Оңтүстік Қазақстан облысының әдістемелік орталығының
«Менеджмент және жаңартылған білім беру мазмұны» бөлімінің шағын жинақты мектептер әдіскері
Орынбасар Данияр Шәріпұлы
Тірек мектебін (ресурстық орталық) ашу – ауылдық жерде білім беру сапасын көтеру мәселесін шешу жолы
Қазіргі жағдайда мемлекетіміздің білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңарулар қоғамдық-экономикалық қатынастардың ғаламдануы, әлемдік ақпараттандыру кеңістігіне ену, оны сапалық тұрғыда қайта құруға бағытталған. Бүгінгі күні тарихи, географиялық және басқа да жағдайларға байланысты басым көпшілігі ауылдық жерлерде орналасқан жалпы білім беретін мектептер үшін бұл өте қажет. Сондықтан қазіргі таңда білім берудің жаңа үлгісін ендіру барысында ауыл мектебіне баса назар аударылуда. Ауыл мектебінің мәселесі – қазақтың елдігінің мәселесі. Бұл – ұлттық, халықтық, мемлекеттік деңгейдегі ең басты құндылық.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Ауыл – бұл халық өмірінің бейнесі, мәдениеті, дәстүрінің, салты мен рухани өмірінің қайнар көзі. Тек ғана осы факторлар жиынтығы бізден ауыл мәселелеріне, соның ішінде оның мектебіне өте сергек қарауымызды талап етеді», - деп атап көрсетті.
Елбасының білім беру жүйесіне қойған талаптарын жүзеге асыруда ҚР Білім және ғылым министрлігінің тарапынан шағын жинақты мектептердің қызметін дамыту мәселелері қолға алынып, көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Жоғарыда аталған міндеттерді ескеретін болсақ, бүгінгі таңда еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі мәселелердің бірі – ауыл мектептерін дамыту.
Қазақстандағы ауыл мектептерінің көбі шағын жинақталған мектептерге айналуда. Ал білімін әлемге танытқан талай саңлақтар мен жүйріктер санаты ауыл мектептеріндегі шағын жинақты мектептер үлесінде. Сондықтан қазіргі таңда ШЖМ мұғалімдерінің кәсіптік шеберлігін көтеруге, оқу-тәрбие үдерісіне шығармашылықпен жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау қажет.
12 жылдық білім беруге өту кезеңінде мекеме басшыларын шағын жинақты мектептің (ШЖМ) білімділік үдерісін ұйымдастыруға қажет жағдайларды жасау толғандырып отыр. Бүгінде бұл мектептер көптеген проблемаларды бастан кешіп отыр. Материалдық-техникалық базасы төмен, қаржыландыру жағы жеткіліксіз, білікті педагогикалық кадрлар жоқтың қасы.
Қазақстан Республикасында шағын жинақты мектептердің арнайы дидактикалық базасы жасалмаған. Бұл мектептегі оқытудың ерекшеліктері – оқу-әдістемелік кешендер құрылымы мен мазмұнында ашылмайды. ШЖМ оқу жоспарларының дәстүрлі құрылымы, дәстүрлі оқу бағдарламалары басымдылық танытады. Барлық пәндер бойынша білікті мамандар жетіспейді. Мұғалімдерге бірнеше пәндерді жүргізуге тура келеді. Бұл оқушылар білімінің сапасын төмендетеді.
Бүгінде ШЖМ білімділік үдерісті ұйымдастырудың қалыптасқан тәжірбиесі бар. Бұл – оқу үдерісін дәстүрден тыс құру, ШЖМ ерекшелігін ескеру.
Алайда, мұның бәрі тұжырымдамалық өңдеуді қажет етеді. Нақтырақ айтсақ, ШЖМ сабақ қандай болуы керек, педагогикалық «жалғыздық» жағдайында қалай жұмыс істеуге болады, балалардың демалысы мен тәрбие жұмысын қалай ұйымдастыруға болады, мектептің оқу-материалдық базасы қандай болуы керек, бірнеше пәнді бір уақытта жүргізетін мұғалім қандай болуы керек және т.б.
Ауыл жағдайындағы ШЖМ сақтау мен дамытудың бір моделі – Ресурстық орталық – тірек мектебі болып табылады.
ҚР «Білім туралы» заңның 53 бабының 2 тарауында (2011 жыл) тірек мектебі (ресурстық орталық) – негізінде шағын жинақты мектеп оқушыларының сапалы білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді сессиялық сабақтар, оқушылардың аралық және қорытынды аттестациясын өткізу мақсатында жақын орналасқан шағын жинақты мектептердің білім беру ресурстары шоғырланған жалпы орта білім беру ұйымы болып табылады.
Электронды, оның ішінде қашықтықтан оқыту түрлерін қолдану, даралай оқытуды ұйымдастыру – Ресурстық орталықтың оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруының негізгі ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Тірек мектебінің білім беру жүйесі күтілетін нәтиже есебінде аймақтың ерекшеліктерін, оқушылар мен олардың ата-аналарының қажеттіліктерін ескере отырып, педагогикалық іс-әрекеттерге бірегей талап қоятын тұтас мақсатты қарастырады.
Мұндай парадигмалық жүйе ауылдық жердегі шағын жинақты мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылық пен әлеуметтенуіне бағытталған білім беру ісінде педагогтарының кәсіби құзыреттілігін дамытуға көмектеседі. Тірек мектебінің білім беру жүйесінің ерекшеліктерін, атап айтқанда, мақсатты дараландыру, саралау, білім беру үдерісін нақты технологизациялау ерекшеліктерін зерттеу 12 жылдық білім беруге көшу жағдайында бейіндік мектептер құрудағы өзекті мәселе болып табылады.
ОҚО әдістемелік кабинетінің 18.04.2018 жылғы 336 н/қ бұйрығының негізінде 2018 жылдың сәуір айының 27-не Отырар ауданы Ө. Жәнібеков атындағы №4 жалпы орта мектеп лицей-интернаты базасында Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Төлеби, Түлкібас аудандық білім бөлімдерінің шағын жинақты магнитті мектептердің Ресурстық орталық жұмысына жауапты әдіскерлері, Ресурстық орталық директорлары, шағын жинақты магнитті мектеп директорының орынбасарларына арналған «Шағын жинақталған мектеп проблемаларын Ресурстық орталықтар арқылы шешу механизмдері» тақырыбында облыстық тәжірибелік семинары өткізілді.
Достарыңызбен бөлісу: |