«Орта ғасырдағы Азия және Африка тарихы»


«Дін» ұғымы, оның мұсылмандық түсіндірмесі, пайда болу, даму тарихы



бет72/81
Дата24.10.2022
өлшемі0,66 Mb.
#45102
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   81
Байланысты:
Азия

«Дін» ұғымы, оның мұсылмандық түсіндірмесі, пайда болу, даму тарихы. Дін - әлеуметтік институт ретінде адамзат қоғамымен бірге жасасып келе жатқан рухани құбылыс. Батыс мәдениетінде «Дін» ұғымы түсінігінің мәні екі мағынада түсіндіріледі. Оның бірінші мағынасы латын тіліндегі «religare» деген ұғым-түсінік. Бұл ұғым-түсінікпен жер мен көк (аспан) арасында рухани байланыс бар екендігі түсіндіріледі. Ал, екінші, осы латын тіліндегі «religio» ұғым-түсінігі – қасиетті, табыну заты, құдайға құлшылық ету мағынасында танылып, қолданылады. Екінші ұғым – түсінік біріншісіне қарағанда діннің мәнін нақтылы бейнелейді.
Батысқа қарағанда исламдық өркениетте «дін» терминінің мәні басқашалау түсіндіріледі. Мұның себебі «Дін» ұғымының кең ауқымындағы сан қырлы мән-мағынасы исламға дейінгі араб елі тұрғындарының тіліндегі «Дін» сөзінің мән-мағынасының әр-түрлі түсіндірілуіне байланысты.
Құранда «Дін» термині әртүрлі 100-ден аса мағынада қолданылады. Ол «сот», «тиісінше бағалау», «Ақырет күні» деген сөз айшығы ұғымында жеке адамның «сенімін», «дінін» және діни қауым өмірінің негізі болып табылатын салт-жораның жүйесі ретіндегі діннің мағынасын білдіруі мүмкін. «Дін» термині исламға да, отқа табынушыларға да, яһудилерге, насраларға да қаратып айтыла береді. «Дін» терминінің негізгі мәні Аллаға құлшылық етудің міндеттілігі мен оның билігінің шексіздігі туралы айтылған аса маңызды Құран идеясына байланысты. Құранда туыстық қатынасқа тән сипаттан бір-біріне тәуелді таптық қоғамға тән сипатқа өтудің көрінісі айқын көрінеді.
«Дін» төңірегіндегі Құрани ұғымның сан алуандығы орта ғасырдағы мұсылман теологиясында көптеген сан түрлі түсініктердің туындауына себеп болды. Құранмен салыстырғанда бұл түсіндірулер діни сана мен қоғам алдында тұрған жәрдем мәселелерді басқа бір қырынан қарастырады. «Дін» термині әдетте үш құрамның жиынтығы ретінде қабылданады.
Жұртшылық арасына кең тараған әл-Бухаридің хадистерінде мынадай анықтамаға көбірек мән беріледі. Ол бойынша ад-Дін дінге деген сенімнің, дінге қатысты қағидаларды орындаудың және дінге шынайы сенуді жетілдірудің жиынтығы. Дін ұғымын түсіндіруде осы үш қағиданы сақтай отырып, ханафиттер соның ішінде дінге сенуді бәрінен жоғары қойса, ашариттік авторлар дін қағидаларын мүлтіксіз орындаудың маңыздылығын атап көрсетеді, ал ханбалиттер, кейінірек Ибн Тайлиша –«шынайы дәстүрдің», яғни Құран мен суннаның мәнін баса көрсетеді. Бұлардың соңғысы Дінді бір-бірімен сабақтас үш сатыда қарастырады. Олар шариғат, ат-тариқа, әл-хақиға.
Дін ұғымының астары оған жақын ұғымдардың орнын айқындау барысында да және оларды қарама-қарсы қойып қарастыруда да ашыла түседі. Дін туралы әл-Милла және әл-Мазһаб ұғымдарын салыстыра зерттеген Әли б. Мұхаммдедтің (1339-1412 ж.ж.) айтуы бойынша ад-Дін жұрт бағынуға тиіс заң, ал-милла – адамдарды біріктіретін заң, әл-мазһаб-жұрт ізімен жүруге ұмтылуға тиіс заң.
Жекелеген зерттеушілердің еңбектерінде Дін ұғымы әл-ислам терминінің баламасы ретінде жиі қолданылады. Сонымен, мұсылмандық дінтанушылардың түсіндірулерінше, дін дегеніміз - әлемді байланыс тыратын күш Алланың барлығына сенім. Бүкіл әлемді және адамды жаратушы ие – Жалғыз Алла адам баласының жүрегін өзіне ұштастыра жаратады, яғни жаратушының барына сеніп, оның ажырамас бөлшегі екенін адам өз жүрегі арқылы сезінетін болады. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушы Құдаймен байланысын орнату болса, ислам тұжырымдамасы бойынша, рухани жетілу сатысының бірінші деңгейінде тұрған адамның алғашқы махаббаты, таза құлшылығы, қорқынышы Аллаға арналады. Сөйтіп, шынайы діндар болып, жас кезінен Алланың ғана бұйрығын орындаушы болып өседі. Барлық тіршілік атаулы, ондағы құбылыстар мен үдерістер Алла Тағаланың қолында екендігіне және күнәлі істері үшін оның қарғысына ұшырайтынына мұсылман кәміл сенеді. Осы сенім – оны жаман істерден тежеуші және дұрыстығынан, имандылықтан шықпауына себепші. Иманын жоғалту адам дінін жоғалтуына алып келеді.
Сонымен, көріп отырғанымыздай, христиандық діни ілім тұрғысынан да дін, мұсылмандық діни ілім тұрғысынан да дін – бүкіл болмыстың түпкі себебі барын, дүние-болмыстың жаратылу мақсатын, оның сыр-сипатын түсіндіріп, танып-білуге және адамның рухани жетілуіне мүмкіндік тудыратын әдіс-әрекеттер мен бүкіл дүниетанымды, болмысты толық қамтитын өте кең, ауқымды ұғым. Демек, дін – адам пайымының бүкіл әлем мен болмысқа, қоршаған дүниеге, табиғатқа, өзі өмір сүретін ортаға және өзінің ақыл-ойы мен сана-сезімінен тысқары тылсым дүниеге қатынасы; адамзат танымының дүние мен жаратылысқа деген көзқарасты айқындайтын мифология, философия және ғылымнан ерекше өзгеше өзіндік бір тұрпаты; адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени институт, ерекше қоғамдық сана және әлеуметтік құбылыс.
Дінтанушылардың басым көпшілігінің қабылдағаны осы анықтама болғанымен, «дін» ұғымының мәнін басқадай түсіндіруге тырысушылар да баршылық. Сондықтан да болар осы уақытқа дейін ғылыми айналымда «дін» ұғымының 500-ге жуық анықтамасы жүр. Бірақ, біздің тараптан олардың бәрін санамалап, сипаттап шығуға мүмкіншілік жоқ. Сондықтан біз «дін» ұғымының мәнін анықтауға тырысқан анықтамаларды жіліктей-жіліктей келіп, олардың мазмұнында бар, әрі қайсы бір белгілері ортақ негізгі сипаттамалық белгілерін санамалай кетпекпіз.
Дін, - олардың анықтаулары бойынша:

  • адамзат өркениетінің маңызды әлеуметтік институттарының бірі;

  • мәдениет жетістігі, білім мен ғылыми-ой санасының жемісі, адамзат қоғамының рухани дүниесінің шамшырақтық бағдары;

  • қоғамдық сананың айрықша нысаны, жаратылыс атаулыны жаратушы құдіретті күшке сенімнің қайнары;

  • дүниені жаратушы тылсым бір күш бар екендігіне, оның жаратушы екендігіне сенімдердің, дүниетанымдық бағдарлардың, көзқарастары мен стереотиптік догматтардың жиынтығы, дүниені түйсіну мен түсіндірудің спецификалық типі;

  • адамдардың жаратушысына табынып, оған сыйынатын әрекеттік жөн-жоралғыларының жиынтығы;

  • адамдардың белгілі бір одаққа топтасуларының ұйымдық көрінісі, қауымдасуы;

  • адам өмірінің іргелі мәселелері өзектелетін сенімдері мен әрекеттерінің жүйесі.

Десек те, «дін» ұғымының мәнін әртүрлі құбылтып, барынша нақыштап, ғылыми тұрғыдан алып қарастырғанда нақ осы анықтамасы дұрыс-ақ деп қаншалықты талассақ та, діннің басты белгісі адамның ақыл-ойы мен ішкі сезім мүшелері қабылдай алмайтын тылсым күшке сенім және оның бар екендігін мойындауда жатқандығын ұмытпалық.
Діннің пайда болуы туралы болжамдарды саралаған ғылыми әдебиеттерде талдағанда ұғынғанымыз, оның шығуы шамамен 40-50 мың жыл бұрынғы палеолит дәуіріне (тас дәуіріне), яғни алғашқы қауымдық қоғамның салыстырмалы түрде жоғары деңгейіндегі даму кезеңіне жатқызылады. Аталмыш кезеңнің мәдениет ескерткіштері жан-жануарлар культі мен аңшылықта қолданылған сиқыршылық белгілерін сақтаған. Сондай-ақ, діни наным-сенімдердің болғандығын сол ежелгі дәуірлердегі өлген адамды еңбек құралдары және әшекей бұйымдар мен бірге жерлеу дәстүрінің белгілері де дәлелдейді. Діннің шығуы адам ақыл-ойында теориялық ойлау және ойдың шынайы өмірден ажырау мүмкіндігінің пайда болуы деңгейімен де (діннің гносеологиялық негізі) байланысты. Яғни жалпылама ұғым өзі белгілейтін нәрседен бөлініп, өзінше дербес өмір сүре бастайды, сондықтан нақтылы бар нәрселердің адам санасында бейнелеуінің негізінде абстрактілі түсініктер де пайда болады. Бұл мүмкіндіктер адамның тек қана нақтылы іс-әрекеттерінің тұтас жиынтығымен, қоғамдық қатынастармен (діннің әлеуметтік негізі) байланысты ғана іске асады.
Адамзат тарихының өн бойында дін адам сенімінің сипатына және халықты қамтуына байланысты сан түрлі күйде болды. Бірінші жағдайға қатысты оның тотемизм, анимизм, натуризм, шаманизм, фетишизм, политеизм (көп тәңірлі), монотеизм (бір тәңірлі), дейзм (әлемді жаратқан соң, оның одан әрі дамуына араласпайтын, белгілі бір тұлға кейпіндегі емес әлдебір бастапқы себепті мойындайтын ілім), т.б. түрлері пайда болды.
Соның ішіндегі тарихи тұрғыдан діннің неғұрлым ертедегі, ең алғашқы көріністері – сиқыршылық, тотемизм, ғұрыптық жерлеу культі және шамандық болып табылады.
Құдайды тұлғалық Бастау ретінде мойындау барлық діндерге тән емес. Ол қазіргі діндерден, мәселен, ислам, христиан, иуда діндеріне тән, ал будда, даосизм діндеріне тән емес. Халықты қамтуы жөнінен діннің тайпалық-халықтық (мысалы иудаизм) және ұлтаралық, немесе әлемдік (будда діні, христиандық, ислам) түрлері белгілі.
Әлемдік діндердің әрқайсысы түрлі ағымдар мен конфессияларға бөлінеді. Мысалы, ислам дінінің сүнниттік, шиитік ағымдары, христиан дінінің католиктік, православие және протестанттық конфессиялары, т.б. Діннің екі сипаты бар. Төменгісі – сыртқы, ғибадат ету, ал жоғарғысы – имандылық. Имандылық барлық дерлік діндерге ортақ, діннің ішкі мәнін білдіреді, сондай-ақ, ғибадатты да қамтиды, адамның сыртқы және ішкі болмысын тәрбиелейді. Діннің имандылық сипатын қабылдайтындар бүкіл болмыстың себебінің, заңдылықтарының бар екенін толық түсініп, оларды танып-біліп, бойына сіңіріп және бұлжытпай орындауға ұмтылады. Барлық діндердің ұқсастығы және негізгі мақсаты – бір Жаратушыға деген сүйіспеншілікке жету және оның мейірімі мен кешіріміне ие болу, рухани тазарып, жетілу. Олардың ішкі мәнінде ғана емес, салт-рәсімдерінде де, көптеген ұқсастықтар бар. Мысалы, тасбих тартып, Құдайдың қасиетті есімдерін қайталау; ән айтып, билеп, зікір салып Құдайды мадақтау, ғибадат ету, дұға оқу, т.б. Бағзы замандағы наным-сенімдер барлық діндердің пайда болуының қайнар бастауы. Себебі кез келген діннің өзегінде барлық тіршілік атаулының Жаратушысы бар екендігіне деген наным-сенім және оның алдындағы қорқыныш жатыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   68   69   70   71   72   73   74   75   ...   81




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет