықтау тілді дамыту жұмыстары үшін маңызды мәселе болып табылады. Зерттеу нысаны тілдің қоғамдағы қызмет етуі болып табылатынын әлеуметтік лингвистика тілдің ішкі құрылымын жалпы мәлімет ретінде қабылдағанымен оны арнайы қарастырмайды. Дүниеде бір тіл емес, екі тіл немесе одан да көп тілдер қолданылатын қоғамдар (мемлекет, ел, аймақ т.б.) бар. Міне, осындай екі, үш одан да көп тіл қызмет ететін қоғамдағы әлеуметтік лингвистиканың нысанасы қандай? Мұндай жағдайда әлеуметтік лингвистика бірнеше тілдердің өзара қарым-қатынаста қызмет ету тетігін зерттейді. Олар әлеуметтік өмірдің қандай салаларында қолданылады? Қандай тіл «басымдылық» танытады, яғни қай тіл негізгі қатынастағы мемлекеттік немесе ресми тіл болып табылады? Оның мәнісі неде? Отбасылық не тұрмыстық тілдерге «қанағаттанушылық» қажеттігі қандай? Адамдар бір тілден екінші тілге неге көшеді, ана тілін ауыстыру себебі неде? Қандай жағдайда және қандай формада қостілділік, көптілділік түрлері дамыған? Міне, қарап отырсақ, осындай мәселелермен дәстүрлі лингвистика да әлеуметтану да емес, тек әлеуметтік лингвистика айналысады. Әлеуметтік лингвистика деген атынан көрініп тұрғандай бұл ғылыми пән бірнеше ғылымдардың (тіл білімі, әлеуметтану, психология, тарих, этнография, демография, экономика, саясаттану т.б.) тоғысқан жерінен пайда болған. Әлеуметтік лингвистиканың осындай пәнаралық сипатын көптеген ғалымдар мойындайды, бірақ бұл мойындаушылық оның қай ғылымға көбірек жақын екендігіне жауап бола алмайды. Осыдан бұл ғылымды зерттеумен кім айналысады деген сұрақ туады. Мұндай сұраққа қазіргі әлеуметтік лингвиститка - бұл тіл білімінің бір саласы деп нақты жауап береді, Өйткені, оның қай ғылымға жататындығы, өзіндік мәртебесі туралы даудың күні өтті. Ол - әлеуметтік лингвистиканың пайда болу, қалыптасу кезеңіндегі мәселе. Бүгін, XXI ғасыр басында әлеуметтік лингвистика өзінің нысанасын, мақсаты мен міндеттерін ғана анықтап қойған жоқ, сонымен қатар тіл білімі ғылымына тән нақтылы нәтижелерін де беріп үлгірді. Әлеуметтік лингвистиканың ғылым ретінде негізін Праиж стуктизімі және Женева мектебінің өкілдері (А.Сеше, Ш.Балли, А.Мартине, С.Д.Кацевский, Р.Р.Едаль т.б.), кеңестік диалектографистері (Г.Розенкронц, Т.Фрингс, Р.Горссе т.б.), кеңестік әлеуметтік бағытты ұстанушылар (Е.Д.Поливанов, Р.Д.Шор, В.М.Жирмунский т.б.) қалады. Қазақстандағы әлеуметтік лингвистика бұрынғы КСРО-дағы әлеуметтік лингвистикалық бағыттың негізінде қалыптасты. Еліміздің тәуелсіздік алғанынан бергі жылдарда республикадағы тілдік жағдаят, тіл саясаты, оның өзіндік бағыттары арнайы зерттелді. Еліміздің өзіндік тілдік құрылысы және онымен байланысты мәселелер ғылыми шешімін таба бастады. Бұл бағытта Б.Хасанұлы, М.М. Копыленко, А.Е. Карлинский, М.К.Исаев, Э.Д.Сүлейменова, З.К.Ахметжанова, С.Т.Сайна, Н.Ж.Шаймерденова т.б. аға буын ғалымдармен қатар, К.М Байбосынова, А.М.Құмарова, А.Абасилов, Г.С.Суюнова, С.А.Асанбаева, Д.Ж. Қасымова, Г.Д.Алдабергенова, Г.М.Әлімжанова, т.б. жас ғалымдардың еңбектерін атауға болады. Қазақстандағы тілдік құрылыс пен тілдік ахуалды зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде әлеуметтік лингвистиканың жоғарыда аталған ең өзекті деген проблемалары жан-жақты талданады. Қолда бар материалдарды сараптай отырып, солардың бірқатарына қысқаша шолулар жасап өтейік. Б.Хасанұлы 1976 жылы жарық көрген «Языки народов Казахстана и их взаимодействие» атты еңбегінде Қазақстандағы тілдік жағдаятқа кең түрде мінездеме береді. Қазақстан халықтары тілдерінің өзара қарым-қатынасын, олардың тұтынушыларын, тіл меңгеру деңгейлерін, өмір салаларында қолданылуын, қоғамдық қызметтерін нақтылы статистикалық мәліметтермен талдап көрсетеді. Негізгі проблемаларына ғылыми сипаттамалар береді [1]. 1982 жылы М.М.Копыленко мен С.Т.Саинаның «Функционирование русского языка в различных слоях казахского языка», 1984 жылы М.М.Копыленко мен З.К.Ахметжанованың «Фонетическая интерференция в русской речи казахов», 1987 жылы осы еңбектің екінші бөлімі «Лексическая и морфологическая интерференция в русской речи казахов» деген атпен басылып шықты. Бұл еңбектерде қазақтардың орыс тілін қолданудағы фонетикалық, лексикалық және морфологиялық қателіктері зерттелді. Интерференциялық құбылыстарды әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан зерттеу әдістері мынадай бағытта қарастырылды: 1) қазақ және орыс тілдерін зерттеу кезеңіндегі интерференциялық құбылыстардың қысқаша салыстырмалы талдау; 2) потенциалды интерференцияның аумағын айқындау; 3) информанттарды экспедициялық бақылау; 4)нақты интерференцияны лингвистикалық тұрғыдан сипаттау, талдау; 5)тест және сауалнама сұрақтары арқылы интерференциялық құбылыстарды зерттеу, талдаулар жүргізу; 6) интерференциялық құбылысқа әлеуметтік лингвистикалық талдаулар жасау [2]. Б.Хасанұлының 1987 жылы «Казахско-русское двуязычие (социолингвистический аспект)», 1989 жылы «Нациолнальные языки: пойски и перспективы» атты еңбектері жарық көрді. Осы еңбектерде қазақ-орыс қостілтілдігінің пайда болу жолдары, қазақтардың екі тілді меңгеру ерекшелігі нақты сөз болады. Сондай-ақ Қазақстандағы этностардың тіл меңгеру деңгейлері мен тәжірибелері нақты статистикалық зерттеулерге сүйене отырып талданды. Мұнда біртілділік, қостілділік, үштілділік, төрттілділік ұғымдарына анықтамалар беріліп, олардың әлеуметтік лингвистикалық сипаттамалары көрсетілді. Қазақстандық тәжірибеде қостілді, үштілді және төрттілді этнос өкілдерін нақты мысалдармен дәлелдеп берді. 1990 жылдары қазақстандық әлеуметтік лингвистиканың біршама кең түрде қарастырған проблемасы – қостілділік, көптілділік және диглоссия мәселелерін жан-жақты талдаған тағы да басқа зертеу еңбектері жарық көре бастады. Олардың қатарына төмендегі еңбектерді жатқызуға болады. 1990 жылы жарық көрген А.Е.Карлинскийдің «Основы теории взаимодействие языков» деген еңбегінде тілдердің бір-біріне әсер ету мәселесі, қостілділік, оның пайда болуы және қоғамдағы орны, табиғи және жасанды билингвизм, тілдік ұжым, интерференция, оның типтері, интеркаляция типологиясы т.б. мәселелер қамтылған. Қазақстандағы тіл саясаты мәселесіне қатысты 1990 жылы «Языковая политика в Казахстане и пути ее реализации» атты жинақ жарық көрсе, 1991 жылы қостілділік мәселесін талдаған М.М.Копыленко мен З.К.Ахметжанованың «Психолингвистический аспект двуязычия. Проблемы национально-русского двуязычие» деген зерттеуларі қостілділік теориясына қосылған қомақты еңбек болды. 1992 жылы Б.Хасанұлы «Ана тілі – ата мұра» атты еңбегінде алғаш рет ана тілі категориясын әлеуметтік лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты талдап көрсетті. Мұнда автор ана тілінің лингвистикалық, әлеуметтік лингвистикалық психологиялық, педагогикалық, тарихи-этникалық смпаттамаларын, сондай-ақ ана тілі және заң, ана тілі және экономика, ана тілін білу мен меңгерудің айырым белгілері, қостілділіктің әлеуметтік лингвистикалық мәні, еліміздің әлеуметтік-коммуникативтік жүйесі, оны құрайтын тілдер, олардың қызметтік жүктемелері, типологиясы, мемлекеттік тіл мәселелері, қазақ тілін білудің қажеттілік талаптары дүниежүзілік тіл дамыту тәжірибесі тұрғысынан зерттелу қажеттігі, мемлекеттік тілді дамыту тетіктері т.б. көптеген әлеуметтік лингвистикалық проблемалар арнайы зерттелді. Б.Хасанұлы осы еңбегінде ана тіліне мынадай анықтама береді: «Ана тілі дегеніміз күллі тіл атаулыдан ішкі құрылыс ерекшелігімен дараланатын, белгілі бір халықпен нақты кеңістікте тарихи бірге жасап, оның төл мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз ұластырушы, сол халық адамдарына (жас, жыныс, сенім, кәсіп, әлеуметтік жағдай айырмасына қарамай) түгелдей және жан-жақты қызмет ететін ұлтішілік қатынас құралы [3, 25.]. Автор сондай-ақ қостілділіктің табиғатына талдау жасай келіп: «Қостілділік – белгілі бір территория көлеміндегі ұлтаралық (этносаралық) қарым-қатынасқа түсетін белгілі бір этникалық қауымдастық өкілдеріне, бүкіл қоғамның (социумның) әр түрлі жағдайда екі тілді (әдетте, ана тілі мен екінші бір тілді) алма кезек немесе қатар қолдануы», - деген анықтама береді [3,132.]. Соның негізінде елімізде кеңінен тарап отырған қазақ-орыс қостілділігін былайша сипаттайды: «Қазақ-орыс қостілділігі дегеніміз – қазақтардың көпұлтты қоғамда ана тілімен қабат орыс тілін ұлтішілік және ұлтаралық қатынаста қатар не алма кезек қолдануы, екі тілдің әрқайсысын әр түрлі жағдайда керегінше пайдалану» [3, 133.]. Б.Хасанұлы осы еңбегінде бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне сай қызмет етуі мен дамуын, қоғамдық өмір салаларында қолданылу жағдайларын сөз ете келе, мемлекеттік тілді дамытудың мынадай принциптерін атап көрсетеді: Бірінші принцип –мемлекеттік тілді жоспарлы түрде, барлық жағдайды туғыза отырып, кезең-кезеңімен барлық мекеме, ұйым, кәсіпорындардың қызмет бабындағы қарым-қатынас құралына айналдыру. Екінші принцип – мемлекеттік тілді жоспарлы түрде, барлық жағдайды туғыза отырып, кезеңімен барлық мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда іс қағаздарын жүргізуге пайдалану. Үшінші принцип – мемлекеттік тілді қаржыландыру мәселесін түбегейлі шешу. Төртінші принцип – мемлекеттік тілді оқыту ісін кадрмен, оқу құралдарымен толық қамтамасыз ету. Бесінші принцип – мемлекеттік тілді бір ғана қазақ тілінде емес, орыс және басқа тілдерде де насихаттаудың іс-шаралар жүйесін қалыптастыру. Алтыншы принцип – Тіл заңының іске асуы мен мемлекеттік тілді өмірге енгізу жөнінде жоғары орындар мен көпшілік қауым алдында жыл сайын есеп беріп отыруды дағдыға айналдыру [ 3, 219-220.]. 1996 жылы Э.Д.Сүлейменованың «Казахский и русский языки: основы контрастивной лингвистики» атты еңбегі, 1999 жылы А.Е.Карлинскийдің «Международные отношения: теория – практика – поиск» деген зерттеуі, 2001 жылы «Двуязычие и межэтническая коммуникация. Актуальные проблемы межкультурной коммуникации и перевода» атты еңбектері жарық көрді. Э.Д.Сүлейменова мен Н.Ж.Шаймерденованың 2002 жылы шыққан «Словарь социолингвистических терминов» атты сөздігінде әлеуметтік лингвистиканың теориялық мәселелеріне, зерттеу бағыттарына, әдіс-тәсілдеріне т.б. қатысты 400-дей терминге түсінік берілген [4 ]. Бұл біздіңше, қазақстандық әлеуметтік лингвистика тарихындағы соны және құнды еңбек болып табылады. Б.Хасанұлының 2006 жылы жарық көрген «Тілдік қатынас негіздері» еңбегі Қазақстандағы қазақ, орыс және ағылшын тілдері серіктестігінен тұратын үштілділік мәселесін, халықаралық қатынастар тілінің пайда болу себептерін, тілдік қатынастың теориялық мәселелерін, адам қарым-қатынасында тілдің қолданылуын, тілдің әлеуметтік мәнін, саралануын, атқаратын қызметін т.б. кең көлемдегі мәселелерді қамтыған оқу құралы ретінде танылды. Қазақстандық әлеуметтік лингвистиканың қарастырған мәселелеріне қатысты жоғарыда аталған және аталмаған іргелі зерттеулермен қатар көптеген ғылыми мақалалар да жарияланды. Солардың бірі М.Аренов пен С.Калмыковтың «Современная языковая ситуация в Республике Казахстан» атты мақаласында Қазақстан Республикасындағы тілдік жағдаяттың қазіргі сипатын әлеуметтік лингвистиканың әдіс-тәсілдерімен ғылыми тұрғыдан біршама толықтай сипаттап береді. Сол авторлардың «Ана тілін қашанғы өгейсіте береміз» деген мақаласында қазақ тілінің ана тілі ретіндегі мәртебесі, қоғамдағы орны, қолданылу аясы нақтылы статистикалық мәліметтермен көрсетіледі. Б.Хасанұлы «Әлеуметтік қажеттілік болмай ...» деген мақаласында қазақ тілін жан-жақты дамыту мәселелеріне тоқталады. Автор мемлекеттік тілді дамыту жолында тіл саясатының менеджмент қағидаттарын пайдалануды ұсынады. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің іске аспауының басты себебі ретінде тіл дамуын біліксіз басқаруды айтады. А.Абасилов «Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінде дамыту –Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заңның негізгі қағидасы» деген мақаласында тіл туралы заңның жүзеге асу тетіктеріне тоқталса, «Солтүстік аймақтың әлеуметтік лингвистикалық ақуалы» атты мақаласында Қазақстанның солтүстік аймағындағы облыстардағы тілдік жағдаятты, ондағы қостілділік, көптілділік мәселелерін, аймақтағы мемлекеттік тілдің және өзге этнос тілдерінің қоғамдық қызметтеріне талдау жасайды. Ал «Мемлекеттік тілді аймақтық тұрғыдан дамыту – Қазақстан үшін тиімді жол» деген мақаласында тіл дамытудың аймақтық қағидаттарын ұсынады. А.С.Асанбаева «Қазақша жарнаманың тілі, стилі, қазіргі жағдайы», «Қазақ тіліндегі жарнаманы жақсарту мәселелері» атты мақалаларында жарнама мәтініндегі тілдік ерекшеліктер, мемлекеттік тілдің жарнама саласындағы қоғамдық қызметіне, оны жақсартудың алғы шарттарына талдау жасайды, қоғамдық өмір салаларының ішінде жарнаманың тіл дамытудағы орнына арнайы тоқталады. Қазақстандағы қазақ, орыс және өзге тілдердің қоғамдық қызметі мен оларды дамытудың әр алуан қыр-сырларына арналған бұлардан да басқа көптеген жарық көрген ғылыми мақалалар түрлі қоғамдық пікірлер туғызып, тіл дамыту ісін саналы түрде басқарудың қазақстандық үлгілерін танытты. Солардың қатарына М.М.Копыленконың «Государственный язык и официальный язык (опыт разраничения понятий)», «Общее языкознание, социолингвистика, психолингвистика в Республике Казахстан: тенденции и перспективы развития специальности»; Э.Д.Сүлейменованың «Языковая ситуация в Казахстане: к оценке, эффективности языкового планирование»; Ө.Жолдасбеков пен Н.Қалидың «Тіл заңы – түсінік тірегі»; Б.Хасанұлының «Тіл саясатының тарихы тереңде», Лингвистическое формулировки проекта новой Конституции: Противоречие и пути преоделения»; Е.Шаймерденовтің «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің өзекті мәселелері»; Б.Әбдіғалиевтің»Этнолингвстицеская ситуация в Казахстане»; А.Абасиловтың «Мемлекеттік тіл – көптілділік жағдайында әлеуметтік қажеттілік»; Г.А.Досмұхамбетованың «Роль языка обучения в развитии двуязычия», «Определение доминирующего языка в студенческой среде» т.б. атауға болады. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап қазақстандық социолингвист-ғалымдар әлеуметтік лингвистиканың өзекті мәселелеріне қатысты докторлық, кандидаттық диссертация жұмыстарын жазып, қорғай бастады. Б.Хасанұлының «Социально-лингвистические проблемы функционирование казахского языка в Республике Казахстан» (1992) тақырыбындағы докторлық диссертациясында қазақ тілінің Қазақстандағы қызметінің әлеуметтік лингвистикалық мәселелері, тілдік жағдаят, тіл мен қоғамның байланысы, көпұлтты мемлекеттердегі тілдердің қарым-қатынасы мен дамуының жалпы теориясы, Қазақстандағы қостілділік, көптілділік мәселелері қаралды. Сол сияқты Д.Ж.Қасымова «Функционирование уйгурского языка и формы его существования (социолингвистическое исследование районов компактного прожижания уйгуров в Казахстане)» (1995), Г.С.Суюнова «Речевое поведение казахов-блингвов» (1995), А.М.Құмарова «Социально-лингвистические проблемы формирования казахской языковой среды в Республике Казахстан» (1996), А.Абасилов «Мемлекеттік тілдің Қазақстан Республикасының солтүстік аймағындағы қызметі: социолингвистикалық проблемалары, оларды шешу жолдары» (1998), Г.Д.Алдабергенова «Исследование влияния билингвизма на развитие детей» (1999), С.А.Асанбаева «Жарнама саласында мемлекеттік тілді қолданудың социолингвистикалық өзекті мәселелері», (1999), Г.М.Алимжанова «Структура речевого этикета казахского и русского языков» (1999), С.Ю.Сон «Социолингвистический анализ функционирования коре мар и русского языка в корейской диаспоре Казахстана» (1999), Б.Ж.Құрманова «Социоально-лингвистические проблемы функционирования государственного языка а западном регионе Республики Казахстан», Г.А.Досмұхамбетова «Функционирования казахского и русского языков в микросоциальной общности» т.б. ғылыми-зерттеу жұмыстары жазылып, қорғалды. Жұмыстардың барлығында да қазақстандық әлеуметтік лингвистиканың ең өзекті деген мәселелері сөз болады. Әсіресе, мемлекеттік тілдің қолданылуы, қоғамдық мәні мен қызметі, орыс тілінің және өзге тілдердің әлеуметтік коммуникативтік жүйедегі орны, қостілділік, көптілділік, тіл дамытуды саналы басқару мен реттеу, тіл саясаты т.б. проблемалар жан-жақты қаралып, ғылыми айналымға түсті. Қазақстан ғылымында осы басталған жұмыстар одан әрі жалғаса түсуде. Олардың өміршеңдігі күнделікті тілдік жағдаятты тұрақтандыру, реттеу мен жоспарлауда, тілдерді дамытудың әлеуметтік лингвистикалық тетігін айқындауда көрініп, қоғам сұранысына ие болуда. Сонымен әлеуметтік лингвистиканың нысанасы - қолданыстағы тіл. Тіл қоғамда белгілі бір әлеуметтік құрылымдарға ие бола отырып, қаншалықты қызмет етсе, тілді әлеуметтік контексте зерттейтін әлеуметтік лингвистика ғылымы туралы да соншалықты айтуға болады. Демек, студент-филологтың (әсіресе, қазақ тілді аудиторияда) әлеуметтік лингвистикалық танымы мен дайындығын арттырудың бірден-бір жолы оларға осы жас ғылым саласы бойынша, оның өзіндік проблемалары мен зерттеу әдіс-тәсілдері жайында арнайы курстар мен семинарлар оқу болып табылады. Дұрысы - арнайы пән ретінде енгізу. Мұндай арнайы пәнді оқыту студенттердің әлемдік тіл білімінің қазіргі өзекті де перспективалық бағыттарының бірі - әлеуметтік лингвистика бойынша білімдерін өз ана тілінде алуына мүмкіндік береді. Мұнда олар жас мемлекетіміздің одан әрі нығаюы мен тілдік құрылысының қалыпты қызмет етуіне, этносаралық, тіларалық қатынастардың тең әрі тұрақты дамуына ықпал ететін демократиялық бағыттағы тіл саясатымен, этнолингвистикалық, тілдік жағдаятымен танысады. Әлеуметтік лингвистиканың пәндік және теориялық ұғымдарынан, қазіргі проблемаларынан, сондай-ақ оның өзіндік зерттеу әдістері мен тәсілдерінен хабардар болады.

Пайдаланылған материал:



https://tilqazyna.kz/article/671

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет