8- Тақырып: Туған өлке тарихын зерттеудегі топонимиканың деректік маңызы.
1.Топонимика — ономастиканың жер-су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда болуын (этимологиясын), мағынасын, құрылымының дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағдайын, грамматикалық, фонетикалық пішінін, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттейтін құрамдас бөлігі. Бұл гректің «топос» — орын, жер, «онома» — атау деген екі сөзінен тұрады, яғни жер-су атаулары деген сөз.
Топонимдер, яғни жер-су аттары, негізінен үш бағытта зерттеледі:
семантикасы (мағынасы);
жасалу жолдары;
этимологиясы.
Топонимика география, тарих, тіл білімі, этнология ғылымдарының деректеріне сүйеніп, өзара байланыста дамиды. Кез келген аумақтың географиялық атауларының жиынтығы сол жердің топонимиясын құрайды. Топонимдер зерттелетін географиялық нысандардың көлеміне не мөлшеріне қарай макротопонимдерге (тау жоталары, үлкен ойпаттар, мұхиттар, т.б.), мезотопонимдерге (жеке таулар, теңіздер, т.б.), микротопонимдерге (көл, бұлақ, құдық, қоныс, т.б.) бөлінеді. Топонимика тіл тарихын зерттеуде маңызды дерек көзі болып саналады. Өйткені кейбір топонимдер (әсіресе, эндооронимдер мен эндогидронимдер) архаизмдер мен диалектизмдерді тұрақты сақтайды, көбінесе олар сол аумақты мекендеген халықтың субстрат тілдерінен бай мағлұмат береді. Топонимдердің халық берген дұрыс нұсқасын барлық жағдайда және басқа тілдерде дұрыс жазылуының маңызы зор. Қазақ тілінің Топонимикасын Ғ.Қоңқашбаев, Н.Баяндин, А.Әбдірахманов, т.б. ғалымдар зерттеген.
Топонимика — географиялық атауларды зерттейтін ономастиканың бір бөлімі.Топонимика — жер-су аттарының шығуын (этимологиясын), дамуын, қазіргі жағдайын, мағынасын, таралуын зерттейтін ғылым.Бұл — гректің "tороs" — орын, жер және "оnoma" — атау деген сөзінен шыққан. Топонимика — география, тарих және тіл білімі ғылымдарының түйіспесінде дамып келе жатқан ғылым.
Жер-су аттарын зерттеудің ғылыми мәні зор.Жер-су аттары дегеніміздің өзі ертеде сол атырапта өмір сүрген халықтың сөйлеу тілінің қалдықтары.Ол халықтар мейлі жойылып кетсін немесе бөтен өңірге ауып, олардың орнына басқалар келсін, бәрібір топонимдер жойылмай ғасырдан-ғасырға өмір сүре береді.Топонимика сол жерде өткен және өзінің иесі болып табылатын халықтың тарихи сырын, аты-жөнін ажыратумен бірге оның этнографиялық шегін де ажыратады.
Ерте заманда атаулар қазіргі өркениет тұсындағыдай келісіммен, мәмілемен емес, ұзақ сонар айтыла келе, сөйтіп жалпының жадында берік сақталғанда ғана тілден мықтап орын тепкен.Бұрынғы қауымда "бәлен жерді түген деп атайық" дейтіндей ортақ келісім әдеті болмаған.Атау болатын сөз ең әуелі жұртқа аян болған.Сөйте келе бір объектіге белгі боп таңылып, топонимикалық атқа ұласқан.Қазақ халқының атам заманнан орнығып, өмір сүріп жатқан жерінің аумағы қандай көлемді де кең екенің білеміз.Осы ата мекеніміздегі өзен, көл, тау, қырат секілді жер бедеріне меншіктелген атаулардың да мыңдап саналатыны мәлім.Ертеде өткен ата-бабаларымыз солардың әрқайсысына ат қойып, айдар тағу жағынан жай ұқыпты ғана емес, шебер де тапқыр болғандығын байқаймыз.
Жер атаулары – ұрпақ пен ұрпақты сабақтастырып отырған киелі құжат.Қазақтың ата-бабалары жер-су атауларына аса мұқият қарап, жер тарихы мен ел тарихының біртұтас екендігін аса жоғары жауапкершілікпен сезіне білген.Жер атаулыға, мейлі ол адыр, бұдыр, төбе, қырат, өзен, бұлақ, көл болсын біздің қазақ халқынан артық дәл тауып ат қоятындай халық жер бетінде неғайбыл.Өйткені табиғатпен біте қайнап, бірге өскен, иен сахараның қадір-қасиетін білген қазақ халқының аспан әлемі мен жер бедерінің үйлесімін тап басып, дәл анықтап қоюы ғажап.Жер бедеріне байланысты табиғи қасиеттеріне орай қалыптасқан топонимдердің мысалы ретінде Желтау, Сарытау, Найзақара, Қызыладыр, Қызылтау, Керегетас сияқты атауларды келтіруге болады.Желтау – тау жоталарынан қысы-жазы үнемі жел соғып тұруы себебінен аталған болса керек.Найзақара – жазық ортасында найзадай шошайып, алыстан қарайып көрінеді.Сарытау – жылдың төрт мезгілінде де өзгермей, өсімдіктердің бірқалыпты сары түсті болып тұруынан.
Осы сияқты мысалдарды қазақтың кең дархан даласынан іздей берсек жетіп артылады.
Ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлының ғылыми ізденістері де Қазақ топонимикасымен тығыз байланысты
Ернар Кейкі, география-экология маманы, Қарағанды Мемлекеттік Университетінің оқытушысы
Киелі Баянаула елінің топырағынан шыққан ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлының ғылыми ізденістері де қазақ топонимикасымен тығыз байланысты.Барлық ғұмырын кен барлау саласында өткізген ғұлама ғалымның ең алғашқы геологиялық ізденісі Жезқазған өңірімен байланысты еді.
Ұлытауға барған тұңғыш сапарында-ақ, ол Жезқазғанның арғы-бергі тарихына зер сала үңілген – кен шыққан төбелердегі барлау жыраларын аралап жүргенде де, Кеңгір бойындағы көне қазбаларды, кен үймелерін көрген сәтте де, тіпті ерте заман ескерткіштерін тамашалап, ел аузындағы аңыз - әңгімелерге үнемі құлақ түріп жүрді. Жас зерттеушіні ең алдымен таң қалдырған жұмбақ – кен орнының нақтылы аты еді: Алтынқазған, Күмістөбе, Қорғасынды, Темірші, тіпті Жезтөбе де емес, осы заманның геологиялық кеңесі ғылыми талқыға салып, он ойланып, жүз толғанып шешкендей – Жезқазған деген. Бұл атауды оған кен көзін ашқан барлаушы геолог емес, қазақ халқы берген.Қашан, қай заманда бергендігі де, қай атасы қазғандығы да белгісіз.
Жамантауға барғанда қасындағы серіктесі Күзеубай Жидебаевқа бұл тауға да соға жүрелік, Жамантау ма, әлде жақсы тау ма екен, білгеніміз жөн ғой – деп әдейі бұрылып, бір күн қона жатып, асықпай көріп шыққан соң: «Біздің халық жер атауға шебер ғой, тегінде. Мына тау рас жаман болды, не үстінде, не астында қазына жоқ, ит байласа тұрғысыз, жел қыдырған панасыз жер екен» деп, қазақ халқының көрегендігіне таңданысын білдірді. Қаныштың өз бойында қалыптасқан барлаушылық көрегендігі, ғылыми негізде алған білімімен жинақталса, ал қазақ халқының табиғаттың қыр сырын білетін көрегендігі қалай қалыптасқандығы жауабы күрделі сұрақ күйінде қала береді. Осы бір ата-бабасының жер бетіне ат қойғанда жай ғана қоя салмай, сол жердің астындағы байлықты дәл нұсқап тұратын қасиеті Қанышты ойландырмай қоймады.
Барлық ғұмырын Жезқазған өңірінде кен барлау саласында өткізген Қанышты сол аймақтағы жер-су, тау-қыраттың аттары өзінің геологиялық ізденісіндегі, минералды пайдалы қазбалардың аттарымен байланысты болғандығы ерекше таңқалдырды. Мысалға алатын болсақ: Майтөбе, Кенді, Ақтау, Борлықтау, Жезқазған, Жезді, Қорғасын, Көмірлі, Мысбұлақ, Алтынбел, Сужанар... Бір ғажабы осынау жерлердің бәрінен аттарына сай кен шыққан. Осыған қарап халқымызда табиғи геологиялық талант бар ма, деп қаласың.
«Қаныш 1949 жылы Атырауда болған көшпелі сессияда, сол жердің жергілікті халқымен кездескенде: Біздің жақта, Арқа төңірегінде Қарағанды көмірін Аппақ Байжанов деген қойшы, ал Екібастұз көмірін Қосым Пішенбаев деген жер өлшегіш тапты деген әңгіме бар. Бекмағанбет Сұлтанғазиев деген қарапайым қазақтың 1928 жылы Айбат деген жерден мыс кенін ашқанын өзім куәландырғанмын. Қазақ жерінің атауына құлақ салыңыздаршы: Жезқазған, Жезді, Кенді, Алтынбел, Қорғасын, Көмірлі.... Әдетте кенді кім ашса, сол ат қояды... Осыған қарағанда жоғарыда аталған кен көздерін де оу баста қазақтар ашса керек.Сондай қазақ жөнінде бұл жақта әңгіме бар ма?деп сұрау салды» – дейді ғалымның жерлес қызметтесі Бөпежан Аяпбергенов.
«Мына Алтынқазған қандай жер, мұның аты қалай қойылды екен, білдіңдер ме? – деп сұрағаны. Ондай сұрақ болар, оған Қанекең ерекше көңіл бөлер деп ойлаған жоқ едім.Жауап ретінде шалдардың сөзін айттым.Олай болса екеуміз Торғай жүреміз. Мен Алтынқазғанды өз көзімен көруім керек, Қорғасынды да қайта қарауым керек, деп айтты» - дейді Қазақ СССР ғылым академиясының академигі инженер Байқоңыр Аймағанбетұлы өзінің Қаныш туралы естелігінде.
Қаныш Имантайұлы қазақ даласын аралағанда осындай сауалдарды үнемі жергілікті халықтарға қойып жүрді.Сонымен қатар сол жергілікті жердің, жер-су атауларының шығу тарихын да сұрастырып, өзінің қызығушылығын танытатын.Егер жер-су аттары пайдалы кен көздерін көрсетіп тұрғандай болып жатса, сол жерге қалай болсын жетіп анық-қанығын білуден ешқашан жалықпайтын.Қаныштың бойындағы осындай еңбекқорлық қасиет Ұлытаудағы Жетіқыз өзені бойындағы Алтыншоқымен жіте танысуға алып келді. Неге алтын, несімен алтын?...Жер-суға ат қойғыш қазақ елі тегінде мұндай жөннен көп адаспаушы еді.Қолымен көмгендей-ақ көп асылды қатесіз нұсқап жіберетіні болушы еді.Қорым тастың бұрын-соңды Арқа тауларынан өзі көрген оба, үймелерге ұқамайтынын Қаныш бірден сезді.Құрамы да, қаланған жігі де басқарақ.Аумағы 12 қанат қазақы үйге орын болғандай кең.
Қаныш, яғни барлаушы геолог Алтыншоқының оңтүстік бетінен сонау қым-қыт заманда, хижраның 793, яғни қой жылында Азияның айбарлы билеушісі Темір Көреген қалдырып кеткен тарихи белгі тасқа - әскери жорығының көне ескерткішін кезіккен-ді.Тас бетіндегі белгі тек өзі күткендей ру таңбалары емес, кәдімгі араб әріптері.Жазулары өшпеген, мәнерлі әріптермен әдемі шабылған.Өзіне жасынан таныс араб, парсы, шағатай тілдерінен есінде қалған сөздерге бұрып, мәнін ежіктеп көріп еді, бірден шығара алмады.
Кен барлаушы ғалым Алтыншоқыдан алтынға бергісіз археологтар мен тарихшылар үшін таптырмас қазына тапты.Бұл тасқа Ақсақ Темір 1391 жылы жер қайысқан қолымен Алтын Орда ханы Тоқтамысқа аттанып бара жатқандығы жазылған.Сөйтіп, Қаныш тапқан XIV ғасырдың көне белгісі қазіргі күнде, әлем асылдарының ұлы ордасы – Ленинградтағы эрмитаждың оныншы залында, екі терезе аралығындағы бірінші тағанға тұр.
«Бірлескен геологиялық маршруттар бойынша сапар шегіп келе жатқанымызда Қаныш Имантайұлы таулардың, тоғайлардың, өзен-көлдердің қалай аталатынын, неге олай деп аталғандығын, мұнда жер бедерлерінің немесе тарихи оқиғалардың әсері бар, жоғын ұдайы сұрастыра жүретін-ді.Қазақ халқы географиялық атауларда белгілі бір жердің таудың, шоқының, тоғайдың және басқаларының ерекшеліктерін қаншалықты шебер бейнелейтінін мен кейін ұқтым» - дейді ғалымның досы Қазақ СССР ғылым академиясының академигі геолог, Русаков Михаил Петрович.
Қанышқа жердің сырын білетін қабілет ерте дарыды.Оған мысал – ауылда болған оқиға.Қаныш Томнан демалысқа келген кез еді, ауылы Шыбынды көлдің жағасына қонған.Бұл көлдің суы тұз қосып қойғандай, ащы.Адам баласы түгілі мал да жарытып ішпейді.Қаныштың әкесі бұл көл маңында ұзақ отырғысы келіп, ауыл жігіттеріне құдық қаздыртады. Қаныш құдық қазып жатқан жігіттерге келіп, тереңнен шыққан сазды алақанына салып умаждап, тіліне де басып көрген соң, басын шайқап: «Мына жерден тұщы су шықпайды, жүз құлаш қазсаңдар да – бұл істерің бос әуре» дейді. Ақыры, не керек, болжауы дұрыс екен, құдықтың суы кермек болып шықты.Қаныш жігіттерге, Сұңқарқия тауының көлге қараған алдыңдағы бір ойпаң өзекшеден құдық қаздыртады.Сол жерден кісі бойы қазғанда таза су шығады. Асты қиыршық тас екен, ал суының тұщылығы ғажап! Содан бұл жерді барша жұрт «Қанышбұлақ» деп атайды; себебі құдық суы мол болып әлгі ойпаң келе – келе бұлаққа айналған ғой.8
«Пайдалы қазбалардың орнын барлау барысында Қаныш Имантайұлы тек кейінгі кезеңде ғана кең өрістей бастаған жаңа ғылым – топонимиканың тәсілдерін мол пайдаланды (Топонимика – географиялық атаулардың, жер-су аттарының шығу тегін, мағынасын зерттейтін ғылым).Туа біткен географтар – көшпенділер өздері ғұмыр кешкен өлкедегі жер аттарын таңданарлықтай дәлдікпен және терең мәнділікпен қоя білген.Көшпендінің баласы, ойлы ғалым өзінің Қазақстан жеріндегі аса бай кен орындары туралы болжауларына дәйектемені өлкенің топонимикасынан таба алды.Мысалы, Жезді, Кеңгір, Қорғасынтау, Теміртау, Кеңқорытқан, т.б. атауларында бұл жерлерде тау-кен ісінің ертеден өріс алғанын көрсететін айқын дәлел бар.Сөйтіп, Қаныш Имантайұлы топонимика ғылым ретінде толық қалыптаспай тұрып-ақ, оны тәжірибе жүзінде табысты пайдаланып үлгерді» - дейді ғалымның замандасы тарихшы Марат Сембин.
Қаныш Имантайұлы қазақтың байтақ даласындағы жер-су, тау-қырат, өзен-көл аттарының шығу тарихына ғылыми көзбен қарап, тарихи этнографиялық мағлұматтарға да құлақ түре жүрген бірден-бір ғалым.Қазақ халқының табиғат бөлшектеріне ат қойғанда жайдан-жай қоя салмайтынын аңғарып, кен атауына байланысты жер телімдерінің барлығына ғылыми тұрғыдан өз зерттеулерін жүргізіп ата-бабасының табиғи таланттылығын мойындап, айналасына жария етіп жүрді.
Қаныш Имантайұлы өз заманының озық-ойлы, қазақтың маңдай алды жұлдызы еді.Қаныштың бойындағы жан-жақтылық қасиет сонау көне заманның ғұламалары Аристотель, Платон, Геродот сияқты данагөйлердің жалғасы іспетті. Қанышты құрмет тұтқан замандасы, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Қаныштың бір үлкен ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де және тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе біледі. Және сол әр ғылымның саласындағы әрбір кезеңде пісіп келген нақтылы, жауапты мәселелеріне басшылық ете біледі....».
Қаныштың бойындағы осындай жан-жақтылық қасиет, геологиялық кен барлау ізденісінде, жаңа ғылым болып әлі қалыптаспаған «Топонимика» саласын қолдана білуіне алып келгендігі.«Елу жылда ел жаңа» демекші, қазіргі күнде топонимикалық мәліметтер толықтай зерттелмесе де, азды-көпті жетерлік.Қазіргі заманда топонимика көптеген мамандардың зерттеу тақырыбына айналып отыр.Жоғарғы оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында топонимистер ұжымы құрылды. Сондай-ақ, соңғы кезде топонимикалық әдебиеттер ауқымы кеңейтілді.9
Қазақ топонимикасын Сібірден алған білімімен ұштастырып, оның шығу тарихына мән беріп Орталық Қазақстан жерлерінің атауларын жатқа білген ғұлама ғалымды қалайша құрметтемеске.Киелі Баянаула елінен топырағынан шыққан ғұлама ғалымның ғылым жолындағы жетістіктерінің жемісін, бүгінгі күнде ұрпақтары көріп отыр.Қазақтың жер-су аттарына ерекше мән берген, кен барлау саласының білгірі Қаныш Имантайұлының есімі Кеңес Одағы елдеріне әйгілі болды.Қазіргі күнде өз бағасын алып, Қаныштың есімі топонимикалық атауға да ие болды.Барлық ғұмырына жетерлік энергиясын ғылыми ізденіске жұмсаттырған Жезқазған өңірі, Қаныш есімін ықыласпен қарсы алды.Осы өңірдегі Никольск қаласы 1989 жылдан бастап, Сәтбаев қаласы деп аталады.Бірақ бұл атауды берген, бойында табиғи геологиялық таланты бар қазақ бабасы емес, ғалымның еңбегін ескерген замандастары берді.Ал ғалымды таңқалдырған қазақ бабасының геологиялық таланттылығы, осы күнге дейін шешімін таппаған зерттеуді қажет ететін дүние болып қала береді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Қазақ Совет энциклопедиясы.Алма-Алма, 1974 г.
2.Никонов В.А. Введение в топонимику. — М.; Наука, 1965. —178 бет.
3.Әділбек Нұрмағанбетұлы. Жер-судың аты-тарихтың хаты.Алматы:Балауса,1994ж.
4.М.Алпысбес, Т,Аршабек, Е,Қасен, Е.Кейкі. Көне көктау, байырғы баянаула байтағының тарихы. Астана: Парасат Әлемі, 2005 ж.
5.М.Сәрсеке. Қазақтың Қанышы. Алматы: Атамұра, 1999 ж.
6.Қалмұқан Исабай. Қаныш аға осындай еді... Алматы: Өлке, 1999 ж.
7.Қаныш аға. Алматы: Жазушы, 1989 ж.
9.Маракуев А.В. Краткий очерк топонимики как географической дисциплины. //Ученые записки КазГУ, Геология и география, А., 1954, т.18. с.29-72.
Достарыңызбен бөлісу: |