1. Осы Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-25) тармақшасына сәйкес әзірленді және орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің (бұдан әрі - психологиялық қызмет) жұмыс істеу тәртібін айқындайды.
2. Психологиялық қызмет білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу іс-әрекетінің білім беру уәждемесін, үлгерімін, шығармашылық өзін-өзі іске асыруын қалыптастыру, психологиялық жай-күйін тұрақтандыру, бейінді өзін-өзі айқындау және басқа да қолайлы жағдайлары бойынша орта білім беру ұйымының алқалы органы болып табылады.
Психологиялық қызметтің жұмысы білім беру қызметіндегі қиындықтарды анықтауға және диагностикалауға, консультация беруге, білім беру ортасы жағдайында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мен қолдау көрсетуге, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтердің, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің психологиялық салауаттылығын сақтау және нығайтуға бағытталған.
3. Психологиялық қызметтің жұмысы:
1) бастауыш білім беру деңгейінде – әрбір білім алушының бейімделуі және шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру кезінде танымдық және оқу уәждемесін, дербестігін және өзін-өзі реттеуді дамытуда қолдау көрсету;
2) негізгі орта білім беру деңгейінде - оқытудың жаңа жағдайларына бейімделу, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің танымдық және оқу іс-әрекетін дамыту, жеке және құндылық-мағыналық өзін-өзі дамыту және өзін-өзі тану міндеттерін шешуде қолдау көрсету, танымдық процестерге тұрақтылықты қалыптастыру;
3) жалпы орта білім беру деңгейінде – білім алушы мен тәрбиеленушіге өзін-өзі анықтауға және жеке сәйкестілікке, бейінді бағдарлануға көмек көрсету, мақсат қою және дербес шешімдер қабылдау қабілетін дамытуға, орнықты дүниетанымды қалыптастыруға жәрдемдесу болып табылады.
Психологиялық қызметтің жұмысын орта білім беру ұйымдарының басшысы қамтамасыз етеді.
4. Психологиялық қызметтің құрылымы, мамандар құрамы, жылдық жоспары орта білім беру ұйымдарының типімен, түрімен және міндеттерімен айқындалады.
5. Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің құрамына орта білім беру ұйымы басшысының (директордың) орынбасары, педагог– психолог (штаттық кестеге сәйкес), әлеуметтік педагог кіреді.
Психологиялық қызметтің құрамы орта білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен реттеледі және бекітіледі.
Сынып жетекшілері, тәрбиешілер, кураторлар, пән мұғалімдері, медицина қызметкерлері білім алушылар мен тәрбиеленушілерді психологиялық-педагогикалық қолдау процесіне қатысады және лауазымдық міндеттеріне сәйкес ата-аналармен және өзге де заңды өкілдермен өзара іс-қимыл жасайды.
6. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін мамандардың лауазымдық міндеттері "Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5750 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.