Осы жұрт Ескендірді біле ме екен? Македония шаһары оған мекен



Pdf көрінісі
Дата12.03.2017
өлшемі159,91 Kb.
#8970

ЕСКЕНДІР

Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?

Македония шаһары — оған мекен.

Филипп патша баласы, ер көңілді,

Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.

Филипп өлді, Ескендір патша болды,

Жасы əрең жиырма бірге толды.

Өз жұрты аз көрініп, көршілерге

Көз алартып қарады оңды-солды.

Сұмдықпен ғаскер жиып қаруланды,

Жақын жерге жау болды, тұра аттанды.

Көп елді күтінбеген қырды, жойды,

Ханды өлтіріп, қаласын тартып алды.

Жазасыз жақын жердің бəрін шапты,

Дарияның суындай қандар ақты.

Шапқан елдің бəрін де бодам

қылып,


Өкіметін қолына тартып апты.

Ескендір елде алмаған хан қоймады,

Алған сайын көңілі бір тоймады.

Араны барған сайын қатты ашылып,

Жердің жүзін алуға ой ойлады.

Қан ішер қаһарлы хан ашуы көп,

Атағынан қорқады жұрт қайғы жеп.


Сол күнде қошеметші айтады екен,

Ханның ханы, патшаның патшасы деп.

Атағы талай жерге оның жетті,

Жердің жүзін алуға талап етті.

Есепсіз əскер ертіп, жарақтанып,

Есіткен елдеріне жүріп кетті.

Алдынан шыға алмады ешкім мұның,

Бəрін де алды, қорқытты жолдағының.

Жан шықпады алдынан, тоқтауы жоқ,

Жер жүзін жеке билеп алмақшының.

Жүре-жүре бір елсіз шөлге түсті,

Алып жүрген суының бəрін ішті.

Адам, хайуан бəрі де бірдей шөлдеп,

Басына құдай салды қиын істі.

Сандалды cap далада су таба алмай,

Шөлдеген жұрт қайтеді бос қамалмай?

Қызметкердің бəрін де өлтірмекші

Болыпты, шөлдегенге шыдай алмай.

Мысалы, астындағы ат о дағы ұшты,

Ескендір де атының жалын құшты.

Жалтырап сəуле берген бір нəрсеге

Патшаның ат үстінде көзі түсті.

Барса, бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ,

Таспадай бейне арықтан шыққан құлап.



Түсе сала Ескендір басты қойды,

Ішсе, суы өзгеше, тəтті тым-ақ.

Кепкен балық келтіртті сонда тұрып,

Сол суға балықты алды бір жудырып.

Исі, дəмі өзгеше болып кетті,

Таң қалды, мұның бəрін суға жорып.

Ескендір қолына айтты: „Бұл неткен су?

Бəрің де ішіп, бұл суға бетіңді жу!

Бір бай елден осы су шыққан шығар,

Өрлеп барып, үстіне тігелік ту.

Бұл салқын, тəтті суға қаныңыздар,

Шақ келер маған жан жоқ, наныңыздар.

Менен қалмай, бұл суды шапшаң өрлеп,

Талқан қылып шаһарын алыңыздар!".

Жарлық шашты, қол жүрді суды өрлей,

Шаһарына жеткенше дамыл көрмей.

Көкпеңбек темір киген өңкей батыр

Тарттырып жөнеледі сырнай-керней.

Сол əскер суды өрлеп талай жүрді,

Судың басы бір құзар шатқа кірді.

Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,

Қақпасы бекітулі, көзі көрді.

Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды,

Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды.



Аша алмады қақпаны, үміт үзді,

Ақылдасып тəуір-ақ амал қылды.

Ескендір тоқтау көрмей өскен жан ғой,

Келмей ме тоқтаусыздың бəрі даңғой?

Дел-сал болып бəрі де қайта шықты,

Алысып əл келмесін байқаған ғой.

Долдықпен хан Ескендір ашуланды,

Ашуланып қақпаға жетіп барды.

Қақпаны дүбірлетіп қағып-қағып:

—Қақпаңды аш!— деп барынша айғай салды.

Қақпаның ар жағынан біреу келді,

Күзетшісі сол екен, дыбыс берді.

—Қақпаны саған ашар рұқсат жоқ,

Бұл — құдайға бастайтын қақпа,— деді

—Білмесең, мен Ескендір патша деген,

Жер жүзінің соғыста бəрін жеңген.

Қақпаңды аш, хабарыңды айт, білдір маған,

Қорлығым өзім туып, көз көрмеген.

—Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең,

Мықты болсаң, өзіңнің нəпсіңді жең!

Іші тар, көре алмастың біреуі — сен,

Ондай кісі бұл жерге келмейді тең.

—Талпынған талаппенен мен де бір ер,

Көп жүрдім, кездей келді көрмеген жер.



Ең болмаса, халқыма көрсетейін,

Сый қылып, белгі болар бір нəрсе бер.

Қақпадан лақтырды бір орамал,

Сыйым — осы, падиша, мынаны ал!

Ішінде бір нəрсе бар ақыл берер,

Апар дағы ойланып, көзіңді сал!

Орамалды қуанып қолына алды,

Сый алдым деп халқына қайта салды.

Қараса, ішіндегі бір қу сүйек,

Бұл не еткен мазағы деп аң-таң қалды.

Ашуланып сыйына болды кекті,

—Ең болмаса білмеді сый бермекті.

Осы менің теңім бе? — деп ақырып,

Лақтырып жіберді сол сүйекті.

Жолдасы Аристотель ақылы мол,

Лақтырған сүйекті алады сол.

Ханға айтты: „Қасиет бар бұл сүйекте,

Көзіңе көрсетейін, хабардар бол".

Сол күнде Аристотель жеке дара,

Ақыл сөзін тыңдамай бар ма шара:

—Таразыны əпкел де, сүйекті сал,

Бір жағына алтын сап, өлшеп қара!

Бұл сөзге Ескендір де қарай қалды,

Таразыны құрдырып, ортаға алды.



Қанша алтынды күміс пен салса дағы,

Бір кішкентай сүйекті аудармады.

Мұны көріп Ескендір аң-таң қалды,

Бар қаруын алтынға қоса салды.

Енді қайтер екен деп қарап еді,

Бұрынғыдан қу сүйек ауырланды.

Аристотель хəкімге патша келді:

—Мына сүйек қазынаның бəрін жеңді.

Бұл сүйекті басарлық, нəрсе бар ма?

Ақылыңмен ойланып тапшы!— деді.

Хəкім жерден топырақ алып барды,

Бір уыстап сүйекке шаша салды.

Ана басы сылқ етіп жерге түсіп,

Сүйек басы жоғары шығып қалды.

Ескендір мұны көріп аз тұрады,

Хəкімді аулақ жерге шақырады.

—Таң қаларлық іс болды мұның өзі,

Мəнісін айтып берші, — деп сұрады.

—Бұл — адам көз сүйегі, — деді ханға.

Тоя ма адам көзі мың мен санға?

Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да,

Өлсе тояр, көзіне құм құйғанда.

Кəпір көздің дүниеде араны үлкен,

Алған сайын дүниеге тоя ма екен?



Қанша тірі жүрсе де, өлген күні

Өзге көзбен бірдей-ақ болады екен.

Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат:

Алтын қақпа бермеді сізге рұқсат.

Сый сұрадың, бергені — бір қу сүйек,

Мұны көріп, алыңыз сіз де ғибрат!

Ойлап-ойлап патшаның мойны түсті,

Құдайым көрсетті деп бұл бір істі.

Бекерлік екен менің бұл ісім деп,

Қолын алып жұртына қайта көшті.

Аз-ақ сөз айттым, бітті бұл əңгіме,

Мұны бір өзге сөздің бірі деме.

Қарның тойса, қайғырма мақтан үшін,

Тоймас кезің толар деп қайғы жеме.

Қу өмір жолдас болмас, əлі-ақ өтер,

Өз күлкіңе өзің қарық болма бекер!

Ұятың мен арыңды малға сатып,

Ұятсызда иман жоқ, түпке жетер.

Мақтанасың біреуге мақтасын деп,

Шаужайымнан еш адам қақпасын деп.

Сен кеткен соң артыңнан күліп қалар,

Антұрғаннан құдайым сақтасын деп.

Ақылсыз өзін мақтап былжырайды,

Бойыңа өлшеп сөйлесең, нең құрайды?



Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді,

Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!



MACFҰT

Я, Алла, құрметіңде достың Махмұт

2

,

Тілге жар бер, білінсін тура мақсұт.



Арун-Рашид халифа заманында

Бағдатта бір жігіт бар аты Масғұт.

Шаһардан бір күн Масғұт шықты тысқа,

Барды ма кезі келіп бір жұмысқа?

Бір ұры бас сап тонап жатқан жерде

Кез болды бір бишара шал байғұсқа.

Шал байғұс айғайлайды аттан салып,

Айырып алған жан жоқ оны барып.

Кім де болса бір ерлік қылайын деп,

Масғұт ұшты ұрыға оңтайланып.

Масғұтты ұры шапты қылышпенен,

Тəуір-ақ жан сақтапты жұмыспенен.

Есен-аман шал дағы құтылыпты,

Масғұттан жау қашқан соң ұрыспенен.

Масғұтқа келді əлгі шал көзін тіктеп,

Көрсе, бастан ағып тұр қан дірдектеп.

Мұның қарызын мен де өтеп кетейінші,

Жігіт қой ер көкірек, жау жүрек деп:

—Ей, жігіт, не қылсаң да, ер екенсің,

Көргейсің ерлігіңнің берекесін.



Себеп боп мені ажалдан сен айырдың,

Маған қылған қарызыңды Алла өтесін.

Бай емен, батыр емен, хан емеспін,

Атақты артық туған жан емеспін.

Себеп болып айырдың мені ажалдан,

Жақсылықты білмейтін шал емеспін.

Мен бір шал дүниеде жиһан кезген,

Ертең түсте кетемін шаһаріңізден.

Ертерек пəлен жерден тосып тұрып,

Алып қал бір базарлық, жаным, бізден.

Пұл үшін қызықпассың, сен де бір ер,

Сені маған кез қылған пəруардігер.

Бір құданың хақы үшін мен тілеймін,

Қабыл көр, сертім үшін қолыңды бер!

—Ұрыға жібермедім мен намысты,

Кім бұлдар мұндай-мұндай қылған істі.

Алла хақы деген соң амал да жоқ,

Барайын,— деп уағда етіп, қол қағысты.

Ол жерге ерте тұрып жігіт барды,

Шал да душар алдынан бола қалды.

Қолынан ұстай алып, ертіп барып,

Далада бір бұзылған тамға апарды.

Барса, тамда бір гүл тұр солқылдаған,

Басында үш жеміс бар былқылдаған:



Бірі — ақ, бірі — қызыл, бірі — сары,

—Таңдап ал, мен берейін бірін саған.

Ағын жесең, ақылың жаннан асар,

Сарыны алсаң, дəулетің судай тасар,

Егерде қызыл жеміс алып жесең,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар.

Ол жігіт сөзін ұғып тұра қалды,

Көзін төмен жіберіп, аз ойланды.

Ақпен сары екеуін алмаймын деп,

Қызыл жеміс жеймін деп қолқа салды.

—Мен беремін, танбаймын айта тұра,

Өкінбесең түбінде жүре-бара.

Ақ пен сары екеуін алмағаның,

Мəнісін айтсаң екен, жаным, сірə.

—Мен болсам, егер ағын жемек те едім,

Ақылды болдым елден бөлек дедім.

Мен ақылды билемен, не қылсам да,

Мені ақыл билесе керек дедім.

Ақылды жан табылмас маған сырлас,

Көріне тентек көп надан мойын бұрмас.

Əділетсіз, ақылсыз, арсыздарды

Көре тұра, көңілде тыныштық тұрмас.

Адам дертті болмай ма құса тартып,

Тұщы ұйқы ұйқтай алмай түнде жатып.



Ептеп бағып, есерге ем таба алмай,

Тəтті тамақ жей алман дəмін татып.

Сарыны жеп, мен болсам байдың өзі,

Аузында тамам жанның болдым сөзі.

Пəленшеден бір нəрсе алсақ-ау деп,

Тігілер жан біткеннің маған көзі.

Жұрт күндер жұрттан артық байлық үшін,

Бұлдайды біреу күшін, біреу түсін.

Не қылса да, надандар алмақты ойлар,

Мал антұрған күйдіріп елдің ішін.

Еңбексіз мал дəме етпек — қайыршылық,

Ақылды ерге ар болар ондай қылық.

Оны ойларлық бұл күнде адам бар ма,

Пайда ойламай қылады кім татулық?

Берсең, қалар оларда несі ардың?

Бермесең, сен дағы ит бірге болдың.

Не өзің ит, немесе бар елің ит,

Дауасыз бір пəлеге міне қалдың.

Қызылды жесем, мені əйел сүйер,

Арамдықда жүрмесем, не жан күйер?

Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,

Деп едім бір пайдасы маған тиер.

Еркектің еркек адам болса қасы,

Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы?



Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,

Сонда ұрғашы болмай ма арашашы?

Тегінде адам басы cay бола ма?

Бойында тексерілмес дау бола ма?

Epi aшy айтса, əйелі басу айтып

Отырса, бұрынғыдай жау бола ма?

Соны ойлап, қызыл жеміс мен таңдадым,

Берсеңіз жемек болып бел байладым.

Топа-торсақ бұл сөзді айтқаным жоқ,

Басын да ойлап, тегін де абайладым.

Бұл сөзге салып тұрды шал құлағын:

—Ендеше тауып айттың, же, шырағым.

Ақыл, дəулет əуелден өзіңде екен,

Өміріңше артылсын, жаным, бағың!

Бұл шал бөтен шал емес, Қыдыр еді,

Ебін тауып даруға кезі келді.

Сөзіне, ақылына, қылығына

Разы болғаннан соң, бата берді.

Сол Масғұт Қыдыр шалдан бата алыпты,

Соңында Шəмсі-жиһан атаныпты.

Мағынасы: „бұл дүниенің күні" деген,

Жетіліп бізге ғибрат сөз қалыпты.

Сол заманда-ақ надандар шырыш бұзған,

Жалғанның дəмін бұзып, хауіп қылғызған.



Ақыл мен мал екеуін асырай алмай,

Арашаны іздепті қатын, қыздан.

Ендігіге не сұрау бұл заманда?

Ақыл-ой, ар-намыс жоқ еш адамда.

Өлген мола, туған жер жібермейді,

Əйтпесе тұрмас едім осы маңда.

Сол Масғұт халифаға уəзір бопты,

Тарқатыпты алдынан көп пен топты.

Бағанағы Қыдыр шал бір уақытта

Түсінде аян беріп жолығыпты.

—Ей, балам, пəлен күні жауын жауар,

Сол жауынның суында кесапат бар:

Жеті күн жынды болар суын ішкен,

Жеті күн өткеннен соң жəне оңалар.

Ол судан тамам суға су құйылар,

Сел болып, судың бəрі кесел болар.

Ертерек таза судан су жиып ал,

Бұл — хабарым, сақтансаң, жаным, жарар.

Бұл сөзбен халифаға Масғұт барды,

Хабарын естіген соң хан да аңғарды.

Айтқан кезі жақындап келген шақта,

Ертерек таза судан құйып алды.

Болған соң уəделі күн жауын жауды,

Судан ішкен жынды боп, ақылы ауды.



Күні-түні шуласып, таласады,

Ұмытты тамақ жеу мен жəне ұйқтауды.

Бұлар шулап бір күні келді ордаға,

Хан мен уəзір қарайды тамашаға.

Бəрі де есі шығып, жынды болған,

Бос шулап жүр кіші іні, үлкен аға.

Ол халқының алдына жақын барды,

Сөз айтып əрбір түрлі, ақыл салды.

—Бір кеселге, байғұстар, жолығыпсың,

Үйіңе бар, ұйқтаңдар!— деп шығарды.

Олар шықты есіктен ханға өкпелеп,

Көшеде шулап жəне жылаған көп:

—Хан мен уəзір ақылдан айрылыпты,

Өлтірейік екеуін, жынды екен, — деп.

Өлтіргелі ордаға қайта жүрді,

Бұлардың сөзін естіп, хан да көрді:

—Бұрынғыдан мұнысы қиын болды,

Ойбай, уəзір, ақыл тап, қайттік?— деді.

—Құтылар хал болмады мына дудан,

Біз де ішпесек болмайды жынды судан.

Өлтірер өңкей жынды бізді келіп,

Жынды деп есі дұрыс бізді қуған.

Екеуі жынды судан ішіп салды,

Құтырып көп алдына жетіп барды.



Өңкей жынды, байқамай айтыппыз деп,

Құлдық ұрып, бұларға көп жалбарды.

Сонымен бет-бетімен тарқап кетті,

Əйтеуір, тарқайтұғын уақыт жетті.

Көрдің бе, көп тентектің қылған ісін,

Еріксіз есті екеуін есер етті.

Көптің бəрі осындай, мысал етсең,

Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.

Ғапіл боп көп нəрседен бос қаласың,

Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең.



ƏЗІМ ƏҢГІМЕСІ

Бір сөзім „Мың бір түннен" оқып көрген,

Өлең қып сол сөзімді айтқым келген.

Болыпты ағайынды екі жігіт,

Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген.

Екеуі жетім еді əкесі өлген,

Талаптан, жетімбіз деп, бос жүрмеген.

Тігінші, кестеші еді кіші інісі,

Мұстапа суретшілік ғылым білген.

Екеуі екі айрылмақ қамын жеген,

Бір шетке кетпек болып жұрт көрмеген.

Мал тапқаны бір іздеп таппақ болып,

Серт қылып, бір-біріне уəде берген.

Екеуін екі жаққа тағдыр бөлген

Жандар емес қатерден əсте именген.

Шын, Машынға

Сапасы кете тұрсын,



Мұстапа Балсураға

бұрын келген.



Мұстапа — бойдақ, кедей біраз тұрған,

Кəсібін күннен күнге тəңірі оңғарған.

Аздан соң қатын алып, үй салғызып,

Шаһарда сенімдінің бірі болған.

Пұл құрап, киім түзеп, қарны тойған,

Қағазға өрнек жасап, сурет ойған.



Құдайым кешіктірмей бір ұл беріп,

Молдалар оның атын Əзім қойған.

Бір жасап, екі жасап, Əзім өсті,

Сонан соң медресеге барып түсті.

Аз жылда жақсы ғылым кəсіп етіп,

Жас жігіт жүзі нұрлы, көңілі мас-ты.

Оқудан шыға ұстады ата өнерін,

Асырды атасынан əрбір жерін.

Сол күнде ажал жетіп, Мұстапа өліп,

Жыртық-жетім болмады ол жас өрім.

Атаның харекетін ұстай алды,

Өнері артық шығып, жан таң қалды.

Алушылар көбейіп мұның ісін,

Бұрынғыдан артылып мал құралды.

Бір күні лапкесінде отыр еді,

Торғын тон, алтын кəмəр бір шал келді.

Не қылса бір құрметті адам ғой деп,

Əзім тұрып, иіліп сəлем берді.

Сəлемін алды шал да, амандасты,

Қасына жуық келіп жақындасты.

—Жат жердің адамы едім, ей, шырағым,

Не харекет қыласың?— деп сұрасты.

—Жасымнан жетім едім көңілі сынық,

Өнерім артық емес ондай ұлық.



Еңбекпенен көз сүзбей күн көремін,

Харекетім — суретші, бояушылық.

—Мінезің, түсің жақсы надан дерге,

Артық өнер қиын ба талапты ерге?

Тесілген күні бойы сендей жасты

Аяймын өнімі жоқ бұл өнерге.

Бұл сөзге Əзім тұрып ашуланды,

—Тұрпайы сөйлейсіз, — деп қарай қалды.

Атамның харекетін қорлама, бай,

Аш емен, болмасам да сендей малды.

—Қорламаймын һəм, балам, зорламаймын,

Тесілген күні бойы сені аяймын.

Химия ғылымын білуші ем, үйретер ем,

Мысты алтын жасаушы ем, алдамаймын.

Шын өнерге қайтер ең көзің жетсе?

Əркімге жарамайды мұны үйретсе.

Өзі үлкен, өзі оңай, артық, өнер,

Аз жұмыспен көп алтын хасил1 етсе.

1Хасил (арабша) – пайда, өнім.

Мен дағы жүргенім жоқ малдан күсіп,

Айттым, балам, басыңа мейірім түсіп.

Ертең ерте мысыңмен дайын болып,

Көңіліңнің дəркүмəнін алшы шешіп.

Əуелі хақтығына жетсін көзің,



Серт қылдым ғой үйретпек болып өзім.

Ертең ерте сол жерден табыспаққа

Екеуі уəде байлап, қойды сөзін.

Шал кетті, аң-таң бала үйге қайтты,

Көргенін анасына келіп айтты.

Химия ғылымы бар дейтін, сүйтсе дағы

Анасы басын шайқап, ішін тартты.

—Апар да мыс бақырды алдына сал,

Алтын болса, болады бір талай мал.

Жалғызым, не қылсаң да сақ болып жүр,

Жəдігөй боп жүрмесін антұрған шал.

Бала айтты: — Тəңірім қақса, пенде не етер,

Жалған болса, білінер, қор боп кетер.

Шын болып, уəдеге бармай қалсақ,

Ғапылдықтан айрылған ызасы өтер.

Не қылса, сол күн бала шала ұйқтады,

Өтірік, расын ойланып таба алмады.

Мыс бақырын қолына алды дағы

Лапкеге күндегіден ерте барды.

Шал дағы дереу дайын бола қалды,

Бір дорбадан көмір мен көрік алды.

Екеуі сəлемдесіп болғаннан соң:

—Мысың қайда, балам? — деп дігір салды.

Мыс бақырды сындырды талқан қылып,



Көмірге салды мысты, дүкен құрып.

Мыс былқылдап еріген кезінде шал

Шөншіктен

ұсақ қара алды қырып.



Алды да, ол дəрісін мысқа салды,

Былқылдаған бұрқылдап мыс шайқалды.

Бір нəрсемен азырақ бұлғалақтап,

Алтын қып суынған соң қолына алды.

Алтынын алып берді қолындағы:

—Сарапқа сал бар дағы, шаһарыңдағы

Алтын емес деп біреу айтса, балам,

Алдамшы, амалым жоқ, болдым дағы.

Алтынды ал да, көрсет жұртқа апарып,

Менің сөзім шын болса тəңірі оңғарып,

Сонау бақша ішінен табылармын,

Егер мені іздесең көңіліңе алып.

Əзім ұшты алтынды ала салып,

Не байларға көрсетті мұны апарып.

—Самородный сары алтын екен ғой,— деп,

Кім көрсе, сол айтады аң-таң қалып.

Үш мың үш жүз ділдаға кетті сатып,

Шешесіне ап келді таңырқатып.

Шешесі: — Сол кісіні шақыр!- деді,—

Кетсін, — деп,— үйімізден дəм-тұз татып.

Бағанағы бақшаға Əзім келді,


Жолықты шал да, сонда отыр еді.

—Ей, ата, қылған ісің рас екен,

Қонақ боп, біздің үйден дəм тат, — деді.

Қос уыс ділда берді Əзімге шал:

—Сенің ортақ малың, — деп,— мендегі мал,

Шешілісіп, сырласып отыралық,

Əртүрлі қымбат баға ішкілік ал.

Сырлассақ, сұхбаттассақ, аулақ артық,

Нашалы



боламыз ғой сөйлеп шалқып.



Анаңды да бір жерге жібер, балам,

Сырымды үйрете алман бойым тартып.

Күн батпай биттей алаң болма бізге,

Қас қарая келермін мен де сізге.

Ішу, жеу арасында сөйлер сөз көп,

Ол үйде жан болмасын сенен өзге!

Əзім кезді базарды аз тентіреп,

Əртүрлі ішкілікті алды күреп.

Алтынды көргеннен соң, анасы да

Кетті көрші үйіне, сеніңкіреп.

Арақ, жеміс — əртүрлі нығмат

дайын,



Қуанды алтын қолға кірген сайын.

Үйіне бөтен жалғыз жанды қоймай,

Оңаша безендіріп тұрды жайын.

Кез байлана сып етіп шал да келді,



Əзім де есік ашты, дайын еді.

Əзімді баласына балағандай,

Жайнаңдап жарқын жүзбен үйге кірді.

Шал кіріп үйді тегіс аралады,

Бір Əзімнен басқа жан таба алмады.

Біратола пейілді беріп алған,

Əзім де бұл қылықты шам алмады.

Хош уақытсып сөйледі шал барқылдап,

Қол қусырып Əзім тұр, сөзін тыңдап.

Асын жеп, қолын жуып болғаннан соң,

Əпкел деп ішкілікті қойды ымдап.

Бар іс қой əуелден-ақ ел салтында,

Орыс, неміс болса да, қай халқың да.

Пайда деп тəн саулыққа ішетұғын.

Миуадан тартқан хəмір

ас артында.



Подносқа бөтелкемен арақ толды,

Бір-екі жақсы үремке дайын болды.

Жоқтан барды сөйлесіп, сауқым салып,

Алысты пияланы оңды-солды.

Жайма шуақ сұм шалдың іші мықты,

Алғашқы ішкен Əзімге тез-ақ шықты.

Бір аяқ қолдан қолға дегенсініп,

Жəдігөй стақанға дəру тықты.

Онысы түн ортасы болған заман,


Сұм екен талай жанды əуре қылған.

Дəрі қосқан аяқты ішкеннен соң,

Əзім барып жығылды шалқасынан.

Сонда шал терезеден бір ысқырды,

Төрт жігіт табыт алған үйге кірді.

Əзімді сол табытқа салды дағы,

Төртеуі көтеріп ап тысқа жүрді.

Əзімді мас қып алып, шал кенелді,

Есікті жабамын деп аз бөгелді.

Артын жым-жырт қылды да, антұрған шал

Төртеуін ертіп алып, тез жөнелді.

Теңіздің жағасында қалың қамыс,

Ішінде бір кеме бар шалға таныс.

Əзімді сол кемеге салды дағы,

Тұмсығын бұрып алды шетке шалыс.

Қасында жиырма-отыз жолдасы бар,

Қаладан таң атқанша кетіп алыс.

Ел тұрды, ертең кемпір үйге кірді,

Бала жазым болғанын іші білді.

Зар ұрды, ойбай салды, не бітірсін,

Тұра тұр, өзге-жайын сұрама енді.

Əзім есін жиыпты ертең түсте,

Өз басын көрді хауіп-қатер істе.

Қол-аяғы байлаулы жатыр жалғыз,



Темір шеттік қапас боп тұрды үсте.

Ырғалып орнынан ол əрең тұрды,

Түрегеліп антұрған шалды көрді.

—Ақсақал адам мұндай қыла ма екен,

Анамнан мені айырып бұл нең?— деді.

—Көзіңді аш, есіңді жи, енді ойнама,

Мені сен өз діндесім деп ойлама!

Мен отқа шоқынамын, дініме көн,

Менде бардың бəрінен хауіп ойлама!

Егерде көнбей қалсаң, наданшылық,

Əр күні сізге дайын бір жүз шыбық.

Мың жаның болса дағы құтылмайсың,

Табылмас енді менен майда қылық.

Бала айтты: — Дінім үшін жаным құрбан,

Жаннан қорқып, отыңа мен бас ұрман.

Дінім хақ, ісім ақпын, өлсем шəйіт,

Қорқады деп үмітті үз сен антұрған.

Баланың бар киімін шешіп алды,

Жүз қамшы арқасына дүре салды.

Қыңқ етіп бір дыбысты шығармады,

Азырақ талмаусырап, нашарланды.

Мұнысын жаратпады, қадір сұбхан

9

,

Көк бұзылып, жер жүзі болды топан.



Байлаулы бала жайға қала берді,

Кемемен əуре болды көп антұрған.

Түн бойы ұйқтамады бір де мызғап,

Су сарылдап құйылды кемені ырғап.

Отыз құлы таусылды табанынан,

Су төгіп таң атқанша ол сарпылдап.

Отыз құл ақылдасты басты қосып,

Өлеміз деп ойлады жаннан шошып.

Бір шеттен бір жағаға келе жатқан

Кəрі иттің ұстай алды алдын тосып.

—Ақсақал, іс қыласыз ойланбастан,

Жаннан қорқып қашпаушы ек қара тастан.

Құдай сүймей бұл істі бізге салды,

Қолын шеш, ризалық ал мына жастан.

Қолын шеш, ризалық ал, кісенді бұз,

Шапшаң айт, көнесің бе, уақыт тығыз.

Бұл сөзге көнбей қалсаң, ақыр өлдік,

Сені суға тастаймыз отызымыз!

Сонда шал мына сөзге аң-таң қалды,

Не қыларын біле алмай, аз ойланды.

Пішінін отызының байқаған соң,

Баланың қол-аяғын шешіп алды.

Мойнынан шырағым деп құшақтайды,

Көзінің ағып жасы, бұршақтайды.

—Шырағым, мастықпенен қылыппын,— деп,



Əуелгі сөзден танып жəне алдайды.

Əзім жас, ақ пейілдеу адам еді,

Ойлады: өтірік болса неге именді.

Мастықпен қылса қылған шығар-ау деп,

Іс көрмеген жастықпен жəне сенді.

—Мастықпен қылған болсаң, кештім саған.

Кəрі ит те: — Шырағым,— деп арсаңдаған.

Жел тынып, күн айығып баяғыдай,

Хикметімен тоқтатты бір жасаған.

Баланы сыйлап жатыр, тамақ қамдап,

Су төккісіз жорға боп шал жылмаңдап.

Отыз құл мынау тек жан емес қой деп,

Əлінше қызметінде жүр тырбаңдап.

Бір мезгілде шал айтты: — Балам, тоқта,

Мысты алтын қылатын дəрі осы жақта.

Алыс емес, аз күндік жақын жерде,

Болмай ма молықтырып aп қайтсақ та?

Бала айтты: – Өзің біл!— деп бұл сөзіне,

Шал қуанды тиген соң ерік өзіне.

Төбесінен тік тұрып қылды қызмет,

Титтей шəргез келмейді мінезіне.

Сып етіп бір жағаға келді жетіп,

Шал жөнелді, баланы қасына ертіп.

Бір барабан тұр екен, қағып еді,



Қамады желмаялар дүбірлетіп.

Үш желмая ұстады жорығына,

Бірінің азық артты қомдығына.

Екеуіне ер ерттеп мініп алып,

Барабанды қалдырды орынына.

Желмаялар келеді желдей есіп,

Сұм шалдың бір тарапты көзі тесіп.

Шал айтады балаға: — Көрдің бе — деп,—

Бұлт тұр бұлдыраған елеңдесіп?

Ол өзі — бұлт емес, Қаптың тауы,

Бір бөлек үлкен таудың бергі бауры.

Бергі таудың басында сол дəрі бар,

Қырандай ап қайтармыз жібек баулы.

Түні бойы жүріпті, болды сəске,

Көрінді жарқыраған үйдей нəсте.

—Бұл не?— деп сұрап еді, тұра қашты,

Биттей аял қылмады кəпір əсте.

—Бұл не, — деп тағы да айтты Əзім сорлы,

Қашқаның не қылғаның мұнша ғұрлы?

—Шырағым, мұның өзі қатерлі жер,

Бір қаскөй жəдігей дəудің орны.

Соны айтты да, шал сабап жүре берді,

Бір өзен жатыр екен, соны өрледі.

Өзенді өрлегеннен бір айрылмай,



Дəл бесінде ұшыртып тауға келді.

Келді де бір жартасқа түсе қалды,

Азық артқан маяны жарып салды.

Ішін жарып, іштегі ішек-қарнын,

Өкпе-баурын тазалап, бəрін алды.

Сонда шал Əзімге арқан, қанжар берді:

—Маяның ішіне еніп, сен жат!— деді,—

Ішін тігіп, мен кетіп, жасырынам,

Тау басында самұрық бізді көрді.

Бұл жерге мен кеткен соң самұрық келер,

Маяны іліп алып, биікке өрлер.

Бір жерге қонғаннан соң жар дағы шық,

Именіп адамзаттан ұшып кетер.

Тау басында бар қара ұсақ топырақ,

Қапқа толтыр кешікпей жылдамырақ.

Қап толған соң арқанға байлап жібер,

Саспай шешіп алғанша тоқта бірақ.

Сонан соң арқаныңды тасқа байла,

Түсетұғын ыңғайлы жерді сайла.

Арқаннан ұста дағы түс сырғанап,

Жарамайды қылмасақ сүйтіп айла.

Қап алды, қанжар алды сонда Əзім,

Сөзінің ұқты бəрін қылмай жазым.

—Шырағым, айтқанымды жаңылма, — деп,



Барынша қылып жатыр шал да тағзым.

Əзім де бөгелмеді бойын тежеп,

Талабы, тəуекелі сондай-ақ көп.

Тəңірінің бір жазғаны екі болмас,

Маяның ішіне енді тəуекел деп.

Маяның кетіп қалды ішін тігіп,

Шалекең жасырынды талға кіріп.

Аспаннан самұрық келіп, іліп алып,

Қайқайып қайта шықты бір-ақ ырғып.

Маяны самұрық қонды тасқа апарып,

Ер Əзім шыға келді ішін жарып.

Адамзатты көрген соң бұдан шошып,

Отырды самұрық құс аулақ барып.

Жалтаңдап Əзім шықты тау басына,

Тапты топырақ, толтырды дорбасына.

Қап толған соң арқанға мықтап байлап,

Тау басынан жіберді атасына.

Жіберді əлгі қапты жерге атып,

Антұрған шал дəулетке қалды батып.

Қап жерге түскеннен соң дінсіз кəпір

Арқанды алып кетті жұла тартып.

Айрылып арқанынан Əзім қалды:

—Арқанды неге алдың!— деп айғай салды.

—Талайды осы тауға тастағанмын,



Соның бірі болдың,— деп кете барды.

Сұм шалдың дінсіздігін сонда білді,

Қарамай, бір қайрылмай, жүре берді.

Кəпірдің қайрылмасын білгеннен соң,

Жүгіріп жалтыр тастан жол іздеді.

Көрді, білді ол таста жолдың жоғын,

Сонан соң қамдап бақты қарны тоғын.

Азырақ жеміс тауып жеді дағы,

Көрмекке жата кетті хақ бұйрығын.

Күн де батты, бір жерге Əзім жатты,

Күн батқан соң жан-жағы салдыр қақты.

Қараса қаптап жүрген бəрі айдаһар,

Сонда да біраз жатып ұйқтап қапты.

Ұйқтап кетіп, шошынып тез оянды,

Жұтқалы көрді келген айдаһарды.

Не де болса тəуекел қылды дағы,

Қанжармен қақ басынан шауып қалды.

Өзі де бір тарапқа ыршып кетті,

Бір биік ағаш көрген, соған жетті.

Биік жерде болайын деді дағы,

Сол түні ағаш басын мекен етті.

Əр-бері жатты дағы, ұйқтап қалды,

Шаршаған ғой, күн шыға зорға оянды.

Қараса басқа айдаһар жоғалыпты,



Өзі шапқан таныды айдаһарды.

Ойлады: „Тірі болса кетпес пе еді?"

„Өлген ғой мына айдаһар",— деп ойлады.

Ағаштан түсе қалып айдаһарға,

Қолына қанжар алып, жетіп барды.

Көрді, білді айдаһар тірі емесін,

Тəңірі ұзын жаратқан сом денесін.

Қанжармен таспадай қып тіліп алып,

Аз уқалап кептірді жон терісін.

Жалғап-жалғап, бір ұзын арқан етті,

Ер Əзім осылайша талап етті.

Бір ұшын тасқа байлап жібергенде,

Түсетұғын орнына əбден жетті.

Ер Əзім тəуекел қып жаннан күсіп,

Арқаннан ұстады да, кетті түсіп.

Қарақат жеп, мойыл жеп, судан ішіп,

Өзенді қулады да, жүгірді ұшып.

Үш қонып, төртінші күн белден асты,

Ол күні алтынды үйге душарласты.

Тау басынан түсірген тəуекелмен

Сол үйге кірмек болып қадам басты.

Қақпадан кірді ішкері қадам басып,

Бір үйінен өрледі бір үйге асып.

Тілдесерге еш адам жолықпады,



Төрдегі үйге кірді есік ашып.

Екі сұлу қыз отыр төрдегі үйде,

Ондай сұлу көрген жоқ бүтін елде.

Екі қыз шатраш ойнап, білмей қалды,

Кірді де, тұра қалды орта жерде.

Екі қыз мұны көрді бас көтеріп,

Адамзатқа таңырқап, тұрды елеріп.

—Ей, жігіт, түсің жақсы жан екенсің,

Жүр едің жəдігөйге не қып еріп?

Сөйледі Əзім дағы аянбай-ақ:

—Мен ғаріп бишарамын жүрген саяқ.

Əуелде өзі көрген бар қысаны

Сөйледі бірін қоймай бастан-аяқ.

Екі қыз естіп білді Əзім жайын,

Есіркеп, мүсіркейді айтқан сайын.

—Сен бізге бауыр болып, тұр осында,

Не керектің қылалық бəрін дайын.

—Құп болсын, олай болса, апаларым!

Дүниенің тартып жүрмін жапаларын.

Сағынсам, өз еліме жеткізе ме,

Айтсаңыз, мархаматты аталарың?

—Көңілді бос суытпа біздей қыздан,

Сізге уəде біздерге тəңірі айтқызған.

Шыдағанша шыдап бақ қасымызда,



Қайтпағың келер біздің қолымыздан.

Сені біз жар етпейміз, бауыр еттік,

Достықпен жүрек еріп тəуір еттік:

Түбінде сен тұра алмас болсаң мұнда,

Еліңе жеткізуге біз де жеттік.

Құп болады десті де, серт байласты,

Қатты-қатты айтысып уəделесті.

Көңілінде қара жоқ, ақ ниетпен

Тым жақын дос болуға ыңғайласты.

Күн жаңғырып, бойына қуат енген,

Алтынды үйдің ішінде еркеленген.

— Жан-жағын қалай сайран қылсаң еркің,

Жалғыз-ақ бір есікке кірме, — деген.

Екі қыз кетіп бір күн, қалды Əзім,

Салған жоқ қыздар оның көңліне ажым.

Тал түсте бағанағы кірме деген

Есікке кіріп кетті — бар ма лажың?

Кірсе, аржағы дөңгелек қалың ағаш,

Ішінде бір хауыз бар, ернеуі тас.

Бұлбұл сайрап, миуасы салбырап тұр,

Салтанатын түгендеп айтып болмас.

Тас ернеуі — меруерт, ол көрінген,

Кеткісі келмес жанның мұны көрген.

Ер Əзім тамашалап қарап тұрса,



Бір түрлі таңғажайып құстар келген.

(Аяғы бітпей қалған)



ВАДИМ

(М. Ю. Лермонтовтан)

I

Батар күнге шымылдық — көк бұлт кең,

Толқынды қызыл торғын өртпенен тең.

Өткен дəурен секілді нұры жайнап

Арттағы мұнараға береді рең.

Ол монастырь — сопылар тұрар жері,

Кешкі қоңырау соғылған көптен бері.

Сопылар, қызметкерлер басылған жоқ,

Тас көшесін сыпырып жүргендері.

Ұзын қара бешпентті, ұзын шашты

Жамағатты итеріп бір жол ашты.

Мешітіне бастықтың келер жолын

Дайын қылып, сыпырып шаңын басты.

Томсарған, күлкісі жоқ, бір қансыз сұр,

Бір үлкен іс қылғансып асығып жүр.

Ладан деген иісті май тұтатып,

Жаққан шамы жарықта нұр бермей тұр.

Құлшылыққа жиылған көп жамағат

Сыбдыр қағып тосып тұр, сол-ақ қымбат.

Тас күмбезде сыбдыры күңгірлейді,

Ішкі үйіне кіруге тимей рұқсат.


Мұнан басқа қақпада бірқатар жан,

Жанашырсыз дүниеде жетім қалған.

Құдайдан да, жұрттан да күдер үзген,

Амал жоқ, өлмес үшін сұрайды нан.

Бірі — ақсақ, бірі — соқыр, бірі — кемтік,

Киімі — жүз құраулы жемтік-жемтік.

Мойны — қара, қолы — көн, езуі — көк,

Көзі үңірейген, беті ажым, бəрі — өлімтік.

Ұяттан, ар-намыстан не біледі?

Шіркеуге келгендерден тіленеді.

Аш итше бір тиынға топыр қағып,

Бір таласып, бір ұрысып, бір күледі.

Ұялғаннан тастаған бір мыс тиын —

Аш кедейге ол дағы — қымбат бұйым.

Кір дорбаға онысын салып алып,

Жағалайды əркімді жыртық киім.

Бір бүкір ортасында, сол қозғалмас,

Жалынып еш адамға қолын созбас.

Арық қара, кең маңдай, қыр мұрынды,

Екі көзден от жанған не қылған жас?

Сұр ерін, өзі жұқа, жиі тістеп,

Ызамен тұрған жандай бойын күштеп.

Кең жауырын, білегі бұлшық етті,

Үйренген жан секілді қызмет істеп.



Көп қайыршы бір-бірін кимелейді,

Бір тиынға таласып үймелейді.

Қозғалмай тұрған жастан сүйтсе дағы,

Бəрі қорқып, азғана именеді.

Қабағы түйіліңкі, сүйінбейді,

Алла бөлек жаратқан түрін дейді.

Жиырма сегіз жасында ажым түскен,

Көк тамырда қан ойнап дірілдейді.

Көзге бүкір, қайраты — болат қырлы,

Сақтап жүрген секілді бұл бір сырды.

Шайтанның суретіне есіктегі

Бірқатар көзін салып қарап тұрды.

— „Егерде шайтандыққа жетсе қолым,

Алдауға арланар ем адам ұлын.

Аллаға асы , бейішке қашқын болып,

Онан соңғы бұл емес менің жолым.

Қорыққан кісі секілді бойын барлап,

Теңдес емес адамды алдап-арбап,

Жек көріп алғаннан соң көріне жау боп,

Кегін алса болмай ма сыпыра жалмап?"—

Дүниені ескермейтін паң секілді,

Жатырқап тірі жанды аң секілді.

Сыпатын, түрін көрсе сол бүкірдің,

Бір үлкен мақсұты бар жан секілді.



Қасында жолдастары — ақсақ, соқыр,

Қайыр тілеп шулап жүр, опыр-топыр

Палицын бай есікке келіп еді,

Шыр айналды күңк етіп əлгі бүкір.



ІІ

Елуге келген, шашы бурыл тартқан,

Көзінің түсі оңып, нұры қайтқан.

Жүріс-тұрыс сүйтсе де жас жігіттей,

Қуатына жарамас шал деп айтқан.

Үлкен етік аяқта, көк пешпентті,

Таққан кірес төсінде жарқ-жұрқ етті.

Жүргені тарс-тұрс еткен тəкаппарлау,

Жайған тасқа басқаны жанды үрпитті.

Бай Палицын пандықпен басады аяқ,

Қайыршыға түксиер түйген қабақ.

Екі малай артынан ертіп алған

Күшік иттей қылып жүр байға жалбақ.

Кердең басып шіркеуге жақын барды,

Қалтадан бір теңгелік күміс алды.

Есікте шегелеулі құлыбы бар

Бір сандық бар, барды да соған салды.

Ақырып кедейлерге дейді: „Антұрған!

Жалқаулықтан бəрі де мұндай болған.

Қызмет қылса, тамағы тоймас па еді?!"



Қуды „кет!" деп кедейді əлгі тұрған.

Ақырған соң байғұстар əрі тұрды,

Қалтасына қол салып, мойнын бұрды.

„Бəрің бірдей таласпай, бөліп ал!" – деп,

Бір теңгелік күмісті лақтырды.

—Осылар елдің тынышын алды бүтін,

Бірдің нанын тіленіп, бірдің сүтін,

Құдайым кезін берсе, күтіп жүріп,

Ұялмай бəрін аштан өлтіретін.

Үндемей бүкір жүрді арғы шеттен,

От жалындай сол байға көзін тіккен.

Жай отындай жарқылдап қарауы өзге,

Ызасы қозғалған ба ішке бүккен?

Палицынді артынан қуып жетті,

—Не керек?— деп əлгі шал бір күңк етті.

—Сенен менің сұрауым тым аз ғана,

Өзің айтқан жұмысты берші!— депті.

—Қарама мені əлсіз деп, байым, кердең,—

Бір ауыр тасты жұлып алды жерден.

—Көрген соң көзің жетсін — деді дағы,

Атып, қағып, доп қылып ойнап берген.

Бай көріп, аң-таң қалды, мұның күшін,

Еш адам қылар емес қылған ісін.

—Өз қорама алайын, өзің көнсең,



Боласың ба қызметші менің кісім?—

Алды-артына бүкір де қарамады,

Қуанғаннан қасына жетіп барды.

Азаттығын садаға қылды дағы,

Басына уəдені беріп салды.

—Атың кім?— деп, бүкірден бай сұрады.

—Атым – Вадим,—деп еді, байға ұнады.

Қошаметтің жөні деп қос жалшысы,

Мағынасыз беталды ыржаңдады.

Жаман көзбен қарады Вадим сонда,

Ертіп жүрген екеуге байды жолда.

Көзіне шыдай алмай, к... н қысып,

Жым-жырт болып екеуі болды молда.

ІІІ

Бай: „Ер!"— деді, артынан ере берді,

Бай шіркеуден үйіне тым кеш келді.

Қақпа соқты, қатты жел дүрілдеп тұр,

Танымай, ырылдасып иттер үрді.

Вадим де іздегенін тапты мына,

Жоғары қарап, түсті ойға аз ғана.

Шіркеудегі сертті ойлап, айтқан сөзі:

„Əділет қайда болса, сонда күнə".

Дүбірлетті есікті бай да болмай,

Аз кешікті, ашуға жан табылмай.


Бір жалшы келді есікке қалт-құлт етіп,

Жылы орынын тастамақ кімге оңай?

Үйіне бай Вадимді ертіп келді,

Сол заманға лайықты үйін көрді.

Қырықтан асқан семірген қатыны отыр,

Бəйбішесі осы деп ойлап білді.

Ішпек, жемек, семірмек, есінемек,

Еріккеннен жалшыға бос зекірмек,

Бай ұрыспаған кезінде өзі ұрысқансып,

„Олай емес, білмейсің, былай",—демек.

Бұл қылық – бұрынғыдан бір қалған жол,

Осындай бəйбішелер жұртта бек мол.

Өзге қызық суйын деген шақта

Қартаң тартқан қатынның қуаты — сол.

Соққан боран секілді біздің өмір,

Не тыныштық тауып берді, өзің де көр.

Сол қатынға келеді күншілігім,

Сондай өмір қолыма бір тимей жүр.

Ол қылықпен өлгенше ол да жүрмек,

Бала-шаға жыласып, өлсе өкірмек.

Көршілері: "Адамға залалы жоқ,

Тым-ақ жақсы кісі еді, байғұс!"— демек.



(Аяғы бітпей қалған)

Document Outline



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет