Еуропалық ортағасырлық қалалардың пайда болуына рим қалалары, германдықтардың және кельттердің тұрақтары түрткі болды деп көрсетеді. Д.Петрушевскийдің көрсетуі бойынша, еуропалық қала – саяси-әкімшілік мекемелердің жиынтығы ғана емес, «шаруашылық айналымның» да орталығы [4].
Орыс тарихшысы А.И. Неусыхин М. Вебердің «Город» атты еңбегіндегі ғылыми ізденістерін талдады. ХХ ғасырдың басындағы тарихшыларды ортағасырлық қалалардың пайда болуы туралы теориялар, авторлардың ұстанымдары қызықтырды. ХХ ғасырдың басында қала тарихына қатысты қалыптасқан теориялар бірін-бірі жоққа шығарды.
А.И. Неусыхин көзқарасы бойынша, қаланың бастамасын «бург»,
«нарық», «вотчина», «қауым» ретінде көрсету шындыққа жанаспайды. А.И. Неусыхин М. Вебер көзқарасына сүйене отырып, қалалардың пайда болуын
«күрделі, үздіксіз экономикалық, әлеуметтік және әскери-саяси процестердің жиынтығы нәтижесінде қалыптасты»,- деген қорытынды жасайды [5].
Осы кезеңдегі медиевистердің еңбектерінен батыс тарихнамасындағы қала тарихына қатысты жаңа көріністерге деген қызығушылықты байқауға болады. Мысалы, В.В. Стоклицкая-Терешкович А. Пиренн және К. Бюхер ортағасырлық батыс еуропалық қаланың пайда боуына қатысты жаңа теорияларды салыстырды [6].
VIII-IX ғасырларда араб саяхаттанушы франк мемлекетінде айырбас орталығы ретінде 150 қаланы көрсетеді [7].
Осыдан кейінгі қала мәселесін зерттеу В.В. Стоклицкая-Терешкович, Е.А.Косминский есімдерімен байланысты [8]. Бұл авторлар ортағасырлық Батыс Еуропалық қалалардың пайда болуындағы маркстік теорияны қалыптастырды.
Ағылшын қалаларының пайда болуымен айналысқан автор Я.А. Левицкий [9]. Я.А. Левицкий қалыптастырған «қолөнершілік» теориясы кейбір батыс оқулықтарына енгізіліп, маркстік теория ретінде мойындалды. Я.А. Левицкий пікірі бойынша ағылшын қалаларының пайда болуына түрткі болған, X-XI ғасырлардағы қолөнердің ауыл шаруашылығынан бөлінуі.
Қалалардың пайда болуы, ерте ортағасырлық тұрақтардың сипаты, еуропа өркениетіндегі қалалардың рөлі деген мәселені зерттеген келесі медиевисттер М.Л. Абрамсон, А.Р. Корсунский, Л.А. Котельникова, А.А. Сванидзе, С.М. Стам, Б.И. Рыськина, А.А. Ястребицкая [10]. Бұл авторлар батыс Еуропалық қалалардың құлдырауын IV-VII ғасырлар деп көрсетеді.
Батыс Еуропадағы қалалардың пайда болуы дамыған феодалдық кезеңге дәл келді. Қалалар сауда мен қолөнер орталығы ретінде қалыптасып, гүлдене бастады. Тауар өндірісінің өркендеуі және қалалардың өсуі феодалдық қоғамның экономикасына қолайлы әсер етті. Х-ХІ ғасырларда бүкіл Батыс Еуропада қалалар тез өсе бастады. Қалаларда адамдардың жаңа мінез-құлқы қалыптасты: іскер, үнемшіл, ұқыпты, өз қадір-қасиетін жоғары бағалайтын адамдар, түптеп келгенде, ортағасырлық әлем бейнесін түбегейлі өзгертті.
Ортағасырлық қалалардың бой көтеруі үшін нақты алғышарттар қажет еді. Біріншіден, ауыл шаруашылығы күшті нығайып, шаруа өзін, отбасы мен мырзасын ғана асырап қоймай, қалалықтарға да өнім қалдыруы керек болды. Азық-түліктің мол болуы үшін шаруа жау шабуылынан үрейленбей, өз жерінде емін-еркін еңбек етуі керек. Шаруаның бар ойы еңбек құралдарын, жерді өңдеу тәсілін жетілдіру жөнінде болуы керек. Осы себептен де венгрлердің немесе нормандықтардың шабуылына тойтарыс беретін кәсіпқой жауынгерлер тобының пайда болуын, мемлекеттің шығуын Еуропада қалалардың өркендеуінің маңызды алғышарты деп қарастыруға болады.
Орта ғасырлық қалалар сауда жолдарының қиылысында, өзен өткелдері маңында, адамдар шоғырланатын жерлерде пайда болды. Көбіне шағын қалашықтар қорғаныс мақсатында ірі замоктардың қалқасында орналасты. Феодал оларға қорған болды, әрине өз пайдасын да ұмытқан жоқ. Феодалдар қолөнершілерді өздері шақырып, оларға қорған болуға, жеңілдіктер жасауға уәде етті. Феодалға қаладан пайда түсіп отырды. Ол қалада бас төреші болды және басқару билігін өз қолында ұстап отырды. Қолөнершілермен қатар қалаларға саудагерлер кеңінен қоныстанды. Еуропаның түпкірлерінен әкелінген тауарлар қаланың базар алаңдарында сауданы қыздыра түсті. Базар ортағасырлық қаладағы ең басты орын болды. Базарда сауда ғана жасалып қойған жоқ, қалалықтар осы араға жиналып маңызды мәселелерін шешіп отырды. Қаладағы ең бай отбасылар өзара туыстасып, уақыт өте келе бірыңғай топқа – патрициатқа айналды. Патрициат мүшелері өз мырзалары рұқсат берген мөлшерде қала өміріне басшылық жасады. Әр қаланың өз соты, әкімшілігі болды. Қала құқықтары хатқа түсіріліп, бұл жазбалар мұқият сақталды. Қалалар тек қана үлкен елді мекен болып қана қойған жоқ, олар жаңа өмір салтын, жаңа дүниетанымды, жаңа адамдарды қалыптастырды. Ортағасырлық Еуропа кейпіне айтарлықтай өзгеріс енгізген осы қалалар болды.
Батыс Еуропада ортағасырлық қалалар қолөнер мен сауда орталығы ретінде Италияда, Францияның оңтүстігінде (Марсель, Арль, Нарбонн, Монпелье, Тулуза, Монтобан т.б.) пайда болды. Себебі мұнда ІХ ғ. бастап-ақ Еуропаның басқа аймақтарына қарағанда феодалдық қарым-қатынастардың ертерек өркендеуіне өндіргіш күштердің елеулі дәрежеде өркен жаюына және қолөнершіліктің ауылшаруашылығынан бөлінуіне алып келді.
Итальяндық және оңтүстік француз қалаларының пайда болуына және өркендеуіне әсер еткен тағы бір тиімді фактор – Италия мен оңтүстік Францияның Византиямен және басқа сол кездегі даму дәрежесі өздерінен жоғары болған Шығыс елдерімен сауда байланысы болғандығы еді. Х-ХІ ғғ. Қалалар солтүстік Францияда да, Нидерландыда, Англияда, оңтүстік-батыс Германияда, Рейн мен Дунай бойында да пайда болды. ХІ ғ. Фландрия графтығында қалалар көбейді. Фландриялық қалалар – Брюгге, Ипр, Гент, Лилль, Дуэ, Аррас және басқаларының жұқа шұға өндірумен даңқы шықты және олар Еуропаның көптеген елдерін шұғамен жабдықтайтын.
Орта ғасырлық қалалар өзінің сырт көрінісі жөнінен қазіргі қаладан мүлде өзгеше болды. Олар әдетте мұнаралары және қалың қақпалары бар тас дуалдармен, сол сияқты феодалдардың және жаулардың басқыншылығынан қорғаныс ретінде терең қазылған орлармен қоршалатын. Қала тұрғындарын қолөнершілер мен көпестер, күзет қызметін атқаратын қалалардың әскери жасақтары құрады. Орта ғасырлық қалаларды қоршаған дуалдар уақыт өткен сайын таршылық қыла бастады, қала құрылысының бәрі бірдей оған сия бермейтін. Бірте-бірте дуалдардың айналасында қыстақтар пайда бола бастады. Олардың көпшілігі қолөнершілер, қару-жарақ жасаушылар, ағаш шеберлері еді. Қала шетіндегі қыстақтардың айналасы өз кезегінде жаңа дуалдармен, бекіністермен қоршалатын. Қалалардың көлемі тым шағын болатын. Әдетте олардағы тұрғындардың саны 3-5 мың адамнан аспайтын. 80-100 мыңнан астам адамдары бар Париж, Милан, Венеция, Флоренция, Кордова, Севилья сияқты қалалар өте аз болды [11].
Ортағасырлық өндірістің негізін қолөнершілік құрады. Батыс Еуропадағы орта ғасырлық қолөнерге тән бір ерекшелік – цехтық ұйымдар болды. Цехтар – нақты бір қаладағы нақты мамандық иелерінің айырықша одақтарға бірігуі. Цехтар қалалардың өздерімен бірге пайда болды: Италияда Батыс Еуропаның қалаларымен салыстырғанда Х ғасырда, Францияда, Англияда, Германияда ХІ-ХІІ ғасырларда пайда болды. Цехқа біріккен қолөнершілер тікелей өндірушілерге және өндіріс құралдарының меншік иелеріне айналды. Олардың әрқайсысы жеке меншік шеберханаларында өз аспаптарымен, өз шикізаттарымен жұмыс істеді. Цехтық иерархияда шебер, көмекші шебер және шәкірттер әртүрлі сатыларда тұратын. Цехтың мүшесі болғысы келгендер оның төменгі екі сатысынан өтуге міндетті болды. Цехта шәкірттің көмекші шеберге, одан шебер дәрежесіне көтерілуі үшін бірнеше жылдар қажет еді. Көптеген қалаларда цехқа бағыныштылық қолөнермен айналысқысы келгендер үшін міндетті шарт болатын, яғни, қолөнердің нақты түріне цехтық монополия орнаған еді. Цех мүшелері өндірген бұйымының кедергісіз өтуін және сапасын қадағалады. Осы мақсатпен цехтық жарғылар қабылданды [12]. ХІV-ХV ғасырларда цехтар Батыс Еуропада прогрессивті роль атқарды. Цехтар өндірістік тәртіпті нығайтты және қолөнершілік еңбекке жүйелілік пен тұрақтылық сипатын берді.
ХІІІ-ХV ғасырлардағы еуропалық сауда негізінен екі ауданда тоғысқан болатын. Соның бірі, батыс еуропалық елдердің шығыс елдерімен сауда қатынастарын байланыстырып тұрған буын ретіндегі Жерорта теңізі болды.
Бастапқыда бұл саудада араб және византиялық көпестер басты роль атқарды, ал ХІІ-ХІІІ ғасырларда, әсіресе, крест жорықтарына байланысты жетекшілік роль Генуя мен Венеция көпестерінің, сол сияқты Марсель мен Барселондық көпестердің қолына өтті [13].
Еуропалық сауданың екінші ауданы Балтық және Солтүстік теңіздерін қамтыды. Мұнда сауда осы теңіздердің маңына орналасқан барлық елдердің: Русьтің солтүстік-батыс аймақтары (Новгород, Псков, Полоцк), Балтық бойы (Рига), Солтүстік Германия, Скандинавия, Дания, Фландрия, Брабант және Солтүстік Нидерланды, Солтүстік Франция және Англияның қалалары қатысты. Бұл солтүстік аудандарда ең бастысы балықпен, тұзбен, былғарымен, жүнмен, шұғамен, зығырмен, кендір жіппен, балауызбен, қарамаймен, ағашпен, әсіресе кеме жасайтын ағашпен және кеме құрылысына қажетті басқа да тауарлармен, ал ХV ғасырлардан бастап астықпен сауда жасалды [14].
Сауда байланыстарының кең өріс алуына феодалдық бытыраңқылық көп кедергі келтірді. Әрбір сеньордың қол астындағы жері, сансыз кедендік бекеттермен қоршалып тасталатын, оларда көпестерден белгілі бір мөлшерде сауда алымдары алынатын. Көпестер түрлі алымдар мен төлемдерді көпірден өткені үшін де, өзенді жалдап өткені, т.б. үшін төлеулері керек болатын. Бір ақшаны екіншісіне айырбастау және теңгелердің әр түрінің құндылығын анықтау үшін, арнайы айырбасшылар мамандығы пайда болған. Айырбасшылар тек ақша айырбастау операцияларымен ғана айналысып қоймаған, сонымен бірге ақшалай соманы аудару ісімен де шұғылданған, осыдан келіп, несиелік операциялар пайда болды. Әдетте, өсімқорлықтың өзі осыған орай өрбіген. Айырбас операциялары және несие жөніндегі операциялар арнайы банк кеңселерін құруға итермеледі. Осындай алғашқы банк кеңселері Солтүстік Италия қалаларында – Ломбардияда пайда болған. Сондықтан «ломбард» сөзі орта ғасырларда банкирдің немесе өсімқордың синониміне айналды да, кейіннен ол кепілге зат қалдыру операцияларын жүргізетін, қарыз беретін айырықша мекемелердің – ломбардтың аты болып қалды [15]. Орта ғасырлардағы ең ірі өсімқорлар қатарына католик шіркеулері де жататын. Соның ішінде, ең күрделі несиелік және өсімқорлық операцияларды жүргізген римдік курия болды және оған барлық еуропалық елдерден орасан зор ақшалай қаржы құйылып жататын.
Қалалардың пайда болуы жалпы Еуропа дамуына тән қоғамдық еңбектің бөліну нәтижесі. Әлеуметтік-экономикалық салада қолөнердің егіншіліктен бөлінуімен, шаруашылықтың әртүрлі сатыларындағы тауар өндірісінің дамуы мен айырбас, әлеуметтік-саяси салада мемлекеттік құрылымдардың атрибуттары мен институттарының дамуымен сипатталады.
Ортағасырлық қала феодал жерінде пайда болғандықтан, феодалға бағынуға міндетті болды. Алғашқы қала тұрғындары кейбір жағдайларда қала сеньорына бағынышты болды. Олардың қолында барлық қала билігі шоғырланды. Қала феодалға бірталай пайда әкелгендіктен алғашқы кезде олар қаланың дамуына мүдделі болды. Феодалдардың қаладан табатын пайданы өсіруге деген ұмтылысы коммуналдық қозғалыстарға алып келді.
Қаланың қалыптасу процесінде феодалдық Еуропада ерекше қала сословиясы пайда болды. Экономикалық жағынан бұл сословия сауда- қолөнер қызметімен байланысты болды. Саяси-құқықтық жағынан сословия өздеріне тән артықшылықтар мен еркіндіктерді иеленді. Толық құқылы қала тұрғыны «бюргер» түсінігімен астасты [16]. «Бюргер» сөзі еуропаның бірталай елдерінде алғашқы кезеңде барлық қала тұрғындарына арналды. Мүліктік және әлеуметтік жағдайына байланысты барлық қала тұрғындары тең болған жоқ. Ауқатты саудагерлер патрициат, қолөнершілер мен үй иелері, қала плебейлері болды. Феодалдық қаланың әлеуметтік-саяси өмірінде қала тұрғындары ерекше орын алды.
Қалалар нығайып байыған сайын, олардың феодалдарға тәуелділігі бөгет бола бастады. Көбіне қалалар феодалдар алдындағы міндеткерліктерін біртіндеп сатып алып отырды. Ең алдымен олар, феодалдар талап еткен тегін еңбек борышынан құтылды. Біртіндеп басқа міндеткерліктерінен де арыла бастады. Қалалықтар феодалдан сот жүргізу, алым-салық жинау, қаладағы қызмет иелерін тағайындау және басқа да қала тәуелсіздігін шектейтін құқықтарды сатып алды. Феодалдардың барлығы қала еркіндігін ризашылықпен бере қоймады. Осы себепке байланысты қалалықтар мен феодал арасында ұзаққа созылған күрес басталды. Азаттық алған қалалар коммунаға айналды. Өзін-өзі басқаратын болды. Коммуналарда барлық билік қалалық кеңестің – магистраттың қолына көшті [17]. Әдетте магистратты қалалықтар сайлаған жоқ, ондағы орын патрициат отбасының мүшелеріне мұрагерлікпен беріліп отырды. Магистрат қаланы ғана билеп қоймады, кейде қала өзіне бағындырып алған жақын орналасқан қыстақтарға да билік жүргізді. Италия мен Германиядағы кейбір ірі қала билігі қала дуалдары шекарасынан асып кеткендігі сондай, көлемі жағынан графтықтар мен герцог иеліктеріне теңесетін болды. Мұндай ірі қалаларды қала-мемлекет деп атауы тегін емес. Ірі қала мемлекеттерге Венеция, Флоренция, Милан т.б. жатады. Магистрат мүшелері сайланып қойылған жерлерде қалалық республикалар пайда болды. Өкімет басшыларын сайлап қоюға негізделген республикалық құрылыс ежелгі Грекияда пайда болған еді. Ортағасырлық Еуропада ол қала- мемлекеттер түрінде өрістеді. Осылай ортағасырлық еуропада басым болған монархиямен қатар мемлекеттіліктің тағы бір нысаны – республика пайда болды.
Батыс еуропада қалалардың пайда болуы мен өсуі ішкі және сыртқы сауданың дамуына әсер етті. Ортағасырлық сауда мен қолөнерде қалалықтар жетекші позицияларды иеленді. Ортағасырлық мәдениеттің дамуында да қала сословиясы прогрессивті үлесін қосты. Қалада жігерлі де қайратты, ақшаны қайда жұмсауды ақылмен шеше алатын іскер адамдар өмір сүрді. Жерорта теңізі бойында сауда нүктелері қаптап кетті. Көбіне олар итальян саудагерлерінің факториялары еді. Олардың көпшілігі Венеция мен Генуядан шықты. Бұл теңіз республикаларының тамаша сауда және соғыс флоты болды. Олардың кемелері Еуропаға Таяу Шығыстан бағалы заттарды – қымбат маталар, фарфор, дәмдеуіштер тасыды. Оңтүстік теңіздерде итальян саудагерлерінің билік жүргізгені сияқты, солтүстік теңіздерде неміс
саудагерлері басты роль атқарды. Солтүстік және Балтық теңіздерінің оңтүстік жағалауларында жатқан Любек бастаған герман қалалары «Ганза» деп аталатын сауда одағын құрды [18]. Ганза саудагерлерінің батыста – Лондон мен Брюггеде, шығыста – Новгородта, солтүстікте – норвег қаласы Бергенде өз қонақүйлері болды. Ганзалықтардың флоты күшті болғандықтан одан барлық солтүстік мемлекеттердің корольдері мен князьдері бағынды. Немістер жергілікті саудагерлерде жоқ көптеген артықшылықтарды пайдаланды.
Қала орталығында базар тұрды. Оған таяу салтанатты ратуша ғимараты тұрды, онда магистрат орналасты. Қалаға қатысты маңызды мәселелер осы жерде шешілді. Қаладағы басты шіркеу де осы маңда орналасты. Қалалықтар шіркеуге тек қана сыйынуға емес, маңызды оқиғаны немесе мейрамды атап өтуге, әкімшілік жарлығын тыңдауға, қызмет адамдарын сайлауға да жиналды. Қаладағы бай, құрметті адамдардың үйлері осы алаңға жақын салынды. Толық құқықты қалалықтарды Германияда «бюргерлер», ал Францияда «буржуа», Италияда «пополондар» деп атады [19].
Қала адамдары өз замандасы шаруадан гөрі өмірге басқаша көзқараспен қарады. Бюргерлер уақытты бағалауды ерте үйренді, қаланың әшекейлі мұнарасында сағаттың болуы тегін емес. Қалада өмір екпіні қызу жүрді, ширек сағат кешіксең маңызды келісім бұзылып, іскер кездесу өтпей қалатын еді. Қала адамы жан-жақты хабардар болып отыруға мәжбүр еді. Тынымсыз, сауда немесе қолөнер ісін үнемі жетілдіре беруге құштар, өзінің магистратынан басқа тәуелсіздіктерін мақтан тұтатын тәкаппар қала адамы ортағасырлық жеке адамның жаңа типі болды. Еуропаның келесі жүз жылдықтағы кейпін өзгертушілер осы адамдар еді.