Орталық Азияның ортағасырлық



Дата16.03.2023
өлшемі26,37 Kb.
#74910
Байланысты:
5fd397bfc0064a4b8eacb6d18aaf4366 1


Орталық Азияның ортағасырлық мәдениеті


Жоспар:

  1. Орта Азияның мәдениеті туралы түсінік

  2. Сәулет және сән өнерiнiң ескерткiштерi 

  3. Көне түркі мәдениетіндегі адамзат өркениетінің өлмес қазыналары



Негізінен ертедегi және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезiнде феодалдық қатынастар нығайып, мемлекеттік бiрлестiктер пайда болып, отырықшы егiншiлiк пен қалалардың өсімі ілгеріледі. Орта ғасырлардағы тарихи және географиялық әдебиеттерде Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Қазақстанда, Талас, Қырғыз, Iле және Жоңғар Алатауларының бөктерлерiнде, Қаратаудың күнгей және терiскей беттерiнде, Сырдария, Арыс, Шу, Талас, Сарысу, Кеңгiр, т.б. өзендердiң аңғарларында егiншiлiктiң, қала құрылысы мен сәулет өнерiнiң жоғары дәрежеде дамығаны айтылады. 6 — 13 ғ-дың басында қалалардың пайда болу, даму тарихын археологиялық деректер-де растауда. Қазба жұмыстарының барысында қалалардың терең тамырлы материалдық мәдениет дәстүрлерi болғанықталды. Ол дәстүрлер Қаңлы мен Үйсiн заманындағы ежелгi егiншiлiк қоныстардан бастау алады. 6 — 7 ғасырларда феодалдық қатынастардың нығаюына байланысты экономикалық өрлеу басталды. Саяси және экон. орталықтар бiрте-бiрте қалаларға айнала бастады. Ортағасыр қалалары үш бөлiкке бөлiнедi: 1) Цитадель — қаланың iшкi бекiнiстi бөлiгi; билеушi ордасы орналасқан; 2) Шаһристан цитадель төңiрегiндегi, ақсүйектер мен саудагерлер және оларға қызмет етушiлердiң тұрғын үйлерi орналасты. Ол қаланың экономикалық орталығы болды. Шахристан әдетте мұнара, кiретiн қақпалары бар дуалдармен қоршалған. Оның айналасында қолөнершiлер мен кедейлер қоныстанған рабат орналасқан. Кейiнгi кезеңдерде рабаттар да дуалмен қоршалды. Археологиялық қазбалардан жинаған материалдар қалаларда қол өнерiнiң қалай дамып, қандай дәрежеге жеткендiгiн шамалауға мүмкiндiк бередi. Орта ғасырларда қыштан ыдыс жасау ерекше дамыды. Көзе, саптаяқ, табақша, дастархан, құм түрлерi көптеп жасалды. Қала тұрмысында тоқыма, әйнек үрлеу, зергерлiк, ұсталық, ағашты және сүйектi бедерлеп ою жоғары дәрежеге жеткен. Әйнек бұйымдар жасау өндiрiсi кең өрiс алған. Ежелгi Тараз, Отырар, Ақтөбе, Талғар, т.б. қалаларда әйнек әзiрленген. Металдан шырағдан мен оның тұғыры, ағаш соқа түренi, орақ, кетпен, қару-жарақ (найза, садақ жебесi, т.б.) ұста аспаптары (балға, төс, қысқаш, т.б.) сияқты бұйымдар жасалған. Сүйек пен мүйiзден бойтұмар, пышақ сабы, ойын сүйектерi, түймелер, т.б. ұсақ-түйек бұйымдар дайындалды. Бұл кезеңде егiншiлiк шаруашылықтың жетекшi салаларының бiрiне айналды. Егiншiлiкпен ауыл ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да шұғылданды. Қазақстандағы елдi мекендер мен қала тұрғындары егiншiлiкпен, бақ және жүзiм ш-мен шұғылданғаны туралы жазба деректерде көп айтылады. 6 — 7 ғ-ларда Қазақстан халқының көпшiлiгi жартылай көшпелi және көшпелi тұрмыс кештi. Түркiлердiң келуiмен бiрге Қазақстан жерiнде тiзбектелген балбалдармен қоса антропоморфтық тас мүсiн, қатар-қатар тас қоршаулар пайда болды. Осы тұста темiр үзеңгiлер, садақ жебесiнiң, қанжардың жаңа түрлерi, қылыш соғылды. Металл жапсырмалармен безендiрiлген жауынгерлiк белбеу кең тарады. 6 — 8 ғасырлардан қалған бейiттерге өлген кiсiнi мiнген атымен бiрге жерлеу рәсiмi тән. Бейiттердiң сыртқы белгiлерi мынадай: астыңғы жағы төрт бұрышты немесе шаршы пiшiндi болып келедi-де, үстiне аласалау етiп тас немесе топырақ үйедi. Өлген кiсiнiң мәйiтi тұрқы сопақша етiп қазылған шұңқырға жерленедi, жанына заттары, әсемдiк бұйымдары, қару-жарақтар қойылады. Атты шұңқырдың түбiнен жоғарырақ тұстан ойылған кертпешекке төрт аяғын бауырына бүгiп, қырынан жатқызып көмген. Кейде бейiтке аттың басы немесе денесiнiң бiр бөлiгi ғана қойылған. Бейiттерден қару-жарақ, ер-тұрман, тұрмыстық бұйымдар, қос жүздi семсерлер, ағаш қынапты қылыштар табылды. Қынаптың сырты былғарымен қапталып, өсiмдiк суреттерiмен безендiрiлген. Жебелер ұшы әр түрлi — үш қырлы, төрт қырлы болып келедi, үш қанаттысы, жапырақ секiлдi жалпақтары да кездеседi. Үзындығы 40 — 80 см құрайтын жебелер көк теректен жасалған, кейде қызыл түске боялған. Аттың ер-тұрманы, темiр ауыздықтар, үзеңгiлер және жүген әшекейлерiне қарағанда түркi iсмерлерi әшекейлiк жұқа темiрлердi, айылбастарды жасауға өте шебер болған. Әдетте айылбастар қола мен темiрден iстелiп, жапсырмалар мен әшекейлерге қола, күмiс, алтын пайдаланған. Олардың бетiндегi күрделi суреттерде барыс, жылан, бұғы, күшiген сияқты, аңдар мен өсiмдiк жапырақтары бейнеленген. Әсем белбеу жапсырмаларының көбi жүрек пiшiндес. Сондай бiр жапсырма әшекейдiң бетiнде жолбарысқа найза түйреп тұрған салт аттының суретi бейнеленген. Төрт бұрышты айылбастар, сүйектен iстелген алқалар да табылды. Қызылқайнардан (Жетiсуда) табылған алқа конус тәрiздi етiп iстелген-де, бетiне сiлеусiн басының суретi өрнектелген. Археологиялық материалдармен қоса жазба деректер-де түркiлердiң киiм-кешегi жөнiнде пайымдауға мүмкiндiк бередi. Сыртқы киiм терiден, басқа киiмдер жүн және жiбек матадан тiгiлген. Ол кезде жұрт шапан киiп жүрген. Шалғайы солдан оңға қарай қаусырылған, денеге қонымды, ықшам шапанның сыртынан белбеу буынған, белбеуге қынаптағы семсер және пышақ, шақпақ, қайрақ, ұстара, т.б. ұсақ-түйек салатын кiсе iлiнген. Шалбардың балағын тұмсығы қайқиған, жұқа ұлтанды, өкшесiз етiктiң қонышына салып жүрген. Қазақстан — тас мүсiндер көп тараған аймақ. Олардың арасында шынайы өнер туындылары да кездеседi. Оның ішінде әйгiлi қошқар мүйiз тастар бар. Тас қашаушылардың (мүсiншiлердiң) шеберханалары болғаны, оларда түрлi мүсiндер жасалғаны мәлiм. Мүсiн жасауға тұрқы ұзын тастар (орташа биiкт. 0,5 м-ден 2,8 м-ге дейiн) таңдап алынған, тастың бетi бедерлеу немесе ойып кейiптеу әдiсiмен өңделген. Мүсiндерде көбiнесе еркектiң суретi салынған, кейде әйел бейнесi-де кездеседi. Әдетте, еркектер шапан киген, кiселi белбеулi, асынған қаруы бар қалпында бейнеленедi. Кейде жалаң бас, кейде бас киiмдi болады. Көптеген мүсiндерде адам оң қолымен, кейде екi қолымен бiрдей ыдыс немесе үлкен саптыаяқ ұстап тұрған күйiнде, ал базбiр мүсiндерде адамның бетi немесе басы ғана бейнеленген. Ақсүйек өкiлдерiнiң мүсiндерi жасалған. Олар, әдетте, қырынан немесе жалпағынан қаланған төрт бұрышты тас қорғандармен қоршалған бейiттердiң басына қойылған. Мүсiндердiң арқасы қоршауға, бетi шығысқа қаратылып орнатылған. Мұндай ескерткiштер өлiкке ас берiлетiн төбелердiң басына да қойылған. Кейде бейiттiң қоршауларынан шығысқа қарай кейде қатар-қатар тiзiлген тас бағана — балбалдар орнатылған, олардың арасында антропоморфты мүсiндер-де бар. Тас мүсiндер тұрақты иконографиялы мәдени сипаттағы ескерткiштер. Ислам қағидаларының таралуымен байланысты адамды бейнелеу дәстүрi жойылды. Бұл дiн едәуiр кейiнiрек сiңген солт. аудандарда ғана адамның тас мүсiнiн жасау дәстүрi едәуiр уақыт бойы сақталып келдi. Қазақ жерiнде 6 — 8 ғасырларда айналыста болған, ақша пiшiнiн сипаттайтын материал тым тапшы. Бұл дәуірдегі теңгелердi билiк басындағы рулардың өкiлдерi шығарған. Олар бұл, ақшаларға өздерiнiң белгiлерiн — рудың идеограммалық таңбаларын түсiрген. Бұл таңбаларға қарап билеушiнiң руын, сондай-ақ, қай рудың ежелгi ру екенiн анықтауға болады. 6 — 8 ғасырлардағы Оңтүстік Қазақстанның ең iрi саяси-экономикалық аудандарының бiрi Отырар қ. болды. Бұл қаланың және оның төңiрегiндегi тұрғындардың тұрмысы шет аймақтарға елеулi ықпалын тигiздi. Отырар қолөнершiлерi шығарған өнiм Қаратаудың күнгейi мен терiскейiндегi, Сырдарияның орта, ағысы мен Арыс, аңғарындағы көптеген қалалардың базарларында сатылды. Отырар маңында, ақшалы сауданың өрiс алғанын Отырартөбенiң өзiнен және оның төңiрегiндегi қалалардың ескi жұртынан (Мардан-Күйiк, Құйрықтөбе) табылған заттар дәлелдедi. Жазба деректерде Сырдария бойындағы кейбiр қалалар хараджды дирхемнiң екi түрiмен: мусейябимен және хорезмимен төлегендiгiн дәлелдейтiн мәлiметтер бар. Қарахан әулетiнiң ақша шығару iсi Самани әулетi заманынан қалған мұраны пайдаланған. Бұрынғыша «қара дирхемдердiң" барлық түрлерi айналымда жүре бердi, олардың iшiнен неғұрлым ұзағырақ пайдаланылғаны гитрифи түрiндегi «мыс тектес» ақшалар болды. Бұған қоса, базар нарқы зорлықпен енгiзiлген дирхемдердiң жаңа түрлерiмен толықтырылды. Егер 11 ғасырдың басында жоғары сапалы күмiс дирхемдер айналымда жүрсе, содан кейін құрамындағы мыстың мөлшері 35%-ға дейiн жететiн теңгелер шығарылғаны белгiлi. Күмiс, ақша құю 11 ғасырдың соңғы ширегiне дейiн созылды. Шамамен 11 ғасырдың орта кезiнен бастап Қарахан мемлекетiнiң ақша жасайтын үйлерiнiң бiр бөлiгi бiраз уақыт мыс пен қорғасынның қорытпасынан құйылған дирхемдер-де шығарып тұрған. 12 — 13 ғасырларда олар мыстан жасалып, бетiне күмiс жалатылды. «Күмiс дағдарысының" пайда болуына Орта Азияда күмiс қорының азайғандығы себепшi болды. 11 ғасырдан 13 ғасырдың бас кезiне дейiнгi аралықта қала өмiрiнiң өркен жайған, тауар өндiрiсi өскен, сауда дамыған кезең болды. Өндiрiстiң қаулап өсуi нарықты алмасу құралымен көптеп қамтамасыз етудi талап еттi. Күмiс қоры таза күмiс теңгелердiң пайда болуына мүмкiндiк жасай алмады. Самани әулетi мен қарахан әулетi тұсында тауар орнына жүрген алтын динарлар ендi айналым құралына кiрдi. Алтын, ақша айналымында тұтас теңгелер ғана емес, сонымен бiрге олардың әр түрлi көлемдегi және салмақты бөлшектерi-де айналымға қосылды. Көптеген, ақша жасайтын үйлерде алтын динарлар шығарылды, олардың сапасы мен салмағында оқта-текте айырмашылық болды. Әйтсе-де олар бiр мезгiлде айналымда жүре берген. Бұған Орта Азия жерiнен табылған, ақша қазынасы дәлел бола алады. Ұсақ бөлшек сауда үшiн мезгiл-мезгiл мыс, ақша шығарылып тұрған. Негізінен ертедегi және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезiнде феодалдық қатынастардың нығаюы, мемлекеттік бiрлестiктердiң пайда болуы, отырықшы егiншiлiк пен қалалардың өсуi, бiрiгiп, топтасуға бағытталған этникалық өзгерiстердiң күшеюi Орта Азия, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропа халықтарымен экономикалық және мәдени байланыстар Қазақстан халықтары мен тайпаларының рухани мәдениетiнiң өсуiне ықпал еттi. Монументтi сәулеттік құрылыстар пайда болып, исламның таралуына байланысты қалаларда мешiттер салынды. Сәулет және сән өнерiнiң ескерткiштерi — Тараздағы Айшабибi және Қарахан мазарлары салынды. Көзе, әсiресе құйма көзе жасау iсiнде жаңа белгiлер (ыдыс-аяқ түрiнде, сондай-ақ оның өрнектерi мен бояу түсiнде) — хромдау, жылтырату, әр түрлi өрнек түрлерi (өсiмдiк бұтақтары, жапырақтары, нақышты араб жазулары, геом. пiшiндер) және т.б. пайда болды. Бұл жергiлiктi көзе ерекшелiктерiн сақтай отырып, оларды Мауераннахр, Хорезм көзелерiне жақындатты. Қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр тайпалары мен халықтары тiлiнiң негiзiнде көне түркi руна жазуларын ығыстырып шығарған араб графикасындағы түркi жазулары қалыптасты. 11 — 12 ғасырдың әдеби ескерткiштерiнiң басым көпшiлiгi түркi этносының (негiзiнен қыпшақ-оғыз, қарлұқ-ұйғыр топтары) жергiлiктi тiлдерiнiң даму бағыты етек ала бастағанына қарамастан, жалпы түрiктiк, тайпааралық «түркi» тiлiнде жазылды. Орта Азия мен Қазақстанның көптеген ғалым, әдебиетшi, ақындары араб тiлiнде жазды. Оңтүстік Қазақстан мәдениетiнiң дамуына Отырардан (Фарабтан) шыққан, мұсылман әлемiне белгiлi ұлы философ және ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабидiң ғылыми қызметi дәлел. Ол әлемдiк мәдениет, әсiресе көне, араб, үндi-иран мәдениетi жетiстiктерiмен тығыз байланысты жергiлiктi мәдениет дәстүрлерiмен тәрбиеленiп өстi. Әл-Фараби адамның ақыл-ойы мен болмысының диалектикасы бiрлiгiн ашып бердi; астрономия мен геодезия, архитектураның матем. негiздерi, муз. мен эстет. теориялары бойынша зерттеулер жүргiзiп, бiрқатар әлеуметтік және логикалық трактаттар жазды. «Құтадғу бiлiк» дастанының авторы Жүсiп Баласағұни (11 ғ.) түркi тайпаларының тiлi, фольклоры және этнографиясына арналған белгiлi «Диуани лұғат-түрiк» шығармасының авторы Махмұт Қашқари, сондай-ақ, мәдени-тарихи және әлеум. тұрмыстық жайлардан мәлiмет беретiн «Диуани Хикмат» өлеңдер жинағының авторы Қожа Ахмет Ясауи әдебиет саласын еңбектерімен байытқан.
Жазу мен ғылымның дамуы. VI- VIII ғасырларда түрік қағанатына бағынған Орталық және Орта Азияның түркі тілдес халықтары, сондай-ақ Хазар қағанатын құрған төменгі Еділ бойының, Дон жағалауы мен Солтүстік Кавказдың түрік тайпалары өздерінің жеке жазуларын қолданды. Жазу негізінен әкімшілік және елшілік тәжірибелеріне қатысты, сондай-ақ мемлекеттік актілерді бекіту қажеттілігінен туындаған тәрізді. Діни қатынастардың да белгілі бір рөл атқарғаны анық.

Шежірелерде айтылғандай, ертедегі түріктер ағаш тақтайларға "қажетті адамдардың аттарын, салық пен малдың санын" есептеу мақсатында ойықтар салатын болған. Сонымен қатар түрік елшілері грамотамен жабдықталды. 567 жылы Константинопольге II Юстиниан императоры сарайына келген елші соғды Маниах қағаннан "скиф жазуымен" жазылған хатты әкелген. "Мұның не жазу" екендігін түрік қағанатының - Бугут көне жазуы ескерткішіне қарап білуге болады. Бағананың үш жағында соғды тілінде жазылған жазу бар. Оның бір жағындағы брахма жазуымен санскриттегі жазба толығымен өшкен. Сөйтіп, руна әріпі пайда болғанға дейін түріктер соғды әліппесін кеңінен қолданғанын, ол Түрік қағанатының бірінші ресми жазуы болғандығын білеміз.


Жаңа жазба - көне түрік әліппесі - түріктердің арасында VII ғ. бірінші жартысында пайда болған. Әліппе алғашында бір-бірінен бөлек жазылатын геометриялық белгілерден құрылып, 37 немесе 38 әріптен тұрған, оның соғды әліппесінен айырмашылығы ағаш пен тасқа жазуға қолайлылығымен ерекшелінеді. Руна ғаріптері түркі тілінің ерекшеліктерін дәл бере білді. Әдеби және тарихи тұрғыдан алғанда, руна ескерткіштері тіл мен әліппеге қатысты біркелкі емес. Аймақтық белгісіне орай ескерткіштер бірнеше топқа бөлінеді. Моңғолиядан табылған руна ескерткіштері Орхон, Тола және Селенга өзендері алқаптарында шоғырланған. Бұл топқа Білге-қаған мен Күлтегінге арналған белгілі руна мәтіндері жатады: Кошо-Цайдам бағаналары, Чойрэн бағанасы, Тоныкөк ескерткіші, Онгин жазуы, Куличор құрметіне арналған бағана, Селенга тасы, Сэврэй тасы, Терхин бағанасы, Тэсинь бағанасы, Қарабалғасун жазуы, Суджа жазуы, Тайхир-чулудің 20 жазуы, Исе-Асхеттің 2 жазуы, Хэнтэй жазуы, Хангай мен Гобаның ұсақ жазуы, сондай-ақ соғды тіліндегі Бугут жазуы. Бұл жазулар "орхон ескерткіштері" деп аталады.
Тува және Минусин аймағындағы Енисей ескерткіштеріне жататын құлпытастарда, тастарда, алтын және күміс ыдыстарда, теңгелерде қазіргі таңда белгілі болған жазудың 150 түрі белгілі болса, Лена-Байкал жағалауындағы ескерткіштер тобында тұрмыс заттарына жазылған, әлі күнге дейін оқылмаған 16 қысқа жазу кездеседі.
Алтай тобының ескерткіштері: бір тас бағана мен тасқа жазылған жазулар және молалардан табылған күміс ыдыстағы жазулар (барлығы 50-ге жуық жазулар).
Шығыс Түркістан ескерткіштеріне Тұрфандағы көне құрылыстың қабырғасында жазылған 4 жазу, үңгір ғимараттарындағы 2 жазу, Миран мен Дуньхуандағы қағазға түсірілген бірнеше ірі мәтіндер, қоладан жасалған қол айнадағы жазу жатады.
Ал Жетісулық деп аталған Орта Азиялық ескерткіштер тобына - Талас алқабындағы құлпытастардағы, теңгелердегі, тұрмыстық заттар мен ағаш таяқтардағы 12 жазуды, ал Ферғана ескерткіштеріне жататын қосалқы тобы керамика мен металдағы 17 қысқа жазу жатады.
Көне түркі мәдениетіндегі адамзат өркениетінің өлмес қазыналарының бірі - баға жетпес асыл мұрасы - жазудың пайда болуы мен жазба әдебиетінің байлығы. Білге-қаған мен Күлтегіннің және басқа түрік елінің көрнекті қайраткерлерінің құрметіне арналған руна мәтіндері ең құнды әдеби шығармалар ретінде және сол кезеңнің тарихын баяндайтын дерек ретінде жоғары бағаланады. Бірақ біртіндеп оңтүстік өлкелерді арабтардың жаулауы, ислам дінінің көшпелі ақсүйектер арасына терең тамыр жаюы нәтижесінде ежелгі түріктердің руна жазуы ығыстырылып, араб графикасы негізінде жаңа түрік жазбасы қалыптасқан.
Ортағасырлық мәдениеттің қаншалықты деңгейде дамығандығына философ, ғалым энциклопедист, Отырардан (Фарабтан) шыққан Әбу Насыр ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлак әл-Фараби ат-Түріктің (870-950) ғылыми еңбектері куә. Немістің шығыстанушысы Ф.Дитеритстен бастап Дж.Сартонға дейінгі мәдениет пен ғылымның көрнекті өкілдері, тарихшылар Әл-Фарабиді кереметтеп, ұлы тұлға екендігін ерекше баяндайды. Ол астрономияны, логиканы, музыка теориясын, математиканы, социология мен этиканы, медицина мен психологияны, философия мен құқықты зерттеді. Оған "Муаллим ассана" - "екінші ұстаз" деген атақ берілген. Бұл жерде "екінші" деген Аристотельден кейінгі дегенді білдіреді. Әл-Фараби шын мәнінде әлемдік дәрежедегі ғалым болды, ол өзінің шығармаларында араб, парсы, грек, үнді мәдениетімен түрік мәдениетінің жетістіктерін бір-біріне жақындастырып, біріктіре білді. Ол атақты "Китаб аль-музык аль-кабир" атты еңбегінде музыка мәселесіне ерекше мән береді. Ол ғылымды, білімді жаңғыртушы болды, бұл оның "Ғылымды топтау туралы сөз" деген еңбегінде қамтылды.
Әл-Фараби саяси философия мен этикаға ерекше мән берді, өйткені, солардың арқасында шын мәніндегі бақытқа қол жеткізуге болады, бұл бақытты алдамшы бақыттан ажырата білу керек деген, Әл-Фараби жақсылық тілеуші қаланы надан, адасқан қалаға қарсы қояды, ақ ниетті адамдар үшін өтірік айту, алдап-арбау және астамшылық жат нәрсе деген. Рухтың еркіндігі туралы Әл-Фараби шығармаларында өте анық жазылған. Фарабидің қолжазбалары әлемнің көптеген кітапханаларында сақталған. Әл-Фарабидің осы еңбектері арқылы ортағасырлық ғылым қалыптасты, оның ықпалымен Ибн Руштің, Ибн Синаның, Омар Хайямның, Роджер Бэконның, Леонардо да Винчидің және өзге де ойшылдардың дүниетанымы қалыптасты.
Дамыған орта ғасырлар кезеңіндегі тағы бір ірі әдеби поэтикалық шығарма “Құтатғу білік” немесе “Қайырымды білім” поэмасы болып табылады.
“Құтатғу білік” ежелгі Түркстанның батысы мен шығысында бірдей ІХ ғасырдан бастап-ақ ықпалды, іргелі елдік құрған қарахандар әулетінің билігі дәуірлеп тұрған заманда Жүсіп Хас-Хаджиб жазған. Ол Х ғ. соңы мен ХІ ғ. алғашқы жылдарында қазіргі қазақ елінің жер ауқымына енетін ежелгі Баласағұн шәһарында туып өскен. Жүсіп Баласағұн айтулы этикалық-философиялық еңбегін 54 жасында жазған. Баласағұн қаласында бастаған бұл шығармасын Қашқарда аяқтап, Қарахандар мемлекетінің сол кездегі әмірі Сатұқ Боғра ханға тарту етеді.
“Құдатғу білік” 6520 бәйттен тұрады және 124 бәйттің қосымшасы бар. Шығарманың жалпы көлемі 13 мың екі шумақтан құралған өлең. Поэманың 3 түрлі қолжазбасы сақталған: ұйғұр жазуымен венгерлік, сондай-ақ араб ғарпімен жазылған каир мен намангандық нұсқалары. “Қайырымды білім” тек әдеп-мораль трактаты ғана емес, терең философиялық шығарма, онда идиалдық қоғамның нормаларын, бұл қоғамдағы әртүрлі тап өкілдерінің мінез-құлық ережелерін суреттейді. Білім – билеуші үшін де, халық үшін де игілікке қол жеткізудің бірден-бір қайнар көзі деген идея оның мазмұнына арқау болған. Жүсіп Баласағұнның осы еңбегі арқылы Қарахандар дәуіріне барлау жасап, тарихи-этнографиялық құнды пайымдаулар түйіндеп, пікір қорытуға болады. Шығармада ел басқарудың экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы, әскери істі ұйымдастырудың, шаруашылықты, тағы басқа да мемлекеттің әл-ауқатын жақсартудың ерекшеліктері суреткерлік-философиялық тілмен баяндалады. Еңбекте сол заманғы ғылым мен мәдениеттің жетістіктері де аңғарылып отырады.
“Құтты білік” атты даналық дастаны ғұлама атын күллі Тұран еліне, Шығыс әлеміне танытты. Батыс пен Шығысты кең шарлап кеткен бұл әдеби жәдігер он ғасырдай мерізім өткенде өз атамекеніне оралды. 1986 жылы қазақ жерінде өз ана тілімізде алғаш рет жарық көрді. Сол Х-ХІІ ғасырлардың өзінде-ақ Орта Азия, Қазақ елі аумағын мекендеген халықтардың мәдени даму биіктерінің бірі болған философиялық поэманың даналық ойлары күні бүгінге дейін аса құнды, өміршең. “Құтты білік” – ежелгі түркі тіліндегі классикалық поэзияның тұңғыш шығармасы.
Түрік тайпаларының тілі, фольклоры, этнографиясы туралы шығарма авторы Махмуд Қашқари (1029-1101) еді, оның халиф әл-Мухтадиге арнап 1072-1074 жж. жазған "Түркі тілдерінің сөздігі" («Диуани лұғат ат-түрк») атты атақты шығармасы бар. Онда тарихи-мәдени, этнографиялық және лингвистикалық материалдар жинақталып, кеңінен қамтылған. "Түркі тілдерінің сөздігі" - XI ғасырдағы түркі халықтарының дүние танымының ерекшелігін, этникалық құндылықтары мен мінез-құлық нормаларын сипаттайтын түркі мәдениетінің ескерткіші, онда ата-бабаларымыздың бұрыңғы мұралары толық қамтылған. Кітапта ежелгі зороастрийлік-шамандық дүниеге көзқараспен қатар жаңа идеология - исламның элементтері мен оның бір тармағы суфизм туралы да айтылған.
"Сөздік" қазіргі кезде А.Н.Кононовтың айтуы бойынша XI ғасырдағы түріктердің өмірі туралы бірден бір ақпарат көзі болып табылады: атап айтқанда, олардың материалдық мәдениеті, тұрмыс-салты туралы, энонимдер мен топонимдер, рулық бөлініс жөнінде, түрлі лауазым иелерінің атақтары мен атаулары, тағамдар мен сусындар атаулары туралы, мал шаруашылығы жөнінде, өсімдіктер мен дәндер туралы, астрономиялық терминдер, металдар мен минералдар туралы, географиялық терминология мен номенклатура туралы, қалалар, аурулар мен дәрілер атаулары, тарихи және мифологиялық батырлар, діни және этникалық терминология туралы, балалардың ойыны мен ойын-сауықтар туралы және т.б.". Махмуд Қашғари өзінің кітабында мынандай негізгі жанрларды бөліп қарастырады: түркі тілді фольклорлық-тұрмыс-салт және лирикалық әндер, батырлар жырынан үзінділер, тарихи ертегілер мен аңыздар, 400-ден аса мақалдар, мәтелдер және шешендік сөздер.
Түркі суфизмінің негізін қалаушы, ойшыл және ақын Қожа Ахмет Яссауи ортағасырда өмір сүріп артында мол мұра қалдырды. Оның өмірі мен қызметі Яссы (Түркістан) қаласымен тығыз байланысты. Оның "Диуан-и хикмет" атты кітабы сақталған. Яссауи түркі суфизмінің көшбасшысы. "Диуан-и хикметте" исламның негізгі ережелері мен қағидалары баяндалады. Автор 4 ұстанымды, атап айтқанда, шариатты, тарихатты, хакихатты, мағрифатты түсіндіруге ерекше мән береді. "Шариат" - ислам дінінің заңдары, дәстүрі, салт-дәстүрі, "Тарихат" - суфизм идеясы, "Хакихат" - құдайға құлшылық ету, бірігу. "Мағрифат" - дінді танып-білу. Яссауидің пікірінше, шариатсыз, тарихатсыз, мағрифатсыз хакихат жоқ. Ол "Хикметте" Алланың атын түріктер бұрын өзінің құдайы санаған Тәңір атымен жиі алмастырып отырған. Түріктер жаңа исламдық өркениетке көшкен соң да халықтың даму бағытын бір арнаға салуға күш жұмсады. Демек, жаңадан енгізілген идеологияны бұқараның ғасырлар бойы қалыптасып қалған сана-сезімінен, олардың ұстанып келген Тәңірге табынушылық - шаманизммен, зороастрийлікпен біріктіре білудің орны ерекше болған, кейін мұндай процесс "Түркі халқының мұсылмандығы" деген атауға ие болды. Осы орайда яссауилік ілім зор рөл атқарды, ол әділдікті, рухани тазалықты және адамның рухани дамуын жетілдіруді насихаттады, ал мұндай игі қадам түркі халықтарының көңіліне қонды. Егер рухани күш болмаса, құдайға шын көңілмен сенбесе, тіпті соған орай өзін-өзі құрбан етуге дейін бармаса, адамның өзін-өзі тануы мүмкін емес, - деген қағиданы ұстанған Ахмет Яссауи өзінің барлық ғұмыры мен қызметін тап осындай идеялық-өнегелік жолға арнады.
Осылайша VI-XII ғасырларда кең толғамды, парасатты пайымдаулары мол ғылыми мұралардың, ақындық өнердің үздік дара туындыларының дүниеге келуіне белгілі бір өркениетті ахуалдың құнарлы топырағы, тарихи-әлеуметтік орта тынысы мен қоғамдық-саяси жағдайлардың заңдылықтары, алғышарттары болғаны күмәнсіз. Бұл классикалық шығармалар сол кездің өзінде белгілі дәрежеде әдеби-мәдени дәстүрдің, көркемдік-эстетикалық танымның қалыптасқан мектебінің болғандығын меңзейді.
Сөйтіп, VI-XII ғасырларда тарихи қалыптасқан жағдай ғылымның дамуына, феодалдық негіздің нығайып, мемлекеттік құрылымдардың шығуына, отырықшы-егіншілік мәдениет пен қалалардың өсуіне, этникалық шоғырланушылық процестердің күшеюіне әкелді.
Бақылау сұрақтары:

  1. Орта Азияның ортағасырлық мәдениетін қалай түсінесіз?

  2. Сәулет және сән өнерiнiң ескерткiштерi жайлы баяндаңыз 

  3. Көне түркі мәдениетіндегі адамзат өркениетінің өлмес қазыналарын атаңыз?


Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет